Зерттеу әдіс-тәсілдері: Ғылыми зерттемеде төмендегі зерттеу әдістері қолданылды: сипаттамалы (сипаттау) және баяндау әдісі, компоненттік талдау әдісі, стилистикалық эксперимент әдісі, статистикалық әдіс, құрылымдық талдау әдісі.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық негіздері (теориялық және әдіснамалық) негіздері ретінде қазақ, орыс және жалпы тілтанымындағы талданып отырған мәселеге қатысты мамандардың фундаменталдық еңбектері орын алады. Олар: Л.В.Щерба, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, В.В.Виноградов, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Джусупұлы, М.Балақаев, Е.Жанпейсов, М.Томанов, Б.Манасбаев, Р.Сыздық, Р.Әмір, Б.Шалабай, сонымен қатар ҚР Президентінің және Үкіметінің білім, ғылым туралы қаулылары, шешімдері негіз болды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
- Ауызекі сөйлеу тілінің диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ерекшеліктері анықталды;
- қазақ тіл білімінде алғаш рет диалог тілдесім үдерісінің бір моделі ретінде зерттеліп, оның тілдік және тілдесімдік ерекшеліктері анықталды;
- көркем шығарма мәтініндегі диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ерекшеліктері анықталды;
- диалогтің ғылыми классификациялары талқыланды да, оларға өзіндік (авторлық) ғылыми сипаттама берілді;
- ауызекі сөйлеудегі көркем шығарма мәтініндегі диалог түрлерінің статистикалық (жиілік) ерекшеліктері анықталды;
- ауызекі сөйлеу және көркем шығарма мәтініндегі диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалды;
- қазақ тіліндегі диалогті терең және кең зерттеу мақсатында, қазақ тілінің материалы мен орыс тілінің материалдары салғастырылып қаралады да, диалогтің пайда болу табиғатының, қызметінің негізгі көрсеткіштері бірдей екендігі жарияланды.
Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы Зерттеу жұмысының материалдары мен қорытындылары қазақ тіліндегі тілдесімнің бір үлгісі диалогтің түрлерінің және диалог туралы концепциялардың араларындағы сабақтастықты мәліметтеуде үлкен орын алады. Қазақ тіліндегі тілдесім жайындағы ғылыми ой-пікірлерді толықтырады. Қазақ тіл біліміндегі диалог және оның лексикалық, синтаксистік, стилистикалық сипаттарын зерттеп жазуда көлемді ғылыми дерек қызметін атқарады. Сонымен қатар, ғылыми ізденістің нәтижелерін тілдесімнің басқа үлгілерін зерттеу барысында да пайдалануға болады. Зерттеу нәтижелерін, ғылыми тұжырымдарын жоғары оқу орындарында «Қазіргі қазақ әдеби тілі», «Қазақ тілі стилистикасы», «Жалпы тіл білімі» пәндерін оқытуда пайдалануға болады. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстың материалдары қазақ тілі лексикасынан, синтаксисінен, стилистикасынан өтетін арнайы курстарда, арнайы семинарларда, оқулық, оқу құралдарын жазуда, сөздіктерді жасауда пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |