141-бап. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы
1. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы жер қойнауын ұтымды пайдалану үшін жағдайлар жасау, көмірсутектердің геологиялық қорларын мемлекеттік есепке алу, сондай-ақ көмірсутектердің геологиялық қорларының саны мен сапасы туралы ақпараттың анықтығын бағалау мақсатында жүргізіледі.
2. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы әзірлейтін және жер қойнауын пайдаланушы бекітетін, геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есептің талдауын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
141-баптың 3, 4 және 5 тармақтары 2024 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 6-тармағының редакциясында қолданылады
3. Геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есеп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жасалады.
4. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының көмірсутек қорлары жөніндегі орталық комиссиясы (қорлар жөніндегі орталық комиссия) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімдері бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
5. Қорлар жөніндегі орталық комиссия қызметін ұйымдастыру, оның құрамы, жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі орталық комиссия туралы ережеде айқындалады.
6. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есепті алған күннен бастап үш ай ішінде жүргізіледі.
Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын жүргізу мерзімі қорлар жөніндегі орталық комиссияның шешімі бойынша, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұлғайтылуы мүмкін.
7. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін.
8. Теріс сараптамалық қорытынды шығару үшін мыналар:
1) көмірсутектер кен орнының геологиялық қорларына жүргізілген есептеудің (жедел есептеудің) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) көмірсутектердің геологиялық қорларының саны және сапасы туралы ақпараттың анық болмауы;
3) ұсынылған деректер негізінде көмірсутектердің геологиялық қорларының саны мен сапасын объективті бағалаудың мүмкін болмауы негіз болып табылады.
Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысында оны шығарудың негіздемесі және есепті пысықтау бойынша ұсынымдар беріледі.
9. Сараптамалық қорытынды қорлар жөніндегі орталық комиссия төрағасы және оның мүшелері қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
10. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы көмірсутектер кен орнының геологиялық қорларын мемлекеттік есепке қоюға негіз болып табылады.
142-бап. Жобалау құжаттарының орындалуын мониторингтеу
1. Жер қойнауын пайдаланушының барлау жұмыстары жобасын және сынамалап пайдалану жобасын орындауын мониторингтеуді жобалау ұйымы жыл сайын авторлық қадағалау жүргізу арқылы жүзеге асырады.
Бұл ретте ұңғымаларды бұрғылауды және (немесе) сынауды көздемейтін барлау жұмыстарының жобасы бойынша авторлық қадағалау жүргізілмейді.
2. Жер қойнауын пайдаланушының кен орнын әзірлеу жобасын орындауын мониторингтеу:
1) жобалау ұйымының жыл сайын авторлық қадағалау жүргізуі;
2) кемінде үш жылда бір рет орындалатын көмірсутектер кен орнының әзірленуіне талдау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
3. Авторлық қадағалау және көмірсутектер кен орнын әзірлеуге талдау жүргізуге қойылатын талаптар жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленеді.
4. Авторлық қадағалау кезінде кен орнын игеруді бақылау арқылы алынатын ағымдағы геологиялық-кәсіпшілік ақпарат пайдаланылады, ал қадағалаудың нәтижелері жыл сайынғы есеп түрінде баяндалады.
5. Авторлық қадағалау жөніндегі жыл сайынғы есепте:
1) нақты қол жеткізілген технологиялық өлшемдер мәндерінің жобалау мәндеріне сәйкес келуі;
2) нақты және жобалау көрсеткіштері арасындағы айырмашылықтардың және (немесе) жобалық шешімдердің орындалмау себептері;
3) барлау жұмыстарының жобасы бойынша - жобалау шешімдеріне қол жеткізу және барлау жұмыстарын жүргізу кезінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар;
4) сынамалап пайдалану жобасы бойынша - жобалау шешімдеріне қол жеткізу және сынамалап пайдалану жүргізу кезінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар;
5) кен орнын игеру жобасы бойынша - жобалау шешімдеріне қол жеткізу және игеру жүйесін меңгеруде анықталған кемшіліктерді жою бойынша және (немесе) жекелеген жобалық шешімдерді және кен орнын әзірлеу жобасының көрсеткіштерін өзгерту қажеттілігін айқындау үшін әзірлеуге кезектен тыс талдау жүргізу бойынша ұсынымдар көрсетіледі.
Авторлық қадағалау жүргізу кезінде жер пайдаланушы бұрын тартқан жобалау ұйымын өзгеге алмастыру қажет болған жағдайда, мұндай алмастыруға жобалау құжаты авторының келісуімен жол беріледі.
6. Кен орнын әзірлеуді талдау пайдалану объектісін әзірлеу процесінде ұңғымалар мен қабаттарға жүргізілген геологиялық-кәсіпшілік, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа да зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ өнімді қабаттарда өтетін көмірсутектер қорларының ағымдағы орналасуы әзірлеу көрсеткіштерінің серпінін және процестерді кен орнын игерудің жүйесін жетілдіру қажеттілігін анықтау нысанына кешенді түрде зерттеуді білдіреді.
7. Көмірсутектер кен орнын әзірлеуді талдауды жер қойнауын пайдаланушы тартатын, қызметтің тиісті түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы жүргізеді және оны жер қойнауын пайдаланушы хабарлама тәртібімен құзыретті органға жібереді.
8. Кен орнын әзірлеудің нақты және жобалау көрсеткіштері арасында елеулі (он пайыздан астам) айырмашылықтар болған жағдайда, кен орнын әзірлеу жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туралы көмірсутектер кен орнын әзірлеу нәтижелері бойынша талдау нәтижелерінің негізделген тұжырымы болған кезде жобалау құжаттарын талдау нәтижелері мемлекеттік сараптамаға жатады.
9. Орталық комиссия көмірсутектер кен орындарын әзірлеуді талдау бойынша оң қорытынды шығарған жағдайда осындай талдаудың жобалық шешімдері мен көрсеткіштері кен орнын әзірлеу жобасына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеудің, бекіту мен оларды мемлекеттік сараптамадан өткізудің үш жылдан аспайтын кезеңіне кен орнын әзірлеу жобасының жобалау шешімдері мен көрсеткіштері ретінде бағаланады.
143-бап 2024 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 12-тармағының редакциясында қолданылады
143-бап. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелеріне жатқызылатын, көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі жобалау құжаттарының көрсеткіштері
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушыға міндеттеме ретінде жобалау құжаттарының мынадай көрсеткіштерінің орындалуы белгіленеді:
1) пайдалану ұңғымалары торшасының тығыздығы;
2) әрбір пайдалану обьектісі бойынша өндіру және қысыммен айдау ұңғымаларының арақатынасы;
3) кенжатындар бойынша орнын толтыру коэффициенті;
4) қабаттық және кенжар қысымының қанық қысымға немесе конденсация қысымына қатынасы;
5) қабат қысымның кенжар қысымына қатынасы;
6) ұңғымалар бойынша газ факторының барынша жол берілетін шекті шамасы.
Бұл ретте осы бапта көрсетілген көрсеткіштердің мәндері келісімшартқа енгізілмейді және жобалау құжаттарына сүйене отырып айқындалады.
20-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің жекелеген мәселелері
Достарыңызбен бөлісу: |