Жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 24 мамырдағы №570 Қаулысы «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары туралы»


Ауылдық сумен жабдықтау және су бұру жүйелерi үшiн



бет4/8
Дата17.07.2016
өлшемі0.56 Mb.
#205797
1   2   3   4   5   6   7   8

3. Ауылдық сумен жабдықтау және су бұру жүйелерi үшiн

      Ауылдық сумен жабдықтау және су бұру объектiлерi үшiн жүйелi тәсiл мыналарды көздейдi:



3.1. Сумен жабдықтау

      Ескерту. 3.1-кiшi бөлiм жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 2012.05.15 № 621 Қаулысымен.



      Сумен жабдықтау жүйесiнiң жай-күйiне жүргiзiлген техникалық зерттеулердiң нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi елдi мекен шегiнде және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi елдi мекен шегiнен тыс ауылдық жердегi сумен жабдықтау жобаларының бiрыңғай тiзбесiн қалыптастырады, ол мынадай бөлiмдердi қамтуы тиiс:
      құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзу мүмкiн болатын АЕМ (зерттеу нәтижелерi бойынша ЖСҚ сәйкестiгi және сумен жабдықтау көздерiнiң болуы расталған);
      ЖСҚ әзiрлеу немесе түзету талап етiлетiн АЕМ (зерттеу нәтижелерi бойынша ЖСҚ әзiрлеу үшiн техникалық өлшемдер айқындалған немесе ЖСҚ түзету қажеттiлiгi анықталған);
      жер асты сулары қорларымен қамтамасыз ету үшiн геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзу талап етiлетiн АЕМ;
      жер асты су көздерiнiң пайдалану мерзiмi аяқталған, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетi жер асты сулары қорларының бар болуы туралы уақытша қорытынды берген АЕМ;
      Сумен жабдықтау жобаларын iрiктеу және тiзбеге енгiзу мынадай өлшемдерге сәйкес жүзеге асырылуы тиiс:
      1) электрондық және қағаз жеткiзгiштерде жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
      2) экологиялық сараптаманың болуы;
      3) Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi Геология және жер қойнауын пайдалану комитетiнiң келiсiмi, оның iшiнде пайдалану мерзiмi аяқталған қолданыстағы сумен жабдықтау көздерi бойынша уақытша қорытынды;
      4) жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттiк сараптаманың қорытындысы;
      5) салалық мемлекеттiк органның салалық сараптамасы;
      6) түсiндiрме жазба;
      7) техникалық зерттеудiң болуы;
      8) жобаны бекiту туралы бұйрық
      9) пайдаланушы кәсiпорынның болуы.
      Сумен жабдықтау жөнiндегi жобалардың басымдығы мынадай өлшемдер бойынша анықталатын болады:
      1) халық саны 1000 адамнан астам АЕМ;
      2) халық саны 500-ден 1000 адамға дейiнгi АЕМ;
      3) халық саны 100-ден 500-ге адамға дейiнгi АЕМ.
      Жобалардың басымдығын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi техникалық зерттеулердiң негiзiнде жоғарыда көрсетiлген басымдық өлшемдерiн негiзге ала отырып анықтайтын болады.
      Сондай-ақ, сумен жабдықтау жобаларын iрiктеудiң негiзгi өлшемдерiнiң бiрi жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде бiрлесiп қаржыландыру болуы тиiс.
      Ауылдық жердегi сумен жабдықтау жобаларының бiрыңғай тiзбесiн Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi елдi мекен шегiнде және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi елдi мекен шегiнен тыс елдi мекендердi жер асты сулары қорымен қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң келiсiмi бойынша қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң қарауына енгiзедi. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi қарағаннан кейiн ауылдық жердегi сумен жабдықтау жобаларының бiрыңғай тiзбесi жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың екiншi тоқсанында Ауыз суымен жабдықтау саласында ұсыныстар әзiрлеу жөнiндегi комиссияның қарауына ұсынылады.

3.2. Су бұру

      Ескерту. 3-2-кiшi бөлiмге өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2011.09.01 N 994, 2012.05.15 № 621 Қаулыларымен.



      1. Орталықтандырылған сумен жабдықталған бар ауылдық елдi мекендердiң су бұру жүйесiне зерттеу жүргiзу үшiн елдi мекендердiң алдын ала тiзiмiн қалыптастыру.
      2. Iске асыруға жоспарланған су бұру жобаларына зерттеулер жүргiзу.
      3. Су бұру жобаларының түпкiлiктi тiзбесiн бекiту.
      Су бұру жобаларының алдын ала тiзiмiн қалыптастыру жыл сайын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi жоспарлайтын қаржы жылының алдындағы жылдың бiрiншi тоқсанында жергiлiктi атқарушы органдардың келесi қаржы жылына арналған бюджеттiк өтiнiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Су бұру жобаларының алдын ала тiзбесiне (бұдан әрi - Тiзбе) мыналар енгiзiлуi тиiс:
      бекiтiлген ЖСҚ бар жобалар, пайдаланушы кәсiпорынның немесе ұйымының болуы, экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы.
      Бұл ретте жобаларды iрiктеудiң негiзгi өлшемi жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жобаларды мiндеттi түрде бiрлесiп қаржыландыру болуы тиiс.
      Су бұру жобаларын iрiктеу және тiзбеге енгiзу мынадай өлшемдерге сәйкес жүзеге асырылуы тиiс:
      1) электрондық және қағаз жеткiзгiштерде жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
      2) экологиялық сараптаманың болуы;
      3) жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттiк сараптаманың қорытындысы;
      4) салалық мемлекеттiк органның салалық сараптамасы;
      5) түсiндiрме жазба;
      6) техникалық зерттеудiң болуы;
      7) жобаны бекiту туралы бұйрық
      8) пайдаланушы кәсiпорынның болуы.
      Сумен жабдықтау жөнiндегi жобалардың басымдығы мынадай өлшемдер бойынша анықталатын болады:
      1) орталықтандырылған сумен жабдықтаудың болуы;
      2) аудандық орталықтар;
      3) халық саны 1000 адамнан астам АЕМ.
      Су бұру жобаларын iрiктеу нәтижелерi бойынша жүйелер жағдайын техникалық зерттеу жүргiзу үшiн жобалар тiзбесi қалыптастырылады. Зерттеу ғимаратты, құрылыстарды және су бұру жүйелерiнiң желiлерiн пайдаланушы кәсiпорыннан немесе оларды баланста ұстаушы ұйымдардан ақпарат жинау және объектiлер орналасқан жерде салыстыру арқылы жүргiзiледi және зерттелетiн объектiнiң мынадай сипаттамаларын қамтуы тиiс:
      аталған негiзгi құралдарды iске қосу жылы, олардың қалдық құны және тозу дәрежесi;
      су бұрудың қолданыстағы жүйесiнiң құрамы;
      құбырлардың өнiмдiлiк, ұзындық, диаметр көрсетiштерi;
      су бұру жүйесi объектiлерiнiң желiлерi мен құрылыстары материалдарының сипаттамасы;
      ағымдағы немесе күрделi жөндеу жүргiзу қажеттiлiгi;
      жергiлiктi атқарушы органдар әзiрлеген ЖСҚ-ның су шаруашылығы инфрақұрылымының нақты жай-күйiне сәйкестiгiн тексеру және басқа да сипаттамалар.
      Зерттеулерден кейiн пайдаланушы кәсiпорындар негiзгi құралдарға қайта бағалау жүргiзулерi тиiс.
      Техникалық зерттеу нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi экологиялық қауiпсiздiк бөлiгiнде Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң келiсiмi бойынша ауылдық жердегi су бұру жобаларының бiрыңғай тiзбесiн қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң қарауына енгiзедi. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi қарағаннан кейiн ауылдық жердегi су бұру жобаларының бiрыңғай тiзбесi жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың екiншi тоқсанында Ауыз суымен жабдықтау саласында ұсыныстар әзiрлеу жөнiндегi комиссияның қарауына ұсынылады.

4. Су шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру әрi сумен жабдықтау және су бұру объектiлерiн қаржыландыруға жеке капиталды барынша тарту

      Ескерту. 4-кiшi бөлiмге өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2012.05.15 № 621 Қаулысымен.



      Сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорындарының дағдарыстық жағдайы осы сектор кәсiпорындарының қаржылық жағдайының қанағаттанарлықсыз болуымен байланысты екендiгi белгiлi.
      Қазiргi таңда тұрғындар саны 50 мың адамнан астам iрi қалаларда орналасқан сумен жабдықтаудың және су бұрудың 26 базалық кәсiпорнының iшiнен 20 кәсiпорын коммуналдық меншiк нысанында және 6 кәсiпорын жеке капиталдың қатысуымен құрылған.
      Бұл ретте 2008 - 2010 жылдар кезеңiнде зерттелген 20 қалалық коммуналдық су арналары бойынша кәсiпорындардың 52,6 %-ы негiзгi қызметiнен терiс қаржылық нәтиже алды.
      Су арналары инвестицияларының жалпы сомасының 78,8 %-ы бюджеттiк қаражатқа келедi, 12,8 %-ы жеке меншiк, 8,4 %-ы қарыз көздерiне келедi.
      Жалпы, осы саладағы кәсiпорындардың қызметi шығынның жоғары болуымен, сумен жабдықтау қызметтерi өндiрiсiне шығыстарды төмендетуде экономикалық ынталандырудың болмауымен, бәсекелестiктiң дамымауымен сипатталады, бұл негiзгi қорлардың тозуының жоғары дәрежесiнiң сақталуына,
      кәсiпорынның тиiмдi жұмыс iстемеуiне, энергия, су және басқа ресурстардың жоғары шығынына әкеледi.
      Айталық, 2011 жылғы 1 қаңтарға тексерiлген 20 қалалық су арналарының деректерi бойынша сумен жабдықтау жүйесi ұзындығының барлығы 10458 км, су бұру желiсi - 6057 км құрады, бұл ретте сумен жабдықтау жүйесiнiң тозу деңгейi орта есеппен 64 %-ды, су бұру жүйесi 56 %-ды, орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметiне қолжетiмдiлiк деңгейi 79 %-ды, су бұру қызметiне 69 %-ды құрайды.
      Жыл сайын қалалық сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерiнiң өзiне қайта жөндеуге және жаңғыртуға республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 25,0 млрд. теңге бөлiнетiнiне қарамастан, жалпы Қазақстан Республикасы бойынша орташа су секторының қалалық жүйелерi мен құрылғыларының тозу деңгейi жоғары күйiнде сақталып отыр және 60-80 %-ды құрайды.
      Осыған орай, сараптамалық бағалау бойынша 86 қала (26 iрi және 60 шағын) бойынша су құбырлары мен кәрiз құрылыстарына жұмсалатын шығынды есепке алмағанда, сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерiн қайта жөндеуге жалпы қаражат қажеттiлiгi 515,6 млрд. теңгеге бағаланады.
      Инвестициялардың осындай көлемiн бюджеттiк салымдар есебiнен ғана қамтамасыз етуге болмайтыны анық және сыртқы инвестиция тарту үшiн жағдай жасауды талап етедi, олар халықаралық қаржы институттары, су секторында тәжiрибесi бар жеке инвесторлар және даму жөнiндегi басқа әрiптестер болуы мүмкiн.
      Осыған байланысты Бағдарлама шеңберiндегi қызметтiң негiзгi бағыттарының бiрi сумен жабдықтау мен су бұру секторларының инвестициялық тартымдылығын қалыптастыру болып табылады.
      Кәсiпорындардың рентабельдi жұмысын және жеке инвесторлар салған инвестициялар қайтарымдылығының кепiлдiгiн қамтамасыз ететiн инвестициялық тартымды тарифтер сектордың инвестициялық тартымдылығын арттырудың негiзгi факторына айналуға тиiс.
      Инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ететiн тарифтi қалыптастырғанда:
      инвестордың қаржылық-экономикалық тәуекелiн;
      нормативтiк және/немесе нормативтен тыс шығындарды төмендетудi;
      жобалардың iшкi кiрiстiлiк нормаларын және басқаларды ескеру қажет.
      Желiлердiң қазiргi тозу деңгейiн және сумен жабдықтау мен су бұру қызметтерiне қолданыстағы тарифтердiң деңгейiн ескере отырып, алдағы кезеңде қала жүйелерiн қалыпқа келтiру және дамыту жөнiндегi iс-шараларды бюджеттен бiрлесiп қаржыландыру сақталады.
      Сумен жабдықтау мен су бұрудың қалалық жүйелерiн қайта қалпына келтiруге және дамытуға қажеттi сома қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы iстерi агенттiгi жүргiзiп жатқан зерттеу мен инвестициялардың негiздемесiн әзiрлеу бойынша нақтыланатын қорытындыларын атап өту керек.
      Сонымен қатар, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерiне орта және ұзақ мерзiмдi тарифтiң шектi деңгейiнiң есебi мемлекеттiк бюджетке жыл сайынғы жүктеменi төмендету есебiнен ғана емес, жеке инвестиция тарту есебiнен және тиiстi кәсiпорынның iшкi резервтерiн тиiмдi қолдану есебiнен жүзеге асырылуға тиiс.
      Бағдарламада 2020 жылдың аяғына дейiн республиканың 26 iрi қаласын базалық сумен жабдықтау мен су бұру кәсiпорындарын орта және ұзақ мерзiмдi тарифтер бойынша жұмысқа көшiру көзделген. Сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорынның жеке айналым қаражатын толықтыру көздерiнiң бiрi суды қолдану көлемiне байланысты және тұтынушылар тобы бойынша сараланған тарифтердi қолдану мүмкiндiгi болып табылады.
      Бағдарламада сумен жабдықтау және су бұру секторын жаңғырту жобаларын қаржыландырудың мынадай қағидаттары белгiленедi:
      қайта жаңарту мынадай жолмен жүргiзiлуге тиiс:
      1) табиғи монополия субъектiлерiнiң орта мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi инвестициялық бағдарламаны iске асыруы;
      2) мемлекеттiк меншiктегi объектiлер үшiн бюджет қаражатын бөлу, сонымен бiрге сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорындары тарифтi бекiту;
      Халықтың сумен жабдықтау және су бұру қызметтерiне қол жеткiзуiн арттыру үшiн жаңа инженерлiк желiлер салу бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн болады.
      Сумен жабдықтау және су бұру секторын жаңғыртудың тиiмдi және негiзгi аспектiлерiнiң бiрi жүргiзiлiп жатқан тарифтiк саясаттың озық құралдарын қолдану болып табылады.
      Оған су арналарының орта және ұзақ мерзiмдi кезеңдерде шектi (инвестициялық) тарифтердi қолдануы жатады.
      Шектi (инвестициялық) тарифтер бойынша жұмыс iстейтiн субъектiлердiң санын арттыру мүмкiндiгiн iске асыру:
      1) су арналарының тарифтiк кiрiстер есебiнен және қарыз қаражатын мейiлiнше аз тарта отырып, жаңғырту жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) қажеттi көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында негiзгi қаражатқа кезең-кезеңмен (үш-төрт жылда бiр рет) қайта бағалау жүргiзуi;
      2) су арналарының жабдықтарды ауыстыра, жаңа техникалар мен технологияларды енгiзе отырып, сумен жабдықтау және су бұру секторының желiлерi мен құрылғыларын жаңғыртуға және қайта жаңартуға арналған инвестициялық бағдарламаларды әзiрлеуi және бекiтуi;
      3) реттелетiн қызметтерге инвестициялық тарифтер (орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге) бекiту;
      4) реттелетiн қызметтерге бiр мезгiлде тарифтердiң өсуiне жол бермеу үшiн республиканың барлық өңiрлерiнде табиғи монополия субъектiлерiнiң, ең алдымен – базалық субъектiлердiң (2015 жылға қарай мiндеттi көшуiне орай) инвестициялық тарифтерге көшуi бойынша кесте әзiрлеу жолымен қамтамасыз етiлетiн болады.

5. Қалалық және ауылдық елдi мекендерде сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорындарын МЖӘ моделiне көшiру кезеңдерi

      Ескерту. 5-кiшi бөлiмге өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2011.09.01 N 994, 2012.05.15 № 621 Қаулыларымен.



      Қалалық су арналарын МЖӘ моделiне көшiрудi жеделдету мақсатында Бағдарламада кәсiпорындардың бiрқатар техникалық-экономикалық көрсеткiштерiн ескере отырып, коммуналдық меншiк нысанындағы 20 кәсiпорынды кезең-кезеңiмен көшiру көзделген.
      Бастапқы кезеңде 2012 жылы жеке инвесторлармен ынтымақтастықта дайындалған 4 пилоттық қаланың - Тараз, Атырау, Семей, Орал қалаларының су арналарын (халқының саны 200,0 мыңнан 300 мың адамға дейiн) МЖӘ моделiне көшiру ұсынылады.
      Осы кәсiпорындар бойынша су арналарының техникалық-экономикалық көрсеткiштерi орта есеппен мынадай:
      сумен жабдықтау жүйелерiнiң тозу деңгейi - 56%, су бүру жүйелерi -48%;
      жеке есептеу аспаптарымен қамту пайызы - 73%;
      орта және ұзақ мерзiмдi тарифтердiң болуы (2011 - 2012 жылдар кезеңiнде көшiрiлетiн болады);
      тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтердiң болуы.
      Екiншi кезеңде 2013-2015 жылдар кезеңiнде 14 iрi қаланың (Қостанай, Орал, Ақтау, Талдықорған, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Екiбастұз, Түркiстан, Жезқазған, Балқаш, Кентау, Риддер, Қызылорда) және республикалық маңызы бар 2 қаланың (Алматы, Астана) қалған 16 су шаруашылығы кәсiпорындары МЖӘ тетiктерiн қолдануға көшiру көзделген, олардың су арналарының орташа техникалық-экономикалық көрсеткiштерi мынадай:
      сумен жабдықтау жүйелерiнiң тозу деңгейi - 58%, су бұру жүйелерiнiң -55%;
      жеке есептеу аспаптарымен қамту пайызы - 83%;
      орта және ұзақ мерзiмдi тарифтердiң болуы (2012 - 2016 жылдар кезеңiнде көшiрiлетiн болады);
      тұтынушылар тобы бойынша сараланған тарифтердiң болуы.
      Бастапқы кезеңде жеке капиталды тартуға су арналарын дайындау мақсатында техникалық көмек құралдарын қолдану арқылы (гранттық қаржыландыру) әртүрлi халықаралық қаржы институттарымен бiрлесе отырып, су арналарының қаржы-шаруашылық қызметiнiң көрсеткiштерi мен ағымдағы техникалық жағдайына егжей-тегжейлi сараптама жүргiзiлетiн болады.
      Бұдан кейiн Халықаралық қаржы институттары, ҚР Үкiметi және Пилоттық қалалар (облыстар) әкiмдiктерi арасындағы түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады.
      2011 жылы сумен жабдықтау мен су бұру саласында МЖӘ жобаларын дайындау үшiн Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу агенттiгi, Еуропа Қайта Құру және Даму банкi мен Тараз, Атырау, Семей қалалары әкiмдiктерiнiң арасында өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды.
      Қазiргi уақытта Еуропа Қайта Құру және Даму банкi жобалардың ТЭН-iн әзiрлеп жатыр. Осы ТЭН әзiрленгеннен және бекiтiлгеннен кейiн конкурстық құжаттама әзiрленетiн, келiсуден өткiзiлетiн және бекiтiлетiн болады және жобаларды iске асыру үшiн әлеуеттi инвесторларды тартуға конкурс жарияланады.
      Бюджет қаражаты барынша аз тартылатын инвестициялық жобаларды iске асыру мақсатында осы сектордағы табысты жұмыс тәжiрибесi мен қаржы қаражатының көлемi бар жергiлiктi инвесторларға басымдық берiлетiн болады.
      Инвестициялық бағдарламаларды iске асыру бойынша жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiмдер не жеке инвесторлармен келiсiмшарттар жасасқанда, 2020 жылға дейiн қалалық жерлерде осы Бағдарламаның нысаналы индикаторларын қамтамасыз ету бойынша инвесторлар үшiн бiрқатар нақты мiндеттемелердi көздеу қажет:
      орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтауға және су бұруға қол жетiмдiлiк деңгейiн 100%-ға дейiн жеткiзу;
      сумен жабдықтау және су бұру жүйесiнiң сенiмдiлiгiн өсiру (авариялар саны 1 километрге -тиiсiнше 0,3 және 0,1);
      халық үшiн жеке есептеу аспаптарымен қамту - 100 %;
      нормативтiк-тазаланған су деңгейiн 100 %-ға дейiн арттыру арқылы сумен жабдықтау және су бұру қызметтерiнiң сапасын арттыру;
      нормативтiк ысырап деңгейiн 15 % дейiн төмендету.
      Сондай-ақ кәсiпорын қызметiнiң тиiмдiлiгiн жоғарылату бойынша мiндеттемелер көздеу қажет:
      суды автоматтандырылған коммерциялық есептеумен қамтамасыз ету 100%;
      қызметтер көрсетудiң өзiндiк құнындағы операциялық шығындарды 70 %-ға дейiн төмендету, сарқынды су көлемiнiң бiрлiгiне электр энергиясының үлестiк шығынын төмендету және т.б.
      Жергiлiктi атқарушы органдарға өз кезегiнде осы көрсеткiштер негiзiнде инвестор қабылдаған мiндеттердiң орындалуы бойынша мониторинг және бақылау жүйесiн ұйымдастыру қажет.
      Сондай-ақ, Бағдарлама шеңберiнде Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi әр облыстан бiр-бiрден 14 аудандық кәсiпорынға сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорындары үшiн пилоттық режимде МЖӘ модельдерiн қолдану мүмкiндiгiн қарастыратын болады.
      Осы мақсатта жергiлiктi атқарушы органдарға iрiктеп алынған ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстеп тұрған сумен жабдықтау және су бұру кәсiпорындарына талдау жүргiзу қажет.
      Будан кейiн кәсiпорындардың 2020 жылға дейiнгi инвестициялық бағдарламаларын әзiрлеу қажет, онда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiнiң негiзгi даму бағыттарын және орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру, суды есептеу аспаптарын орнату жөнiндегi индикаторларға қол жеткiзу жолдарын көрсету қажет.
      Бұл ретте сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiн дамытуға салынатын салымдар бойынша инвесторға қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлеу қажет.
      Кейiнен пилоттық жобаларды iске асыру тәжiрибесi республиканың қалған елдi мекендерiне таратылатын болады.

6. МЖӘ-нiң әлеуеттi нысандары

      Халықаралық практикада мемлекет пен жекеменшiк секторының арасындағы өзара қатынастар екi МЖӘ нысан шеңберiнде қолданылады:


      келiсiмшарттық МЖӘ (концессия, жалға беру, сенiмгерлiк басқару);
      институционалдық МЖӘ (бiрлескен кәсiпорындар, мемлекеттiк мүлiктiң үлестерiн сату).
      Сумен жабдықтау саласындағы халықаралық практика негiзiнде қолдануға болатын келiсiмшарттық МЖӘ-нiң мынадай түрлерi айқындалған:
      Басқаруға және ұстауға арналған келiсiмшарттар жеке сектор субъектiсiнiң ағымдағы операциялық және өндiрiстiк қызметi бойынша әкiмшiлiк шешiмдер қабылдау, мемлекеттiк меншiк объектiлерiн басқару және қызмет көрсету жөнiндегi функцияларын көздейдi. Мұндай келiсiмшарттар берiлетiн объектiге айтарлықтай институционалдық өзгерiстер қажет етпейдi. Осындай келiсiмшарттардың басты мақсаты iшкi басқару жүйесiн және объектiнiң операциялық қызметiн жақсарту болып табылады.
      Тұтынуға арналған тарифтер объектiнiң өзiн-өзi ақтауын қамтамасыз ету үшiн қажеттi деңгейден төмен белгiленген кезде басқаруға және ұстауға арналған келiсiмшарттарды тиiмдi пайдалануға болады.
      Жеке меншiк сектор субъектiлерi өзiнiң басқару және ұстау жөнiндегi қызметi үшiн сыйақы алады. Сыйақының жалпы құны әдетте конкурс жүргiзу арқылы анықталады да, қызметтердiң ең қолайлы бағасын ұсынған компанияға келiсiмшарт берiледi. Бұл ретте сыйақының нақты төленуi қызмет тиiмдiлiгiнiң алдын ала белгiленген көрсеткiштерiне байланыстырылуы мүмкiн.
      Басқаруға және ұстауға арналған келiсiмшарттар бойынша мемлекеттiк сектордың тұтынушылар алдындағы қызметтi ұсынғаны үшiн және объектiлердi қайта құру, дамыту, жөндеу жүргiзу бойынша жалпы жауапкершiлiгi сақталады. Мұндай келiсiмшарттар, әдетте 3-5 жыл мерзiмге жасалады. Жеке меншiк секторға жүктелетiн тәуекел үлкен емес.
      Көбiнесе лизинг деп аталатын пайдалануға және ұстауға арналған келiсiмшарттар жеке сектордың өндiрiстiк объектiлердi жалға алуын және оның оператор функцияларын атқаруын көздейдi. Жеке меншiк сектор тұтынушының алдында қызмет көрсету операторы ретiнде жауапты болады. Осындай келiсiмшарттарды жасаудың мақсаты операциялық тиiмдiлiктi арттыру және ұсынылатын қызметтiң сапасын жақсарту, сондай-ақ объектiлердi қаржыландыру үшiн жеке сектордан қаражат тарту.
      Жеке оператор айналым капиталына қажеттiлiктi өтейдi; кейбiр жағдайларда ол қабылданатын активтердiң бiр бөлiгiн ауыстыруды және жаңғыртуды қаржыландырады. Объектiлердi және т.б. қалпына келтiру мен кеңейту жөнiндегi күрделi салымдарды қаржыландыру мемлекеттiк сектордың мiндетi болып табылады.
      Мұндай келiсiмшарттар бойынша жеке оператор объектiнi пайдаланғаны және ұстағаны үшiн мөлшерi оның тиiмдiлiк көрсеткiштерiне тiкелей байланысты болатын сыйақы алады. Сонымен бiр мезгiлде жеке оператор күрделi салымдар үшiн пайдаланылатын үкiметке «жалдау» ақысын төлейдi. Мұндай келiсiмшарттардың ұзақтығы мерзiмi 5-10 жыл. Жеке секторға жүктелетiн тәуекел орташа ретiнде сипатталады.
      Салуға (иелеуге)-пайдалануға арналған келiсiмшарттар жекелеген сынаптамаларда концессиялық келiсiмшарттар түрлерiне жатқызылады. Бұлардан өзгешелiгi қызметтердi жеткiзушi салынған объектiге меншiк құқығын әрдайым өзiне сақтайды. Үкiмет белгiлi бiр уақыт аралығында көрсетiлетiн қызметтердiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн сатып алу мiндетiн өзiне алады.
      Келiсiмшарттық МЖӘ-нiң бастапқы екi түрi жеке меншiк иесi тарапынан негiзгi күрделi қаржыландыруды талап етпейтiн, бiрақ сапалы менеджмент пен ағымдағы жөндеу жұмыстарын өтеуге қаржы тартуды қажет ететiн жобаларға барынша лайықты.
      Келiсiмшарттың үшiншi түрi сумен жабдықтау объектiлерiн жаңадан салу көзделетiн жобаларға барынша лайықты, бұл ретте жеке сектор құрылысқа салған өз инвестицияларын өтей отырып, пайдалану кезеңiнде өзiнiң қызметтерiне мемлекеттiң тұтыну кепiлдiгiн алады.
      Бүгiнгi таңда «Концессиялар туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Сәтпаев, Рудный қалаларында орналасқан жеке капитал қатысатын қалалық 6 су арнасы үшiн концессияны мүлiк мемлекет меншiгiнде (мемлекеттiк мекеме немесе мемлекеттiк кәсiпорын теңгерiмiнде) болған жағдайда ғана қолданылуға болады.
      Сонымен қатар, мұндай меншiк нысаны шеңберiндегi қызмет институционалдық МЖӘ нормалары мен қағидаттарына сәйкес келуi тиiс.
      Коммуналдық меншiкте тұрған 20 су арналарына жеке секторды тарту үшiн МЖӘ-нiң келiсiмшарттық нысанын енгiзу қажет, ол сатылық сипатта болуы мүмкiн.
      Әрбiр су арнасы үшiн инвестициялық бағдарлама әзiрлеу талап етiледi, ол болжамды күрделi салымдарды өтеу үшiн пайда көздерiн көздейдi, бұл ретте қызметтердi тұтынушылардың төлемдерi табыс көздерiнiң бiрi болып табылады.
      Институционалдық ортасы нашар және/немесе халықтың табысы төмен өңiрлерде тұтыну кепiлi, өтемақы, инвестициялық шығын және өзге де мемлекеттiк қолдау шаралары есебiнен жобаның рентабельдiлiгi мәселесiн қарастыру қажет.
      Кейiннен қаланың әрбiр су арнасы үшiн МЖӘ-нiң нақты нысаны былайша анықталатын болады:
      Техникалық жай-күйi қанағаттанарлық коммуналдық су арналары конкурстық негiзде жеке инвесторға сенiмгерлiк басқаруға берiлуi мүмкiн.
      Меншiк нысанына қарамастан, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiнiң техникалық жай-күйiнiң шектi деңгейi мен қаржы жағдайы қанағаттанарлықсыз су арналары үшiн жеке капитал тарту бойынша оларды қайта құрылымдау және қарыздардан тазаланған теңгерiмi бар жаңа өнеркәсiп құру түрiнде дайындық iс-шараларын жүргiзген жөн.
      Экономикалық жағдайдың жақсаруы мен халық табысының жоғарылауына қарай, сондай-ақ МЖӘ-нiң тәжiрибе жинақтауына байланысты МЖӘ-нiң қарапайым нысандарынан неғұрлым күрделi нысандарына:
      сенiмдiлiк басқару шарттарынан жалға алуға;
      жалға алудан концессияның неғұрлым қарапайым түрлерiне (ВТО);
      концессияның қарапайым нысанынан барлық дерлiк (коммерциялық, инвестициялық және басқалары) тәуекелдер мен жауапкершiлiктi жеке инвесторға бере отырып, классикалық концессияға бiрте-бiрте өтуге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет