Ажырату нақтамасы. Шиқан мен көршиқанның нақтамасын анықтау әдетте қиындық тудырмайды, дегенмен кей кездерде төменде аталатын басқа аурулардан ажырату керек болады.
Беттің теріасты одонтогенді гранулемасы теріасты май шеліндегі созылмалы гранулденген периодонтиттің әсеріне байланысты әлсіз өтетін іріңді кезең. Бұл аурудың өзіне тән үш белгісі бар: ауру тіс, теріасты гранулема, тістен немесе тіс ұяшығынан беттегі құрылымға созылған тығыз тартпа. Атерома - майлы бездің шығару түтігінің тығындалып қалуынан пайда болатын, терімен дәнекерленген, ауырмайтын, анық шектелген ісік тәріздес құрылым. Кейбір аурулардың атеромасы іріңдеп клиникалық көріністері шиқан мен көршиқанға ұқсайды. Атероманың шиқан мен көршиқаннан айырмашылығы қабыну басталар алдында науқастың бетінде ауырмайтын құрылым болады, осымен қатар атероманың инфекция ену көзі болмайды, оны хирургиялық жолмен тіліп ашқанда, іріңге аралас май тәріздес іртік зат бөлініп шығады.
Сібір жарасы тері немесе шырышты қабат арқылы сібір жарасының таяқшасы енгенде дамиды. Инфекция көзі, үй немесе жабайы жануарлар. Кәдімгі шиқан мен көршиқанға қарағанда, сібір жарасына келесі белгілер тән: көлемі 1 см-ден 3 см-ге дейін шектелген, қара-қоңыр, айналасында бұдырлы сары көпіршіктермен қоршалған қабығы болады (сібір жарасының інжу алқасы), айналасындағы жұмсақ тіндер ісініп, домбығады, қабыршақ астында кейде білінбейтін тығыздалған жұмсақ тін байқалады, барлық уақытта ірің және ауыру сезімі болмайды. Күдікті жағдайда қабыршақ астынан алынған тінді немесе көпіршіктің ішіндегі сарысуды бактериологиялық зерттеуге жіберу керек.
Жақ-бет аймағының актиномикозына инфекция түскенде шиқанға немесе көршиқанға ұқсайды. Көршиқанға қарағанда актиномикоздың ағымы ұзақ уақытқа созылып, қабыну ұйыспа-инфильтраты тақтай секілді қатты болады, тері көк түсті, көптеген жыланкөз пайда болады, осыған баяланысты ұйыспа-инфильтрат «көктелген көрпеге» ұқсайды. Шиқан мен көршиқандардың қабыну кезеңі беттің ортаңғы және жоғарғы аймағында орналасқанда (жоғарғы ерінде, мұрын, көзасты аумағында т.б.) өте қауіпті және бет веналарының флебитімен, тромбофлебитімен жиі асқынады. Әсіресе көз венасы арқылы, үңгірлі қуыспен анастомоз құратын бұрышты венаны тромбофлебиті өте қауіпті. Бет веналарының жедел тромбофлебиті ауыр өтеді, науқастың дене қызуы көтеріліп, қалтырап, басы ауырып, терлеп әлсірейді. Тексергенде қабынған веналардың бойында тартпа тәріздес өте ауыратын тығыз ұйыспа-инфильтрат, ал негізгі қабыну ошағының шегінде жұмсақ тіндердің бүйір тармақтар-коллатеральды ісінуі, веналардың кернеуі мен соғуы және терінің қызаруы байқалады. Қабыну кезеңінің бастапқы кезеңінде-ақ организмнің улануының, қан айналым және жүрек-қан тамыр жүйесі қызметінің бұзылуы салдарынан еріннің, қабақтың, маңдай, мұрын, құлақ терісінің көгергені байқалады. Бұрыштық венаның тромбофлебиті көз веналарын қамтып ретробульбарлы клетчатканың флегмонасының дамуына, ал әрі қарай үңгірлі синустық тромбоз және іріңді менингитке соқтырады. Бұл бет шиқаны мен көршиқанының өлімге әкелетін ең қауіпті асқынулары. Жоғарыда аталып өткен жақ-бет аймағының анатомиялық ерекшеліктерімен бірге аурулардың өздері шиқан мен көршиқанның алғашқы құрамдық бөліктерін-элементтерін сығып тастауы, қабыну кезеңінің бет веналарына көшуіне себеп болады. Бет шиқаны мен көршиқандарының жиі кездесетін асқынуларының бірі — сепсис.
Жалпы кездесетін асқынулардың ішінде іріңді менингит, бүйрек абсцессі, іріңді артрит, сүйектері, жұмсақ тіндердегі метастазды абсцесстермен қосарлана жүретін метастаздық пневмония мен іріңді плевритті атап өткен жөн. Жалпы асқынулармен қатар жергілікті лимфаденит, жедел іріңді отит (егерде ошақ сыртқы дыбыс жолында орналасса), тілме, абсцесс, флегмона, экзема жиі кездеседі.
Шиқан мен көршиқанды емханада емдеу керек, әсіресе бұл қабыну кезеңі құлақтың сырғалығы мен бұрышын жалғайтын сызықтан жоғары орналасқан науқастарға тиісті. Науқасқа барынша тыныштық керек (бірнеше күн төсекте жату, көп сөйлеуге рұқсат бермеу, жоғары калориялы сұйық тамақ). Қабыну кезеңінің алғашқы кезеңінде УЖЖ терапия жақсы әсер етіп, ауыру сезімі бәсеңдеп, шиқанның жазылу мерзімі қысқарады. Ұйыспа-инфильтрациялау кезеңінде шиқан мен көршиқанның айналасындағы тіндерге 0,25 немесе 0,5% новокаин ерітіндісіне қосып антибиотиктер жібереді. Абсцесс кезеңінде жалпы хирургиялық ереже бойынша іріңді ошақты тіліп, жараны құрғатады (қашыртқы-дренаждайды).
Тұжырым: Жақ-бет аймағында кездесетін арнайы қоздырғыштар сәулелі саңырауқұлақ, туберкулез микобактериясы және бозғылт спирохеталар (трепонема) арқылы пайда болатын ауруларды әдетте арнайы қабынулар деп атайды. Жақ-бет аймағында: шиқан (сыздауық), көрши-қан, тілме, сібір жарасы, нома тәріздес ауруларды одонтогенді емес қабынулар қата-рына жатқызады.Актиномикоздың негізгі дамуына иммундық жүйе жұмы-сының бұзылуы әсер етеді. Жалпы жағдайлардың ішінен иммунитеттің бұзылуына біріншілік немесе екіншілік иммунды тапшылық аурулары жатады. Жергілікті жағдайлар ішінен одонтогендік, стоматогендік, тонзилогендік, риногендік қабынуларды айтуға болады. Туберкулез мико-бактериясы немесе Кох туберкулез таяқшасы арқылы пайда болатын созылмалы арнайы қабыну. Қазіргі көптеген ғалымдар (А.А.Лимберг. П.Львов, Ю.И.Бернадский т.б.) бет-жақ аймағында кездесетін туберкуезді, организмнің жалпы туберкулезбен улануының жергілікті түрі деп есептейді.
Мерез бозғылт спирохетадан (трепанома) пайда болатын созылмалы арнайы аурулар қатарына жатады. Спирохета адам денесіне бұзылған ауыз қуысының кілегей қабығы арқылы кіреді. Мерез жүре пайда болған және туа пайда болған деп екіге бөлінеді.Адамда иммундық тапшылық вирусы ауруының қоздырғышы-вирустар, олар ретровирустар тобына жатады. Вирустар негізінен инфекциялы қоздырғыштардан организмнің қорғаныс жүйесінде аса маңызды рөл атқаратын ақ қан жасушаларын (Тх-жасушасын), моноциттер-макрофактар, жүйке жасушаларын зақымдайды. Адам орган-изміндегі барлық қорғаныс жасушаларын қырып-жойып, иммундық тапшылық және әртүрлі қалыпсыз жағдайлар туғызады.
Біз бірнеше өзекті және көкейкесті әлеуметтік ауруларға тоқталып, емдеу саласында кешенді шаралар қолдану керек екендігін ескертпе есебінде келтірдік.
Достарыңызбен бөлісу: |