Жұмыс бағдарламасы 2013 жылдың жұмыс оқу жоспарының 5В050400 «Журналистика»



бет7/9
Дата28.06.2016
өлшемі1.54 Mb.
#163657
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Бақылау сұрақтары

1. Саяси портрет (журналистік жанрдың бір түрі).

2. Саяси қызмет.

3. Лидердің психологиялық портреті, теориялары



Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №20. Журналистикадағы болжаулардың шегі мен мүмкіндіктері

Жоспар:

1. Әлеумет өміріне болжау жасай білудің қыр-сыры

2. Болжамдау немесе болжау

3. Лидердің психологиялық портреті, теориялары

Лекция мақсаты: Болжау жасау әдістерін меңгеру.

Лекция мәтіні. 1. Әлеумет өмірінде, қоғам тіршілігінде алдағы болатын оқиғаны дөп басып тану, айнытпай болжау-қиынның қиыны. Мұның бір ұшығы осынау құбылыста өзге де қоғамдық қарекеттермен, тіпті, физикалық немесе биологиялық үдерістермен белгілі бір байланыстың орын алатындығында жатса керек. Соған қарамастан әлеуметтік тірлікті бағамдау мен болжауға әсер ететін проблемаларды пайымдай білгеніміз жөн. Төменде «халықаралық сценарий» деп аталатын болжау тәсілдерінің бірін сөз етіп, Қазақстанда қоғамдық-әлеуметтік өмірді болжаумен, яғни, саяси футурологиямен (болашақты зерттеу ғылымы) айналысып жүрген ғалымдар мен практиктер ұшырасуы ықтимал түбірлі түйіндерге тоқталып өтеміз.
Бүгінгі таңда қоғамдық білім салаларын зерделеушілер кезігіп отырған маңызды мәселелердің бірі ғылыми ақпараттың өлшеусіз өсуі болып табылады, молайған мағлұматтар мен ұшы-қиыры жоқ фактілерді игеру барған сайын қиындай түсуде. Сонымен қатар, егіз қозыдай ұқсас құбылыстар мен үдерістердің, оқиғалардың тереңіне үңіліп, тамырын басу да, талдап-таразылау да күрделеніп келеді. Мұның өзі зымыран заман көшіне ілесу үшін ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдарын айқындап отырумен қатар, олардың дәлдігі мен нақтылығына, ақиқат ауылынан алыстамауына көңіл бөлудің қажеттігін көрсетсе керек.

2.Болжамдау немесе болжау (прогноз) жасау көңілге сенім ұялататын, нақтыланған, белгілі бір деректер негізінде келешекті көре білу дегенді білдіреді. Ал, болжамтану немесе прогностика болашақты болжау туралы ғылым болып табылады. Ғылыми болжамдау мақсаты болашақтың ақиқатқа жақын нүктесін (моделін) белгілеуге, оның даму бағыттары мен серпінін сын тезінен өткізуге саяды. Болжамдау барысында талданып отырған құбылыс өріс алып, дамитын жағдайлар айқындалады. Осы орайда жасалынған болжамдарда сыртқы әсерлердің түрлері мен типтерін, тәуелділікті, сондай-ақ, аталған құбылыстың өрбуі кезінде туындайтын ішкі өзгерістерді ескеріп отыру қажет болады, мұның өзі бір жағынан зерттеу пәні де болып табылады.
Ғылыми талдама ретінде болжам орын алып отырған ахуал ауанын айқындай отырып, уақыт пен кеңістікті де бедерлегені жөн. Мұндай ахуал диагнозы неғұрлым кең де ауқымды түрде жасалынады, сөйтіп орын алып отырған кезеңнің ауысу ықтималдығы айқындалып, болашақ кезеңдері (фазалар) ой елегінен өткізіледі. Нақты, тәжірибелік (практикалық) атқарымдар орындайтын ғылыми болжамдау үшін келешек дамуды болжау қажет болады, ол прогностикалық диагноз деп аталады. Ол белгілі бір үдерістің немесе дамудың болашақта өрістеуі немесе зерттеліп отырған кезеңнің жекелеген диагноздарына қатысты талдама (типологиялық, генетикалық, мазмұндық және фазалық) және оның деректері негізінде әзірленеді.
Зерттеуші К. Стрийский әділ атап өткеніндей, қоғамдық құбылыстарды болжамдау көптеген көзқарас тұрғысынан алып қарағанда күрделі болып табылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл құбылыстардың табиғаты өте күрделі болып табылады әрі физикалық немесе биологиялық құбылыстармен өте тығыз байланыста болады. Міне, осыдан келіп қоғамдық құбылыс үдеріс­терінің тереңдігі мен көпжақтылығы жөніндегі пайымдаулар туындайды, өйткені, нақты себеп-салдарларға сүйенетін физикалық құбылыстардай емес, олар тұрақтылығы әртүрлі деңгейдегі көптеген факторларға тәуелді. Сондай-ақ, кез келген қоғамдық құбылыста тәжірибе-эксперимент жасау мүмкіндігі жоққа тән десек болады. Міне, осының бәрі қоғамдық құбылыстар үдерістерінің болашақтағы бейнесін болжауға кедергі жасайды. Себебі, бұл кезде қоғамдық құбылыстың өзі болжам түрінде көрініп, өзге құбылыстармен түйісе келе болжамдау үдерісіне өз әсерін тигізеді.
Қоғамдық құбылыстарды ғаламдық ау­қымда болжамдау:
1. Қоғамдық ғылымдарда зерттеудің сапалық тұрғыда жүргізілетіндігіне;
2. Келешекті көре білу өз кезегінде жауап әрекет туғызатынын бейнелейтін Эдип эффек­тісіне;

3. Қоғамдық құбылыстардың синдромдық сипатына, яғни біз зерделеп отырған құбылыстардың әрқилы бейнеде көрініс табатындығына байланысты тежеліп отыр. Адам және оның мінез-құлқы зерттеу обьектісі бола отырып, өз кезегінде био-психо-және социомәдени жаратылыс болып табылады. Яғни, оның мінез-құлқына ата тегі (ген), ойлау қабілеті (ми) және тәрбиесі (мәдениет) әсер етеді. Сондықтан да болжам жасауда түрлі ғылымдардың, атап айтқанда, антропологияның, психологияның, социологияның, философияның жетістіктері пайдаланылуға тиіс;


4. Қоғамдық болмыс бітімі күрделене түсуде әрі күн санап өзгеріске ұшырап, өзгеше мән-мағы­наға ие болуда. Осыған орай, туындап отырған әрбір жаңа мағлұмат, дерек пен ақпарат ой еле­гінен өткізіліп, әлеумет кәдесіне жаратылғаны абзал. Сонымен қатар, олар зерттеу нысаны ретінде таңдап алынған қоғамдық құбылысқа болжам жасау үдерісінде қолданылуы керек.
Соңғы проблема сонау антикалық заманның белгілі ойшылы Гераклит айтты делінетін «бә­рі де ағады» («Panta rhei») деген әфсанамен ұш­та­сып жатыр. Расында да, ағып жатқан өзенге екі қайтара түсе алмайсыз ғой. Себебі, сіз шомылған су ағып кеткен. Бұл дүниедегі бірден-бір тұрақты нәрсе – сол өзгерістің өзі. Адамды қоршаған орта, яғни, табиғат, әлеумет те өзгереді, үкімет саясаты да заман талабына орай икемделіп, жұртшылық талабына сай әрекет етуді көздейді. Міне, осылардың барлығы қандай да бір мәселе бойынша шешімдер, әсіресе стратегиялық шешімдер қабылдау үдерісін күрделендіріп жібереді. Өзгерістер динамикасы жиілеуіне байланысты болжам жасау да қиындай түседі. Күнделікті тіршіліктен көріп жүргеніміздей, алдағы күнге ой жіберу, қолдан келсе қамданып, қарману әр адамның бойынан табылатын қасиет. Ол сондай-ақ, жоғарыда тоқталғанымыздай, жалпы қоғамға, жұртшылыққа, жекелеген ұжымға тән. Сондықтан да, А.С.Пушкин «Келер күн отыр екен не дайындап» деп жазғандай (Абай аудармасы), келешектен үміті бар кез келген көпшілік болашаққа бойлаудың нәтижелі әдіс-тәсілдерінен хабардар болуға тиіс.
Кезінде әлеуметтанушы Здислав Сариуш-Вольски атап көрсеткеніндей, болашақты болжамдау, яғни, болжау (прогноз) жасау тетігі болжанып отырған нысан тұрғысынан алғанда маңызды болып табылатын бұрынғы іс-әрекеттер мен олардың өзара байланыстарын (себеп-салдарлық байланыстар типі мен әлеуетін) танып-білу, тұжырым жасап, болашақта қолға алынатын

қимыл-қарекетті жобалаудан тұрады. Болжамдау тетігін, міне, төмендегідей қарапайым мысалмен түсіндіруге болар. Мәселен, біз әжептәуір терең айдынды өзеннің жағасына жетіп, енді арғы бетке етігімізбен су кешпей, құп-құрғақ өткіміз келеді делік. Бірақ, жуық маңда көпір көрінбейді. Алайда, біз егер қолымызға қайық түссе, арғы бетке аман-сау өтетінімізді білеміз (қайық табу-саналы іс-әрекет). Бақытымызға орай, біз қажет қайықты төңіректегі тал-терек арасынан тауып алайық (бұл-болмысты тану дегенді білдіреді). Осынау алғышарттар негізінде біз көп ұзамай келесі жағалауға жетіп жығыламыз. Дегенмен, біздің қайық туралы дерек-мәліметіміз толық болмаса, яғни, оның түбі бүтін немесе тесіктігінен бейхабар болсақ, біздің болжауымыз жаңсақ болып шығар еді. Сөйтіп, ақыр-соңында біз басқа бір беймәлім тұстан қылаң берер едік. Қоғамдық құбылыстарды немесе олардың дамуы мен өрістеуін болжамдау қайықты қолға түсіру дегенді білдірмейді. Бұл жердегі мәселе арғы жағалау бар ма, жоқ па, тобықтай түйін, міне, осында.

Өзгермелі саяси ахуалды болжамдау тәсілде­рінің бірі сценарий әдісі болып табылады. Бұл әдіс ХХ ғасырдың 70-жылдарында өркен жая дамып, болжамдаудың басты тәсіліне айналды. Бүгінгі мағынада алғандағы scenario терминін алғаш рет әлеуметтанушы Герман Кан қолданды. Бұл тәсіл оқиғалар дамуына әсер ете алатын, сөйтіп, болашақтың түрлі нұсқаларына (сценарийлеріне) жетелейтін факторларды іздестіруге негізделеді. Аталған әдістеме оқиға барысы ушығып кеткенде, проблемаға қатысты ахуал барысы беймәлім болғанда, басты оқиғалардың өрбу барысын айқындау қиынға соққанда, даму кезеңі салыс­тырмалы түрде ұзақ уақытқа созылғанда кәдеге асады. Өзге аналитикалық құралдар сияқты сценарийдің төркіні де әскери ғылымға тіреледі, ол ерте замандарда-ақ қолданыста болған. Практикалық көзқарас тұрғысынан алғанда сценарий әскерлерді жаттықтыру негізі, сондай-ақ саяси және экономикалық шешімдер қабылдаудағы көмекші құрылғы болып табылады.

Сценарийлер түзу нақты принциптерге сүйенеді және төмендегі міндеттерді шешуге бағытталады:

1. Обьектіні анықтау, яғни, оның элементтерін белгілеу, сондай-ақ, байланыстар мен олардың өзара ұқсас белгілерін айқындау, сценарий ауқымын көрсету. Бұл кезеңде зерттеу обьектісі туралы неғұрлым көп дерек жинау қажеттігі туындайды. Сондай-ақ, сценарийде назарға алынатын құбылыстарды, сонымен қатар, оларға тән айнымалы шамалардың өзара байланыстарын айқындау керек болады. Сценарийді жасақтаудың осы кезеңінде (фазасында) алғашқы айнымалы шамалар електен өткізіледі, себебі, әдетте алғашқы дерек жинау барысында елеусіз фактілер (болжамдау мақсаты тұрғысынан қарастырғанда) қоржынға түсіп кетуі мүмкін. Деректер арасындағы өзара байланыс дефинициялар (анықтауыштар) көмегімен айқындалады. Мұны белгілі бір шама өзге шамалар көбейтіндісінің немесе қосындысының жиынтығы болғанда, немесе саяси, қоғамдық және мәдени құбылыстарға тән сипаттамалардың өзге де формалары алынғанда қолдануға болады. Бұл кезеңнің қорытынды нәтижесі зерттелініп отырған обьектінің ішкі моделін құрастыру болып табылады;

2. Алынып отырған обьектіге (мәселен, халықаралық қатынастар пәніндегі халықаралық ортаға) тән құбылыстарды айқындап танып, сипаттап жазу, яғни, болжам обьектісінің дамуына елеулі түрде әсер ететін өзара байланыс салаларын идентификациялау. Бұл кезеңде болжамдау обьектісіне сыртқы әсері бар түрлі факторларға тиесілі өзара байланыстар типі мен шама-шарқы айқындалады;


3. Обьект элементтері арасындағы, сондай-ақ, обьекті мен оның төңірегіндегі құбылыстар сандық тұрғыда құжаттаудан өткізіледі;
4. Обьектіге қатысты айнымалы шамаларға болжам жасалынады, бұл зерттелініп отырған обьектіні талдау әдісін де қамтиды;
5. Прасценарий жасау дегеніміз обьектіге қатысты айнымалы шамаларға болжам жасау дегенді білдіреді. Бұлар обьект дамуы сипат­тамаларының бірнеше нұсқасын жасауға және болашақта пайда болатын ықтимал әлеуетті егжей-тегжей талдауға мүмкіндік береді;
6. Обьектінің даму үрдісіне бөгет болатын факторларды сараптау. Зерттелініп (болжауға алы­нып) отырған обьект белгілі бір өрісте жұмыс істеп тұрған динамикалық элемент болып табылады, бұл тікелей зерттеу пәніне, сондай-ақ, онымен байланысты құбылыстар мен үдерістерге де қатысты. Міне, сондықтан да біз обьектіге жағымды тұрғыда немесе теріс әсер ететін факторлар бар екендігін естен шығармауымыз керек. Тұтқиылдан тап болатын, бірақ, апат сипатынан ада оқиғалар кездесуі де әбден ықтимал. Сценарий жасау барысында міне осындай оқиғалардың обьект дамуына әсері бағаланады немесе кері әсер ететін факторлар (оқиға жағымсыз сипат алғанда), болмаса икемделу факторлары (жағымды әсер орын алған жағдайда) анықталады;
7. Обьектінің өзіндегі сандық және сапалық өзгерістерді, соның ішінде обьектінің дамуына бөгет болатын факторларды, сонымен қатар осы кедергілер салдарын есепке алатын, зерттелініп отырған обьектінің таяу болашақтағы жай-күйі немесе даму ахуалы сипатталатын сценарий жасалынады.
3.Саясат жөніндегі ғылым пәнінің жоғарыда аталып өткен синдромдық сипатын назарға ала отырып, саясаттанушы ғалым түрлі салалардың зерттеу тәсілдерін қолданғаны абзал екендігін айта кеткеніміз жөн. Пәндердің өзара кірігуіне (интерпәндікке) деген көзқарас түзу болғаны қажет. Бір қарағанда гуманитарлық ғылымдарға бөгде саналатын тәсілдерден (мәселен, хаос теориясынан) үркудің керегі жоқ. Сонда ғана болжам жасап отырған зерттеуші беймәлім құбылыс тереңіне үңіле алады. Әлеуметтанушы ғалым Михио Какудың ойы да осымен үндес, ол болашаққа көз жіберу жалғыз адамның қолынан келе бермейтін, көп болып қолға алуды қажетсінетін тірлік деп санайды. Кезінде адамзат жинаған білімдер аясы тар болды. Ғылымға, оның келешектегі дамуына қатысты болжамдардың теріске шығуының бір себебі, жеке адамдардың өзіндік көзқарастары бейнелегендігінде жатса керек. Міне, сондықтан да ғылымның нақты бір саласымен немесе пәнімен, сондай-ақ, белгілі бір ел ауқымымен ғана айналысып қоймайтын өрісі кең ғалымдар арасындағы ынтымақтастық өте қажет. Қазақ футурологтары (болашақты зерттеушілері) кең мәдени ауқымды қамтып, посткеңестік кеңістікпен қатар батыс елдері зерттеушілерінің ғылыми еңбектерін де ескергендері жөн. Мұның өзі халықаралық сценарий сияқты күрделі зерттеу әдістемесі көмегімен болжам сценарийін жасауда өте маңызды болып табылады. Қазақстанның халықаралық аренадағы болашақ орыны мен рөліне қатысты мыналарды есепке алуға болар еді: Бірінші, әлемдегі саяси ахуалдың өзгеруіне орай энергетикалық шикізат бағаларының құбылып отыруы; екінші, энергетикалық шикізаттың жоғары бағасы нәтижесінде ел иеленіп отырған экономикалық позицияны әлсірететін жаңа ғылы­ми ашулар; үшінші, Қытай немесе Ресей сияқты елдермен ынтымақтастықтың болашақтағы перспективалары (өзгеріп отыратын геосаяси ахуалды қоса алғанда); төртінші, демократиялық үдерістер; бесінші есірткі бизнесінен туындап отырған түйткілдер; алтыншы, экологиялық проблемалар және тағысын тағылар. Бұл тізімді соза беруге болар. Бірақ, осы арқылы маңызды проблемаларды нұсқап қана отырмыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстанның таяу болашағына арналған болжамдар түзу сан салалы әрі қиыншылығы мол міндет болып табылады. Алайда, мұның өзі қиындықтан үрке қашып, қол қусырып отыру қажет дегенді білдірмесе керек.

Бақылау сұрақтары

1. Әлеумет өміріне болжау жасай білудің қыр-сыры

2. Болжамдау немесе болжау

3. Лидердің психологиялық портреті, теориялары



Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №21. Публицистикалық болжаулау

Лекция мақсаты: Публицистикалық журналистикадағы болжаулау ерекшелігін айқындау.

Лекция мәтіні. 1. Қай заманда болмасын публицистика мен журналистика - тарихи үдеріс жемісі, әрі стратегиялық, әрі тактикалық қару. Жалпы тарихи эволюция үздіксіз десек, қазақ тарихы да үздіксіз, біртұтас. Қазіргі күні тарих идеологиялық текетірес құралына айналды. Ал тарих ұлттың өзіндік санасымен тікелей байланысты. Халықтың өзіндік санасы бұқара іс-әрекетіне әсер етер пәрменді фактор. Біздің ұлттық тарихтан айрылғанымыз -даралықтан айрылғанымыз - даралықтан айрылғанымыз - иммунитеттен айрылғанымыз, ұлттық даналықтан, ұлттық танымнан жұрдай болғанымыз. Қорғанышсыз ел - құл ел. Осындай проблеманы шапшаң да сауатты шеше алмайтын санаткерлер мен саясаткерлер орын алып отырған жағдайды әдейі полижұртшылық алаңына шығарады. Ондағы үміті:  проблеманы әртектілер диффузиялайды, оның ісігін дискуссия қайтарады, ол ешкімге зардабын тигізбей өз-өзінен тарап кетеді. Осы, кейінгі жылдары, біздің неотеоретиктер ұлттық құндылықты қорғаушыларды консерваторлар, кертартпа топ өкілдері, ел бірлігіне іріткі салушылар деп  үркітуді үрдіске айналдырып алды. Бұл қате де зиянды түсінік. Олар, қайта, ұлтты ұйыстырушылар, тұтастандырушылар, ал елді алатайдай бүлдірушілерді сырттан, тек өз болашағына алақтаған іштегі алакөздерден, информациялық экспансиядан, блогосферадан іздеген жөн. Блогосфера, әлеуметтік желілер реті келгенде саяси арандату, ұлттық мемлекетке ықпал-әсер ету үшін ұтымды пайдаланылады. Мәселен, қазақ тілі туралы заңға байланысты  «бостандықшыл» интернеттің шабынған, тепсінген пікірлер легін ұйымдастыру науқаны соның айқын дәлелі. Демократиялық Батыс, тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай салада болмасын, тек күш әлеуетін ғана мойындайды. Бет-әлпеті репродукцияланған елді ешкім де сыйламайды, ондай клондармен ешкім де санаспайды. Өзіндік «менінен» айрылған жұрт информациялық, саяси және экономикалық қақпайлауға көнбіс те иліккіш келеді. Осы тұрғыдан барлап-байқасаңыз, Европадағы, араб дүниесіндегі, Израильдегі, саяси-экономикалық дүрбелеңдерді әлеуметтік желілер,  сан санаттағы блогерлер ұйымдастырып, бағыт-бағдар нұсқап, жол сілтеп отыр. Мәселен, Египет блогері Асмаа Махфуз әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған адамды митингіге шақырып, Каирдегі Тахрир алаңына шығарды. Европарламент фракцияларының көшбасшылары «араб көктемін» ұйымдастырушы Ахмед әл-Зубаир әл-Сануси (Ливия), Разан Зайтунех (Сирия), Әли Фарзат (Сирия), Мұхаммед Буазизи (Тунис) және Асмаа Махфуз (Египет) сынды  бес «каһарманды» жазбай танып, оларға  Сахаров атындағы «Ой-сана бостандығы» сыйлығын беру туралы апыл-ғұпыл шешім қабылдап та үлгерді.

Қазіргі қазақ стандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің варианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогосфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да  қазіргі Интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол - индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар писхологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Белгілі бір дәрежеде көңілдегі кірді кетіру, психологиялық дерттен емделу тәсілі. Интернет  -  ортақ тарихи талқының,  ортақ тарихи құлазудың да көрінісі.



Бақылау сұрақтары

1. Публицистикалық журналистикадағы болжаулау ерекшелігін айқындау.

2. Болжамдау немесе болжау

Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №22. Қазіргі аналитикалық журналистиканың негізгі тақырыптары

Жоспар:

1. Аналитикалық журналистикадағы «тақырып» мәселесі

2. Тақырыптың көркемдік дамуы

Лекция мақсаты: Тақырып таңдау ерекшеліктерімен таныстыру.

Лекция мәтіні. 1. Аналитикалық журналистикадағы «тақырып» мәселесі – журналистің көркемдік және логикалық түсінігімен тығыз байланысты және онда бейнеленген шындық сол суреткердің санасындағы сүзгі арқылы өтеді. Бұл жөнінде И.Винградов: «Қайбір құбылыстар мен шындықтың кейбір жақтарын таңдаудың, өзара байланыстырудың, біріктірудің объективті-танымдық және субъективті-таптық жақтары да бар. Осы іріктеу мен байланыстыруды тек қарабайыр «натуралды» қалпында түсіруге әсте болмайды, оны танымдық-шығармашылық (субъективті-творчестволық) тұрғыдан да түсіне білу қажет. Осыдан келіп шығатын қорытынды мынау: көркем шығарманың құрлымдық бірлігін, олардың өзара байланысын және көркемдік сүзгісін анықтайтын ой таразысы қашанда басты назарда болу керек», – деген пікірді білдірді.

И.Виноградов осы еңбегінде «тақырыпты» алғаш «ішкі» және «сыртқы тақырып», – деп екіге бөлді. Оның түсіндіруінше: «Сыртқы тақырып» дегеніміз – шығармада бейнеленген белгілі бір көріністердің (объектілердің) әр түрлі нақтылықпен сипатталған жалпы нұсқасы. Ал «Ішкі тақырып» дегеніміз – сол көріністің ерекше бейнеленген тұстары». Сол кезден бастап 80-ші жылдарға дейін кеңес әдебиетінде, оның ішінде қазақ әдебиеті сынында да «тақырып» мәселесінің осындай қиын да күрделі қырлары арнайы талданған жоқ. Бірақ, әдебиеттану теориясы мен сынның жеке адамның творчествоға, творчестволық психологиясына жеке көркем шығармаға күрделі эстетикалық жүйе ретінде қарау, шындықтың көрінісін шығарманың ішкі құрлымынан іздеу бағыты «тақырып мәселесіне» қайта оралуға мәжбүр етті. Алайда, «тақырып мәселесі» теориялық тұрғыдан толық тұжырымдалмағандықтан және оның ара жігі ашылмағандықтан бұл міндет сол шешілмеген күйінде күрделі күрмеу күйінде қалып отыр. Сонымен бірге «тақырыптың көркемдік дамуы» (развертывание) – ұзақа созылатын күрделі процесс және тақырыптың қалыптасу жүйесін нақты талдамай оны зерттеу қиын. «Тақырып» ұғымын біржақты түсіндіруден, тек бейнеленген «көріністердің шеңберімен» шектеуден бас тарту үшін оның қалыптасу сатыларын жазушының көркем ойлау жүйесімен көркемдік шындықтың арасындағы байланысын, тақырып денгейінің ауқымын және ол ойдың жеке шығармалардағы нақты көрінісі, жазушылық шеберлігінің дәрежесін талдау қажет. Бір кездегі ұмыт қалған «тақырып мәселесін» сексенінші жылдарда Г.А.Белел қайта қозғады. Ол өзінің «Әдебиет – сынның айнасында» – деп аталған монографиясында «тақырып» мәселесі жөніндегі пікірлерді саралай келіп: «Тақырыпты зерттей отырып, оны эстетикадан тыс шындық ретінде теңгермеушілікпен бағалауымызды енді қоюымыз керек және оны:

1. Сыртқы тақырып көп жағдайда жеке шығармаға қолданылатын ұғым, жазушының жалпы шығармаларына байланысты өте аз қолданылады;

2. Жазушы творчествосының ішкі тақырыбы;

3. Көркем шығарманың ішкі тақырыбы деп нақты мынадай үш жікке бөліп қарауымыз керек», – деді.

Сыншы осындай жіктеудің әдебиет сыны тарихында бұрыннан айтылып келе жатқандығына қарамастан әлі де нақты теориялық тұрғыдан тұжырымдалмай отырғанына көңіл бөледі. Шынында да 20-шы жылдары шыққан «Әдеби энциклопедияда» жарияланған А.Зунделовичтың мақаласында жазылған еді: «Кең мағынада алсақ, тақырып дегеніміз – дүниенің тұтас көрінісі, ол суреткердің санасында қатталады. Осы көріністің (образдың) нәтижесінде суреткер оны жинақтап беру мүмкіндігіне ие болады және дәл осы көркем жинақтау оны суреткерлік қабілеті жоқтардан ерекшелеп көрсетеді. Әрбір шынайы суреткердің өз тақырыбы, өз көркем әлемі болады», – деген пікір білдірілген болатын.



«Өз тақырыбы» дегеніміз – жазушының творчествосындағы ішкі үндестікпен бір-біріне жақын тақырыптардың тоғысуы. Ал «өзіндік дүние образы», «өзіндік көркем әлемі» – дегеніміз салыстырмалы түрде айтылған метафорлық теңеу ғана. Шындығында бұл дүние-тіршілік құбылысын өзіне тән көркемдік шеберлікпен бейнелеуі арқылы айтайын деген ойын жеткізе білуі. Бірақта «көркемдік әлем» – жазушы творчествосының «ішкі тақырыбының» қалыптасуына тікелей әсер ететін алғы шарт боп табылады.

Суреткердің негізгі тақырыбын бірден анықтау өте қиын. Жазушы творчествосының бастапқы кезеңінде оның ішкі тақырыбы стихиялы түрде қалыптасады. Уақыт өте келе жазушы шығармаларында нақты бір мотивтің күшейе бастағаны, дүниедегі белгілі бір құбылыстарға қызығушылықпен қарайтынын және оны көркемдік сүзгіден өткізу әдістерінің тұрақты сипат алғаны байқалады. Жазушыны толғандыратын бір тақырыптың стихиялы түрде және саналы түрде дамуын біртұтас творчестволық процестің екі арнасы ретінде де қарастыруға болады.



2.Тақырыптың көркемдік дамуы (развертывание) – ұзаққа созылатын процесс. Тақырыптың шығармадан шығармаға біртіндеп өсу жолын зерттеу – жазушының дүниетанымындағы негізгі бастауы, оның көркемдік ойының даму бағдарын және өмірдегі өзгерістерге байланысты пайда болатын жаңа мәселелердің суреткер санасына тигізетін әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

Енді осы «ішкі тақырып» немесе негізгі тақырып мәселесін жазушы Оралхан Бөкеевтің творчествосын негізге ала отырып тілге тиек етейік.

О.Бөкеевтің суреткерлік әлемінің бір ерекшелігі жазушыны толғандыратын мәселелер – «мәңгілік мәселелер» екендігін, бірақ ол сол мәселелердің себебін өзіндік дүниетаным тұрғысынан шешуге ұмтылатыны бірден байқалады. Жазушының алғашқы шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесінен (1974) бастап кейінгі кезде жарық көрген «Атау-кере» повесіне (1989) дейінгі аралықтағы шығармаларындағы кейіпкерлер – «адам орманда» адасқан жандар немесе сол «орман» қиындығын жеңгісі келіп, жол іздеген пенделер. Жазушы адамдар арасындағы теңсіздіктің себебін, олардың бір-бірімен, қоршаған ортамен қарым-қатынасы арқылы тіршілік философиясын өзінің де түсінгісі және өзгеге де түсіндіргісі келеді. «Қалай өмір сүру керек?», – деген сұраққа жауап беруге тырысқан суреткер қоғамдағы теңсіздіктің бір себебін табиғаттың өзінен іздейді. Тағы бір маңызды нәрсе: тақырыптың көркемдік дамуы (развертывание) ұзққа созылатын процесс. Тақырыптың шығармадан шығармаға біртіндеп өсу жолын зерттеу – жазушының дүниетанымындағы негізгі бастауды, оның көркемдік ойының даму бағдарын және өмірдегі өзгерістерге байланысты пайда болатын жаңа мәселелердің суреткер санасына тигізетін әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

О.Бөкеевтің суреткерлік әлемінің бір ерекшелігі жазушыны толғандыратын мәселелер – «мәңгілік мәселелер» екендігін, бірақ ол сол мәселелердің себебін өзіндік дүниетаным тұрғысынан шешуге ұмтылатыны бірден байқалады. Жазушының алғашқы шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесінен (1974) бастап соңғы кезде жарық көрген «Атау-кере» повесіне (989) дейінгі аралықтағы шығармаларындағы кейіпкерлер – «адам орманда» адасқан жандар немесе сол «орман» қиындығын жеңгісі келіп, жол іздеген пенделер. Жазушы адамдар арасындағы теңсіздіктің себебін, олардың бір-бірімен, қоршаған ортамен қарым-қатынасы арқылы тіршілік философиясын өзінің де түсінгісі және өзгеге де түсіндіргісі келеді. «Қалай өмір сүру керек?» – деген сұраққа жауап беруге тырысқан суреткер қоғамдағы теңсіздіктің бір себебін табиғаттың өзінен іздейді.

Кез-келген журналистің шеберлігі тақырыпты таңдай білуінен байқалады. Өйткені мақаланың оқырманды тарта білуі тақырыпты сәтімен ойластыруға тікелей байланысты. Әрине газет тәжірибесінде әдемі тақырып таңдап отыруға уақыт бола бермейді. Алайда белгілі бір журналист өзінің талантын оқырмандарға аңғарту үшін белгілі бір тақырыпты таңдап алып, оған барлық қабілет-қарымын сала отырып, оны «жұтындырып» шығаруға күш салуы қажет. Бұл арада журналист екі нәрсеге мән беру керек: 1. Тақырыптың оқырманды тарта білуі, 2. Сол сәттегі өзекті мәселені тақырыптың қамти алуы. Егер осы екі жайт мұқият ескерілмесе журналистің еңбегі зая кетеді. Сондықтан тақырыпты таңдау мәселесінде «жеті рет өлшеп, бір рет пішу керек».

Табиғатына сәйкес тақырыптар шартты түрде төмендегідей үшке бөлінеді:

1. Оқырманды еліктіретін қызықты тақырып.

2. Күнделікті елең еткізетін оқиғалық тақырып

3. Сараптамалық сипаттағы танымдық тақырып

Егер осы айтылған үш жайттың біреуін журналист мұқият таңдап жан-жақты зерттеп жазса, мақаланың сәтті шығатыны анық. Бұл жөнінде ғалым Э. Лазарева, М. Черепахов және басқалар да жан-жақты жазған.

Сонымен қатар белгілі бір журналистер тек бір тақырып төңірегінде маманданады. Бұның ұтымды тұстары жеткілікті. Себебі ол жылдар бойы өз тақырыбының нағыз шебері болып қалыптасады. Мәселен, қазақ журналистикасының һас шебері Жанболат Аупбаев сирек тұлғалар, сирек фактілер туралы танымдық материалдарымен оқырмандардың ризашылығына бөленген. Автор бұл материалдарын уақыт өте келе топтап алып, жеке жинақ етіп шығарып отырған. Яғни автор «өлмейтін» тақырыпты таңдап алған. Қазақ журналистикасында мұндай мысалдар көптеп саналады.

Тақырыпты таңдау дегенде екі мәселеге назар аударған жөн. Біріншісі, журналистің белгілі бір тақырыпты игеруі. Екіншісі, белгілі бір материалға тақырып қою.

Қазақ журналистикасында өз тақырыбын тапқан талантты публицистер баршылық. Олардың қатарында Жанболат Аупбаев, Несіп Жүнісбаев, Қайнар Олжай, Бауыржан Омарұлы, Талғат Батырхан және басқаларды атауға болады. Олар белгілі бір тақырыптарға маманданып сол тұрғыда тамаша дүниелер жазды.

Екіншісіне байланысты айтпағымыз, ол – тақырып қою. Тақырып – материал идеясының жалпы көрінісі болса, ал материал дегеніміз – ойға алған тақырыпты тұлғаландырып шығаруға қажетті шикізат. Автордың сол материалды ой қазанында балқытқаннан кейін, енді қандай қалыпқа келтіріп, оған қандай рух беруі талантының дәрежесіне, қазіргі заманға көзқарасының ауқымы мен тереңдігіне байланысты. Тақырыпқа назар аудару, беттегі материалдың тақырыбына қарай талғам жасау – әр оқырманның міндеті. Ендеше тақырыпты қоя білу де тапқырлықты, білімділікті талап етеді.

Тақырып – әр материалдың аты, атауы.

Тақырып деген сөздің екі мәні бар: 1. кең көлемдегі тақырып (ауыл шаруашылығы, экономика, саясат т.с.с.); 2. бір хабардың, мақаланың аты.

Тақырып қоюдың негізгі міндеттері:

1. Нақтылық, өткірлік.

2. Тартымдылық.

3. Қысқалық.

4. Сауаттылық.

А) Бас тақырып – біртекті бірнеше материалдың басы құралғанда берілетін тақырып (Бір бетке беріледі).

В) Жанама тақырып. Тақырыптан кейін соның мазмұнын айқындай, толықтыра түсу үшін.

Публицистика компоненттерінің ішінде тақырып мәселесі өзінше роль атқарады. Ол журналистің суреттеу объектісі ретінде өмір құбылыстарының қандайына айрықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін танытады. Былайша айтқанда тақырып – автордың дүние танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі. Бірақ оны өз орнында алып, өзге көрсеткіштердің қатарында дұрыс түсіну керек. Мұнда да екі шекке шығушылық мәселенің өңін айналдырады. Бірі – тақырыпқа шамадан тыс артық мән беріп, тақырып маңыздылығымен көркемдік кемшілікті білмеушілік, екіншісі тақырыпқа еш мән бермей, оған немқұрайды қараумен оқушы назарын өмірдің негізгі салаларынан аударып, болмашы нәрсеге бой ұрушылық.



Бақылау сұрақтары

1. Аналитикалық журналистикадағы «тақырып» мәселесі

2. Тақырыптың көркемдік дамуы

Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №23. Қазіргі аналитикалық журналистиканың негізгі тақырыптары

Лекция мақсаты: Қазақстандағы аналитика жанрына сипат беру.

Лекция мәтіні. 1. Қазақстандағы аналитикалық жанрлардың дамуы

Қазақстандағы  әзірше ел құлақ түретін, сеніммен қарайтын беделді институттардың бірі - баспасөз. Оның сөзі ресми мәлімдемелер мен дипломатиялық рауттардағы спичтерден де дуалы екенін іш те, сырт та аңғарады, журналистиканың ілгерінді ой мен идея инвестициялайтыны және мәлім. Бірақ бір қамығарлығы, қазақ көсемсөзі жағымды өнегеден, оң мысалдан алыстап барады. Біздегі жақсы мәлімет, жібі түзу кейіпкер саны   әзірге формулярлық тізімнің басынан  аса алмай келеді. Масс-медиа алаңында тер төгіп жүрген әріптестеріміз Жан Батист Мольердің: «Жақыныңның жабығуы жаныңды жадыратады», - деген әзілінен алысқа ұзамайтын сықылды. Әрине, Қазақстандағы кей проблеманы бейнелеу үшін, шындықтың бетіне тіктей қарау үшін кей ретте Персейдің қалқаны керек. Заманалы журналистика билікпен, әкімшілікпен тайсақтамай тілдесе алса ғана - ол «төртінші билік». Ол, әлбетте,  әр журналистің өзіндік талғамы мен азаматтық ұстанымына тікелей пропорционал.

Электронды коммуникация бұл күндері бұқаралық, халықтық сипат алып келеді. Оны пайдаланушылардың сауаты да, білімі мен біліктілігі де жүре келе өседі. Ол ағымдағы кезеңде белгілі бір дәрежеде сауат ашудың ролін атқарып отыр. Таяу болашақта оқулықтар мен оқу құралдары планшеттік компьютерге - iPad-қа көшірілуі ықтимал. Қазақстан мен Ресей қазірдің өзінде бұл шараға қомақты қаржы бөліп, қажетті өндіріс саласын іске қосуға кірісіп кетті. Сырттан тасымалданған таңсық технология мен әлем-жәлем бұйым емес, өзіндік төл товар. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда өздерін әлеуметтік пікірді зерттеу институттары деп жарнамалап жүрген мекемелердің білігі де, кәсіби ұстанымы да қалыптасу, даму үстінде. Демек, олардың деректері әлі бе болса әлсіздеу, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болып отыр деп айта алмаймыз. Сондықтан баспасөздегі озық идеялар мен пікірлерді жинақтайтын, сараптайтын инновациялық идеялар банкін, әр оқытушының ғылыми-шығармашылық жұмыстары мен құжаттарының ақпараттық банкін ұйымдастыру қажет. Ол сателлиттік пиғылдан ада, батыстық, не болмаса ресейлік бағдардың ықпалында болмауы тиіс. Сонымен қабат озық идеялар, инновациялық жобалар құнды қағаздар сияқты биржада сатылуы керек. Рыноктық қарым-қатынас заңының бір парасы, міне, осы.  Бүгінгі таңда дәурені жүре бастаған әлеуметтік желілер, электронды ақпарат құралдарының ықпалы мен әлеуеті де әлсірейтін кез әлі алда. Ол да классикалық информация құралдары сияқты келе-келе модадан қала бастайды. Сол уақытты мөлшерлеп көрсете алатын, модельдей алатын қызмет керек. Ол рынокты жобалау, товар ассортиментін өзгерту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа тұрпаттағы мамандарды даярлау үшін қажет. Олай десек, аталы сөз министрлер мен ректорлардың аузынан қашан шығар екен деп жаутаңдап отырудың жөні жоқ. Теориялық журналистика саласында еңбек етуші ғалымдардың девизі: «Мен ата-бабалар көсемсөзі қисынын ұшпаққа шығарамын», - болса, сақа қаламгерлердің де, жас талапкерлердің де басты принципі: «Мен ұлттық журналистикаға қызмет етемін», - болуы керек.

Бақылау сұрақтары

1. Қазақстандағы аналитикалық бағдарламаларға талдау жаса.



2. Аналитикалық бағдарлама сценраииін құрып көр.

Әдебиеттер тізімі:1,5,6.
Дәріс №24. Қоғамның саяси жүйесіндегі аналитикалық журналистика

Жоспар:

1. Қазақстандағы саяси жүйе

2. Саясат саласындағы аналитика

Лекция мақсаты: Саясат саласында біліктілікті арттыру.

Лекция мәтіні. 1. Саяси жүйе қоғамның өмір сүруінде өте маңызды рөл атқарады. Оның міндеті қоғамдағы саяси қатынастар мен саяси процестерді реттеуге негізделген. Саяси жүйе дегеніміз – мемлекеттік және саяси мекемелер мен институттардың, саяси қатынастардың, саяси және құқықтық нормалардың жиынтығы. Саяси мекемелер мен ұйымдардың қызметі қоғамдағы таптар мен басқа да әлеуметтік топтардың саяси мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған. Олардың саяси мүдделері қоғамдағы саяси қатынастардың көрінісі болып табылады және саяси билік мәселелерін шешуге негізделген: оған ие болу, жүзеге асыру мен қорғау, азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру. Мұндай саяси мүдделер саяси жүйенің элементтері арқылы жүзеге асады. Саяси жүйенің негізгі элементтеріне жатады: мемлекет және оның органдары; армия, құқық-қорғау органдары (сот, прокуратура, полиция); мемлекеттік арбитраж; саяси партиялар мен қозғалыстар; қоғамдық ұйымдар. Бұл элементтердің бәрі бір-бірімен тығыз байланыста болады да біртұтас саяси жүйені құрайды.  Қоғамның саяси жүйесінің ең маңызды институттарына – саяси билік, құқық және идеология институттарын жатқызуға болады. Олар қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін саяси құрылыстын аса маңыызды механизмдері. Бұған тиісті мемлекеттік органдардың  қызметі, сол секілді саяси партиялар мен қозғалыстардың, бұқаралық ақпарат құралдары қызметі арқылы жетеміз. Саяси жүйенің аталған әр бір жеке институты белгілі бір міндеттер атқарады. Олардың қызметі әр түрлі сипатта болатын саяси процестерді реттеуге бағытталған. Мұндай саяси институттардың жүйесі қоғамның бүкіл саяси өмірінің дұрыс қызмет етуін қамтамасыз етуге тиісті.  Саяси жүйенің негізгі элементі ретінде мемлекетті қарастырамыз. Мемлекет саяси жүйенің өзегі болып табылады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені саяси қатынастарда ең бастысы – билік туралы мәселе.  Билік арқылы мемлекеттің органдары саяси жүйенің басқа да буындарына ықпал тигізе алады. Мемлекет дегеніміз – қоғамды басқаруды жүзеге асыратын және де өзара байланыста болатын мекемелер мен ұйымдардың жиынтығы. Мемлекет қоғамдағы үстем әлеуметтік-таптық күштердің мүдесіне сай қызмет ететін саяси институт. Мемлекеттік билік арқылы мұндай күштер қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани өмірінде өздерінің үстемдігін орнатады. Мемлекеттің келесі негізгі белгілерін атап көрсетуге болады: мемлекеттік билік функцияларын жүзеге асыратын органдар мен мекемелердің ерекше жүйесінің болуы; сол мемлекеттің заңқұзыреті тарайтын белгілі бір территорияның болуы; мемлекет тарапынан болған нормалар жүйесін бекітетін құқықтың болуы. Мемлекет саяси қызметтің басты субъектісі болып табылады.  Мемлекет биліктің қалыптасқан механизмі ретінде бір қатар міндеттер атқарады: қоғамдағы саяси жүйенің дұрыс қызмет етуін қамтамасыз ету; экономикалық және әлеуметтік қатынастарды реттеу; құқықтық реттеу; салық пен салымдар жинау; халықаралық қатынастарға араласу; елді қорғауды қамтамасыз ету; басқа мемлекеттермен дұрыс қатынастарды дамыту және т.б. Мемлекет – қоғамды басқарудың, оның экономикалық және әлеуметтік құрылымын қорғауды іс жүзінде асырушы қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты.Мемлекет типі оның қай тапқа (таптарға) қызмет ететініне, демек түбінде белгілі бір қоғамның экономикалық негізіне қарай анықталады. Тарихтан мемлекеттің төмендегідей негізгі әлеуметтік-таптық типтері белгілі: құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік. Бір формациядан екіншісіне өту кезеңдерінде мемлекеттің тарихи өтпелі типтері өмір сүрген және өмір сүреді.

Тайпа – алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамдар бірлігінің формасы. Тайпа рулық қатынастарға негізделді, яғни оның мүшелері қандас туыстардан тұрды, рулар мен атауларға бөлінді. Олардың бірегей ортақ тілдері (диалекті), көсемдері, ақсақалдары, жер-суы, экономикалық бірлестігі (қауымдасып аң аулау, бір-біріне көмектесу т.б) өңдірілген өнімнен үлес алуына, тайпаның қоғамдық өміріне қатысуына құқығы болмады. Тайпаның ыдырауына мүліктік оқшаулану мен ақсүйектердің жіктелуі, қолбасылар рөлінің артуы себеп болды. Рулық қатынастардың товарлық қатынастармен алмасуына байланысты тайпалар халыққа біріге бастады. Қазақстанда б.з.б. 1-мың жылдықта тайпалар одағы пайда болды. Тайпалардың одаққа бірігуі олардың барлығына ортақ мәдени формалардың қалыптасып, шаруашылықтың, тілдерінің жақындасуына жағдай жасады. Қазақстан жерінде сақ (сақтар), үйсін, дулу (дулат), қаңлы (кангюй) т.б. тайпалар одағының болғаны белгілі. Олардың көбі кейін (6 ғ.) ерте феод, мемл. – Батыс түрік қағанатының құрамына енді.



2.П. Прохоровтың «Введение в журналистику» оқулығында журналистиканың алты басты қызметін анықтайды.
Біріншіден, журналистика саласында өзара ақпараттық ықпалдасудың негізгі де басты міндеті – яғни бұқаралық аудиториямен, әлеуметтік институттармен байланыс орнату. Сондықтан журналистиканың табан тірер функциясы – коммуникациялық
(лат. communication – хабарлама жолы, байланыс пішіні) функция. Бұл қызмет түрі пікірлесуге контакт орнатуға арналады. Бір қарағанда таза техникалық термин болып көрінетін «коммуникация» ұғымы ақпараттық мән-мазмұнмен толыққан кезде, жаңа сипатқа ие болады. Көп ретте журналистиканы бұқаралық коммуникация құралы, mass media дейтіні де сол себептен.
Екіншіден, журналистің қоғамдағы «төртінші билік» ретіндегі ұйымдастырушылық қызметін атап өту қажет.
Үшіншіден, идеологиялық әлеуметтік бағдарлаушы ретіндегі, яғни аудиторияның дүниетанымына, көзқарасына терең әсер ете алу қызметі.
Төртіншіден, қоршаған ортаны тану, құндылықтарды анықтауда бағыт-бағдар беру, жеке тұлғаны әлеуметтендіру, ағарту және тәрбиелеу, мәдениет тарату сияқты функциялары да ауызға алынып жүр. Сонымен қатар оның қоғамдық процестерді реттеу және қадағалау, азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау және әрбір адамды кәделік мәліметпен қамтамасыз ету секілді қырлары да бар.
Бесіншіден, жарнамалық қызметі. Бұқаралық аудитория мен әлеуметтік институттардың ақпараттық сұраныстарына сай олардың өмір сүруін қамтамасыз ету. Барлық қырларынан алғанда, қоғамда болып жатқан барлық жағдайлармен таныстыру.
Алтыншыдан, рекреативтілік қызметі. Компенсаторлық (өтемдеу) бағасын, тонусты (лат. tonus – ширығу) түзеу қызметін (көңіл көтеру, дамылдату, сергіту) жоққа шығаруға болмайды. Міне, осылардың бәрінің де журналистика қызметіне қатысы бар.
Аталған функциялардан бөлек журналистиканың әлеуметтік жағынан алғанда басты функциясын қарастырамыз. Әлеуметтік практиканың қоғамның заманға сай қажетті ақпарат сұранысын бақылаушы функциясы. Ол қоғаммен үнемі байланыста болуды білдіреді. Басқа функциялардан биік тұрады.

Тіл- әрбір адамның өмір бойы қолданатын ең маңызды құралы.

Ғылым атаулы, әдетте, екі топқа бөлінеді: оның бірі-жаратылыс тану ғылымдары, екіншісі-қоғамдық ғылымдар. Ғылым атаулының бұлайша екі үлкен топқа бөлінуі, сайып келгенде, олардың нені зерттейтіндігімен байланысты. Шындық болмыстағы құбылыстардың бір тобы материалдық құбылыстар, жаратылыс құбылыстары болса, екінші тобы – қоғамдық құбылыстар. Материалдық құбылыстарды, жаратылыс құбылыстарын жаратылыс тану ғылымдары (физика, химия, биология, математика және осылардан бөлініп шыққан басқа ғылымдар) зерттесе, адам баласы қоғамындағы құбылыстарды (яғни қоғамдық құбылыстарды) қоғамдық ғылымдар (тарих, философия, саяси экономия, заң ғылымдары және т.б.) зертейді.

Тіл білімі ғылымдардың осы аталған екі тобының қайсысына жатады? Бұл мәселе ғылым тарихында түрліше қаралып, осыған орай, түрліше шешіліп келеді. Мысалы, XIX ғасырда кейбір ғалымдар тілді жаратылыс құбылыстарының қатарына жатқызды да, осыған орай, тілді зерттейтін тіл білімін де жаратылыс тану ғылымындарының қатарына қосты. Неміс лингвисі Август Шлейхер (1821-1868) дәл осындай пікірде болып, тілді тірі организм сияқты құбылыс деп есептеді.Оның пікірінше, тіл де тірі организмше туады, өседі, қартайып тозады, өледі. Август Шлейхер тілді биологиялық құбылыстардың қатарына жатқыза келіп, оны (тілді) зерттейтін тіл білімін де жаратылыс тану ғылымдарының қатарына қосты. Алайда, Август Шлейхердің бұл тұжырымы мүлдем қате. Бұлай дейтініміз: тіл мен тірі организмнің арасында түбірлі айырмашылықтар бар. Тірі организмнің өлуі биологиялық тұрғыдан болмай қойылмайтын шарасыздық. Ал тіл қандай бір тірі организмнен болсын анағұрлым ұзақ өмір сүреді. Тіл өз дамуының ішкі заңдары бойынша дамып отырады, бірақ оның тірі организм сияқты өлуі шарт емес.Тірі организм биологиялық құбылыстардың қатарына жатса, тіл қоғамдық құбылыстардың қатарына жатады. Демек, Август Шлейхердің тілді тірі организм деп, табиғат құбылыстарының қатарына жатқызуы қаншалықты қате болса, тіл білімін қоғамдық ғылымдардың емес, жаратылыс тану ғылымдарының қатарына қосуы соншалықты қате. Тіл – қоғамдық құбылыс, сондықтан оны зерттейтін ғылым – тіл білімі де қоғамдық ғылымдардың қатарынан орын алады.

Тіл білімінің ғылымдар жүйесінде алатын орнын және оның басқа ғылымдармен байланысын жете түсіну үшін, қазіргі замандағы ғылымның сипаты туралы мәселеден хабардар болу өте-мөте қажет.Қазіргі заманда бір жағынан, ғылымның бұрын болмаған жаңа салалары жасалып, ғылымда диференциация процесі жүріп жатса, екінші жағынан, екі немесе бірнеше ғылымның өз ара түйіскен жерінен сол ғылымдардың бәріне ортақ, бәріне бірдей қатысты проблемаларды бірлесе зертейтін дербес ғылыми дисциплиналар жасалып, ғылымда интеграция процесі жүріп жатыр.

Ғылым атаулының осылайша даму барысында тіл білімі де басқа көптеген ғылымдармен байланысқа түсіп, солармен қанатаса дамып келеді. Ол, ең алдымен, қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Бұлай болатыны мынадан: тіл білімі тілді қоғамның тууымен бірге туып, қоғамның дамуымен бірге дамитын қоғамдық құбылыс ретінде, қоғам мүшелерінің пікір алысу, қатынас жасау құралы ретінде қарастырады.Тіл білімі тілдің шығу тегін, жасалуын және дамуын зерттегенде, тарих ғылымының деректерінде пайдаланатыны сияқты, тарих ғылымы халық тарихын, қоғам тарихын зерттеу барысында тіл білімінің деректері мен жетістіктерін де пайдаланады. Сондай-ақ, тіл білімі археологиямен де, этнографиямен де байланыста болады. Бұл байланыс мынадан: тіл талай заманның жемісі, қазіргі тілдің элементтері өте ерте заманда жасалған. Ал археология болса, ол халықтардың ежелгі көне мәдениетін зертейді,этнография халықтардың ерте кездегі тұрмысы мен әдет ғұрпын зертейді.Осыған орай, археология мен этнографияның деректері тіл тарихына қатысты мәселелерді зертеуде, айқындауда өте құнды материал ретінде қызмет ете алады.Тіл білімінің бір саласы - этнолингвистика тілді сол тілдің иесі- халықтың мәдениетімен байланысында зерттейді.Тіл білімінің археология мен этнографиямен байланысы бір жақты байланыс емес, екі жақты байланыс. Бұлай дейтініміз: археологиялық және этнографиялық деректер лингвистика үшін қаншалықты пайдалы болса, лингвистикалық деректер археология этнография үшін соншалықты пайдалы болмақ.

Тіл білімі қоғамдық ғылымдармен қатар жаратылыс тану ғылымдарымен де тығыз байланысты. Тілдің дыбыстық жағын тіл білімінің фонетика саласы, физиканың акустика саласы қарастырады. Сөйлеу процесі дыбыстарды айту және тіл дыбыстарын қабылдаумен тікелей байланысты.Ал бұл процесті дыбыстардың артикуляциясы (сөйлеу мүшелері арқылы тіл дыбыстарының жасалуы) жағынан және сөйлеуді есту мүшесі арқылы қабылдау жағынан физиология зертейді.Тілдің күрмелу себебін медицина мамандары атап айтқанда, психиаторлар, дефектологтар, логопедтер зертейді. Мұның үстіне, элоктронды машинамен аударма жасаудың, инфармация теориясының және кибернетиканың бірсыпыра мәселелерінің тікелей тіл біліміне қатысты болуы лингвистика мен математика ғылымдарының байланысын тудырып отыр.

Бұл айтылғандар тіл білімінің дербес ғылым бола отырып, әр түрлі қоғамдық ғылымдармен де, жаратылыс тану ғылымдарымен де қарым-қатынаста, өз ара байланыста болатынын және жалпы білімдік үлкен мәні бар екендігін көрсетеді



Тіл білімі немесе лингвистика – тіл және оның даму заңдары туралы ғылым. Тіл-қоғамдғы адамдардың өз ара пікір алысу , бір-бірімен қарым-қатынас жасау. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикакалық құрылысы болады.Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында, мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында қарастырылса, сөздік құрамы лексикология саласында, грамматикалық құрылысы грамматика саласында қарастырылады.Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде бірнеше салаға немесе бөлімге, мысалы, фонетика саласы сипаттама фонетика, салыстырмалы –тарихи фонетика, экстриментальды фонетика және т.б. болып бөлінеді.Мұндай ішкі салалар немесе тармақтар жайында мағлұмат осы кітаптың әр тарауының тұс-тұсында беріледі.

Бүтіндей тіл және оның әр түрлі салалары даму, біртіндеп жетілу күйінде болады. Тілдің әртүрлі салаларының даму сипаты мен қарқыны түрліше болуы мүмкін. Бүтіндей тіл және оның әр түрлі салалары тілдің ішкі даму заңдары бойынша дамиды. Тіл білімі (немесе лингвистика) тілдің әр түрлі жақтары мен салаларын, олардың дамуын, өз ара байланысын, тіл дамуының ішкі заңдарын зерттейді. Тілдің әр түрлі жақтары (дыбыс жүйесі мен сөздік құрамы және грамматикалыққұрылысы) бір-бірімен өз ара тығыз байланысты болатыны сияқты, тіл білімінің оларды (тілдің әр түрлі жақтары) зертейтін салаларыда (фонетика мен лексикология және грамматика) бір-бірімен өз ара тығыз байланыста болады.

Тілді белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған қалпы тұрғысынан қарастырып, сипаттама беретін тіл білімі бар да, тілді шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан зерттейтін тіл білімі бар. Алдыңғысы сипаттама тіл білімі немесе синхрониялық лингвистика, соңғысы тарихи тіл білімі немесе диахрониялық лингвистика деп аталады.

Белгілі бір тілді, оның жүйесі мен құрылымын ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру және оның даму заңдарын ашып айқындау үшін , ол тілді және ондағы фонетикалық, лекси калық, грамматикалық құбылыстарды біріншіден, шығуы мен дамуы тұрғысынан, екіншіден, ол құбылыстарды туыстас тілдердегі біртектес құбылыстармен салыстыру тұрғысынан зерттну қажет. Ф. Энгельс тілді тарихи тұрғыдан зертеудің және оны туыстас тілдермен салыстыру тұрғысынан қарастырудың маңызы туралы былай деп жазды: “…Ана тілінің материясы мен формасы” түсінікті болғанда , оның пайда болуы мен бірте-бірте дамуы зерттеліп отырғанда ғана түсінікті болады, ал егер, біріншіден, ана тілінің өзінің өшкен формаларын және, екіншіден, түбірлес тірі және өлі тілдерді назарсыз қалдыратын болсақ , әлгілердің түсінікті болуы мүмкін емес. Демек, тілді, ондағы әр түрлі құбылыстарды шығу мен дамуы тұрғысынан және ол құбылыстарды туыстас тілдардегі ұқсас немесе біртектес құбылыстармен салыстыру тұұрғысынан қарастыру тілдің шынайы табиғатын, оның даму заңдарын ашып айқындаудың басты шарты болып саналады.

Толық мағынасындағы ғылым ретінде тіл білімінің өзі тілдерді тарихи және салыстыру тұрғысынан зерттеудің негізінде, дәлірек айтқанда, тілдерді зерттеуде салыстырмалы-тарихи методты қолданудың нәтижесінде, салыстырмалы-тарихи грамматиканың негізінде XIX ғасырдың басында жасалды. Бұған дейін де, әрине, тіл білімі болған. Бірақ XIX ғасырға дейінгі тіл білімінде тілдің және ондағы сан алуан құбылыстардың шығуы, дамуы және олардың себептері айқындалмай, тек сипаттама берумен шектеліп келді. Бір сөзбен айтқанда, XIX ғасырға дейінгі тіл білімі тілдегі құбылыстарды ғылыми талдау тұрғысынан түсіндіру дәрежесіне көтеріле алмай, оларға сипаттама берумен ғана шектелді.

Ал ХІХ ғасырда ғылым атаулыда , әсіресе қоғамдық ғылымдар садасында, соның ішінде тіл білімінде әр түрлі құбылыстардың өзгеруі, тарихи дамуы тұрғысынан қарастыратын көзқарас пайда болып, ғылыми зерттеулерде историзм принципі қолданыла бастады. Осы дәуірдегі ғылым туралы Гегельдің ғылымға сіңірген еңбегі жайында Ф.Энгельс “Анти-Дюринг” деген кітабында былай деп жазды: “…Ол тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріндегі нәрсе , яғни үнемі қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуда деп таныды, сөйтіп осы қозғалу мен дамудың ішкі байланысын ашуға тырысты”. Тілдердің өзгеру және даму заңдары ашылып айқындалды. Осының нәтижесінде тіл білімі ғылым ретінде жасалып қалыптасты.

Жеке бір тілдің жүйесі мен құрылысын және оның даму заңдарын зерттеп айқындайтын жеке тіл білімі бар да (мысалы: қазақ тіл білімі, ағылшын тіл білімі және т.б ), ғылым ретіндегі тіл білімінің теориясы болып саналатын жалпы тіл білімі бар. Жалпы тіл білімі – нақты бір тіл туралы немесе оның дамуының заңдары туралы емес, қатынас құралы ретінде қаралатын адам баласы тілінің дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Демек, жалпы тіл білімі мен жалқы тіл білімі бір емес. Алайда, бұл екеуінің арасында өз арасында қарым-қатынас әрқашан сақталады. Тіл білімінің жалпы теориялық саласы болып саналатын жалпы тіл білімі, әдетте бір ғана тілдің емес, көптеген тілдердің деректерін есепке алады, олардың ғылыми тұрғыдан зерттеудің нәтижелерін сүйеніш етеді және осылардың бәрін жинақтай келіп, жалпы териялық топшылаулар мен қорытындылар жасайды. Зерттелген тілдер мен олар жайындағы деректер неғұрлым көп болса, жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулар мен қорытындылар жасауға мүмкіндіктер де соғұрлым мол болады. Жалпы тіл білімі дамуының қазіргі кезеңінде мұндай мүмкіндіктер, бұрынғы дәуірлердің қай-қайсынан болсын анағұрлым мол. Қазіргі замандағы ғылымның барлық салалары сияқты тіл білімі дежан-жақты дамып отыр.

Бақылау сұрақтары

1. Қазақстандағы саяси жүйе



2. Саясат саласындағы аналитика

Әдебиеттер тізімі:1,5,6.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет