Базарбаева Айжан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
2-курс студенті
Мұсанова Күмісай
Мұсанова Күмісай, 1915 жылы туған, Кербұлақ ауданы, Бостан ауылының тұрғыны:
- Мен Бостанға бала кезімде ата-анаммен көшіп келгенмін, - деп бастады әңгімесін.
- Бостан басқа ауылдардан шеттеу, тау етегінде орналасқаннан шығар, бұл ауылға көп жерлерден адамдар жан сақтауға көшіп келді ашаршылық кезінде. Ол кезде ауылдың нөмірі ғана бар да, аты жоқ еді. Аласапыран уақытта көшіп келген адам бір-бірін танымайды. Келіп жатыр, келіп жатыр...
Содан аты жоқ ауыл босқан қазақтардың қонысы болып, бара келе Бостан атанды... Қазіргі заманға тәубе, нанымыз бар, қарнымыз тоқ, қайғы жоқ... Ал ол кезде...
Кешке дейін екі көзіміз төрт болып, анамызды күтеміз. Түнге қарай шаршап-шалдығып ол кісі қостан қайтады, онда орақпен астық оратын: соны үгітіп, қойын-қонышына тығып, үйге әкеледі. Түн ішінде бидайды кейде қуырып, кейде қуырмай-ақ төсекте отырып, тығып жейміз. Бар көретін азығымыз сол ғана. Ол кезде ес жоқ қой, картоп салсақ-та болады екен ғой. Қазір ойласам, қандай ақымақ болғанбыз. Көрші Луговое (қазіргі Терісаққан) ауылында орыстар картоп егіп, күнін көрді.
Ашыққан адамдар ондап, жүздеп қырылды. Мәйіттерді ауыл сыртына апарып, жарға тастайды, қазірде Бостанның сыртында орналасқан ол жерде жылда жардан ағарып сүйектер шығып жатады... Аштыққа шыдамаған сорлы қазақ өз етін өзі жеген... О,тоба! Құдайым, әрқашан содан сақта! Осы күніңнен айыра көрме! - деп қарт әже діріл қаққан көздеріне жас алды.
Жазып алған
Ұлдақан Ажаргүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
2-курс студенті
Байтемірова Рәзия
Байтемірова Рәзия әженің (1899 жылы туған, 04.09.2004 жылы қайтыс болған) өз аузынан естіген әңгімем.
- Ол уақытта аштықтан бұратылған бала, ана, кәрі қарттың бір ғана арманы бар еді. Ол - бір үзім нан. Дүние, мүлік - ештеңе керек емес, тек қана бір уыс бидай мен бір үзім нанға зәру болды қазақ. Нанға жетпей көз жұмғандар қаншама!
- Есімде, - деп айтушы еді апам, - бір күні жарты ауыл түгел қырылды. Өздеріне ажалды өздері тілеп алды. Далада үлкен бөшкеде қалған солидол майы бар екен, соны көрген аш адамдар жапатармағай қайың талының қабығына жағып жеді. «Қой!» дегендердің тілін алмай, бала-шаға болып тойып жеп жатыр. «Не болса да қарным бір тойсын» - деп бірін-бірі итеріп, құлшынып, сол майға жеткенше асығып, тойып бір жеді. Ертеңгісін іштері күйіп, ыңырсып жатып өлгендері қаншама болды десеңізші...
Басынан не өткермеді қазақ. Бәріне шыдап, көнді. Талай қайғылы оқиғаны бастан өткізді. Бүгінде сол кездегі «Босқындардың ауылы» атанған Бостан ауылы елімізге танымал азаматтарын мақтан тұтады. Ауылда небәрі 174 жанұя тұрады. Алайда ақын, депутат, академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары
Жамбыл Тобаяқов
Бақытжан Тобаяқов
Қасабеков Серікбай
Қасабек Аманжол
Әлмұқамбетов Науханбай
Әбілқасымов Ерасыл
Бұлдыбаев Анарбай
Әлмұқамбетов Сейсекбай
сынды елге танымал ағаларымыз осы кішкентай Бостан ауылынан шыққан.
Жазып алған
Ұлдақан Ажаргүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
2-курс студенті
Достарыңызбен бөлісу: |