Казахский государственный женский педагогический


ӘОҚ 316.346:316.343.652(574)



бет5/16
Дата24.02.2016
өлшемі1.36 Mb.
#17822
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

ӘОҚ 316.346:316.343.652(574)

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ЖАСАЛЫНҒАН ҚИЯНАТ
Берлібаев Е.Т.-т.ғ.к., доцент (Алматы қ.,ҚазМемҚызПИ)
Қазіргі адамзат өсуінің кез-келген этномәдени тұтас қоғамы нақты географиялық мекендеу ортасындағы сан ғасырлық табиғи-тарихи дамуының нәтижесі болып табылады. Осы сан қырлы құбылысты объективті түрде зерделеу көптеген білім салалары ғалымдарының талай ұрпақтарының міндеті болып табылады.

Халық тарихын зерттегенде, түрлі тарихи кезеңдерде бүкіл этномәдени мұралардың құндылығын жан-жақты жасаушы, таратушы адамның өзі болғанын есте сақтауымыз қажет.

Қазіргі кезде ғылым академиясында қазақтардың этногенезі мен нәсілдік генезі проблемаларын Қазақстанның ежелгі халқының этносы мен мәдени дәстүрінің тарихымен тығыз байланысты алып, кешенді зерттеу үшін мейлінше бағалы, негіз болатын мол антропологиялық құнды материалдар жинақталған. Бұл материалдар хронологиялық реті бойынша үзілмей 4 мыңжылдыққа жуық уақытты қамтиды. Бұл қола дәуірінен қазіргі заманды қоса есептегендегі кезең. Байырғы жергілікті тайпалар қазақ халқының алыстағы ата-бабаларының негізін салды.Түрік тілінің, сондай-ақ қазақ этносының құрылымының бастау кезеңі Шумер тарихынан біз табынатын тәңірдің, біз сөйлейтін тілдің, біз тұтынатын дәстүрдің көрініс беруі, біздің этностық құрылымның бастауының бұдан 7-8 мың жыл бұрын түзілгенін растайды. Одан бері тарихтың аумалы-төкпелі замандарының бәрінде өмір үшін шайқасқан соңғы түрік тайпалары бірлестігі қазақ деген ұлт, қазақ тілі деген тіл, қазақ елі деген мемлекет, қазақ жері қазақ даласы деген территория тарих қойнауынан қорытылып-бекітіліп шықты.

Қазақ халқы сонау XVI ғасырлардағы жазба деректемелер көрсеткеніндей Қазақстан деп аталатын байырғы атамекендерін Мәуереннахрда Шайбани және Аштархани әулеттерінен, Ертіс жағалауы мен Сібірде батыста орыс өкіметінен, Жоңғар тайпаларынан талай кескілескен айқастарда қас қақпай қорғап қалды. Осының нәтижесінде қазақ ұлтының өмір сүруі үшін, ұлттық мемлекеттің дамуы үшін, қазақ тілінің өркендеуі үшін негіз қаланды. Бұл мыңдаған жылдар бойы этностың тарихи күресі, тарихи дамуы жасаған күрделі құрылым. Бұл құрылымның жасалуы ұлттың бақытты, алаңсыз өмір сүруге, теңдікте, тәуелсіздікте болу құқығының бекітілуімен тарихи шешімін табуы еді. Бұл қазақ халқының бостандықта өмір сүруі үшін әлеуметтік, саяси негізбен мемлекеттік саяси жүйенің толық қалыптасқан тұсы болды.

Бірақ оқыстан болған жоңғар шапқыншылығынан кейін Ресеймен одақтас болу мәселесі туындады. Қазақ халқының одақтас болу жөніндегі адал ниетіне қиянат жасалынды. Бұл дәуірді екі кезеңге бөліп қарастырамыз: Ақ патшаның тұсы, Қызыл империяның тұсы.

Екеуі де қылышынан қан тамған отаршылдар болып шыққандығына бүгінгі ұрпақ куә болып отыр. Орал тауының шығысындағы ер түріктердің сар даласы, қазақ жері ақ патшаны неге қызықтырды. Ресейді мұндай саясат жүргізуге итермелеген Қазақ жерінің асты мен үстіндегі мол байлығы мен қазынасы. Қазақ жерлерін басып алуда патшалық Ресей орыс-казактарды шебер пайдаланды. Бұлардың көбі XVI ғасырдың екінші жартысынан Еділ мен Жайық бойына Ресейден қашқан басыбайлы шаруалары мен түрлі қылмыскерлер болатын. Тарихшы Карамзин: «Осындай қашқын орыс-казактар 1580 жылы Сарайшық қаласын басып алып, күл-талқанын шығарды, молаларды қазып, өліктерді жалаңаштап, олжамен шықты» /1/ деп жазды. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Кржижановский: «Қырғыз даласынсыз біздің шаруашылығымыз орны толмайтын шығынға ұшырайды» /2/ деген екен. Жаулап алу мақсатын қойған патшалық Ресей жергілікті халықтарды өзара араздастырып, бір-біріне қарсы қойды. Қазақ жері Ресей отарына айналды. 1) Ақ патшаның тұсы-бұл 1917 жылғы Романовтар әулетінің құлатылған кезеңіне дейінгі кезең. 2) Қызыл империя кезеңі - 1917 жылдан-1991 жылға дейін. Екі кезеңде де қазақ халқына жасалынған қиянаттың көлемі орасан.Ақ патша тұсы деп аталған 1-кезеңде әр түрлі қитұрқы әдіс-тәсілдер арқылы қазақтың ұлттық хандық мемлекеттілігі жойылды. Оның орнына орыс билігін жүзеге асыратын отарлық билік жүйесі құрылды. Нәтижесінде қазақ халқы ғасырлар бойы заңды түрде қалыптасқан ұлттық жерінен ажыратылды. Ең қитұрқысы қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланды.Ең құнарлы деген жерлерге мыңдаған орыс қара шекпенділері көшіріліп қоныстандырылды.Қазақ халқының ұлттық тіліне қауіп төнді. Империяның орыс үстемдігі қазақ елінде орыс тілінің үстемдігін іске асыруға күш салды. Орыс миссионерлері арқылы қазақ халқының ұлттық бірлігіне, тұтастығына іріткі салынды. Империялық басқыншылар шоқындыру саясаты арқылы да қазақ халқына қиянат жасады. Қазақ балаларын орыстарға құлдыққа сату 1808 жылы 23 майда сенаттың жарлығы арқылы заңдастырылған /3/ Кейін де осы заң бойынша көптеген қазақтың жас балалары чиновниктерге, дін қызметкерлеріне, көпестерге сатылған. Бар билік Ресей патшалығына өткен бұл бірінші кезеңде ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Бұл үрдіс Қызыл империя деп аталатын екінші кезеңде күшейтіліп өңі аударылған басқа саясатпен жалғастырылды. Қызыл империя тұсында қазақтың ұлттық өмір сүру кезеңдерін жоюға әрекет тереңдей түсті.

Мемлекет Қазақ Республикасы деп аталғанымен ондағы билік тұтасымен Мәскеудің қолында болды. Қазақстан экономикасы тұтасымен Қызыл империяның мүддесі үшін жұмыс жасады. Мысалы: 1970-1985 жылдардың өзінде республика жыл сайын одақтық қорға 300 мың тонна ет (кг - 2сом) жіберіп отырған. Одан Республикаға түскен пайда 9 млрд сом, шығын 18-27 млрд сом болды /4/. Бұл одақтық тонаудың салдары. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруалары өз еңбегінің жемісін өздері көре алмады.

Қызыл империяның тұсында қазақ тілі-отбасы тілі болып, мемлекеттік тіл-орыс тілі болып қала берді. Қазақ Республикасының жері Мәскеудің құзырында болды. Қалай бөліп, кімге беру, кімге басқарту Мәскеуде шешілді. Ұжымдастыру, соғыс, тың игеру деген сылтаулармен қазақ өз жерінде көпе-көрнеу азшылыққа айналды. Ең сорақысы орыстанған, орыс тілді қазақтар, қазақ тілділер деген топтар пайда болды. Олардың бір тобы империя саясатын қолдап, қарсы шыққан қазақтарды қынадай қыруға атсалысты. Абақтыға салды. Қазақтардың басқа дінге ауысуы ұлғайды. «Интернационалдық неке» деген дәріптеліп осындай некедегі коммунистер қызмет бабында жоғарылатылды. Біздің бұл атағандарымыз қызыл империя тұсындағы қазақ халқына жасалынған қиянаттың топтамасы.

Қазақ халқына жасалынған қиянат қызыл империяға патшалық Ресейден мұраға қалған болатын. 1917 жылдардың қарсаңында қазақ байларына жасалынгған қысымның салдарынан көптеген аймақтағы қазақтар руымен көрші елдерге көшіп кетті (негізі Қытайға). 1932-1933 жылдары адамзаттың тарихындағы қайғылы оқиғалардың бірі қолдан жасалынған қасірет-ашаршылық. Ұжымдастыру қарсаңында қазақтарда 40,5 млн бас мал болса, ұжымдастыру соңында 1933 жылы қаңтарда 4,5 млн бас қана мал қалған. Тіршілік ету көзі жойылғаннан кейін 1930-1932 жылдары 1 млн 750 мың қазақ немесе сол тұстағы халықтың 40%-і қынадай қырылды. 1928 жылы байлар деп тіркелгендердің саны 696 ғана болса да, 1928-1931 жылдары 56125 қазақ жауапқа тартылған. 1932 жылы Юстиция Халық комиссары өзінің құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың 37,3% ғана кулактар, қалғаны-еңбекшілер екенін мойындапты /5 /.

Қазақ халқына жасалынған қиянат мұнымен тынған жоқ. 1937-1938 жылдары жаппай террордың салдарынан 101 мың қазақстандық ГУЛаг-қа жабылып, 27 мыңы атылды.Ескексіз қайық, басқарусыз көліктің қайда баратыны белгілі болса, осы атылғандардың негізі халық үшін ескек пен көш басы қызметін атқарған ұлттың қаймақтары болатын. Осы мәселелер тұрғысынан алғанда орыс коммунизмі фашизмнен кем түскен жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында басталған күштеп қоныс аударудың негізгі «науқаны» Ұлы Отан соғысы кезінде жүзеге асырылды.

Сталиндік тоталитарлық жүйе көптеген жазықсыз халықтар мен ұлттардың өкілдеріне әр түрлі себептермен сенімсіздік көрсетіп, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға жер аударғанын білеміз.

Жер аударылғандар арзан жұмысшы күші ретінде пайдаланылғаны мәлім. Бүкіл соғыс кезінде Республикаға жер аударылған халықтардың саны 1 млн 200 мың адамға жеткен /6/. Кейін байқалғанындай бұл тоталитарлық саясаттың қазақ мемлекетін ұлттар лабораториясына айналдырудың жымысқы жолдары екенін ғалымдар еңбектерінде жазып жүр. Бұл саясат тың игеру деген сылтаумен 1953 жылдан кейін жоспарлы түрде жүргізілді. 1954-1962 жылдары Республикаға 2 млн-ға жуық келімсектер көшіріліп әкел /7/. Осыншама халық көшіп келіп жатқанда жергілікті халық тарапынан қарсылық болған жоқ. Бір таң қаларлығы аңғал қазақ патшалық Ресейдің тұсында да, орыс-казактар айналдыра бекініс салып жатқанда да, оларды қорғаушы ретінде санап, алғашқы тұста қарсылық көрсеткен жоқ. Бұл тұста да экономиканы көтеруге көмектесушілер ретінде қарады. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда бір ғана Солтүстік Қазақстанға келген 650 мың тыңгерлердің 150 мыңының ғана ауыл шаруашылық мамандығы болды. Осы саясаттың салдарынан қазақтар Республика тұрғындарының үштен бірінен аз болды. Жергілікті халықтың үлес салмағы 1897 жылы - 85% болса, 1962 жылы - 29% ғана деңгейде болды /8/. Бұл дегеніміз қазақ деген ұлтты мүлдем жоюға ұмтылыстың шарықтау шегі болды. Келушілердің арасында пайда табуды көздеген алаяқтар, қылмыскерлер аз болған жоқ. Бір айта кететін жағдай, айрандай ұйып отырған қазақ ұлтында төңкеріске дейін маскүнемдік, нашақорлық, ажырасу т.б. жағымсыз құбылыстар мүлде болған жоқ. Бұл бізге қызыл империяның сыйы деп айтуға тұрарлық.. Осы біз жоғарыда келтірген екі кезеңде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктеріміз, ұлттық алтын қазыналарымыз, ұлттық тіл, ұлттық дәстүрге қауіп төнді.Бұл жөнінде баспасөз бетінде сөз етушілер түрлі әдіс-тәсілдермен жазаланды. Сталиннің тұсында ату, қамау, жер аудару әдісі болса, кейін Хрущевтен кейінгі жылдары «өзгеше ойлайтындар» деп табылып жазаланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша психологиялық ауруханалар жүйесі арқылы жазаланған «өзгеше ойлайтындар» саны 90 мыңнан асыпты. 1985 жылы Горбачевтың демократиясымен, жариялылығы қазақ зиялылары үшін көп жылдар бойы қатқан мұздың жіби бастауына себепші болды. Іле-шала 1986 жылы қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі қызыл империя таптаған қазақ рухының қайта оянуына, рухани серпілісіне жол салды. Бұл қозғалыс орыстандыруға, полигондарға, экологиялық апатқа қарсы наразылық болатын.



Колбиннің қазақ елінде бірінші басшы болып тағайындалуы қазақ деген халыққа жасалынған қиянатшылдықтың шектен шыққан көрінісі болды. Бұдан әрі шыдай беру әлем халықтарының алдында мүлдем дәрменсіздігімізді көрсетіп ұятқа қалғанмен бірдей болды. Мақтанарлығымыз сол жылы аға буын өкілдері көңілдегідей белсенділік көрсете алмаса да, қазақ жастары желтоқсан көтерілісінде қызыл империя таптаған қазақ рухының оянуына рухани серпін берді. Бүкіл КСРО мен әлем халықтары алдында ата-бабасының ұлы халық екенін көрсетіп даңққа бөленді. Бұл қозғалыс орыстандыруға, полигондарға, экологиялық апатқа қарсы наразылық болатын/9/.

1989ж. мамыр пленумында Н.Ә.Назарбаевты республиканың бірінші басшылығына ұсынғаннан кейін елдігіміз таныла бастады. Бұл тұста ең қауіптісі ұлттық тілімізге қауіп төніп, ұлт ретінде жойылудың шақ алдында қалғанымыз анық еді. Сондықтан да тіл мәселесі қазақ интеллигенциясының алдындағы ең күрделі мәселеге айналды. Ақ патша мен қызыл империя қиянатшылдығынан пайда болған шешуі қиын міндеттерді қолға алу осы тұстағы интеллигенцияға бұйырыпты. Жаңа жариялылықтың мүмкіндіктерін пайдаланған еліміздің парасатты зиялы қауымы қазақ халқына арналған үндеуін жариялады: «Халық үшін шын мәніндегі бостандық тілден басталады. Тіл болмаса халық өзінің ойын, сезімін, дүниеге деген көзқарастарын жеткізуге дәрменсіз... Бірақ бізді ...республикаға есімі берілген қазақ тілінің тағдыры алаңдатады... Ғалымдардың деректеріне қарағанда бүгінгі қазақ тілі қоғамдық өмірдің 10 саласында ғана белсенді қызмет атқарады. Біздерге бұл мәселенің дұрыс шешілуінің жолы қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын беру болып көрінеді»- деп ақпарат құралдарымен бүкіл елге білдірді /10/. Кезінде патша идеологтары: «Оларды жазу-сызуы бар елге ие етсек, оны мектеп өміріне енгізуіне мүмкіндік туғызсақ, сол арқылы олардың белгілі бір халық болып қалыптасып дамуына жағдай жасадық дей бер» -деп үрейі ұша жазған екен /11/. Қызыл империя идеологтары да осы принциптен таймаған. 1989 жылғы 22 қыркүйектегі Тіл туралы Заңның қабылдануы ана тіл үшін жасалынған ең бақытты қадам болды. Кезінде шығыстанушы ғалым В.В.Родлов: Мемлекеттік тілді білмейтін адам елдің танымал белсенді азаматы бола алмайды -деп әділ баға берген /5/. Осыған орай халқымыздың біртуар ұлдарының бірі М.Әуезов: Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген интеллигент толық мәнді интеллигент емес,-деп түйіндепт /12/.

Ең қорлығы 1995 жылдың өзінде көптеген оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту, шет тілдерін оқытудан да қиындыққа түскен. [13] 1991 жылдың желтоқсаны адамзат тарихында 1917 жылы басталған большевиктік эксперименттің аяқталған айы болумен қатар, Ресейлік империяның да аяқталу жылы болды. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Заңның қабылдануы жүздеген жылдардағы ұрпақтардың аңсаған арман-мақсатының жүзеге асуы еді. Қазақстан қандай мемлекет? - деген сұраққа ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген еңбегінде «Қазақстан көп укладты нарықтың экономикасы бар демократиялық қоғам болады» -деп ұтымды жауап берді.

Ел Президентіне кеше де, бүгін де өз айналасына интеллигенция арасынан ел басқару кадрларын іріктеу оңайға түсіп отырған жоқ. Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон «Менің ойым әкімшілік айналасына... беделді, қабілетті адамдарды көптеп топтастыру. Екінші топтағыларға ешқашан мемлекеттік қызмет ұсынбау. Әкімшілік саясаты әділ ақылға негізделген принциптерге негізделсе, мемлекеттің азаматтары оның айналасына топтаса түседі. Нақ осы басшыларды біз қолдауымыз қажет /14/. Бірақ тәуелсіздік алғалы 15 жыл өтсе де тіл мәселесі әлі де күрделі күйінде. Парламенттегі, үкіметтегі кейбір басшылар бірнеше шет тілдерін аз уақытта меңгергенімен, қазақтың ана тіліне салғырт қарайтындай. Ұлы М.Әуезов айтқандай, мемлекеттік тілді білмейтін адам елдің танымал белсенді азаматы бола алмас дейміз бе? Қалай дегенмен ақ патша мен қызыл империядан қалған қазақ халқына жасалынған қиянатты оңтайлы шешу бүгінгі қазақ интеллигенциясына бұйырып тұр.

Әдебиеттер


  1. Карамзин Н.М. История и государства Россииского. –М., 1889. С. 224.

  2. Записи Оренбургского отделения ИРГО. Вып 1, Казань. 1870. С.21.

  3. КРОМА 4қ 1-тізбе, 555-іс, 3-парақ.

  4. Х,К. Есмұханова, Қазақстан тарихы. Алматы. 2004, 257-б.

  5. Қ.С. Қаражанов. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. –А.

  6. Романов Ю. Депортация народов к проблем прав. Человека. Материалы семинария. –Алматы. 1998. С.43.

  7. Х.И. Ермұханова. Қазақстан тарихы. Алматы. 2004.

  8. Бұл да сонда, 242-бет.

  9. ҚозыбаевМ.Қ. Голощекин және Қазақстан. Сталин және Қазақстан. // Ақтаңдақтар ақиқаты. -А., 1992.

  10. Социалистік Қазақстан. 12 шілде,1989.

  11. Егемен Қазақстан. 1993, 8-қаңтар.

  12. М.Әуезов. Шығармалар жинағы. 19 том, А.,1985. 411 б.

  13. ҚРОМА, 2255-қор, 1-тізбе, 397А-іс, 2-парақ.

  14. Рес Гуман. Томас Джефферсон о демократии. -С.П.б. С. 6.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада патшалық Ресей мен қызыл империя тұсындағы қазақ халқының ұлттық тіліне, әдет-ғұрпына, мемлекеттік құрылымына жасалынған қиянат жан-жақты баяндалады.
РЕЗЮМЕ

В статье исследуется ущерб, нанесенный языку и обычаям казахского народа во времена колонизаторской политики Российской и красной империями.



ХІХ ғасырдағы әкімшілік ережелер және қазақ ауылы
Бижанова Г. - аға оқытушы,

Картаева Т.Е. - т.ғ.к., доцент м.а. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)


Біз негізге алып отырған ХІХ ғасырдағы қазақ ауылдарының әкімшілік құрылымы байырғы қазақ ауылынан өзгеше болды. 1822 жылы Ресей Империясы “Сібір қазақтары туралы жарғы” негізінде Ресейге шекаралас және шекараға жақын орналасқан Орта жүз қазақтарының қоныстарын ауылға, болыстыққа, округтерге бөлген. 1868 жылғы “Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы Уақытша ереже” бойынша қазақ даласында облыс, уезд, болыс, ауыл сипатындағы әкімшілік бөліктер құрылды. Облыстар уезге, уездер болыстықтарға, болыстықтар әкімшілік ауылдарға, әкімшілік ауылдар шаруашылық ауылдарға бөлінді. Бір уезге 15-20 болыстық, бір болыстыққа 10-12 әкімшілік ауыл, әкімшілік ауылға 50-70 шаңырақ бірігіп, ауылдық қауымды құраған. Әрбір әкімшілік ауылды 3 жылға бекіткен ауыл старшинасы, ал болыстықты мұрагерлік бойынша я болмаса сұлтандардың өз арасынан сайланған сұлтан немесе болыс, ал уезді аға сұлтан басқарған. Болыстық қызметі шын мәнінде атадан балаға мирас ретінде қалып отырды /1/. Болыстықтар әкімшілік аймақ ретінде қалыптасып, болыс халқы шекара тәртібін қатаң сақтап отырған. Уездік басқарма құрамына міндетті түрді кемі 2 ұлты орыс шенеунік, старшындар, билер енді /2/.

Бұл әкімшілік органдар қазақ даласындағы дәстүрлі басқару жүйесіндегі ғасырлар бойына қалыптасқан далалық билік шекарасын бірте-бірте ығыстырды. Әрбір болыстық басындағы болыс 50 үйден бір сайлаушы қатысатын елубасылардың съезінде 3 жыл мерзімге сайланып, оларды әскери губернатор бекітіп отырған. Болыстар немесе сұлтандар өз қарамағындағы әкімшілік аймаққа билік жүргізіп, патша үкіметінің жарлықтары мен сот үкімдерінің орындалуын қадағалады, ауылдарға жайылымдық шабындық жерлер бөліп беру, жер дауы, салық салу, салық жинау мәселелерін шешіп отырды. Сондықтанда сайлауға әр ру-тайпа болыс қызметіне өз адамын өткізу үшін барынша жанталасқан. Болыс қызметі Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында әкімшілік–саяси өзгерістерге байланысты жойылды.



Ауыл старшиндары, яғни “ағамандар” сайлаушылар съезінде 3 жыл мерзімге сайланып, олар болыс билігіне бағынған. Старшын лауазымын уезд бастығы бекіткен. Старшын әдетте ауыл ішінде беделді, ауқатты адамдар арасынан қойылған. Атқаратын міндетіне ауыл шаруашылығын басқару, маусымдық көшіп-қонуды ұйымдастыру, ел ішіндегі дау-жанжалдарды шешу, халықтан алым-салықты жинауды ұйымдастыру, болыстық сайлауға қатысушы адамдарды шақыру жүктелді. Ауыл старшындары ел арасында “ауылнай” деп аталған. Бұл лауазымда Кенес үкіметінің алғашқы жылдарында жойылды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында шаруашылықтың көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы түрлері және осыған орай қазақ ауылының типтері қалыптасты /3/.

Қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малдың қамына байланысты қалыптасты. Орыс зерттеушілері “егер қазақтар қолынан келсе, бүкіл әлемді жайылымға айналдырар еді”, - деген /4/. Мал жылдың төрт маусымында да табиғи жайылымдарда бағылды. Талай ғасырлық тәжірибеден туған шаруашылық басқару тәсілі жайылымдарды маусымға қарай пайдалану тәртібін қалыптастырды. Жайлаулық жайылымдар өзендер мен көлдердің алқаптары, ауасы салқын, шыбын шіркейі аз биік таулардың қойнауларында; қысқы жайылымдар ықтасын, күнгейлі таулы жерлерде, малды бораннан сақтайтын тоғайлы, қамысты жерлерде; көктеулік көбіне жас төлді аяқтарынан ширатуға қолайлы жері жатық, суы мол жерлерде; күздеулік жайылым көбіне көктеулік жайылыммен бір жерде болды. Көшіп-қону өрісі түрліше болды, малы көп, әсіресе түйе мен жылқыға бай малшылар алысқа көше алды. Ірі қараны басым иеленген ауылдар жақын маңға көшкен. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен алғанда бір территорияда болып отырды. Әрбір ру-тайпаның өзінің дәстүрлі көш жолдары қалыптасты.

Малына қор іздеген қазақтар жыл бойына бір жайылымнан, екінші жайылымға көшті. Ауыл көшпеліліері қонысты жиі ауыстырып, өрісті жаңартып отырған сайын, мал соғұрлым күйлі, семіз болған. Әрбір ру немесе ауыл ата-бабасынан белгілі болып келе жатқан, дәстүрлі қалыптасқан көш жолдарымен жүріп отырған. Көш бағытына ауыл ақсақалы мен ерлер жол сілтеп, қадағалап жүрген. Ауыл басшысы көштен 20-25 шақырым алға түсіп, өз алдына бөлек жүретін, өз алдына сауық құрып, аң аулап баратын кезі де болған. Ауылдың беделді әйелі көштің алдында жүріп отырған. Көшке шығу қазақтар үшін аса жауапты сәт. “Бір киер” тәуір киімдерін киіп, көшке салтанатты түрде шыққан. Ауыл қыздары мен жігіттері жол бойына ойын-сауық құрып, бірде көштен озып кетсе, бірде көштен кейін қалып отырды /5/. Бай ауылдарда ірі мал саны жоғары болып, олар алысқа тіпті 2000 шақырым жерге дейін көше алды /6/.

Әр ауыл сол ауылдың үлкенінің атымен немесе ауыл ақсақалы, ру ақсақалы” атымен аталған /7/. Ақсақал дәрежесіне ауылдың құрметті адамы ие болып, ол сол ауылдың басшысы, әрі ру басшасы саналды. Ақсақал барша ауылдың шаруашылығына басшылық жасап, көш жолдарына бастап, жайылымдық жерді таңдауда да шешім қабылдап отырды. Дәстүрлі қазақ қоғамында “ру ақсақалдардың кеңесі”, “тайпа ақсақалдарының кеңесі”, “ақсақалдар соты” сияқты дәстүрлі билік жүйесінің болғандығы белгілі. Бұл билік жүйесінің ру, әулет, ағайын, туыс арасындағы тұрмыстық мәселелердің ауыл арасындағы қарым-қатынастың, жер дауының шешімін табуда маңызы әрине жоғары. Ауыл ақсақалдарының шешімі билер сотында, әдеттік құқықта маңызды орын алды. Билердің өзі маңызды шешімді ру ақсақалдарының қатысуынсыз шешпеді. Ақсақалдар жайлаулар мен жайылымдардың қожайыны болды десе де болады /8/. Ру ақсақалдарының шешімін таппаған мәселені өзара кеңес жасап талқылаған. Билер сотында да ауыл ақсақалдарының беделі маңызды роль атқарды /9/. Ақсақалдар ауыл арасындағы күрделі мәселелерді реттеп отырды, қауым мүшелерінің ақсақалдар кесіп айтқан сөзіне тоқтауы қазақи қалыптасқан сана, ғұрыптың бірі саналды /10/.

Рулық одақтың беріктігі, рулас қауымның экономикалық қоғамының беріктігімен, яғни мал шаруашылығының дамуы, жайылымдық жерді пайдалану, әр рудың дәстүрлі көшу жолдарың сақталуы, жайылымдық шекараның қалыптасуымен де тығыз байланысты болды. Әрбір рулық қауымдық қоғам өз меншігіндегі жайылымдық, шабындық, егістік жерді иемденді. Рулық қауымдастық әрбір қазақтың қуаныш пен қайғыдағы арқа сүйейтін одағы ретінде қалыптасты. Кедей отбасыларын бай ағайындары көбіне қалдырмай өздерімен бірге алып көшкен немесе қарасып отырған.

Көшпелі және жартылый көшпелі мал шаруашылығындағы еңбек өте ауыр болған. Малды жаю, оны төлдетіп, өсіру, табынды қауіп-қатерден сақтау үшін қатардағы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің көп күш жігер жұмсауына тура келді. Табиғи су көздері жоқ шөл және шөлейіт өңірлерде құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстауы, жыл сайын жол бойындағы құдықтарды тазалап отыруы да малды шөлден аман алып қалудың қамы еді.

1896 жылдан басталған ауыл шаруашылығы негізінде жүргізілген санақ кезінде ауыл ақсақалдары статистармен келісе отырып, мал санын кемітіп жаздыртқан екен. Қазақтардың малын кемітіп жаздыруы мал табынын көз тиюден сақтау және орыс әкімшілігінің Ресейге мал айдап әкетуінен сақтау еді /11/.

Қазақ ауылы - дәстүрлі қазақ қоғамында ежелгі кезден қалыптасқан қауымдастық, әрі көшпелі қауымның негізі болды, себебі жеке отбасының көшпелі мал шаруашылығымен айналысуы мүмкін емес еді. Кем дегенде бес-алты шаңырақ бірігіп қана малды жайғара алды. Қыста әрбір ауылдың өзінің белгілі қыстау орны болды /12/. Батыс және оңтүстік өңірдегі кейбір көшпелілер қыс бойына да киіз үйде отыра берген. Қыстау маңында әрбір ауыл мүшелерінің егістік, шабындық жерлері, қыстық өрістері болды.

Жайлауға көшер уақытта бірнеше ауыл бірігіп, үлкен бір қауымды құрайтын. Ауылдар арасында шекара катаң сақталды. Ауыл адамдарының басым бөлігін немесе тұтастайын бір атадан тараған ру адамдарынан тұрды. Дегенменде ауылға отбасылық патриархалдық қоғам деп қарауға да болмайды. Белгілі бір жағдайларда басқа рудың өкілдері көшіп келіп, қоңсы отырып, сол ауылға сіңіп, “кірме” болып кетіп отыратын жағдайлар да жиі кездесті.

Қазақ отабасында ер жеткен баланы балалы-шағалы болған соң еншісін беріп, бөлек шығарып, олар өз алдына отау үй” болып, көрші ауылда отырған. Осылайша бір ауылдан екінші бір ауыл бөлініп шықты. Отау үй бөлініп шыққанда, әдетте әкесінің шабындығын пайдаланған. Егер шабындық көлемі тар болғанда ауыл ақсақалдарының кеңесіне жүгініп, бөлек мал, шабындық жер бөліп алып отырған /13/. Отау болып бөлініп шыққан ауылға әкесінен шабындық бөлінбеген уақытта, туысқандары қарасқан.

Әрбір қазақ ауылында көшпелі мектеп (әрине мұны киіз үй ауыстырды), молда-мұғалім, үш-төрт ауылға ортақ болса да, тұрмыс қажетіндегі заттарды қамтамассыз ете алатын зергер, ұста, ерші, сүйекші сияқты қолөнер шеберлері болған.

Қазақ жерінде орыс билігінің орнығуы көшпелілердің байырғы көші-қон жерлерін мейілінше тарылтты. Мұның салдары көшпелі шаруашылық жүйесінің ғасырлар бойына қалыптасқан дәстүрлі ырғағының әдеуір бұзылуына әкеп соқты. Жайық, Елек, Қобда, Сырдария бойындағы тайпалардың көпшілігі мал санының азаюы, жайылымның тарылуына байланысты егіншілікпен айналыса бастаған. Бірақ, қазақ халқы көшпеліліктен, рулық қауымдастықтан бірден бой ұза қалған жоқ /14/. Жекеленген аймақтарда көшпелілік ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін созылды.
әдебиеттер


  1. Народы России. Киргизы. Исторический очерк и народный характер. // Природа и люди. 1879. - 15-16с.

  2. Зобнин Ф. К вопросу о невольниках, рабах и тюленгутах в Киргизской степи. 1902. – С.16.

  3. Соколовский В.Г. Казахский аул. -Ташкент. 1926. – 3-4 с.

  4. Россия полное географическое описание нешего отечества. Под ред. В.П.Семенова-Тян-Шаньского. Том. ХІХ. Туркестанский край. -Спб. 1913.

  5. Россия полное географическое описание нешего отечества. Том. ХІХ. Туркестанский край. Мейер Л. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. Ч.І. Киргизская степь Оренбургского ведомства. Спб. 1865. – С.247.

  6. Народы России. Киргизы. Исторический очерк и народный характер. // Природа и люди. 1879.

  7. Студ. Войтеховский. Киргизы Кустанайскаго уезда Тургайской области. // Известия общества Археологии, истории и этнографии при императорском Казанском университете. Том. ХХҮІ. Вып. 4. Казан. 1910. - 4 с.; ЛыкошинБ.А. Метод. техника районирования. // В кн: Материалы по районированию Туркестана. -Ташкент. 1924. - 9 с.

  8. Султан Мендали Пиралиев. Из Зауральской степи. Письма к редактору «Дня» // День. №28. 1862.-12 б.

  9. Балаубаева – Голяховская А.М. Погребальные обряды у казахов Акмолинский губернии. // Сборник научного кружка при Восточном факультете Средней Азии гос. университета. ВЫП. 1. Таш. 1928. - 17 с.

  10. Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Под. Ред В.П.Семенова. Том. ХҮІІІ. Киргизский край. СПБ. 1903. - 216 б.; ИбрагимовИ. Заметки о киргизском суде. // Народные юридические обычаи инородцев. Сост. Ефименко П. – 233-257 с.

  11. Киргизская степь в хозяйственном отношении. // Экономический журнал. Под ред. А.П.Субботина. - Спб. 1888. – С.103.

  12. Мейер Л. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. С-Пб. 1865.- С.248.

  13. Материалы по киргизскому землепользованию. Т.ҮІІ. Актюбинский уезд. 42 с.

  14. Артемьев А. Несколько заметок о киргизской степи Оренбургского ведомоства. // Журнал министерсва внутренных дел. 1859. Ч. 8. Спб. 1859.

Резюме


Статья посвящена проблемам казахского аула ХІХ века, в том числе административному делению, владениям аулами сезонных пастбищ и обязанностям родоначальников.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада ХІХ ғ. қазақ ауылының мәселелері қарастырылған. Оның ішінде, әкімшілік бөлу, мерзімдік жайылым мәселелері.



Патша үкіметінің Жетісуды отарлау бағыттары
Бисембаева Л.А.- аға оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Біз тарихтан қазақ жерін патша үкіметінің отарлауының үш кезеңі болғанын білеміз:



  • І-кезең: XIV ғасырда басталған еркін адамдар (казактар) немесе қашқындар мен босқындар арқылы жүргізілді;

  • ІІ-кезең: XVII ғасырда басталған сауда-өнеркәсіп мүддесі үшін жүргізілген әскери-әкімшілік отарлау;

  • ІІІ-кезең: XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында басталған қоныс аударушылар арқылы отарлау.

Патша өкіметінің І және ІІ кезеңдердегі отарлау саясаты империяны нығайтып, отарлаудың ІІІ-кезеңіне, яғни шаруалар арқылы отарлауға жол ашып берді. Біз қарастырғалы отырған Жетісу өлкесінің отарлануы, осы үшінші кезеңге сәйкес келеді.

Жетісу өлкесі – Верный, Пржевальский, Нарын, Пішпек, Шу, Қапал, Лепсі, Сергиополь-Бақты, Жаркент төменгі аудандары қараған үлкен аудан /1/.

Орыстардың Жетісу өлкесіне келе бастауы негізінен 1831 жылы Аякөз бекінісі салынып, оған Сібір әскерлерінің казактар гарнизоны орналастырылғаннан соң етек алды. Казак отряды жергілікті қазақтармен байланыс орнату, оларды құлшылыққа көндіру, бақылау т.б. шаралар жүргізу үшін Аякөзге жіберіліп тұрды. Бұл бағытта орыстар тек қана жергілікті жекелеген қазақ старшындарын ғана емес, осы аймаққа таласқан Қытай мен Қоқан хандықтарының да қарсылығына тап болды. Орыстар отряды мен қазақтар арасындағы шекара Лепсі өзені бойымен өтетін.

1847 жылы Қапал өзенінің бойында Қапал бекінісі салынды. Жолды бақылау мақсатында Қапал мен Аякөз арасында 12 бекет салынды /2/.

Қапал бекінісіне 1848-1850 жж 9-Сібір казак полкінен казактар келіп, бекініс жанынан Қапал станицасын қалыптастырды. 1854 жылы Іле бекінісі (1855 жылдан Верный форты атанды) ашылды. 1855 жылы шілдеде осы бекініске әскери старшын Шайтановтың басшылығымен Сібір казактарының отряды келіп қосылды да, Алматы станицасының ірге тасы қаланды. Бұл Іле өлкесін орыстардың тұңғыш қоныстануы еді. 1856 жылы 139 казак отбасы және Томск пен Тобыл губернияларынан 200 шаруа отбасы көшіп келді. Осыдан кейін Талғар, Қаскелең, Есік Шамалған өзендері бойына да келімсектер қоныстана бастады /3/.

1855-1860 жж жаңа өлкені иемденудің белсенді кезеңіне айналды. Ресей казактары мен оларға ерген орыс шаруаларының арқасында орыстар қазақ жерінің аса бай құнарлы жері-Жетісу өлкесіне нық орнығып алды. 1885 жылдың өзінде Үржар, Лепсі станицалары ашылса, осы кезде Верный мен Қапал арасында да казактар көбейе түсті. 1858 жылы Талғар өзенінде Софийская (қазіргі Талғар) станицасы пайда болды да, оған казактар мен орыс шаруалары қоныстандырылды. Осы мерзім аралығында Надеждинская, Көксу, Сарқан, Қаскелең, Арасан, Қарабұлақ, т.б. станицалар мен хуторлар салынды /4/.

Патша үкіметі болашақта қоныс аударушыларды ынталандыру үшін өлкеге көшіп келген казактар мен шаруаларға белгілі мөлшерде жеңілдіктер де жасады. 2 жылға әскери қызметтен босатты, 55 сом мөлшерінде жәрдем ақы төледі, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Осының өзі шаруаларды жаңа жерлерге көшуге ынталандырды.

Казактар мен жергілікті қазақтар арасында дау-жанжал, қақтығыс негізінен жерді, арықтарды пайдалануға байдалануға байланысты туып отырды. Әр казакқа 30 десятина жер бөлініп берілді. Шұрайлы жер қазақтардан тартылып алынды.

Жоғарыда аты аталған станицалар 20 жылдың ішінде салынды да, ұзын саны 14-ке жетті де (Сергиополь, Сарқан, Арасан, Қарабұлақ, Надеждинск, Қаскелең Үржар, Лепсі, Софийск, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, т.б.), «Жетісу бекініс шебі» атанды /5/.

Жетісу шебіне 1867 жылға дейін 14 648 адам (7 832 еркек, 6 816 әйел) көшіріліп әкелнді.

Жетісу облысы 1867 жылы 11 шілдеде Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында құрылды. 1882 жылы Ақмола, Семей облыстарымен бірге жаңадан ұйымдастырылған Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіледі де, 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығына қаратылды /6/.

Дегенмен, XIX ғасырдың ІІ-жартысы Жетісу өлкесінің тұрғындары үшін өте ауыр кезең болды. Өлкенің халқы үш бірдей іргелі мемлекет Ресей, Қоқан, Қытайдың қыспағында қалды. 1868-1880 жылдарда қоныс аударушылардың Жетісуға ағылып келуі, бұрынғыданда жиілей түсті. Осы 12 жыл ішінде мұнда 3324 отбасы көшіп келіп қоныстанды. Олардың 2099-ы поселкелер салып алды да,1225 отбасы қалаларға орнығып қалды.

Қазақ жерін өзіне қосып алу үшін Ресей империясы ешқандай құрбандықтардан бас тартпаған. Қазақ жеріне қоныстанушы шаруалар келіп орналасқан соң патша үкіметі әрекетін заңмен бекітіп алды. Басты мақсаттары-қазақтың жері екендігі 1867-1868 жж. «Ережелерден» -ақ көріне бастады. Мысалы, 1868 жылы 21 қазанда қабылданған «Уақытша Ереженің» 210 статьясында «Қазақтардың көшіп-қонып жүрген жерлері мемлекеттік жер болып табылады және ол қазақтардың қоғамдық пайдалануына беріледі»-деп көрсетілген.

Осылайша, қазақ жері «Уақытша» заң бойынша уақытша мемлекеттік жер болып шыға келді. Арада ширек ғасыр өткен соң, 1891 жылы 25 наурызда тұрақты «Степное Положение» - «Далалық Ереже» қабылданды да қазақ жері «Мемлекеттің меншігі» болып жарияланды. 1868 жылғы «Ереже» көзбояу, жұртшылықты алдаусырату үшін «Уақытша» деп аталған екен. Сол «Уақытша» заң бойынша алынған жер қоныс аударған шаруалардың меншігіне мәңгілікке берілуге тиіс болды /7/.

1886 жылы 16 мамыр күні Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Көпбай-Қастек болысы №6 ауылының 14 кедей үйі атынан әскери губернаторға өтініш түскен. Олардың айтуына қарағанда, Тайжан Шынтеміров пен Сайматай Айтқұлов бастаған ірі байлар Қастек аңғарындағы Күнгей Қойжол деген атамзаманғы жерін тартып алған. Екі ауылдың қыстауы, жиған шөбі қоса кеткен. Төбелес кезінде күші басым байлар біреудің қолын, біреудің тісін сындырып, екі адамның басын жарған.

Мұндай оқиға Шамалғанда да кездескен. Ішкі Ресейден келгендерді қоныстандырған да, қазақтарды жерінен қуып жіберген. Бұл 1890 жылы 13 мамырда жазылған өтініш. Мұның аржағында қазақтардың қасіреті айғайлап тұр еді. Қазақтардың жерсіз қалып, малы азайып, қолда қалғанының өзі аштан өліп жатқанын, жайылымдарында су жоқ, шұрайсыз екенін айтқан /8/.

1900 жылы Жетісу бекініс шебінің тұрғындарының саны еркек-әйелі бар 28791 адамға жетті. Жетісу бекініс шебі Қазақстан мен Орта Азияның оңтүстік аудандарын отарлау мақсатында қызмет етті және 1917 жылға дейін сақталған /9/.

Орыс патшалығының жерін ұлғайту, қосып алған жерлерді отарлап, орыстандыру үшін 1904 жылы арнайы «Қоныстандыру және жерге орналастыру Бас Басқармасы» құрылды. Губерниялар мен облыстарда, уездерде оған тікелей бағынышты мекемелер жұмыс істеді.

1905 жылдың жазында Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесіне жиналған 15 000 шамасында қазақ қол қойып, отарлаушы орыс үкіметіне әйгілі наразылық петициясын жібереді. Осы жылы 20 маусымда Петербургтегі І-Александр атындағы жол-көлік институтының 4-курс студенті Мұқаметжан Тынышбаев, Думаға отарлауға негіз болған 1868 жылғы «Қазақтарды басқару жөніндегі Уақытша Ереженің» әділетсіз баптарын сынап, 6 миллион қазақ халқының мемлекеттік және өзін-өзі басқару ісін қайта қарауға өз өкілдерін қатыстыруын талап еткен хат жазады. Хат мұрағатқа өткізіліп, ал М.Тынышбаевтың соңына саяси бақылау қойылады. Соған қарамастан 28 жасар М.Тынышбаев 1906 жылы оқуын тамамдаған соң Жетісу облысынан Мемлекеттік думаға депутат болып сайланады. Олай болса, М.Тынышбаевты патшаның екіжүзділік саясатын әшкерелеген тұңғыш қазақ зиялыларының қатарына жатқызуымыз керек /10/.

ХІХ ғасырдың аяғынан бастап казактар үшін әскери борыш өтеу міндеті енгізілді. Әскери қызмет 20-22 жылға созылды. Әскерге 18 жастан бастап алынып, 3 жыл дайындық мерзімінде, 12-14 жыл сап қатарында, 5 жыл запаста қызмет етті. 1907 жылға дейін Жетісудағы казактардың саны- 59 000 болды /11/.

ХІХ ғасыр соңына қарай Жетісу казак әскері патшаның агрессиялық саясатын жүзеге асыратын әскери күш санатына жатқызылды. Сондықтанда Жетісу казактарына барынша ыңғайлы жағдай жасалды. Бір казакқа берілетін жер 50 десятинаға дейін өсті.

Ал, бұл үшін жергілікті халықтың жерлері тартып алынды. Жетісуда шаруалар мен казактарды көбейтудің бір сыры - бұл жерде қазақтардың тым көптігінен патша үкіметінің қауіптенуінде еді. Бір орысқа алты қазақтан келетін, сондықтанда, 8 жыл ішінде қоныс аудару қорына 3 000 000 десятина жер бөлініп, оның 1 000 000 десятинасы 100 000 орыс қоныс аударушыларына берілді /12/.

Сөз соңында атарымыз: ХІХ ғасырдың соңына таман Ресей аграрлық дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Орыс шаруалары жерінен айырылып, аш-жалаңаш босқындарға айналды. Патша үкіметі бір жағынан: осы қиындықтан шығу үшін, екінші жағынан: Қазақстанның шұрайлы өлкесі - Жетісуды отарлауды тездету үшін ішкі губерниядан азып-тозған босқын шаруаларды бұл өлкеге кедергісіз орналастыру мақсатында барлық жағдайларын жасады. Қоныс аударушылардың толассыз келуі өлкенің демографиялық жағдайына да әсер етті. Сонымен бірге қазақ халқының арасында бұрын естіп - білмеген адам, мал ауруларының түрлерін көбейтті. Әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салты да өзгерістерге ұшырай бастады.

Әдебиеттер



  1. Әсіп С. Қазақ қасіреті. А., 1994. 83 б.

  2. Әбдіров М. Қазақтар мен казактар. // Жас алаш, №35, 19 ақпан, 1992.

  3. Стефанов Ю.А. Семиреченское казачье войска. -М., 1969. С.483.

  4. Карамзин Н.М. История государства Российского. т. IV, гл.V. С.350.

  5. ҚазССР-ң қысқаша энциклопедиясы. І-т. -А.,1984. 146 б.

  6. Сонда, 147 б.

  7. Әсіп С. Қазақ қасіреті. -А., 1994. 97 б.

  8. Сонда, 105-106 бб.

  9. ҚазССР-ң қысқаша энциклопедиясы. І-т. -А.,1984. 146 б.

  10. Тынышбаев М. Министрлер кабинетінің төрағасы жоғарғы мәртебелі мырзаға. // Қазақ тарихы, №3, 1994. 29 б.

  11. ҚазССР-ң қысқаша энциклопедиясы. І-т. -А.,1984. 168 б.

  12. Велецкий С.Н. Семиреченская область и ее колонизация. -Верный, 1916. С.52.



Түйіндеме

Мақалада ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр басындағы Жетісу өлкесін Ресей империясының отарлауы туралы мәселе қаралады.


Резюме

В статье рассматриваются вопросы колонизации Семиреченского края в середине ХІХ-начале ХХ вв.



Қазақ зиялылары арасындағы әдебиет пен мәдениет төңірегіндегі саяси-идеялық тартыс
Даркенов Қ.Ғ. –т.ғ.к., доцент (Павлодар қ., Павлодар пединституты)
Партиялық бағытты ұстау мен басшылыққа алу РКП(б) ның ХІІ съезінде де маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылғаны белгілі. Ұлт мәселесі жөніндегі қарарында «...ана тілінде принципті маркстік әдебиетті дамыту; ана тілінде бұқараға арналған партиялық әдебиетті дамыту» /1, б.470/ мәселесін қойып, бұл іске айрықша мән беруі партияның ұлттық аймақтарда да әдебиеттің дамуын толық бақылауға ұстауға бет алды.

Осы кезеңде саяси-идеологиялық жағынан айтыс тудырған қазақ зиялыларының бірі Мағжан шығармашылығы еді. Әсіре төңкерісшіл, таптық бағытты ұстағандар оның шығармашылығынан Кеңес үкіметіне, партияға, төңкеріске қарсы саяси астар іздеді. Мағжанның кезінде Алаш ісіне белсене араласқанын білді. Сондықтан оны саяси сенімсіз адам ретінде, шығармашылығын зиянды дүние ретінде айтыс-тартыс нысанына айналдырды. Оған да себеп жоқ емес еді. 1917 жылы қазан айының екінші он күндігінде Ә.Бөкейхановтың «Алаш» партиясының облыстық ұйымдарын құру мақсатында Семей, Ақмола облыстарын аралап кездесу өткізгені белгілі. Омбы қаласында қазақ жастарының «Бірлік» қауымымен өткізген кездесуде «Алаш» партиясының облыстық комитетін құру жөнінде шешім қабылданады. Мағжан осы құрылған комитеттің құрамына енеді. Мағжанның саяси іске араласуы мұнымен шектелмейді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен ІІ Бүкілқазақтық құрылтайына қатысып, Алашорда үкіметін сайлауға дауыс береді /2, б.159/.

1918 жылдың 5-13 мамыр аралығында Омбы қаласында Қазақстанда құрылған әртүрлі жастар ұйымдарының біріккен құрылтайы болады. Құрылтайды шақырған, ұйымдастырған «Алашорда» үкіметіне тілектес «Бірлік» ұйымы еді. Осы жылдары Қазақстанда «Бірліктен» басқа 21 жастар ұйымдары болған. Осы ұйымдардың барлығы бірігіп, ол «Жас азамат» деп аталып, орталық комитет сайланады. Мағжан келешегіне үміті мол жастардың «Жас азамат» ұйымына зор сеніммен қарап, «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін жазады. Өлең жолдарындағы:

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды алаш елім бар.

Алтын арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін.

Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға.

Шығарар олар бір таңда.

Мен жастарға сенемін, - деген сөздер Алашқа қарсы шығушылар мен оны төңкеріске қарсы қозғалыс деп айыптаушылардың әлі есінде еді. Сондықтан, өзінің өткен іс әрекетімен ғана емес, шығармашылығымен де Мағжан сенімсіз еді. Оның шығармашылығын қалай бағалау керек деген мәселе төңірегінде айтыс жүрді. Ақиқатын айтсақ, Мағжанға қарсы науқанға оны «алашшыл», «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл элемент» деп айыптаған саяси қарсыластары ғана емес, оны жақсы білетін қолында өсіп тәрбие алған, өкінішке орай тапшыл, төңкерісшіл идеяға берілген адамдар де қарсы шықты. Солардың бірі Сәбит Мұқанов еді.

1918 жылдың күзінде Омбы қаласына келіп арып-ашып, азын-аулақ қаражатын вокзалда ұрлатып мүсәпір күйге түскен, жүдеу, шоқпыт киінген қазақ баласы Сәбитке (Сәбит Мұқановқа – Қ.Д) күн көрерлік жұмыс тауып беріп, қасына алып қамқорлық жасаған Мағжан Жұмабаев еді. Қазақ тіліндегі мұғалімдер курсінде оқуына жағдай туғызды. Мұғалімдер курсында педагогика, тарих, қазақ әдебиеті мен тілі, дін пәндерінен сабақ берген Мағжанмен Сәбит бір пәтерде тұрды. Кейін С.Мұқанов өз естелігінде бұл жайды жазды да. Аталған пәндерден қазақша конспекті жазғанда Сәбит Мағжанның хатшысы сияқты болып алды: кешкі уақыттарда Сәбитті өз бөлмесіне шақырып алады да, диванға қисайып жатып, орысша кітаптардағы тексті оған қазақша баяндады.Ал,кейін Мұқанов арада бірнеше жыл өткенде, дәлірек айтсақ 1922 жылдың 22 ақпанында «Еңбекші қазақ» газетінде өзінің баспасөзде бірінші жариялаған «Түсімде» атты фельетонында «Жұмабаевтың байшылдық сырын символикалық түрде әшкерлеуге» арнайды /3 /.

Осы жылдары Мағжан өз басына төніп келе жатқан қара бұлтты сезген болуы керек. Сонымен бірге, С.Мұқанов секілді қатар жүрген және өздерінен кейін оқып қоғамдық өмірге араласа бастаған тапшыл жастарға сенімі жоғалып, олардан түңіле бастады ма деген де ой келеді. 1922 жылы Қазаннан басылып шыққан кітабы ішіне енген «Жолдасқа» деген өлеңі де көп нәрсені аңғартқандай:

Эй, эй жолдас жас жігіт,

Қиқу салған лепірген,

Кетті ме әлде жын соғып?

Аузың мұнша көпірген!
Құдықтан ішіп жас жігіт,

Оған сірә түкірме.

Кетер сені сел соғып,

Басыл жаным көпірме, - деген жолдарды оқи отырып, өзі қанатына алып қамқорлық жасаған жандардың өзіне қарсы шығып орынды-орынсыз тиісуі мен сынауына наразы болып, «су ішкен құдығыңа түкірме», «жақсылыққа жамандық жасама» басыл, тоқтамға кел деген ойын аңғарамыз.

Өлең жолдарына кеңестік дәуірдің символдық «жолдас» сөзін алуында да бір байқалмаған жұмбақ бар секілді.

Мағжан мен С.Мұқанов арасы соңғысының таптық ұстанымына сәйкес алшақтай түскен тәрізді. Тағы да С.Мұқановтың естелігіне орын берсек, мына жолдарды оқимыз. «Бізге халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерлеуге тура келді. Осы мақсатпен біз 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдеби сот жасадық».

Сотта қорғаушы есебінде тағайындалған Рабфак оқушысы Жәкен Сәрсенбинді залда отырғандар айғайлап сөйлетпей қояды. Айыптаушы міндетін Сәбит Мұқанов атқарады да, оның ұсынысы бойынша сот қаулы қабылдайды:

«1. Жұмабаев қазақ халқының, сонымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет үкіметінің қас жауы деп танылсын.

2. Оның барлық шығармаларын оқылудан алыну өкіметтен сұралсын.

3. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін» /4, б.511/.

Мұндай саяси айыптау мен тұқырту отыздан енді ғана асқан ақындық күш қуаты кемеліне келген Мағжандай дарынды саясат арқанымен тұсаулау ғана емес, әдебиет, өнер әлеміне араласуына тиым салу, жазғанынын бастырмау, кешегі «алашордашыл» ретінде соққы беру еді.

Бірақ, қазақ әдебиетіне өз қол таңбасын қалдырған тұлғалардың бірі С.Мұқанов осындай позицияда ұстанса, екіншісі М.Әуезов аталған оқиғадан арада үш жыл өткен соң 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің анкетасына жауап бергенде: «Қазақ жазушыларынан, әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда...

Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшікейін сүйемін. ...Мағжан культурасы зор ақын. ...Әдебиет - әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін, - деп жазды. М.Әуезов Мағжанның шығармашылық қабілеті мен әдеби шеберлігін байқап қана қойған жоқ, кейінгі қалатын, келешекке жететін кестелі сөз Мағжандікі деп мойындады /5/.

Аталғандай, Мағжанға қарсы саяси науқан 1924 жылы басталып, одан кейінгі жылдары үздіксіз жүрді. Әсіресе, 1925 жылы Қазақстанға Ф.И.Голощекин келген соң өршіп кетті.

Мағжан 1923 жылы В.Я.Брюсов бастаған әдеби-көркем институтында оқи жүре, астанадағы Күншығыс еңбекшілерінің университетінде сабақ берді. Осы университеттің жанында қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымы құрылды. Аталған ұйым 1924 жылы 24 қарашада Мағжанның 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын талдау мақсатында жиналыс өткізді. Баяндаманы Н.Төреқұлов жасады. Баяндама Мағжан шығармашылығын айыптау мен қаралау сипатында болғанына қарамастан, қайшылықты пікірлерге толы еді. Нәзір Төреқұлов «Саясат пен пен әдебиетті араластыруға болмайды... Мағжан өлеңдері көбінесе осы пікірге сүйеніп басылған. Бұл қата, - дейді. Осы пікірі арқылы Мағжанды шығармашылығы саясаттан тысқары тұрғандығы үшін айыптайды. Мағжан поэзиясының қоғамдағы саяси оқиғаларға еш қатысы жоқ, оларды көрсетпейді, дегенімен одан әрі өз пікірін теріске шығарып: «Мағжанның өлеңі де, өзі де байлар әдебиетіне байланысқан, кеңес үкіметіне қарсы... саяси жолы теріс» деп сынайды. Алғашқы айтқан сынына керсінше, Мағжан енді, саясатшыл, шығармалары кеңес үкіметіне қарсы және үстем тап әдебиетін қолдаушы болып шыға келеді. Саяси-идеялық таптық бағыт ұстаған «Жерлестік» ұйымы жиналысы «Мағжанның өлеңдері «бұдан былай... газет-журнал бетіне тексерусіз басылмасын» деген қаулы қабылдады. Ақиқатында, бұл қадам Мағжанды сенімсіз, жат пиғылдағы ақын ретінде баспасөзден шеттету еді.

Ж.Аймауытов Мағжанға қиын уақытта қол ұшын беруге тырысып, Н.Төреқұловтың «Жерлестік» ұйымының жиналысында жасаған баяндамасын ашық сынамаса да, шын мәнінде оған қарсы шығып, Ташкентте оқитын қазақ студентері алдында «Мағжанның ақындығы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама мәтіні «Лениншіл жас» журналының №5 санында 1925 жылы жарияланады.

Орынсыз сын мен саяси айыптаудан Мағжанды аршалау ниетінде жасалған баяндамада Мағжанның ақындығына баға беру мен оның шығармаларын талдау ғана емес, заман тынысын сезе білген Ж.Аймауытов бұл Мағжанға қарсы шараның қайдан басталып, неге туып отырғанын астарлап та болса жеткізеді. Көркем шығарманы танып, таразылаудаға бағыт бағдар көрсетіп, заман тудырған қайшылықтар сырына назар аударады. «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізгі білім керек. Кеңінен толғамай, шұғылдан істелінген жұмыс өңсіз, үстіртін болмай тұрмайды. Мағжан өлеңдерін егжей-тегжейін, ноқатын қалдырмай тәптіштеп қарап шығуға көп уақыт, көп дерек керек, ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу керек» деп бастайды. Бұл Мағжан әлемі, шығармашылығы терең, тұңғиық оны талдауға, сынауға, түсінуге терең білім мен дайындық керек. Жалаң сын, сыртынан топшылап пішкен сын, заманға бейімделген сын әділ болмайды дегенді ұқтырады.

«Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап баға беру қиын нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. ...Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеушімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер ... әбиүр атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуы мүмкін» деуі, әсіресе, «сыншылдар заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді» дегені сол кезеңдегі суық желдің қайдан және қалай соғып отырғанын аңғаруы. Тапшыл сыншылардың Мағжан заман ағымына қосылмайды. Оның шығармаларынан тап күресін көре алмаймыз. Жаңа заманды, өзгерген жағдайды жазбайды, революция жеңісін жырламайды, деп біржақты айыптауынан туып отырғандығын тура бұлтақсыз жеткізуі еді. Батыл ой айта отырып, Ж.Аймауытов «Әдебиет сынмен көркейеді. Әдебиетке ...күтім ...сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз секілді жұртқа керек, өйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады» дейді. Осы пікірі арқылы барды бағалау қажет. Елге танылып, мойындалған ақын-жазушыларымызға қырын қабақ танытпай тәрбиелесек әдебиетімізде көркейеді деген ой айтады. Оңды-солды орынсыз сын жебесіне ілігіп, шаншу сөздерден көз ашпаған ескішіл, байшыл ақын атанған Мағжанға оның басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, азамат ретінде әділ сөз айтып араша түсті.

ӘдебиетТЕР


  1. КПСС съездерінің, конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының шешімдері. Т. 2. 1917-1924. «Қазақстан» баспасы, Алматы. 1972. 580 б.

  2. Бұл да сонда, Т.2.

  3. Еңбекші қазақ. 1922, 22 ақпан.

  4. Мұқанов С. Өмір мектептері. Екінші кітап. Алматы, 1955,

  5. Еңбекші қазақ. 1922, 22 ақпан.

Резюме


В статье исследуется идейная борьба казахской интеллигенции по вопросам литературы и культуры после Октябрьской революции, автор анализирует влияние идейной борьбы интеллигенции на политическую жизнь Казахстана.

Түйіндеме

Мақалада Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ зиялыларының арасында әдебиет пен мәдениетке байланысты жүргізілген идеялық күрес жайында айтылады.Автор бұл күрестің Қазақстанның саяси өміріне жасаған ықпалына талдау жасайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет