Жетпісбаев Жұмажан
... Несін айтасың, үрейлі, қорқынышты күндер туды. Қазір соның барын айтып отырсақ біреу сеніп, біреу сенбейді. Адам ашыққан соң тіске басарлық, талға жау етерлік нәрсенің ешқайсысын талғамайды екен. Көзіне қан толып, хайуан кейпіне түскендер де болды.
Бірде Кенжебек аға мен оның Әбдібек деген досына ілесіп Ақшоқы суының Көксуға құя берісіне, ескі диірменнің түбінен балық іздеп бардық. Қыстың күні болатын, бейуақ болып қалған мезгіл. Біз мұз ойып, тор әзірлеп жүргенімізде, төменіректе бір сай ішіндегі тас қорадан құлаққа әлдеқандай бір жан түршігерлік дыбыс естілді. Елегізіп, елеңдесіп қалдық. Сөйтсе де үрейді жеңіп, үшеуміз тас қораға жақындап бардық.
Баспалап келіп қарасақ, үйшік ішінде сығырайып, жаяу шам жанып тұр. Бір-екі адам жүр. Біреуі тіреуге ілген жас етті боршалап, екіншісі ағаш жарып, қазанның астына от жағып жатыр. Не де болса мұның тегін іс еместігін сездік. Есікті жұлқа тартып ашып, ішке кіріп келгенімізде әлгілердің біреуі бізді қаға-маға сыртқа ытқып шығып жоғалды. Екіншісін ұстап қалдық. Ағайынды Байғазы, Жанғазы дегендер болушы еді. Сол екеуі екен. Ал қазанға салып асып жемекші болғаны үлкенінің бес-алты жас шамасындағы ұлы болып шықты. Оны баланың ілулі тұрған бөркінен, кішкене кеудешесінен сездік. Қолға түскен сұмырайды итше тепкілей беріппіз. Бірақ амал қанша, болар іс болып қойған... Ертеңіне әлгіні Қапыш Құсайынов деген милиция алдына салып, қалаға айдап әкетті. Міне осындай сұмдықты көзбен көргенмін деп әңгімелеуші еді атамыз Жұмажан Жетпісбаев.
Абылханов Ахметбек және Кенеханова Бәти
Ашаршылық жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықың басына түсетін нәубет. Ол адамдардың жаппай қырылуына алып келді.
Соған қарамастан халық арасында тараған, үлкендерден естіп жүрген әңгімелер баршылық. Мен ауылдан сұрастыра жүріп, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылының тұрғыны 79 жастағы Кенеханова Бәти апаймен сырластым. Бәти апай Ашаршылық жылдары туралы күйеуі Абылханов Ахметбек атаның (1923-1997) аузынан естіген әңгімесін маған айтып берді.
1931-1933 жылдары Ахметбек ата 8-10 жастағы бала екен. Әкесінің малын өкімет кәмпескелеп алып кетіпті. Көп ұзамай ағайымен бірге азын-аулақ малдарын Қытайға алып өтпекші болғанда, әкесі мен ағасы өкімет адамдарының қолдарынан қаза тауыпты. Ахметбек ата, он бір жастағы әпкесі, анасымен бірге Көкжар деген ауылда аш-жалаңаш, жоқтық күндерге душар болыпты.
Атаның іні-әпкелері қылша, сүзек ауруларынан қаза тауыпты. Талай жанұя тегіс қырылған. Тамақтың жоқтығына шыдамай шөп-шөптің тамырларын сорған күндер де болыпты.
Әкелерімен Қытайға өтпек жолда қалып қалған Ахметбек ата жанұясымен паналауға боларлық ауыл іздеп, жолда көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріпті. Жол бойы ырсиған сүйектері ғана қалған адамдардың өліктері көмусіз жатыпты.
Анасы ауыр науқасқа душар болып, жүруден қалыпты. Ахметбек ата анасын арбаға салып сүйреп, тау арасындағы Кеңес ауылына келеді. Бұл ауылдың жағдайы да мәз емес екен. Азық іздегендіктері соншалықты арам өлген малды жерден қазып алып жегендер де болды дейді. Жағдайлары күннен-күнге ушығып отырыпты. Халық жоғалған балаларын іздеуден де қалыпты. Аш адамдар бала ұрлауға дейін барыпты.
Ата көрші қызының көз алдында ұрланғанына куә болыпты. Анасы кейіннен қызының киімдерін жаман қорадан тауыпты. Бірақ бәрі кеш еді. «Кісі етін жеген шұбартауықтар» деген содан тараған дейді. Адам аш болғанда тіске басарлық нәрсені талғамайды екен.
Бұлардың тапқан үйі ауылдың шет жағындағы есіктері жоқ бұзылған үй еді. Анасын сүйреген арбадан алған ескі киізді бүрісіп-бүрісіп үшеуі паналады. Жалғыз қалған көрші әжей көп ұзамай әжей аурудан қайтыс болды. Ауру анасы мен әпкесі әжейді жуындырып, жерлейді. Ал жерленбей тау-тасқа, құзда қалған өліктер көп еді. «Әкеміз тірі кездегі нанның, малдың қадірін енді түсіндік» деп терең күрсінді Ахметбек ата.
Бәти апамызбен Ахметбек ата 55 жыл бірге шаңырақ көтеріпті. Алғашында Кеңес ауылда тұрып, бірер жылдан соң Жайпақ ауылына көшіп келіпті. Әпкесі жанұя құрғанымен балалы болмай, ұрпақ жалғастыра алмапты. Құдайға шүкір, Бәти апа мен Ахметбек атаның қазірде 5 баласы бар.
Атамыз Абылханов Ахметбек өзінің ғұмырында осыншама қиыншылықтарды басынан өткерді. Ата 73 жасында дүниеден озған. Бәти апамыз үлкен ұлы мен келіні, немерелерімен ауылда тұрып жатыр.Уақыт өз дегенін алған екен - апамыз да ауырады. Соған қарамастан өз есінде қалмаса да жолдасынан естігенін маған айтып берді. Апа соңында маған ақ батасын айтып, ұзақ ғұмыр тіледі.
Қазақ атамызда бір сөз бар: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» - деген. Сондықтан сол ашаршылық жылдары қаза тапқан ата-бабаларымызға арнап ескерткіш орнатып, оларды еске алып, Құран бағыштап, құрбанға мал сойылса, өлілер разы болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |