Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді талдықОРҒАН



бет19/76
Дата29.11.2023
өлшемі7.01 Mb.
#484784
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   76
Аштық-Кітап.Нәубет-2. Негізгі (2)

Нүсіпова Бижамал


1932-1933 жылдары елді жаппай ашаршылыққа тап қылған қиын-қыстау заман туралы Ескелді ауданы, Шымыр ауылының тұрғыны, 1925 жылы туылған Нүсіпова Бижамал апа былай дейді:
- Елде ашаршылық туып, шешек ауруы ушығып тұрды. Әкемнің Оразқұл деген бауыры осы кезде қадақ (шаншу) ауруынан қайтыс болады. Атам Нүсіп еті тірі, пысық адам екен. Аштан өлмей, күн көру үшін атам барлық ағайын-туыстарын Шымырдан Сағабүйенге көшіреді. Жалпы халықтың халі нашарлап, ашаршылық пен аурудан көп ел өледі, олардың үстіне топырақ үйіп, осылайша көме салады екен.
Осындай жағдай қиындап тұрған уақытта атамның күйеу баласы Қытайға қашуды ұйғарады. Бір түнде ауылдан қашып шығып, Қапал тауының бір сайына қонып, әлгі жерде түйе сойып, етін асып, әрі кетпекші болады, бірақ орта жолда қуғыншылар қуып жетіп, кері қайтарады. Жол жөнекей әкемнің інісі Оразбайдың жас баласы, тағы да екі туысы өледі. Өлген туыстарының балаларын кейінірек апалары бауырына салып асырайды.
Өкімет қашқан еркектерді қамауға алып, әйел, бала-шағасын түгел тінтіп шығады. Олардың аяқ киімдерінің табанына тыққан ақшаларын, алтын-күмістерін, сәукелесіне дейін алып қояды. Әйелдерді Сағабүйенге абақтыға отырғызады. Бірнеше күнен кейін босанып, бұлар Шымырға қайтып оралады. Біраз уақыттан соң Оразбай да айдаудан қайтып келеді. Ал Нүсіп атам бір жылдан кейін оралды ауылға.
Туысқандар Шымырға келген соң колхозға кіріп, колхоздан бір қой алады, оның сүтін сауып ішеді, өздері Қоғалы жақтағы егіс алқабынан масақ ұрлап күн көреді. Ұстап алса, оны да тартып алып отырған өкімет. Сондықтан да олар теріп әкелген масақтарын жерге көміп, тығып ұстаған, бір уысын алып, бір қазан суға қайнатып ішетін болған. Атам «ашаршылық жылдары кісі етін жеген, антұрған» деп бір кісіге ұрсып отыратын,- дейді қарт әже.
Ұлы Отан соғысында Бижамал апаның кіші әкелері мен үлкен ағасы Жандос қаза табады. Бижамал апаны да соғысқа әкетпекші болады. Бірақ атасы жүктің артына тығып ұстап, жібермей алып қалады. Бижамал апаны 1945 жылы еңіретіп, өзінен 20 жас үлкен жездесіне зорлықпен қосады. Сол кісімен отауласып, апамыз 12 баланы өмірге әкеледі. Балаларының 10 тірі қалады. Бижамал апа жас кезінде өте сауықшыл болған екен. Алты колхоз біріккен «Қызыл бұрыш» отауында ойын-сауық құрып, әнші болған.
Өмірдің талай қиыншылықтарын басынан өткерген Бижамал апа әлі де өмірден жақсылық тілеп, бала-шағасының ортасында өмір сүріп жатыр. «Үлкендердің сүйегі асыл» дейді ғой, ол кісі де әлі тың, ширақ, балаларының болашағына үлкен үмітпен қарайды.
Жазып алған
Ұлдақан Ажаргүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
2-курс студенті




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   76




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет