3.1. Ресми стильдегі мәтін бойынша. Ресми тіл өзіне тән тілдік құралдардың қолданысымен ерекшеленеді:
-
жоғары тәртіппен (регламентпен) сөйлеуге белгілеген тілдік қолданыстар;
-
мазмұнды баяндаудағы ресмилік;
-
сөздер тек өзінің тура мағынасында баяндалуы;
-
ресми тілде сөйлеушінің жеке көзқарасы мен пікірінсіз тек дәлдік пен нақтылық сақталады.
Ресми тіл екі үлкен бөлімнен тұрады: ресми-құжатты және күнделікті істер. Ресми-құжатты – дипломатия тілі (дипломатиялық актілер) және заңдар тілі деп бөлінеді. Ал күнделікті істер тіліне – қызметтік хаттар және іс қағаздары жатады. Сызба түрінде былай көрсетуге болады:
№6. Ресми стиль жанрлары.
-
-
Ресми құжаттар
|
|
Күнделікті істер
|
Дипломатия тілі
|
|
Заңдар тілі
|
|
Қызметтік тіл
|
|
Іс қағаздар
|
Әдеби тіл стилінің бұл түрі қарым-қатынастың бір формасы ретінде қолданылады. Ресми стильдің халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, қарым-қатынасында маңызды роль атқарады. Яғни, бұл стильдің қалыптасуы белгілі бір қажеттіліктен келіп туған. Сондықтан ресми стиль адамзаттың қоғамдық өмірінің жоғарғы сатысында мәдени дәреженің жетілген кезінде пайда болды.
Ресми іс қағаздарының тілдік құралдарды қолданылуы да өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, құжаттар белгілі бір үлгіде орындалады, немесе құжаттардың өзіндік алдын ала дайындалған үлгісі болады. Бұл үлгі қағаздарда өзіндік ойын жазбаша жеткізу тәсілдері мен сөйлем құру реңктерін анықтайды. Мысалы, анықтама құжаттарында: «Осы анықтама талап еткен орынға беріледі», ал акт жасауда: «бір жағынан», «екінші жағынан», «акт тапсырушы», «акт қабылдаушы», «біз қол қоюшылар», «қабылдап алдым» деген штамп сөздер кездеседі.
Ресми стильдік екінші бір ерекшелігі көркемдегіш құралдар өте сирек қолданылады. Ресми стильде көбінесе лексикалық жағынан ауыспалы мағынада қолданылмайды, қолданылса да өте сирек қолданылады. Тұрақты тіркестер, фразеологизмдер де аз пайдаланылады. Қолданылатын жағдай ол ресми хабардың сипаттаушы емес, хабардың әсерін арттыру үшін ғана қолданылады.
Ресми стильдің грамматикалық жағынан ерекшелік әбден қалыптасқан, тілдік ерекшеліктері айқын көрінетін стильдің түрі болып табылады.
Құжаттар немесе іс қағаздар, баяндау немесе хабарлауға байланысты сай пайдаланылады. Көбінесе мұндай сөйлемдердің баяндауыштары бұйыру, шақыру, үндеу т.б. мәнінде болады. Мысалы: орындалу міндеттелінсін, баса назар аударылсын, мекемеге тапсырылсын. Әсіресе сөйлемнің баяндауышы немесе етістіктің өткен шақ формасында жиі кездеседі. Көбінесе іс қағаздардың көпшілігі келер шақтың формасы ырықсыз етіс түрлерінде кездеседі.
Іс қағаздар стилінің немесе ресми стилін мәтін құрауында өзіндік өзгешеліктер бар. Ресми мәтін тұжырымды, қысқа белгілі бір баяндау мазмұнынан гөрі, тілдің қатысымдық мазмұнымен жиі кездеседі. Мысалы: сенімхат, анықтама, өтініш, қолхат т.б.
Мәселен, мемлекеттік директивалық шешімдерді басқару іс қағаздарының көптеген түрлерінде, әсіресе, тарихи құжаттардың тілдік ерекшелігі айрықша. Мұндай іс қағаздарда қоғамның даму тарихы жайы жазылады да, мемлекеттік құрылыстың әр кезеңіндегі тарихын көрсетуде іс қағаздарының да алатын орны бар.
Ресми қарым-қатынаста лексикалық сөз байланысының мүмкінділігі шектеулі. Мысалы, қызмет хатта құралмайды (жазылмайды) және бағытталады (жіберілмейді), үкім хабарланады, бетке басып шығарылады, еңбек ақы тіркеледі. Немесе, мына сөздер белгілі бір құжатты ғана таңдап қолданылады: тілекке жету (пенсияны сұрап алу), қол қою, тыңдау (баяндама тыңдау), тиісті, қабылдамау т.б. Кейбір құжаттар мазмұнға құрылмайды, олар анкеталық сұраққа жауап беру, сан (цифр) арқылы кесте мәлімет т.б.
1. Анкета. Бұл әдістің трафаретпен ұқсастығымен қатар айырмашылығы да бар. Біріншіден, синтаксистік ұйымдастырылуы бірдей емес. Анкетада сұрақтар ерте дайындалады. Осы сұрақтар мен жауаптар мағынасы жағынан байланысып өздігінен сөйлем құрады. Олар бірдей формада болады. Анкета вертикальді орналасады.
2. Кесте. Бұл берілген сандық немесе сөздік форманың бірлігі, бір құжатта әр түрлі мәтіннің байланысы беріледі. Ұлттық жазба сөйлеумен байланысып кестелік материалмен түсіндірілуі мүмкін. Ал ол анкетаны болжамайды. Құжаттың мәтінмен көрсететін форма, ондағы хабардың мазмұнын анықтайды. Мәтінмен формаланған түрлі трафареттер, анкеталар, кестелер қызмет құжатының үндесу формасының басты амалы болып табылады.
Қызмет сөзінің өзі құжат немесе құжаттың бір түрі екенін көрсетіп тұр.
3. “Қызмет құжаты” түсінігі мыналарды қамтиды:
-
Деректі және басқаратын құжаттар (нұсқаулар, заңдар, шешімдер, бұйрықтар).
-
Әкімшілікті ұйымдастыру құжаттары (жоспар, ереже, акт, хаттама, есеп беру).
-
Еңбектердің жеке құрамы туралы құжат (арыз, өмірбаян т.б.).
-
Финанстық құжаттар
-
Есепке алу құжаттар (мемлекетаралық іс қағаздар).
4. Құжат мазмұны. Құжат мазмұны – оның жауапты бөлігі болып табылады. Құжат мазмұны заңдық қатынаста мінсіз, ақиқатты болу керек. Ол құжат ретінде құбылыс, оқиға, деректерді анықтауға қызмет етеді. Дәлсіздік, өңін айналдыру, түсініспеудің құжат сапасын төмендетіп, оның заң жүзінде күшін әлсіретеді.
Құжат қысқа әрі нақты жазылып, кейбір “шындығында жұмыс істейді” т.б. білдіретін және т.б. артық сөздер экспрессивті-эмоциональді сөздер мен эпитет, метафора, гипербола қолданылмайды.
Құжатта айтылғанда сұрақтарға ешқандай күдік, түсінісу пікірлері болмай, бәрі айқын баяндалуға тиіс. Мәселен, бір азаматқа жұмыс орнына анықтама берілетін болса, онда қайда және қандай мақсатпен берілетіні туралы көрсетілуі керек. Егер қандай да бір бөлімнің қызметкеріне алғыс жариялау туралы бұйрық шықса, онда соған байланысты қандай жағдайда мадақтауға ие болған еңбегі көрсетілуі тиіс.
Мазмұнның түсініктілігі – құжаттағы барлық ойдың әдеби тілмен тұжырымды баяндалғанын дәлелдейді, әрбір адамның оңай түсінетіндігін білдіреді. Ұзақ көп цифрын, есімше, көсемше тіркестерінен аулақ болған жөн. Сөйлемдегі сөздерді грамматика ережелеріне сәйкес орын-орнына қоя білу керек.
Іс қағаздарын жүргізу әкімшілік және жалпы болып бөлінеді. Әкімшілік іс қағаздарын жүргізуге мекеме қызметінде бұйрық беру және оны жүзеге асыру үрдісінде туындайтын құжаттар жатады.
5. Мемлекет басқару ұйымдары және ведомоствоға қарасты мекемелерде қолданылатын құжаттар ұйымдастырушылық – бұйрық беру құжаттар деп аталады.
Бұларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады.
-
Ұйымдастырушылық (ереже, жарлықтар, нұсқаулар).
-
Бұйрықтар (қаулы, бұйрық, нұсқау, шешім).
-
Анықтамалық – хабарлама (хаттар, баяндамалар, шолулар, түсіндірме хаттар, тізімдер т.б.)
Міндет, белгіленуі , қойылуы жағынан құжаттар фактілерді, оқиғалар мен құбылыстарды тіркеу (акт, есеп, хаттама) хабарды белгілі бір жерге жеткізіп (хат, ашық хат, жеделхат) отыратын құрал ретінде де қолданылады. Қызметтік құжаттар – мекеме немесе сол мекеменің жауапты адамдар атынан, ал дербестері жәке азаматтардың атынан (өтініш, шағым) жазылады.
Іс қағаздар мен құжаттардың өзіндік құрылымы болады. Мысалы:
-
Жеке іс қағаздарының авторы сол құжатты (хаттар, арыз, өтініш, шағым) құрастырған адамдар, қол қоюшылар да осы жекелеген адамдар болып келеді.
-
Құжаттардың ерекше белгілері болуы мүмкін. Олардың белгілі бөліктері “шрифтер” деп аталады. Бұл белгілеулер құжаттар құпиялығын, орындалуының тездігін, почта жіберудің ретін анықтайды.
Құжаттар құпиялығын анықтайтын шрифтер (белгілер) “өте құпия”, “құпия”, “жариялауға болмайды” деген түрлерге бөлінеді. “Шұғыл” белгілі құжаттар арқылы жіберулі ретін білдіреді.
-
Құжаттар мазмұнына қарай дербес және типтік болуы мүмкін. Көптеген құжаттар қайталанбас мазмұнымен дербес болады. Мазмұны жағынан дербес құжаттарға: қаулы, шешім, бұйрық, хаттамалар жатады.
-
Әрбір құжаттың мазмұны түсінікті болу үшін бас тақырыбы оның оқуын жеңілдетеді; оны тіркеуде, орындаушыларға бөліп, орындау және талдау кезінде жеңіл тиеді. Басқа тақырыбы бар құжаттар іс қағаздарын тіркеуге қолайлы.
Демек, оқушыларды күнделікті өмірге бейімдеу үшін жазбаша сөйлеу мәтін құрастыра білуге жаттықтырылады. Ең алдымен, оның тілдік құралдары туралы мәлімет оқытылып отырылған тілдік материалмен байланыстырылады. Мысалы, 7-сыныпта етістік туралы білім беруде, етістіктің модальдық құрылымының қолданылу ерекшеліктері ресми стильдегі мәтіннің тілдік құрылымымен байланысты мәлімет беріледі. Мәселен,іс қағаздар тілінде барыс септіктегі етістік құрамды сөздің модаль сөздермен тіркесіп жұмсалуында кейбір ерекшеліктер бар. Біріншіден, іс құжаттар тілінің қызметтік аясына құқықтық қатынастар саласы, басқару салалары жатады. Осыған байланысты іс құжаттарының стильдік бағыты отбасы қарым-қатынасындағы, қызметтегі қоғамдық орындарындағы және мемлекет алдындағы жауапкершілік пен міндеттілік мәнде болып келетінін білеміз.
Екіншіден, адамдарды басқару заңдар, ережелер, жарғылар негізінде, сондай моральдық-этикалық ұйғарымдар мен тыйымдар негізінде жүргізілетіндіктен іс жүргізу мәтінінің тілдік құралдарына жеке адам тіліндегі ерекшеліктер тән емес. Ресми іс жүргізу стилінің мағыналық ерекшелігі әлеуметтік сананың ерекше формасы – құқықтық санамен сәйкеседі. Соған орай, басқару тілінің стильдік белгісі, бағыты, бұйрық, жарлық, нұсқау түрлері міндеттілік, жауапкершілік негізінде сөйлем құрылымы да осы ерекшеліктерге сәйкес түрде жүзеге асады. Соған орай қажеттілік, міндеттілік мағынасындағы модаль сөзді күрделі етістік баяндауыштар тұрақты қолданылады.
Жазбаша тілде, көркем шығармаларда аса көп кездесе бермейтін, соның ішінде іс қағаздар тілінде сандық жағынан молынан қолданылатын, іс қағаздар тіліне тән стильдік сипат алған модальды күрделі баяндауыштар қолданысы іс қағаздар тілінде берік орын алған. Мысалы, іс қағаздар стиліне тән модаль сөзді күрделі баяндауыштар тұлғаларының мәнін ашып көрсету үшін –уға тиіс, -уға міндетті, -уы керек, -уі мүмкін тұлғалардың қолданыс ерекшелігін алайық.
М.Балақаев “Қазіргі қазақ тілі”(синтаксис) оқулығында құрама баян-дауыштардың құрамындағы сияқты, секілді, тәрізді, керек, тиіс модаль сөздері есім баяндауыштарға көмекшілік қызметте жұмсалғанда, сөйлемдегі ойға айтушының әр түрлі көзқарасын білдіру үшін жұмсалатындығын көрсетеді [33].
Х.Неталиева қазіргі қазақ тіліндегі –у тұлғалы қимыл есімдері мен модаль сөз тіркесінің мағыналық қызметі жөнінде былай дейді: “-у тұлғалы етістіктер, көптеген көмекші шылаулар, модаль сөздерімен жиі қолданылады. Олар: керек, керек емес, үшін, тиіс, мүмкін, қажет т.б. –у тұлғалы етістіктермен айтылатын осындай сөз тіркестерінің бірсыпырасы (міндеттілікті) керек, қажет, тиіс т.б. білдіретіндігін айтады” [34,31].
К.Ищанов етістіктің модальдық құрылымын раймен байланыстыра қарады, -у тұлғасы кейбір модаль сөздермен тіркескенде, міндеттілік райы және қажет райы деп аталатын ерекше модальдық категория жасайтынын айта отырып, оның екі тәсіл арқылы жүзеге асатынын атап көрсетті:
-
–у тұлғалы сөзбен керек, шарт, мүмкін модаль сөзінің тіркесі арқылы. Аталған құрылым, негізінен, қажеттілік пен мүмкінділікті білдіреді;
-
барыс септігі –у тұлғасы мен тиіс, міндетті модаль сөздерінің тіркесі. Мұндай құрылым қажеттілік пен қимылдың міндетті түрде іске асуын білдіреді [35].
Ал мұндай мағынадағы қажеттілік, міндеттілік іс қағаздар стиліне жүйелі қолданылатын грамматикалық бірлік деп тануға келтірілген мысалдар себепші бола алады. Мәселен, баптар мәтіндерінен үзінді келтірейік: “Нотариустың құжаттары заңдарда белгіленген тәртіппен міндетті түрде мемлекеттік архивке тапсырылуы тиіс”. “Егер азаматтар және олардың ақыл-есі кемістігі салдарынан өз құқықтарын қорғауды жүзеге асыра алатын болса, прокурор оны қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті”.
Етістіктің модальдық құрылымдары субьектінің қимыл-әрекетінің ақиқат-шындыққа қатынасы жөніндегі көзқарасын білдіреді. Ал қимылға деген субьектінің көзқарасының түрлі болуы заңды. Ал іс қағаздар тілінің синтаксистік құрылымдардың қолданылу қызметінің бағыты, негізінен, бұйыру, әмір ету, үкім шығару т.б. реңдік мағыналарда болғандықтан, қажеттілк, міндеттілік мағынадағы синтаксистік құрылымдар іс қағаздар тілінің ерекшеліктеріне тән қасиетке ие болады. Мәселен, іс қағаздар стилінде бұл тұлғалардың көп қолданатыны оның функционалдық қызметімен байланысып жатқан ерекшелік деп айта отырып, -уға керек, -уға тиіс, -уға міндетті тұлғаның синонимдес мәнде жұмсалып міндеттілік мағынаны білдіруі арқылы ресми құжаттар бетінен жиі көрініс беруі іс қағаздар тіліндегі жазылу әдісінің бір түрі болып келеді.
Мысалы, “Еңбек келісімі” құжатынан: “Келісім мезгілінен бұрын тоқталатын болса, ол жайлы екі жақ бір-біріне 15 жұмыс күн бұрын жазбаша хабарлау керек”.
Телефонхаттан үзінді: “Ғимаратқа кіру үшін жеке басын растайтын құжат алу керек”.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен үзіндіде: “Қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкін, жекелеп немесе толық қосылған жағдайда түпкілікті қосымша жаза осы кодекстің жалпы бөлімінің сол жазалау түрі белгіленген ең жоғары мерзімнен немесе мөлшерінен аспауы керек”.
Тұжырымдағанда, іс қағаздар тіліне тән жиі кездесетін бұл қайталаулардың қызметтік сипаты үнемі постпозицияда (соңында) келіп, бір жағынан, мәтін мазмұнын бірнеше компоненттерге бөліп, түйдекті түрде үстемелене қолданылып, айтылар ойды хабарлау, түсіндіру, нақтылау, түйіндеу секілді сан түрлі қызмет атқарып отырса, екінші жағынан, мәтінді тудыру, дамыту, тиянақты түрде аяқтау қызметімен қоса, айтылар ойдың, іс-әрекеттің міндетті түрде болуына қозғау салу, тіпті бұйыру бояуының реңін байқауға болады. Соған орай, бұл қайталама құрылымдар бүкіл мәтін бойынан кездесіп, мәтін мазмұнын жүйелі баяндайтын іс қағаздар тіліне тән сөйлем құрылысының тиімді баяндауышына айналады.
Ал оқушыларға ресми мәтін құрастыра білу икемділігін арттыру үшін:
- ресми мәтіннің тілдік ерекшеліктері туралы білім, сол сыныпта оқытылатын грамматикалық форма мен категорияға байланысты берілуі нәтижелі болады;
- ресми мәтіннің түрлерімен таныстыруда оның мағыналық, мазмұндық мәніне орай жүрізіледі. Мәселен, ол құжат қайда қолданылады, мақсаты не? деген мәселелер анықталады;
-
құжаттардың, іс қағаздардың мәтінінің тілдік ерекшеліктерін тани білуге жаттықтыру мәтін талдау жүйесімен жүргізу қажет.
3.2. Ғылыми стильдегі мәтінмен жұмыстың әдіс-тәсілдері. Ғылыми стильдің қолданылу аясы өте ауқымды. Бұл әдеби тілге жан-жақты және әсер ететін стиль түрлерінің бірінен саналады. Қоғамда күн санап қаулап өсіп жатқан ғылыми-техникалық өрлеу тілдің сөздік құрамына жаңа сөздер мен жаңа тіркестерді енгізеді. Ипотека, инвестор, тендер, фермер, аукцион, электрондық пошта, факс, мемлекеттік пакет, акция т.б. толып жатқан жаңа терминдер бұқаралық ақпарат құралдарының күнделікті тілдік қолданыстарға дейін жетті.
Ғылыми-техникалық стильдің түрлі салада және оның жылдам дамуы осы стильдің өзінде көптеген жанр түрін әкелді. Мысалы, монография, оқулық, оқу құралы, мақала, реферат, каталог, диссертация, анықтамалық,т.б. Аталған жанрларға өзіндік стильдік ерекшеліктер тән, алайда оларды біртұтас ғылыми-техникалық стиль белгілері бойынша топтастырады.
Ғылым тілі лексикасын: 1) жалпы қолданыстағы сөздер; 2)жалпы ғылыми сөздер; 3) терминдік қабаттар құрайды.
Ғылыми мәтінді құрайтын жалпы қолданыстағы сөздер ауқымы мәтіннің қандай оқушыға, яғни қандай ғылыми ортаға арналғанына қарай өзгеріп,түрленіп отырады. Мысалы: 1. Адам проблемасы философия ғылымымен құрдас десе де болады; 2. Коммерциялық ұйым – өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіруді көздейді; 3. Аң аулау үстем тап өкілдеріне көңіл көтеретін, ойын-сауық, тамаша болса, кедейлер үшін өмір сүрудің бір көзі болған. 4. Медицинаның атасы Гиппократ: табиғат – организмге дәрі, ал дәрі-дәрмек оны жолға қояды деп үйреткен. Келтірілген мысалдардан философия, экономика, тарих, медицина ғылым салаларының мәселелері екені оқушы мәтіндегі сөздердің мазмұндық қолданысына қарап түсінеді.
Қандай ғылыми еңбек болмасын, ол жалпы халықтық әдеби тілде жазылуға тиісті, бірақ ғылым саласына қарай тілдік тәсілдердің пайдаланылуы бірдей болмайды. Әр сөз ғылыми стильде өзінің лексикалық мағынасын сақтайды, өйткені бейнелілік, көп мағыналылық ғылыми стильге тән ерекшелік емес. Лингвистикалық ғылыми еңбектерде де термин көп қолданылады. Мысалы:
Мәтін
Акрехин – азоттан синтетикалық жолмен алынған дәрі, безгекке қарсы қолданылады. Суда еритін, сарғыш кристалды, ащы дәмді, ұнтақ таблетке түрінде шығарылады. Безгек плездомиясының (қан паразиті) бірі – шизонттар адам организмінде өсіп-өне келіп, ол безгек ауруын қоздырады. Ал акрехин болса, сол паразиттің өсіп-өнуіне жол бермей тоқтатады...
Бұл мәтіндегі сөйлемдердің баяндауыш формалары үшінші жақ жіктік жалғауымен келген, ғылыми стильге тән медициналық терминдер де көп алынған және біріңғай сөйлем мүшелері арқылы бір затты әр жақты сипаттау, бір затқа түсінік бере кету тәрізді стильдік, дәлдік ерекшеліктер сақталған, ғылыми стильге тән терминдер де жеткілікті.
Ғылыми стильдегі негізі зерттеу нысаны болатын зат пен құбылыс ғылыми негізінде дәлелдеп, түсіндіруді қажет етеді. Ол үшін дұрыс ойлау, логика заңына сүйенеді. Оқушы мен тыңдаушыға түсінікті, дәлелді, тұжырымды болу мақсат етіледі, тілдік тәсілдер ғылым мәселелеріне бағындырыла отырып пайданылады.
Г.В.Матвеева өз еңбегінде сөйлеу әрекеті теориясында сөйлеу актісінің үш құрамдас бөлігінің: 1) локутивті (фразаның айтылу факті); 2) иллокутивті (фразаның әсері); 3) перлокутивті (сөйлеу әрекетінің салдары) шегін айқындау қажеттігін айтады да, мәтін прагматикасын былай анықтайды: “Под прагматикой текста следует понимать аспект функционирования языковых единиц, выбор которых определяется интенциональными воздействующими задачами отправителя текста, учитывающего ситуативные условия акта общения и принятые в данном функциональном стиле нормативные способы употребления языка” [36, 24].
Бұлардың ішінде біздің басты назар аударатынымыз – “иллокутивті мақсат - өз ойын басқаның түсінгенін қалайтын мақсат”.
Автор өзінің мақсатына жету үшін әр түрлі қатысымдық тактикалар қолданылады. Мәселен, автор өз ойының дұрыстығын дәлелдеу үшін шындық фактілерінің бағалануының әлеуметтік нормаларына сүйенеді, ал өз кезегінде әлеуметтік норма мәртебесі (статусы) бұл құбылыстың дағдылы, үйреншікті екендігіне оқушының көзін жеткізеді. Демек, әлеуметтік норма мәртебесі мәтінді қабылдаушыға сенімділік, қостау мәнді әсер етеді. Мәселен, ол 1-жақтың көптік тұлға мәтінде есімдік, тәуелдік және жіктік жалғаулар арқылы беріледі.
“Олай болса, біз неге өте таза жартылай өткізгіштік шикізат алуға тырысамыз? Ол үшін тіпті ғарышта тәжірибе жасауға ғарышкерлерімізге тапсырма береміз. Оның себебі мынада. Белгілі бір сапалы электрондық аспап жасау үшін тек белгілі бір қасиетті қоспалы жартылай өткізгіш қажет. Оны алу үшін тек белгілі бір мөлшерде ғана қоспа қосуымыз керек”. Ал қанша қоспа қосқанымызды анық білу үшін бастапқы негізгі шикізатымыз өте таза болуы тиіс.
Бұл үзіндідегі “біз” жіктеу есімдігі мен соған сәйкес жіктелген “тырысамыз”, “тапсырма береміз” етістіктері көпше түрде келіп, әрекетке әлеумет өкілдерінің кез келгенінің қатыса алатынын аңғартса, тәуелдік жалғаулы “ғарышкерлеріміз”, “шикізатымыз” сөздері қабылдаушыны да бұл нысандарды өзіне меншіктей алатындай етіп, яғни ортақтаса алатындай етіп көрсетеді.
Жазба ғылыми мәтіндерде хабарлаушының оқиға ықтималдығын бағалауы бойынша әсер ету межелерін өзектендіру үшін модальды семантикалы лексикалық құралдар қолданылады. Оқиғаның болу мүмкіндігі межесін өзектендіру үшін мәтінде семантикалық және синтаксистік құралдар пайдаланылады да, ылғи да басқа межелермен қабаттаса қолданылады.
“Егерде есеп беру информациясы тек қана алғашқы информациядан тұратын болса, онда басқару жүйесінің осы буыны ешқандай міндет атқармайды, бұндай буынды алып тастауға болады”.
“Тристордың негізгі вольтамперлік шығыс сипаттамасы жоғарыда келтірілді. Оларға қосымша оның кірістік басқару сипаттамасын да атап өтуге болады”.
Енді ғылыми мәтіндерде жиі қолданылатын ырықсыз етіс категориясы туралы айтсақ, ырықсыз етіс тұлғасында айтылған етістіктің субьектісі арнайы айтылмайды да, іс-әрекет нысанына бағытталып, сабақты етістікті салт етістікке айналдырады . Мысалы:
“Екінші кодалаушы құрылғы – каналдық кодалаушы қосымша элементтерді пайдаланудың көмегімен берілетін информацияның дәлдігін жоғарылату үшін қолданылады. Қосымша элементтер каналдағы бөгеуліктердің пайда болу заңдылығына байланысты қосылып сол бөгеуліктердің әсерінен пайда болатын қателіктерді жою үшін пайдаланылады. Мұндай кодалар бөгеуліктерге төзімді немесе түзетуші кодалар деп аталынады”.
Бұл айтылымда “қолданылады”, “пайдаланылады”, “аталынады” деген баяндауыштар нысанның өзінен-өзі қолданысқа түсетіндігін, пайдаға асатынын, аталатынын емес, осы әрекеттерді міндетті түрде адамның атқаратынын көрсетеді. Сондай-ақ “тағылады”, “айналдырылады”, “салыстырылады”, “сақталады”, “қайта түсіріледі” деген ырықсыз етіс формасымен берілген іс-әрекеттер ашық берілмесе де, оның адам әрекеті екендігі, ал ол әрекетке сол қоғамның мүшесі ретінде әркімнің де, ең алдымен мәтінді қабылдаушының да қатыса алатынын көрсетеді.
Тұжырымдай келгенде, ғылыми стильдегі мәтіннің өзіндік құрылымдық ерекшелігі болады. Біріншіден, мәтіннің мазмұны нақты, белгілі бір тақырып, мәселені хабарлайды. Екіншіден, хабарлау тек баяндау сипатында емес, дәлелдеу, дәйектеу, пікір білдіру сипатында болады. Үшіншіден, әрбір құрылымдағы пікір белгілі оймен тұжырымдалып, дәлелденіп отырылады. Яғни сөйлемдер екі топқа бөлінеді: бірі – теориялық пікір, яғни белгілі бір пікір хабарланады, екіншісі – сол пікірді дәлелдеп тұжырымдайды немесе түсіндіреді. Ал бұл ерекшеліктің бәрі мәтіннің мазмұнына, мәселенің тақырыбына сәйкес топтастырылады.
Сондықтан оқушыларды ғылыми мәтін құрастыруда пәнаралық байланысты, яғни сол сыныпта оқытылатын пәндер: физика, биология, химия, география, тарих т.б. бойынша мәтін құрастыруға жаттықтырылады.
3.3. Публицистикалық мәтін бойынша. Қоғамдағы әлеуметтік және саяси жағдай, тұрмыстық мәселелер сияқты толып жатқан заман құбылыстары әр дәуірдің өз тарихы ретінде хатқа түсіп қатталып қала береді. Қай кезде болмасын олар публицистикадан көрініс табады. Қоғамдық мәселелерді сөз етуіне қарай, публицистика көркем әдебиетке де ұқсас келеді. Оның да жанрлық ауқымы кең, көркемдік қуаты мол.
Қазақ публицистика стилінің пайда болып, қалыптасып, дамуында газет тілінің, олар атқарған, атқарып отырған әлеуметтік-қоғамдық қызметтері түрлерінің (ағартушылық, ақпараттық, әдеби тілді жетілдіру) әсер-ықпалы мол екенін білеміз. Ал публицистикалық стильдің негізін құраушы газет тілінің арнаулы ғылыми зерттеу нысаны болуының себептері мынадай:
-
газет - әдеби тілді дамытып, сөздік құрамды толықтырып, молайтып, байытып отыратын қайнар көздердің бірі.
-
газет ауызекі сөйлеу тіліне де, жазба әдеби тілге де ықпал етуші ақпарат құралы (бұл құбылыс керісінше де жүріп жатады).
-
газеттің әдеби тілдің функциональдық стильдерінің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі зор.
-
газет – тіл мәдениетінің көрсеткіші.
-
газет – тілдегі сөзжасам саласының пәрменді құралы.
-
газет – термин қалыптастыру мен бейтерминденуі үдерісі жүруіне, сол арқылы тілдегі синонимдер қатарының пайда болуына мүмкіндік береді.
Публицистика ашық түрде үгіт насихат жүргізеді. Мұнда сендіру, иландыру ықпал ету басқы негізінен мынадай ерекшеліктері бар. Олар:
-
Айтылатын, жазылатын материал дерекке негізделеді. Тіпті ресми деректерге сай болуы тиіс.
-
Оқырман үшін ұсынылатын материал барлығына түсінікті болуы керек.
-
Қай жанрдағы түрі болсын, оқушыға әсерлі, яғни ықпалы болуы тиіс.
-
Ұсынылатын дерек көзі оқырман үшін жаңа болуы.
Публицистикалық мәтін ерекшеліктері мен қызметін былайша нақтылауға болады.
1.Түрлі оқиға, факті мен жағдаят туралы оқырманға тыңдаушы мен көрерменге хабар жеткізу арқылы танылатын информациялық-ақпараттық қызметі;
2. Белгілі бір факті, дерек туралы хабардар етіп, түсінік-коментарийлер, баға беруге, талдау жасауға ұштасып жататын коментарийлық-бағалауыштық қызметі;
3.Қандай да бір мәдени, тарихи, ғылыми сипатты информациямен таныстыру барысында сол информацияны қабылдаушының таным-түсінігін, білім-біліктілігін арттыруға септесетін – ағартушылық-танымдық қызметі;
4.Қоғамдық пікір тудыру, оны қалыптастыру, адамдардың көзқарасын кеңейту және қоғамда болып жатқан инверсиялық өзгерістер мен науқандық, әлеуметтік-саяси акцияларды ұйымдастыру, өткізу кезінде, қайта құрулар мен ірі саяси оқиғалар, төңкерістер тұсында қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер ету функциясы:
Осы сынды мәліметтерді негізге ала отырып, газет мәтіндеріне де жиілікпен қолданылатын сөздерді іштей екі топқа бөлуге болады:
-
Жалпыгазеттік сөздер. Бұл сөздер газеттегі белгілі бір тақырып немесе жанрмен, белгілі бір газетпен байланыстырыла қарастырылады. Айталық, ел, халық, мемлекет, демократия, саясат, ынтымақтастық, ұлт, топ, қоғам, халықаралық жағдай, пікір, жетістік, үлес, дағдарыс т.б. атаулар барлық газет атаулыда барлық жанрларда ұшырасады.
-
Белгілі бір тақырып, белгілі бір жанр түрімен байланысты қарастырылатын сөздер тобы. Бұл сөздер мәтіндегі айтылар ойды жеткізу мақсатында қолданылатын оңтайлы атаулар түзеді. Мысалы, ғылыми тақырыпқа жазылған мақалалар болса, термин сөздер қатары мол болады. Газет лексикасының осы тобына ауызекі сөйлеу тілі элементтері, диалектизмдер, әлеуметтік диалект элементтері де кіреді. Бұл сөздер тобы ерекшеліктері бір ғана мәтін бойынша статистикалық санау жолымен бүкіл газет атаулыға тән жиі қолданылатын сөздер қатарын анықтаудың мүмкін еместігін, ондай әрекеттің біржақтылығын көрсетеді.
Газетте жиі қолданылатын тілдік бірліктерге тән мағыналық компоненттерінің ерекшеліктеріне мыналар жатады:
-
газетке тән типтік қоғамдық-саяси лексика негізін идеалды сөздер құрайды;
-
коннотативтік және эмотивтік компоненттер мақсатты түрде қолданылады;
-
газеттегі экспрессивті-эмоционалдық мағына эвфемизм, дисфемизм, жаргон, табулар арқылы жағымсыз мәндер беруге қызмет етеді;
-
сөз мағынасына тән басқа функционалды-стилистикалық ерекшеліктер мағыналық компоненттер қатарына жатпағанмен, газеттегі сөз және оның қолданыс сферасына қосымша мәліметтер береді.
Публицистика мәтіндерінің түрлерін тақырыптық, жанрлық, мазмұндық жағынан саралай келе, ондағы лексикалық қабаттардың әркелкілігі, грамматикалық ерекшеліктері, бағалауыштық лексиканың молдығы сияқты тілдік деректер байқалады. Атап айтқанда:
-
Лексикалық қабаттардың өзгерісі жаңа сөздермен толығуы, керісінше көне сөздердің жаңа мағына алуы; бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа терминдер мен терминдік тіркестердің балама немесе калькаланған түрлерінің көбеюі;
-
Грамматикалық тұлғалардың публицистика мәтіндерінде кейбір қолданыс ерекшеліктерін атауға болады. Мәселен, сөз таптарының ішінде аса өнімді жұмсалатын зат есім содан кейін етістік. Себебі зат есімдер арқылы номинативтер (атаулар) көбірек қолданылады және бағалауыштық лексика түрінде де жиі кездеседі. Қосымшалар арасынан –уда, -уде құранды қосымшасы жиілігімен байқалды. Сондай-ақ етіс категориялары ішінде ырықсыз етіс тұлғалы сөздер жиі қолданылады. Ал өткен оқиға туралы хабарларды тез жеткізу қызметін иеленетін өткен шақ етістік тұлғалар да пайдаланылады. Мысалы:
Бұл тұлғалар, тілдік бірліктер публицистикалық жанрдың мынадай түрлерінде ерекшелікпен қолданылады:
1. Репортаж тура автордың көз алдында болған оқиғаны айту, жеткізу десек, ондағы оқиғаға өз жеке көзқарасы мен авторлық бағалау қоса беріледі.Мысалы:
Әкім облыс аумағындағы бір қатар өзгерістер мен жетістіктер, жалпы халықтың әлеуметтік ахуалы жөніндегі пікірлермен ой бөлісті. Бұдан кейін сапар Атырау облыстық тарихи-өлкетану және өнер мұражайларына жалғасты. Әрбір тасынан тарихтың иісі аңқып тұрған киелі Атырау өлкесіндегі ендігі сапарлар ірі өндіріс орындары мен аудандарында жалғасын таппақ. (газет).
2. Очеркте оқиға мен дерек тек жай баяндалып қана қоймайды, мұнда жазылған мәселеге орай, автор оқиғаны дамытып жалпылама ой түйеді. Мысалы:
Сонан соң өзі қой жайып, жылқы қайырып кетпесе де бар шаруаның басы-қасында жүрді. Сөйте жүріп кешегі кей мал мамандарының өмір бойы мал соңында келе жатқан қойшы, бақташылардың керенау қылықтарына, яғни оятпасаң түске дейін ұйықтауға бейілді жалқаулығна таң қалатын. Бұл не сонда: қазақы марғаулық па, жоқ әлде кешегі қоғам мүддесі, қоғам дүниесі деген немкеттіліктен қалған ескі ғадет пе? Ал жасынан талап пен тәртіп рухында тәрбиеленген бұл үшін оның бәрі жат еді. (газет).
Очерктің кейіпкері мен оқиғасы құжаттық дәлелі бар нақты дерекке негізделеді. Мұнда әңгіме жанрындағыдай әлдебір ойдан шығарылған дүниелер емес, очеркті өмірде бар адам және оның іс әрекеті суреттеледі.
-
Публицистика жанрында фельетон шындық болмысты әжуалап көрсету жағынан ерекшеленеді. Сатирадағы тілдік қолданыстар стильдік контрастар мен әсірелеу сияқты көркемдік құралдардан тұрады.
4.Оқушылардың өзіндік ойын дамытып, білім дәрежесін, тіл мәдениетін айқын көрсететін жазу жұмысының бірі – мақала жаздыру. Өйткені, мақала жазғанда оқушы алған тақырыбына қатысты құрғақ фактілердің басын құрап қоймай, белгілі сюжет құрап жазуға, оған тілдік құралдарды таңдауға тырысады.
Мақала жазу үшін оқушылар айналасында болып жатқан сан түрлі оқиғаны, құбылысты,өзгерісті тақырып етіп алуларына болады. Мысалы, музейге, табиғат аясына жасалған экскурсияларды, еңбек сабағы, үлкендерге көмегі, достық, жолдастық, адамгершілік қарым-қатынастарын, мектеп өмірі, жастар ұйымдарының жұмыстарын т.б. алуға, жаздыруға болады.
Мұндай тақырыпта мақалалар жаздыру, оқушылардың сөз қолдану, сөйлем құрау шеберлігін шыңдай түсіп, тіл стильдерін түсінуге баулиды. Сондықтан да тіл стильдеріне байланысты жиі мақала жаздыру қажет.
Мақала жазып үйрету, жаттықтыру арқылы оқушылардың білімін күнделікті жұмыстарымен байланыстырып отыруға болады. Әсіресе, газеттеріне мақала жаздыру, радиоторабы арқылы хабар беруде мақала жаздыру т.б. ал оларды жаздыруда олардың қалай жазылуына, тілдік құралдарына, стильдік ерекшеліктеріне көңіл аударылып отырылады. Нәтижеде оқушылар өз ойын тұжырымды, нақты беруге төселе бастайды.
Мақала жаздыру арнаулы сабақ ретінде де үйретіліп отырылған грамматикалық тақырыптарға байланыстырыла ұйымдастырылады. Мысалы, лексиканы өту кезінде оқушыларға тірек сөздер беріп, ол бойынша шағын мақала жазуға тапсырма беруге болады. Мақала жазу грамматикалық материалдармен байланыстыру мақсатымен синтаксисті өту кезінде жиі ұйымдастырылады. Онда жай сөйлемнің түрлеріне, құрмалас сөйлемнің түрлеріне сай етіп құру талап етіледі. Мақаланы берілген бір мәселе бойынша жазуға төселдіруде төмендегіше жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Мысалы, тірек сөздер беру арқылы, картиналар арқылы, мектепте өткізілген, өздері қатысқан оқиғалар бойынша, арнаулы тақырып бойынша т.б.
Қорыта келгенде, публицистикалық мәтін құрастыру олардың тілдік құралдарының ерекшеліктері бойынша жаттықтырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |