Казахский государственный женский педагогический



бет7/16
Дата24.02.2016
өлшемі1.36 Mb.
#17822
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16

Түйіндеме


Мақалада ағартушы, заңгер қазақтың сәулет өнерін кәсіби деңгейде зерттеген Серәлі Мұңайтпасұлы Лапиннің өмірі мен отбасы жайлы айтылады. Сонымен қатар XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Түркістан генерал губернаторлығында түрлі жауапты ресми қызметтері жөнінде де мәліметтер беріледі. Серәлі Лапиннің тағдыры күрделі де, қызық болғандығы туралы да түрлі архив құжаттарымен дәлелдей отырылып көрсетілген.

Резюме


В статье рассказывается о известном просветителе, юристе, профессианальном казахском исследователе, искусствоведе Сералы Мунайтпасулы Лапине. Наряду с этим, даны сведения о его работе на самых различных ответственных должностях в Туркестанской губернии в конце XIX и начале XX века.


Ұлы баба мұрасы
Жылқышыбаева Қ.Қ.-т.ғ.к., доцент (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Тәуелсіздігімізді алып, халқымыздың тарихын, асыл даналарымыздың шығармаларын зерттеп, олардың жазба жәдігерлерін игеруге мүмкіндік алдық. Адамзаттың ұзақ тарихында рухани тірек болған ұлы ұстандар аз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі, ХҮІ ғасыр перзенті, қазақтың ортағасырда өмір сүрген ойшылы, қазақтың тұңғыш тарихшысы, ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері, ақын, әдебиетші, философ, жаратылыстанушы, этнограф, психолог және діни дегдары- Мұхаммед Хайдар Дулати. Ұлы даланың сырын ашып, тарихымызды зерделеу үшін Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ірі де, күрделі тұлғаның өмір жолын, тарихи тамаша мұрасына үңілу қажет.

Шығыс халқын зерттеуші ғалымдардың айтуынша, Мұхаммед Хайдардың атын жоғары көтеріп, оны жұртқа танытқан «Тарихи-Рашиди» деген еңбегі. Бұл шығарманың ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда жасаған Шығыс жазушыларына еткен әсері күшті еді. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіптен түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген Еуропалық ғалымдардың қай-қайсысын алсақ та, оған жүгінбей, еңбегіне соқпай кете алмайды. Олар Мұхаммед Хайдардың тарихи жазуларына ерекше баға беріп, оның кейбір жерлерін өздерінің жазған кітаптарында пайдаланып отырды.

ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Үндістан мен Орта Азия тарихшыларының Мұхаммед Хайдардың «Тарихи-Рашиди» кітабын пайдаланбағандары кемде-кем. Оның ішінде Үндістанның Европа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед-Қасым Ферште, Бадахшан, Кашмир уәләят туралы жазғанда, оның мағлұматын бір ғана «Тарихи-Рашиди» Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішіндегі ең мағыналысы және мағлұматы ең дұрысы, ең толығы болып саналған/1/.

Үндістанның атақты ғалымдарының бірі Ағзам Мұхаммед Хайдардың Кашмир өлкесі туралы жазғанына зор қуаныш көрсетіп, өзінің «Кашмир тарихы» деген кітабында Мұхаммед Хайдардың әдебиеттегі алатын орнына ерекше баға береді: «Мұхаммед Хайдар Шығыс ғылымын терең білген данышпан адам. Оның үстіне ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды. Оның жазған «Тарихи-Рашиди» кітабы болған оқиғаны айтуда ең инабатты шығармалардың бірі», - дейді.

Мұхаммед Хайдардың шығармасын көп пайдаланған, әсіресе Иран жазушылары мен Орта Азия тарихшылары. Иран жұртының Ахмет-Рази дейтін географ-тарихшысы «һафт-Ықлым». Орта Азия тарихшыларының барлығы (мәселен, Хафиз-Тыныш «Шайбани-нама», «Жами-ат тауарих» шығармаларының авторлары) қазақ халқы туралы айтқан жерінде мағлұматты тегісімен «Тарихи-Рашиди» кітабынан алып отырған. ХҮ ғасыр мен ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында болған Орта Азиядағы тарихи оқиғаны зерттеуде Мұхаммед Хайдардың «Тарихи-Рашидиі» ең сирек кездесетін кітаптардың бірі. Сол дәуірдегі әрбір тарихи кезеңдерді айыруда «Тарихи-Рашиди» мен «Бабыр-нама» - бұл реттегі тарихи жазулардың ең бағалысы.

«Тарихи-Рашидидің» басқа мағлұматтардан ерекшелігі, мұндағы оқиғаның көбін автор өз көзімен көріп жазған және мұнда басқа түрлі тарихи жазулар сияқты ешбір шұбалаңдық жоқ, бұл тек белгілі бір дәуірді алып, соны әдемі тілмен айқын суреттеген.

«Тарихи-Рашидидің» екінші қасиеті- бұл қазақ тарихы туралы жазылған бірінші кітап. «Тарихи-Рашиди» негінде жүз жыл ішінде (1450-1546жж.) болған оқиғаны суреттейді. Бұл кез бұрынғы Алтын Орда мен Шағатай ұлысының әбден ыдырап, оның орнына жеке хандықтар құрыла бастаған кез. Мұхаммед Хайдар «Тарихи-Рашиди» кітабында осы Шағатай ұлысы мен Алтын Орданың ыдырауын суреттеп, ол екеуінен тарап шыққан қазақ халқының саяси тіршілігін баяндайды.

Сонымен қатар, ХҮІ-ХІХ ғасырлар арасындағы тарихшылар, әдебиетшілер, жыршылар: Әмин Ахмет Рази, Махмұд бен-Ули, Мяхаммет Азам және т.б. өз туындыларында дерек ретінде пайдаланған.

«Тарихи-Рашиди» кітабын ортағасырдағы Шығыс жазушылары қандай қадірлесе, оны біздің дәуірімізден Орта Азия тарихын зерттеуші ғалымдар да сонша бағалаған. Академик Вельяминов- Зерновтың айтуынша, «Тарихи-Рашиди» ең қадірлі еңбектердің бірі: «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының ылғи соңы, өте қызық келеді. Оның тарихи әңгімелеуі әрқашан зор дәлелге сүйеніп, тілі өте айқын болып отырады және бұл сияқты ерекшелікті «Тарихи-Рашидидің» авторынан күтуге тиымды еді»,- дейді.

Мұхаммед Хайдар «Тарихи-Рашидиді» 1541 жылғы 8 тамыздан бастап, 1546 жылғы 3 наурызда аяқтаған. Әуелде оның қай тілде жазылғаны анық мәлім емес. «Бабыр-нама» сияқты кітаптарға қарағанда, «Тарихи-Рашидиде» шағатай тілінде жазылуға тиісті. Бірақ Шығыс тарихын зерттеушілердің айтуында, ол ең алғаш парсы тілінде жазылып, кейін шағатай тіліне аударылған дейді. Қазір «Тарихи-Рашидидің» екі тілдегі қолжазбасы бар. Оның парсы тіліндегі бір вариантын аударушы, ХҮІІІ ғасырдың орта кезінде жасаған белгілі тарихшы Мұхаммед Садық Қашқари.

Қазір «Тарихи-Рашиди» бірнеше тілде басылып отыр. Ол ең әуелі ағылшын тілінде 1849 жылы (Калькутта) басылып шықты. Бұдан кейін қазақ тарихына тиісті бөлімін академик Вельяминов-Зернов зерттеді.

«Тарихи-Рашидидің» толық басылуы–1895 жыл. Мұны ағылшын тілінде жаңадан аударып, бастырушы Д.Росс. Қазақ тарихшыларынан «Тарихи-Рашидиді» парсы тілінен тәржімелеуді алғаш қолға алған ғалымдар: К.Пишулина, Жандосова, Н.Меңғұлов. Сонымен қатар Ташкенттегі Шығыстану институтының ғалымдары орыс тіліне аударып, даярлады /2/.

Осы кітаптың «Тарихи-Рашиди» деп аталуының үш түрлі себебі бар екендігі еңбекте ескертіледі: «Әуелі, Тұғылық Темірді ислам дініне құлшылық еткізген шейх Аршад-аддинге бағыштадым; халқын рушт жолына бастаған Тұғылық Темірге бағыштадым; осы заманда Қашқарды билеп отырған Әбумұзафар Әбдірашид ханға бағыштадым», - дейді /3/.

«Тарихи-Рашиди» екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде Мауераннаһрдегі Шағатай әулеті құрған мемлекеттің ХІҮ ғасырдың ортасына таман біржола ыдырап, екіге бөлінуі, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне Жетісу, Тараз-Талас маңын мекендеген беделді де белгілі тайпа дулаттардың күшімен дербес мемлекеттің негізі қаланғаны жайлы баяндайды. 1348 жылы дербес осы мемлекетке дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330-1362 жж) хан болады. «Дулаттар ...Жетісудағы ең ірі түркі тайпаларының бірі болатын және едәуір жерді алып жататын. Дулаттардың шонжар үстем тобы ХІҮ ғасырда Шығыс Түркістандағы отырықшы егіншілік жерлерге иелік етті. Мырза Мұхаммед Хайдар дулат руының шонжарлары Шығыс Түркістандағы өз иелігін ХІІІ ғасырда-ақ алған деп жазады. Шағатай хан өз мемлекетін (ұлыстарға) бөлгенде ол Өртөбеге, әмір Полатшының атасына Маңлай сүбені берді ... Оның шығыс шекарасы Құсан (Құша) мен Тарбүкір, батыс шекарасы – Шаш (Ташкент), Ғаз бен Жакшиман, оның шекарасы – Ыстықкөл, ал оңтүстігінде Жаран мен Сарыұйғыр. Әмір Полатшы билеген осы аталмыш жер Маңлай Сүбе деп аталды. Сол уақытта бұл елде бірнеше қалалар болды. Олардың ішіндегі ең үлкендері Қашғар, Қотан, Жаркент, Қашан, Ақшыкент, Әндіжан, Ақсу, Атбасы, Құсан. Осы қалалардың ішінен Әмір Полатшы Ақсуды өзінің ордасы етіп таңдап алды».

Мұхаммед Хайдар ең алдымен қазақ халқының Алтын Орда мен Шағатай ұлысынан ең алғаш бөлініп, өз алдына жеке бір саяси орталық бола бастағанын анықтайды. Екінші Қасым хан дәуірінде (1480-1520жж.) Қазақстан Орта Азиядағы мықты жұрт болып бұрынғы «Дешт-Қыпшақ» кезіндегі жұртшылық ісінің жақсы жағын жаңадан көркейтуге ұмтылғанын баяндайды. Үшінші, сол кездегі өзбек ұлысы мен қазақ жұртшылығының бұрынғы Шағатай ұлысы мен Алтын Орда дәуірінен қалған жұртшылық мұрасына таласып, өзара жауласқанын суреттейді.

Мұхаммед Хайдардың айтуынша, өзбек пен қазақ ұлысы жауласқанда Моғолстан хандығы қазақтармен бір болып, екеуі өзбек Шайбани ханға қарсы болады.

Мұхаммед Хайдар «Тарихи-Рашиди» кітабының қазақ тарихына арналған бөлімін мынадай тарауларға бөледі:



  1. Оқиға Сұлтан Сейіт ханның Сүйінші ханнан жеңілгенінің баяны;

  2. Ахуал қазақ, олардың сұлтандары «қазақ» деп ат қоймақ себебінің баяны;

  3. Сүйінші хан жеңгеннен кейінгі оқиғалар және Сұлтан Сейіт ханның Қасым хан қасына барғаны,

  4. Қасым ханнан кейінгі оқиғалар. Тайыр хан қазақтарды өзбектермен елдестіріп, онда өткен оқиғаның баяны;

  5. Қасым хан өлгеннен кейінгі Моғолстан мен Қазақстан арасында болған оқиғалар.

Қазақ қауымының ең алғаш ұйымдасуы туралы Мұхаммед Хайдар былай деп жазады: «Ол уақытта барлық Дешт-Қыпшақтың ұлы ханы Әбілхайыр еді. Бірақ Жошы ұлысының сұлтандары өзара толқып, Жәнібек пен Керей хан одан қашып Моғолстанға келді. Бұл жерге келген соң, Моғолстан уәләятын билейтін Есен-бұға оларға көп құрмет көрсетіп, Моғолстаның күнбатысында тұратын «Қозыбасы», «Шу» өлкесін оларға берді. Бұлар сол жерде емін-еркін жасады.

Әбілқайыр өлгесін өзбек ұлысы қозғалып, зор көтеріліске шықты. Толқын шығарғанның көбі ауырып, Керей мен Жәнібектің қасына барды. Оларға босап барған адамдардың саны 200 мыңға жетті. Өздеріне «өзбек-қазақ» деген ат берілді». Міне Шағатай мен Жошы ұлысынан бөлініп шыққан қазақ руларының ең алғаш бір саяси орталыққа бағынып, өз алдына мемлекет болғанын алғаш рет ашық, көлемді түрде жазған бір ғана Мұхаммед Хайдар екенін көреміз /4/.

Сонымен қатар, «Тарихи-Рашидиде» Қасым ханның қай жылы дүниеге келгенін анықтайтын мәлімет бар... /5/.

Ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қазақ тарихы жөніндегі аталған еңбегі ешқашан құнын да, мәнін де жоймақ емес.

Ұлы бабамыздың шығармашылығын зерттеп, бүгінгі ұрпақпен қауыштыру - кезек күттірмес келелі мәселе. Осы бағытта жұмыс жасаған және жасап жатқан зерттеуші, ғалымдарымыз баршылық. Атап айтсақ, Ә.Марғұлан, М.Қозыбаев, Ш.Мұртаза, Т.Омарбеков, Ә.Байбатша, К.Сәттібайұлы, Б.Кәрібаев, Б.Қожабекұлы, Ә.Дербісалиев, А.Асқаров, Ислам Жеменей және т.б.

Қазақ халқы үшін тұңғыш тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің алатын орны ерекше.

Әдебиеттер


  1. Ә.Марғұлан. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары. А., 1964, 255-бет.

  2. Б.Қожабекұлы. Мұхаммед Хайдар Дулати. // Егемен Қазақстан. 1991ж. 21 наурыз.

  3. Қазақ ССР тарихы. -А., 1983ж. 161-бет.

  4. М.Қозыбаев. «Мұхамед хайдар Дулатидің ең басты еңбегі». –А., 2000.

  5. Б.Кәрібаев. // Егемен Қазақстан. 24 желтоқсан. 1996 жыл.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазақтың ортағасырда өмір сүрген ойшылы,қазақтың тұңғыш тарихшысы, ғалым, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегінің мазмұны және оның қазақ тарихы үшін маңызы көрсетілген.
РЕЗЮМЕ

В статье говорится о значении книги Мухаммеда Хайдар Дулати «Тарихи-Рашиди» для истории казахского народа.



ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ
Ілиясова К.М. - т.ғ.к., доцент (Қызылорда қ., ҚМУ)
Қазақстан тарихында ақиқаты ашылмаған «ақтаңдақ беттер» жеткілікті. Әрбір кезеңдегі тарихи оқиғалар өзінің шындығын айқындау үшін зерттеушісін күтеді. Солардың қатарында 20 жыл уақыт өтсе де, бүгінге дейін «нақты атауы мен нағыз бағасын» ала алмаған зерттеу объектісі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Желтоқсан күндеріндегі қанды қырғын – 1917ж. қазан төңкерісінен бастау алатын кеңестік жүйеге қарсы бағытталып, қордаланған халық наразылығының асқынуынан туындағаны белгілі. Балтық жағалауындағы елдер, Әзербайжан, Грузия және Ресейдегі саяси оқиғалар саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің шиеленісуінен КСРО-ның астам держава ретінде құлауына әкелді.

1986 жылғы желтоқсан - Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына алғашқыда "желтоқсан оқиғалары", кейіннен "желтоқсан қозғалысы", "желтоқсан көтерілісі", "жастар қозғалысы" және т.б. атауларымен енді. Профессор М.Қ.Қойгелдиевтің пайымдауынша «ғылыми-көпшілікке арналған басылымдарда кеңінен қолданылып жүрген «Желтоқсан оқиғалары» атауы кеңестік идеология аясында қалыптасқандықтан, мәселенің ішкі мазмұнын аша алмайды. 1986ж. желтоқсанында болған фактілер, әрине, кездейсоқ құбылыс емес екені анық. «Желтоқсан оқиғалары» қазақ тарихында бұдан да бұрын орын алған тамырлы, өзара сабақтас оқиғалардың логикалық жалғасы, кезекті табиғи көрінісі. Анығырақ айтқанда, ол-қазақ халқының империялық, отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, мемлекеттік тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының табиғи жалғасы. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, аталған тарихи құбылыстың «Желтоқсан оқиғалары» емес, «Желтоқсан қозғалысы» аталғаны орынды» деп түсіндіреді /1/. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулерде 1995-1996ж.ж. бастап «желтоқсан көтерілісі» деген ортақ атау қалыптасып келеді.

Бұл бағыттағы кәсіби тарихшыларды толғандыратын мәселе - тәуелсіздік жағдайында Желтоқсан күндерінің лайықты бағаланбауы. Ресми құжаттар мен тарихи деректердің жеткіліксіздігінен аталған тақырыптың толық ашылмауы. Әзірге желтоқсан күндеріне қатысы бар азаматтардың естеліктерімен шектеліп отырғанымыз жасырын емес. Тарихи тұрғыдан жазылған арнайы еңбектердің шектеулі болғанына қарамастан, соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында 20 жыл бойы көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беретіндей, салмақты да, көлемді материалдардың жариялануы – қуантарлық жәйт.

Қайсыбір қоғамның тарихи оқиғалары мен құбылыстарына мұрындық болатын, тіпті қоғамдық жүйеге түбегейлі өзгерістер әкелетін жекелеген тарихи тұлғалар. 1986ж. желтоқсанға қатысты сондай ірі тұлғалардың басында КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Д.А.Қонаев тұрды.

Кеңес Одағының тұңғыш және соңғы президенті ретінде тарихта қалған М.С.Горбачев елді 1985-1991ж.ж. басқарған. Оның 1970-1980ж.ж. аралығында партиялық бюрократия жолымен жоғарылауы Саяси Бюроның толық мүшелігіне сайланумен аяқталады. Мұның бәрі КСРО-ны Л.И.Брежнев басқарған жылдары (1964-1982ж.ж.) болған еді. Одан кейін КСРО-ны Андропов (1982-1984ж.ж.) пен Черненко (1984-1985ж.ж.) аз уақыт басқарды. 1985 ж. 10 наурызда Черненко қайтыс болған соң, ертеңіне 11 наурызда өткен КОКП Орталық Комитетінің кезектен тыс Пленумының шешімімен М.С.Горбачев Бас хатшылық қызметіне тағайындалады.

М.С.Горбачев қызметіне кіріскен сәттен бастап барлық күш-жігерін елдің ішкі мәселелерін шешуге бағыттады. Ол жоспарға негізделген кеңестік экономиканы ретке келтіру мақсатында «қайта құру» бағдарламасын енгізу қажет деп тапты. «Қайта құру» М.С.Горбачев тұсында Коммунистік партияның билігін айтарлықтай әлсіретіп жіберді. Ол кезде компартия кеңес үкіметін толық бақылау құқығына ие болатын. Экономикадағы «қайта құру» барысында жеке кәсіпорындар заңдастырыла бастады. Алайда, ел экономикасының «тоқыраудан» да бетер тұралап қалуы – кеңес халқының ашу-ызасын келтірген-ді.

Кеңестер Одағында қайта құру саясаты екі мәрте жүргізілді. Бірі - Н.С.Хрущев тұсында жасалса, екіншісі-М.С.Горбачев тұсында болды. Алғашқысы облыстарды біріктіріп, өлкелер құрады. Шекараларды жойып, КСРО-ны тұтас бір елге айналдыруды көздеді. Мұндай жағдай халық шаруашылығының дамуына кері әсер етті. Соңғысы елді «қайта құрамын» деп партиялық басшылықтағы кадрларды сапырылыстырды /2/.

1986ж. басталған жариялылық саясатының тағы бір көрінісі – қоғамдық ой-пікірлердің ашықтығы еді. Кез-келген КСРО азаматының мерзімді басылымдар арқылы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндігі беретін. Енді кеңестік басылымдар үкімет саясатын да, коммунистік партияны да, жоғары лауазымды қызметкерлерді де, тіпті Бас хатшы М.С.Горбачевтің саясатын да сынға ала бастайды.

Кеңестік билік жүйесіндегі осындай өзгерістердің көшірмесі КСРО құрамындағы басқа да одақтас республикаларда байқалды. Айталық, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын 1962-1986ж.ж. басқарған Д.А.Қонаевтың қызметін республика шеңберінде сынаушылар қатары түзіледі. Қазақстан Компартиясының ХҮІ сьезінде (ақпан, 1986ж.) Орталық Комитеттің есепті баяндамасы тыңдалып, Д.А.Қонаев республиканың он бірінші бесжылдықтағы жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталады. Республика экономикасын өркендетуге 50 млрд. күрделі қаржы жұмсалғанын, оның алдыңғы бесжылдыққа қарағанда 15 пайызға жоғарылығы, елімізге 63 млн. тонна астық тапсырылғаны айтылады /3/.

Осы съезде Бас хатшы М.С.Горбачевтің республика басшысына деген салқын қарым-қатынасынан хабардар жергілікті басқару органдарының хатшылары Орталықтың назарына түсу үшін жанталасып бақты. Биліктен үміткерлер жарыссөздерге шығып, баяндаманың мазмұнына сыни тұрғыдан пікірлер айтады. Олардың қатарында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы З.К.Камалиденов, Алматы обкомының бірінші хатшысы М.С.Меңдібаев, Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбеков және т.б. болды. Әсіресе, алдыңғылары 1986ж. желтоқсан күндері алаңға шыққандарға қарсы «саяси қуғын-сүргін» шараларына белсене араласады. Ел мүддесінен жеке бас мүддесін жоғары қойған олар, тіпті «қаны қазақ» екендерін естерінен шығарды. Ұлттық сананың коммунистік идеологиямен уланғаны соншалықты, жасанды соқырлар өмірге келді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бірінші хатшысының орнына үміткерлердің Орталыққа жағыну әрекеттерін Д.А.Қонаев сатқындық ретінде қабылдады. Республика басшылығындағы осындай алауыздықтар, ұлт өкілдерінің билік үшін талас-тартысы – 1986ж. қанды қырғынға ұласқан Желтоқсан көтерілісі шығуының бір факторы деуге болады. Оған алаңға шыққандардың мінбеге тек Д.А.Қонаевты шақыру талабы, партиялық басшылықтағы басқа қызметкерлердің мойындалмауы, яғни үлкен сенімге ие коммунистердің танылмауы дәлел.

Осы тұста тағы бір айтатын мәселе - Қазақстандық басшылық қызметте 25 жылға жуық мол тәжірибесі бар Д.А.Қонаевтың өзі баулыған және қолдаған партия, идеология мамандарының ішінен лайықтысын анықтап, оны орталықтан өткізу жағының алдын-ала қарастырылмауы. Тек өзінің ұзақ жылдық қызметтен кететіні анықталған сәтте, «...республикада ел басқаруға лайықты жандар бар» деп, есімдерін атап үлгермеген ұсынысы М.С.Горбачев тарапынан қабылданбай қалуын айтуға болады /4/. Мүмкін бұл мәселені ертерек ойланғанда, желтоқсан қырғыны болмас па еді...

Республиканы басқаруға қазақ тарихы мен салт-дәстүрінен бейхабар Ульяновск обкомының бірінші хатшысы, одан бұрын Грузияда екінші хатшы болып істеген Г.В.Колбиннің келуі - Алматы қаласының студенттері мен жұмысшы жастарының наразылығын туғызды. КСРО Конститутциясы бойынша әрбір азамат өзінің наразылығын бейбіт түрде білдіруге құқығы болатын. Алайда, 17-18 желтоқсан күндері болған наразылық шеруі - М.С.Горбачев пен Г.В.Колбиннің «шовинистік саясаты» салдарынан қанға боялған көтеріліске ұласты. Қорғансыз желтоқсандықтар астам державаның әскери күшімен басып-жаншылды. Желтоқсан қырғыны – кеңестік жүйеде қалыптасқан зиялы топ өкілдеріне үлкен сын еді. Сын сағатында өзін лайықты ұстағандар мен керісінше өз ұлтына қарсы «жыртқышқа» айналғандар жігі пайда болды. Мұндай жағдай, әсіресе заңсыз ұсталғандарды жазалау кезінде анық байқалды. Ресми құжаттарда заңсыз ұсталғандар саны -2 401 адам делінсе, С.Қасымовтың деректерінде олардың жалпы саны – 8 500 адамға жеткен /5/.

Алаңға шыққандардың, қолға түсіп қамалғандардың 40% жуығы студенттер екен. Саяси бостандықты ұран еткен 300-ге жуық адам қазіргі Республика алаңына (бұрынғы Л.И.Брежнев атындағы алаңға) жиналып, кейіннен көтерілісшілердің саны – 25-30 мыңға жеткен. Солардың қатарында өзіміз білім алған С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетінің студенттері де болған еді.

Осы тұста айтатын нәрсе – көтерілісті ұйымдастырушылар өз жұмыстарын ҚазМУ-ден бастаған сияқты. Студенттердің дені елден келген жастар еді. Көпшілігін ересектер, яғни әскер қатарында борышын өтегендер мен өндіріс орындарында жұмыс істеп, шыңдалған саналы жігіттер құрағанды.

Мен үшін желтоқсан күндері әлі көз алдымда... Пленум шешімі туралы сұрақ оқу тобында 16 желтоқсан күні болған Гүлжаућар Шағатайқызы Жанбатырованың «Европа және Америка елдерінің жаңа заман тарихы» пәнінен лекция соңында қойылды... Ертеңіне түскі сағат 13 шамасында ҚазМУ ректоратының алдында жиналған орыс, қазақ оқу топтарының студенттері Ш.Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнін шырқап, алаңға жеттік. Қатарымызда кейін басталған «Кіші қуғын-сүргін» кезінде бізге қамқоршы бола білген курстастарым, тарихшы Айтжан Жұмабайұлы Оразбақов, Қ.Әбеновтың "Аллажар" фильмін шығаруға қаржылай демеушілік жасаған желтоқсаншы, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының мүшесі болған, бүгінде "Матай" қорының президенті Жанат Дүзбаев, Зауре Маханова, Еркем-ай Қартабаева, Қызылордалық тарихшылар Қуаныш Еспенбетов, Зинеш Әтеева, Зухра Күнтуарова, Сәбира Нәлібаева, Баян Аманқұлова және т.б. болды. Желтоқсан күндері алаңда байқалған көріністер: шерушілер санының көбеюі; КСРО-ның ұлт саясатына байланысты ұрандардың көтерілуі; микрофон арқылы орталық мінбеден сөз алуға ұмтылғандар... Бізбен қатар алаңға барғандар бейбіт шеруге қатысушылар еді. Отбасында алған тәрбиемнен болар, әрі мінбеге шығып сөйлеген ел азаматтарының сөзінің әсері ме, 17 желтоқсаны күні кешке қарай үйге қайтқанды жөн санадым. Алаңға жиналғандар арасынан әзер дегенде шықтық...

1986ж. Желтоқсан күндерінен кейін Мәскеуден шығатын «Правда», «Комсомольская правда», «Известия» газеттерінде «қазақ ұлтшылдығы» туралы материалдар жарияланып жатты. Көп ұзамай Қазақстанға КОКП Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев бастаған дүлей комиссия келісімен «Кіші саяси қуғын -сүргін» басталды. Кеңестік биліктің орнығуы да осы «саяси қуғын -сүргіннің» нәтижесі еді. Кеңестік билік аппаратының нығаюы - күштеу аппаратын қатар бекітті. Уақыт алға жылжыған сайын ЧК-ОГПУ-НКВД-КГБ аталған мемлекет қауіпсіздігін сақтауды көздеген бұл органдар -мемлекеттік аппараттың бір тетігі ретінде қалыптасты. Аталған органдар ел ішінен жау іздеп, оларды қоғамнан аластату, жаппай қырып-жою әрекеттерімен айналысты.

Қуғын-сүргіннің ақыры өз басыма әкімшілік жаза қолданумен шектелді. Бізбен бірге оқыған қаншама студенттер оқудан негізсіз шығарылып, сот шешімімен түрмеге жабылды, өмірімен қоштасқандары да болды... Осының бәрі –қазақтың қасіреті.

Университет архивінен алынған нақты деректер бойынша «желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 270 студент оқудан шығарылып, 5 студент 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Сол кездегі университет ректоры Ө.А.Жолдасбеков КГБ-ның қызметкерлері алаңда болған студенттердің суреттерінен тұратын альбоммен факультет аралауға кіріскенде, ректор өзі ерекше сенімді декандар арқылы тұзаққа түскелі тұрған студенттердің бір тобына «денсаулығы», «үлгерімі», «отбасылық жағдайы» деген түрлі желеулермен бір-екі жылдық академиялық демалыс беріп, құтқарып жіберген. Кейін қуғын-сүргін бәсеңсіген кезде олардың барлығы дерлік университетке қайтып оралған» /6/.

Осы тұста айтатын нәрсе, сын сағатында басшылық қызметіндегі қазақ қыздарының азаматтық таныта білуі. Оған дәлел - студенттерді жазалау қарқыны күшейген кезде не істерін білмей сасқан ректорлар сол кезде Алматы обкомының идеология бойынша хатшысы болған Шәмша Көпбайқызы Беркімбаевамен ақылдасады. Ол елді жайлаған жаппай жазалау саясатымен келіспейтінін және М.С.Меңдібаев сияқты жаналғышпен бірге қызмет істей алмайтынын айтып, арыз жазып орнынан өз еркімен босап, ерлік көрсеткен. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деген. Сол қалың елдің берген батасы дарыған болу керек. Ш.К.Беркімбаева кейінірек білім министрі, депутат сияқты биік лауазымдарға ие болды. Қазір де еліміздегі ерекше оқу орны - Қыздар педагогикалық институтын абыроймен басқарып, халқының құрметіне бөленіп отыр /7/. Ол қазақ зиялыларының ішінде өзін лайықты ұстағандардың алдыңғы қатарында болды.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихында Желтоқсан көтерілісін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірі - бейбіт шеру кезеңі; екіншісі - қанды қырғын кезеңі. Көтерілістің шығу себептері - 1917ж. қазан төңкерісінен бастау алатын, қатаң күштеу принциптеріне негізделген кеңестік биліктің отарлау саясаты; КСРО Конституциясының өрескел бұрмалануы; республика шеңберіндегі саяси тұрақсыздық; «біріншілік» үшін күрес.

Қозғаушы күштері-студенттер, жұмысшылар және зиялы қауым өкілдері.

Барысы - бейбіт шерушілердің құқықтық талаптарының орындалмауы; қанды қырғынға қатысушылардың қорғану әрекеттері.

Нәтижелері - көтерілістің аяусыз басып-жаншылуы; қазақ рухының биіктігі; ұлттық сана сілкінісінің көрініс беруі, тәуелсіздік идеясының қайта жаңғыруы.

Желтоқсан көтерілісі - бүгінгі жастарға үлкен сабақ. Жаћандану процесімен бірге қоғамға еніп отырған келеңсіз құбылыстардың аясын тарылту үшін, жастардың рухани жағынан азғындауына тосқауыл болу үшін желтоқсандықтардың патриотизмін, қаћармандығын насихаттау- аса қажет.

Осы тұста желтоқсан күндері алаңға шыққандар қатарын толықтырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі әріптестерім тарихшы Айтжан Оразбақов, Зинеш Әтеева, заңгер Мәдина Жүсіпбекова, тіл мамандары Шолпан Баймаханова, Гүлмира Баялиева, Қанат Әжиев, Базыл Ерік Баштуұлының және желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушысы ретінде 3 жыл бас бостандығынан айрылған Аманбай Канетов пен И.Сапарбековтің «Қазақ қызы» өлеңінің әнін шығарған, Ләззат Асановамен бірге оқыған танымал сазгер Рамазан Тайманның есімдерін ерекше атағым келеді. Өкінішке орай бүгінге дейін «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалында (төрағасы Аманбай Канетов) Қызылордалық желтоқсандықтардың жалпы саны, құрамы, әлеуметтік жағдайы туралы толық мәліметтер жоқтың қасы.

Тарихта «көтеріліс жетекшілері», «көтеріліске қатысушылар» деген ұғымдар бар. Сондықтан жоғарыда есімдері аталғандардың басым бөлігі тек көтеріліске қатысушылар ғана, көтеріліс куәгерлері. Желтоқсан күндеріндегі қанды қырғынның басы-қасында болып, орталықтағы партиялық басшылық қызметкерлерінің жіберген қателіктерінен жапа шеккен қазақ қыздарын қорғауда ерлік танытқан замандастарыма тағзым ете отырып, желтоқсаншылардың патриотизмін жас ұрпаққа жеткізуді - тарихшының парызы санаймын. Тұжырымдасақ, Қазақ тарихындағы бұл кезең - ХХғ. басында Алаш қайраткерлері көтерген Тәуелсіздік идеясының қайта жаңғыру кезеңі еді.


Әдебиеттер

  1. Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХҮШ-ХХғ.ғ.). Зерттеулер. -Алматы, 2004. -400б. 359 б.

  2. Абдархманов С. Горбачев. // Егемен Қазақстан. 21 ақпан 2006ж.

  3. Адырбекұлы К. «Казахское дело». Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. // Түркістан. 14 қыркүйек 2006ж.

  4. Сонда.

  5. «Желтоқсандықтар ауылдан келген ұрпақ еді, әрі қорғансыз болатын...» Сабыр Қасымов пен Мәмбет Қойгелдиевтің Желтоқсан оқиғасы туралы екеуара әңгімесі. // Жас Алаш. 16 қараша 2006ж.

  6. Мұхтар Құл-Мұхаммед. Арыстан. //Егемен Қазақстан. 29 сәуір 2006ж.

  7. Адырбекұлы К. «Казахское дело». Академик Көпжасар Нәрібаев. // Түркістан. 24 тамыз 2006ж.

Резюме


В статье рассматриваются вопросы, касающиеся декабрьских событий 1986г.: о колониальной системе СССР, о кадровой политике центральной власти, об ошибках, допущенных в партийной линии, о ее последствиях в Казахстане, о малых репрессиях в декабрьские дни.

ТүйінДЕМЕ

Мақалада 1986ж. желтоқсан көтерілісі төңірегіндегі мәселелер қарастырылған: КСРО-ның отарлау жүйесі, Орталық биліктің кадр саясаты, партиялық басшылық тарапынан жіберілген қателіктер, күштеу саясатының Қазақстандағы салдары, желтоқсан күндеріндегі «Кіші саяси қуғын-сүргін», студенттердің патриотизмі – бүгінгі жастарға үлкен сабақ екендігі айтылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет