Кипчаки евразии: история, язык и



Pdf көрінісі
бет161/187
Дата18.05.2022
өлшемі4.03 Mb.
#456910
түріСборник
1   ...   157   158   159   160   161   162   163   164   ...   187
Еуразия қыпшақтары. Тарих, тіл, жазба ескерт. Конф. матер. 2013

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


ҚЫПШАҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ КЕЗДЕСЕТІН ЖАЗБА 
ДЕРЕКТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ 
 
 
Әлменбетова У.А.
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
«Еуразия» ғылыми зерттеу
орталығы, Астана қаласы
 
Орта ғасыр жазба ескерткіштері – түркі халықтарының өткен тарихы, 
мәдениеті, әдебиеті, тілі, тұрмыс-тіршілігі, дінінің өткен тарихынан мәлімет 
алуға мүмкіндік беретін асыл мұрасы. Халқымыздың өткен тарихын, тілін, 
мәдениетін білуде, атап өткеніміздей, бұл мұралардың маңызы өте жоғары. 
Замандар бойы сақталып, бүгінгі күні халқымыздың асыл қазынасына 
айналған мұраларды халқымызға жеткізу мақсатында қыруар еңбектер 
атқарылды. 
Орыстың белгілі жазушысы М. Горький өз заманында былай деген екен:
«Халық әдебиетін білмейінше, халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес».
Сондықтан да қазіргі кезеңде қазақ тарихын қайта жазу, зерттеу, оны
дәуірлеу мәселесі күні бүгінге дейін ғылыми шешімін таппай, өзінің ғылым 
ретінде табиғи даму-марқаю дәрежесінен көтеру басты мәселенің біріне 
айналып отыр. 
Оның басты себептерінің бірі - көне тарихымыз туралы өз тіліміздегі 
жазба деректердің аздығы тарихшыларымызға қол байлау болды. 
Тарихымызға қатысты деректердің көбі көрші елдердің жазбаларында 
сақталып, сол елдің зерттеушілерінің ұлттық және саяси мүдделеріне орай 
өзгертулер мен « түзетулерге» ұшырағандығы ескерілмей, шала қорытылды. 
Қазақтың шежіре деректері алып қашты сенімсіз нәрсе ретінде қаралып, 
тарихи дәлел ретінде пайдаланылмады.
Кеңестік 
идеологияның темір тегеуіріні, қазақ зиялыларының
халқымыздың рухани мұраларына халықтық талғаммен қарап, баға беруіне
мүмкіндік бермеді. Өйткені, халықтың өз болмыс-бітімін тура тануға 
ұмтылуы – бағынышты халықтың тарихи жадын үзіп, өткенін ұмыттырып 
отыруды мақсат тұтқан кеңес билеушілерінің түп мүддесіне қайшы еді. 
Ұзақ уақыт дәурендеген отаршылдық езгі мен үстем саясат халқымыздың 
ұлттық ойлау жүйесін орасан талқандап, жасқаншақ, құлдық психологияны 
ұлт санасына терең сіңірді. Ол ата-бабаларымыздан қалған, кейінгі ұрпаққа 
қалдырар рухани мұраны, ұлттық тұрғыдан, халық тарихымен бірлестіре 
зерделегенде ғана өз еліміздің тарихы мен табиғатын тануда шындыққа 
жақындай түсетіндігімізді ойлатпады. Дегенмен де бұл түйін жалпылық мән 
алатын, баршаға ортақ шындық емес. Халқымыздың төл тарихымен 
сабақтастыра отырып зерттеп, әр дәуірдегі жазба және шежірек деректерді
оқып тани бастасақ, сол дәуірдегі барлық немесе басым көп санды деректік 
нұсқалардағы ортақ «сарынды» тауып, оны сол заманның үстемдігін, 
ағымдық сипатын анықтаудың өлшемі ету керек деп пікір білдірген 
ғалымдарымыз болды. Алайда бұл ізденістер өзінің заңды жалғасын таба 


алмады. Қаншалықты құнды болуына қарамай, бытыранды пікір күйінде 
қалып, ортақ теорияның тууына, дұрыс тұжырымның жасалуына қызмет ете 
алмады. 
Ал бүгінгі күні сол өзекті тақырыптың бірі - кешегі Алтын Орда дәуірінде 
өшпестей құнды дерек қалдырған қыпшақ ескерткіштері болып табылады. 
Қыпшақ ескерткіштеріндегі жазулар жайлы деректерді біз алтын Орта 
дәуірінен қалған жазба мұралардан қарастырылуы өте құнды. Деректердің 
біраз бөлігі кезінде зерттеліп, өз бағасын бергенмен, оған тереңнен зерттеу 
жүргізіп, деректердегі ұшырасатын көптеген мәліметтерді жүйелеу, бір 
сарынға келтіру, тарихымызға нақты мәлімет беретіне баса көңіл 
аударуымыз қажет. Абдукамалова Э.С. өзінің ғылыми еңбегінде Көне 
қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер негізінен ХІ-ХҮІІ ғасырлар 
аралығын қамтиды деп тоқталып, оларды жазу үлгісіне қарай бес топқа 
бөлінеді деп көрсеткен: 
1.Готикалық көне шрифтімен жазылған ескерткіштер (ХІІІ – ХІҮ ғасырлар). 
2.Араб әрпімен жазылған мұралар (ХІ – ХІҮ ғасырлар). 
3.Армян жазуымен берілген мұралар ( ХҮ – ХҮІ ғасырлар). 
4.Орыс әліпбиімен жазылып қалған деректер (ХІ – ХІІІ ғасырлар). 
5. Шығыс Европа аймағын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде сақталып 
қалған және сол елдердің өзіндік жазу үлгілерімен берілген сөздер (адам 
аттары мен жер-су аттары т.б.) [1;2-б]. 
Сонымен қатар ескерткіштер белгілі бір саяси-әкімшілік орталықтарда 
туып, солардың талап-тілектеріне сай жазылып отырғандықтан, қазақ 
ғалымдары (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М.) оларды шартты түрде 
мынадай топтарға бөліп қарастырады: куман қыпшақтарының тілінде 
жазылған ескерткіштер, половец қыпшақтарының тілінде жазылған 
ескерткіштер, Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, 
Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Мамлюк 
қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Армян колониясының 
тілінде жазылған ескерткіштер [2;10-16-б].Орта ғасырларда жазылған 
ескерткіштерді зерттеп, құнды пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымдарын 
басшылыққа алған М. Сабыр мынадай екі үлкен топқа бөліп қарастырады: 
1.Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
2.Көне қыпшақ жазба ескерткіштері [3; 6-б]. 
Қыпшақ жазба ескерткіштерінің көбі қыпшақ тілінде жазылып, оғыз 
тілі әсер еткен (Мәмлүк, Орта Азия мұралары), оғыз тілінде жазылып, 
қыпшақ тілінің ықпалына түскендері аз (Хорезм нұсқалары)» [4; 45-46-б]. 
Бұл орта ғасырлық дереккөздері қазіргі заманғы кешенді зерттеушіден үлкен 
жауапкершілікпен жүзеге асырылатын деректану жұмыстарын жүргізуді 
талап етеді. 
Қыпшақ ескерткіштері негізінен қыпшақ тіліндегі және армян жазулы 
ескерткіштерді қамтиды. Мысалы, Қыпшақ атауы «қыпчак», «коман» 
(куман), «половец», «мамүлік» болып, әр елдің деректерінде әр түрлі 
атаумен кездеседі. Қанаттас қағанаттар дәуірінде, қыпшақтар Қазақстанның 
солтүстік батыс өлкелерінде, Қара теңіз атырабында, Каспийдің 
солтүстігінде, ХІІ ғасыр басында Кавказ жерінде болады. ХІІІ ғасырда 


Шыңғыс ханнан ығысып, украин жеріне келген армяндар ХV ғасырдың 
соңында қыпшақтарға бағынады. Ғ. Айдаровтың мәліметі бойынша, олар 
«қыпшақтардың тілін үйреніп, күнделікті іс- қағаздары армян, поляк 
тілдерімен қатар, қыпшақ тілінде де жүргізіледі». Т. И. Грунин: «жылдар 
бойы половецтерге саяси тәуелді болған армяндар олардың тілін үйренді,
половецтер саяси дербес мемлекет болудан қалған соң да, ұзақ уақыттар 
бойы сол тілді пайдаланды дейді [5;58-б]. 
Б.Кенжебаев: «Қыпшақтар араб әліппесін қолданған», десе, «Араб 
жазуымен жазылған қыпшақ ескерткіштерінің барлығын» Ғ. Айдаров та
айтады [5; 4-б]. Қыпшақтар араб жазуын пайдаланып, ойшыл жазушылары 
араб жазуымен шығармалар жазған. Мамүліктер мемлекеті заманында 
арабша-қыпшақша сөздік жасалған. «ХІІІ ғасырда Байлағ-әл-Қыпшақи деген 
кісінің «Қымбат металдарды түсінудегі саудагер байлығы» және «әл-Ануар 
әл-Мудин» атты араб тілінде жазылған еңбектері болған» , алдыңғысы 
Парижде сақтаулы, соңғысын А. Зайончковский атағаны болмаса, онан басқа 
ешкім көрмеген екен [6;552-б].
Қыпшақ ескерткіштері бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші, «Готикалық көне 
жазумен» жазылған ескерткіштер. Ғ. Айдаров «Кодекс Куманикусты» осы 
жазу негізінде жазылған деп қарайды. Екінші, армян алфавитімен жазылған 
тарихи деректер, іс-қағаздар. Үшінші, діни әдебиеттер, естеліктер мен әдеби 
аудармалар. Армян жазуымен, қыпшақ тілінде жазылған 27 сот актісі (15254 
бет) бар. Осылардың ішінен бір міндеттеме, бір сенімхат, бес акті кітабын
Т. И. Грунин «ХVІ ғасырдағы половецтер тіліндегі документтер» атты 
еңбегінде жариялаған. «Львов қаласының 1583-1661 жылдар арасындағы 
оқиғаларын қамтитын сот жазбалары Львов қаласындағы мемелекеттік 
архивте, Львов рухани соттар жазбаларының қыпшақтарға қатысты 1572-
1667 жылдар арасын қамтитын материалдары Венада мхитеристер 
кітапханасында (папка № 441– 447), 1669-1672 жылдар арасындағы 
Қыпшақтардың өмірін суреттейтін материалдар Львов қаласындағы ғылыми 
кітапханада (папка №1485), соттар жинағының 1519 жылғы оқиғалар 
баяндалатын жазбалары Брослав қаласындағы ұлттық институттың ғылыми 
кітапханасында (папка № 1916) сақтаулы дейді. Осы документтердің 
Венеция хроникасында христиан дініне қатысты деректер, Польша ұлысы 
хроникасында қыпшақтарға қатысты деректер кездесетіні айтылады. Армян 
жазулы ескерткіштер арасында дінге қатысты 20 - дан артық жазба, 610 
беттік естелік, үш метрлік таяқшаға қыпшақ тілінде армян жазуымен 
жазылған эпиграфиялық ескерткіштер бар екен.
Бұлардан басқа Лусик Саргабақтың «Қыпшақ тілінің грамматикасы» 
(1581 ж) Ереван қаласында Моштоң атындағы қолжазбалар институтында 
(папка №2267) әлі тұрған көрінеді. Онда 500 - ге тарта есім сөздерге, 180 
етістікке талдау жасалған. Ең қызығы, қазіргі қазақ тіліндегі «ағаш» сөзі 
«агач», «аз» сөзі «аз», «ай» сөзі «ай», «алтын» сөзі «алтын», «ана» сөзі «ана», 
«аң» сөзі «аң», «әуелгі» сөзі «әуелгі», «ауырлық» сөзі «ағырлық», «атты» 
сөзі «атлы», «борышты» сөзі «борышлы», «біз» сөзі «біз», «сен» сөзі «сен», 
«ол» сөзі «ол», «бұ (бұл)» сөзі «бу», «кім» сөзі «кім», «кесу» сөзі «кес»,
«төле» сөзі «төле», «таны» сөзі «таны» болып келеді екен. Тіпті кейбір 


сөздердің синонимдері де, қазіргі қазақ тіліндегідей («әуелгі» сөзінің 
синонимі «алғашқы») болып келетін көрінеді. 
Тілге қатысты екінші бір еңбек «Қыпшақ тілі грамматикасы» (1613 ж). 
Көлемі 178 бет, Венадағы мхитаристер кітапханасында (папка № 84) 
сақталыпты. 
Ереван 
қаласында 
Моштоц 
атындағы 
қолжазбалар 
институтында да бір нұсқасы болса керек. Армян жазуымен жазылған 
қыпшақ тілінің үш сөздігі бар: «Армян-қыпшақ сөздігі» (1628 ж), «Армян 
қыпшақ сөздігі» (1540 ж), «Армян-қыпшақ польша тілдер сөздігі» (1634 ж). 
Оларды зерттеген В. В. Радлов, Г. Кун, Б. Дорн, А. Фон, Габен, Р. Рахим,
Г. Ғазиз, А. Н. Самойлович, М. Рясенен, К. Менгес, Дж. Клусондар
ескерткіштердің тілдік ерекшелігіне баса мән берген екен. «Соттар жинағын» 
1950 жылдарда М. Лебицки, Р. Кононовтар зерттеген. Бұл ескерткіштердің 
Алтын Орда-Оғыз-Қыпшақ дәуірін зерттеудегі маңызы ерекше. Алайда 
олардың тарихқа қатысы әлі де толық зерттелген жоқ. 
Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің ішінде «Дана Хиқар» кітабы 
біздің тарихымыз үшін ерекше мәнге ие. Кітап армян тілінен қыпшақ тіліне 
аударылған деген мәлімет бар. Шығарманың түпнұсқасы Вена қаласындағы 
мхитаристер қорында (папка № 468) сақтаулы көрінеді. 1964 жылы оны Ж. 
Дни, Э. Триарскийлер «Дана Хиқар тарихының армиян-қыпшақ нұсқасы»
деген атпен бастырып, фотокөшірмесін жариялапты. С. Ж. Құдасов осы 
фото көшірмені қазақ тіліне аударып, «Армиян жазулы қыпшақ ескерткіші 
Дана Хиқар сөзінің тілі», - деген атпен 1990 жылы бастырып шығарған. Х. 
Сүйіншәлиев «Ғасырлар поэзиясында» қыпшақтар кітабы туралы [7;93-б]
мәлімет беріп пікір қозғаса, Ш. Сәтбаева «Қазақ әдебиетінің тарихында» 
«Дана Хиқар сөзінің тарихы мен бейнелілігіне» арнаулы тоқталады [8;566-
б]. «Дана Хиқар сөзі» әуелде Ассирияда, Вавилонияда туып, кейін 
қыпшақтарға тараған деп шамалайды.
«Дана Хиқар сөзі» әуелгі нұсқасында басқа елде, басқа тілде туса да, 
Алтын Орда кезеңінің деректік қорына қосылады. Бұл шығарма қазақ 
арасында ертеректе кең тарап, талай аңыздың тууына бастама болған сияқты. 
Оның бір сарыны әріден басталса керек. Қазақтың ескі аңызында: бір патша 
алпыстан асқан қарттарды өлтіруге бұйрық береді. Елдің бәрі әкесін өлтіріп 
жатқанда, бір жігіт әкесін өлтірмей, сандыққа жасырып, алып қалады. 
Күндердің бірінде ел шөлге тап болып, сусырап қырылу қаупі төнеді. Сонда 
әлгі қарт баласына, тал түсте сиыр қайда жиналса, сол жерден су шығады 
дейді. Бала әкесінің айтуы бойынша, сиыр жиналған жерді қазса, сол жерден 
су шығыпты. Тағы бірде судың түбінен алтын шаңырақ көрген патша, сол 
алтын шаңырақты алып беріңдер деп елге жарлық салады. Жарлыққа қарсы 
келгендердің басы алынады. Алтын шаңырақты аламын деп суға түскендер 
суға батып өледі. Сонда әлгі қарт баласына, ол шаңырақ судың түбінде емес, 
таудың басында тұр дейді. Бала әкесінің айтуы бойынша, суға төніп тұрған 
қара жартастың басынан шаңырақты алып түседі. Разы болған патша, сен, 
осындай данышпандықты қайдан үйрендің деп сұрайды. Бала мен әкемді 
өлтірмей сақтап қалған едім, сол кісінің ақылы бойынша істедім деген екен. 
Сонан бастап патша қарттарды өлтіруге берген жарлығының күшін 


жойыпты дейді. Аңыздың мазмұны «Дана Хиқар сөзіне» өте жақын. Аяз би 
аңызы да «Дана Хиқар сөзімен» тектес келетіні белгілі.
Алтын Орда дәуіріндегі дерекке қатысты тамаша жәдігерлік «Кодекс 
Куманикус». «ХІІІ ғасырдың соңғы жарымында басталып, ХІV ғасырдың 
басында – 1303 жылы шілде айында Қара теңіздің шығыс солтүстік 
жағалауының бір жерінде аяқталған» [9; 4-б]. Қолжазба латын-парсы-
қыпшақ тілдерінің сөздігі. Сөздер алдымен латынша – парсыша –
қыпшақша, онан соң қыпшақша – немісше – латынша берілген. Соңғы 
бөлімінде қыпшақ тілі грамматикасы жөнінде түсіндірмелер жасалып, 
христиан дінінің дұғалары мен инжіл кітабынан ішінара үзінділер аударылып 
берілген. «Қыпшақтар ислам дінін бұрынғы қонысында, ІХ ғасырда-ақ 
қолдана бастағанын» [10;4-б] ескерсек, бұл кітап таза ғылыми мақсатта 
жазылған ескерткіш екені даусыз. Сөздікте қыпшақтардың жұмбақтары, ай 
аттары кездеседі. Қазақ әдебиетін зерттеуші белгілі ғалымдар Ә. Нәжип пен 
Ә. Құрышжанов бұл сөздікті тіл білімі тұрғысынан зерттеген.
Бұл кітапты жай ғана сөздік ретінде қарауға болмайды. Мұндағы (Ке) һе 
барыр қара қулақ, «Ерте келір қара қулақ (түңлік). «Олтырғаным – оба йер, 
басқаным бағыр шанақ (үзеңгі)» болып келетін жұмбақтар, көшпелі өмірді, 
ұлттың болмыс бітімін, тұрмыс-салтын, сол кездегі халықтың өмір сүру 
кезеңін бейнелейтін, сөздіктің әдеби құнының ғана емес тарихи жағынан 
жоғарылығын танытатын тамаша дәлелдер. Бұл сөздік «Қазақ тілінің 
ертедегі сөздігі, қазақ халқының тілі мен әдебиеті, тарихында маңызды орын 
алады». Сөздікте кездесетін сөздердің құрамына талдау жасаған Б. 
Кенжебаев, онда қазіргі қазақ тіліндегі көптеген сөздер мағыналық, тұлғалық 
жақтан сол қалпында: «Азамат, аяз, айна, айран, ағыс, ақымақ, ұлы ата»
болып, қазіргі тілімізде кездесетін, араб, парсы тілдерінен кірген, «шариғат, 
сұлтан, харам, мүлік, садақа, ғашық, ғаріп, ғұмыр, ләззат, ғақыл» сөздері де 
ұшырасатынын айтады.
Орта ғасырларда қолымызға жеткен бұл жазба еңбектердің өзіндік 
ерекшелігі бар. Алтын Орда дәуірінде көшпенді түрктерде ислам діні үстем 
орынды иелесе, осыған орай мәдениетте де бір ыңғайлану пайда болды. Бұл 
дәуір жазба деректерде ислам дінінің ықпалы күшейген дәуір болды.
Қорыта айтқанда, жеке ескерткіштердің тілін арнайы зерттеумен 
айналысып, монографиялық еңбек жазған ғалымдар көп емес. Ескерткіштер 
арнайы зерттелмегендіктен, ескерткіштердің тілі жөнінде айтылған пікірлер 
де сан алуан. Орта ғасырдағы тәңірлік діннің де, манихей дінінің де, будда 
дінінің де, ислам дінінің де белгісі сақталып отырады. Бұл әлі де болса 
қыпшақтану саласындағы зерттелмеген, Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ 
ескерткіштеріндегі кездесетін құнды жазба деректердің тарихқа тиесілі 
сапалық ерекшелік тұрғыдан талдауды қажет ететінін көрсетеді. Ал сыртта 
қалған мұраларымызды қолға алып, кадеге жарату бүгінгі күннің басты 
талабы екені айқын. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   157   158   159   160   161   162   163   164   ...   187




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет