Кіріспе Зерттеу жұмысының өзектілігі


Көркем мәтін құрастыру арқылы



бет5/6
Дата10.06.2016
өлшемі459.5 Kb.
#126366
1   2   3   4   5   6

3.4. Көркем мәтін құрастыру арқылы оқушының жазбаша тілін дамыту. Көркем тіл стилі қазақ тілінің басқа да функционалдық стиль түлерінен ерекше эстетикалық қызметімен ажыратылады. Егер сөйлеу тілі коммуникативтік функция – қарым-қатынас қызметін, ғылыми және ресми тіл — баяндау, хабарлауды жүзеге асырса, көркем тіл стилі оқушы мен тындаушыға эмоционалды, бейнелі, яғни эстетикалық әсер ету функциясын атқарады.

Көркем бейнелі тіл айналадағы әдемілікті, қайталанбас ғажап құбылыстарды суреттеу арқылы сезімге әсер етеді, ал ғылым қара сөзбен жазылса да ол адамның ақыл-ойына белгілі бір дәрежеде ғана ықпалы бар. Оқушыны білсем, көрсем деген ізденуге жетелейді. Ғалымдар ұғыммен ойланады оны сараптайды, суреткер (жазушы, ақын) образдармен қиялданады. Біріншісі - ақылға салып талдайды, дәлелдейді, ғылым нәтижесін ұсынады, ал екіншісі - бейнелейді, көрсетеді, сөзбен сурет салады.

Көркем мәтінде жазушының жеке тұлғасы оның эстетикалық қызмет түріне байланысты. Психолог-ғалым А.А.Леонтьевтің пікірі бойынша, эмоция ерекшеліктері объект қызметінің психикалық жағын көрсетпейді, субъектінің болған немесе болатын оқиғаға жеке баға беретін белгі ретінде қызмет етеді [37].

Психикалық қызмет, соның ішінде эстетикалық қызметтің құрылымы, Л.С.Выготскийдің пікірі бойынша, саналы эмоция құрылымына сәйкес. Сондықтан шығарма өнерін "қоздырушы, эстетикалық ықпалды жасау үшін саналы және әдейі ұйымдастырылған жүйе ретінде қарастырыу керек". Яғни эмоциялық тіл бірліктері автор ойын көрсететін көркем мәтіннің қоздырушысы болып табылады деп санап, ғалым өз тұжырымын әрі қарай былай таратып айтады: "Көркем шығарманың ерекшелеу болып субьективті қабылдау емес эстетикалық эмоция болып табылады; біздің ойымыздан туындайтын субьективті ұғыну- поэзияның арнайы көрсеткіші болып табылмайды, ол тех жалпы ұғыну белгісі. Біздің әрқайсымыз басқа адам сөзін тыңдай, ұғына отырып, сөздер мен мағынасын өзімізше қабылдаймыз, сөз мағынасы әр кез көркем шығарма мағынасына қарағаңда белгілі мөлшерде субъективті болады" [38,59]

Көркем шығарма тек талданып қана қоймайды, сонымен қатар өз ішкі дүниеміз арқылы басымыздан еткен оқиға ретінде әр түрлі қабылданады. Сондықтан Л.С.Выготский: "ең объективті, нағыз бейнелеу өнері... — шын мәнінде көркем форманың ерекше эмоциясы, ал өнер форма басталған жерден басталады, өйткені форма кез келген көркем шығармаға тән, форманың ерекше эмоциональдығы көркем айтылымның қажетті шарты", — деп қорытады [39].

Сонымен, тіл бірліктері арқылы берілген эстетикалық эмоция (сезім) көркем мәтіннің мағыналық компонент және осы мағыналы құрудағы маңызды компонент. Бірақ көркем мәтін қабылдағанда қабылдаушы үшін ол тіл формаларының элементтері арқылы анықталады. Мысалы: Енді ол арт жағынан оқ тиген қасқырдай ышқынып зытып кетіп барады. Бірақ көлденең соғып жіберген Ревякин бөлімінің гранатасынан бір ғана лоқсып қап, танк тұрып қалды. Қазір қалың қара түтінге оранып лап береді. (Ғ.Мүсірепов)

Көркем мәтіннің тілдік ерекшелігі туралы оқушыға мәлімет беруде оның мынадай тілдік ерекшеліктерін үйретеміз

Көркем мәтінде доминанттардың мынадай іске асу тәсілдері бар:

1) жасырын тірек сөздің түзу бойымен күшейтілуі;

2) тірек сөздердің күрделі өзара әр түрлі іс-әрекет опозцияларымен оппозитивті ұйымдасуы;

3) семантикалық аяның өзара іс-әрекеті; а) қарама-қарсы қоюшылық, ә) қондырғы ретінде, б) қиып, кесіп өту;

4) тірек фраза - мәтін аясының әрекетінің жеке жағдайы.

Жазбаша мәтінді жаттықтыруда мұғалімнің алдында төмендегідей міндеттер тұрады: тірек сөздің тұтас шығарманың құрылымдық-мағыналық элементтері мен ішкі байланысын ашу және мәтіннің бейнелі-тілдік жүйесін ұйымдастыруда сүйенетін сөздер ретінде қалай қатынасатынын көрсету, тірек сөздің семантикалық құрылымын және сол жазушы шығармаларындағы идеялы-тақырыптық ұйымдастырушылық эстетикалық "қосымша өсушілік" байланысын сипаттау. Тірек сөз бүкіл контекстегі тұтас шоғырланған өзекті сөздер ретінде, тіпті кең мағынада — автордың идеялық-эстетикалық тұжырымы (көзқарас жүйесі, пікірі). Жазушы шығармасында тірек сөз мәтіннің көркемдік-тілдік кұрылымын қалыптастыратын тәсілдердің бірі ретінде қызмет ететіндігін игертеді.

Мысалы, Т.Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" романынан үзінді келтірсек:

"... Менің де тілімді байлап қалған сол "ұят" деген құрғыр еді. Ұят" деген сөз есімді білер-білместен-ақ құлағымды сарсытқан қыз балаға үлкендердің үстіне кірген де ұят, секектеп жүргірген де ұят, жігітпен құшақтасып сүйісу тұрсын, оның бетіне қарап күлген де ұят. Каршадайымнан сұм едім, осының бәрін біреу көріп біліп қойса, қаңқу сөз боп кетсе ұят, ал ешкім көрмесе, ішінде ит өліп жатса да біразының-ақ ұяла қоймайтынын сезуші едім. Сол ұятты көп айтатындар өз арының алдында, сірә онша ұяла қоймайтын болар: өйткені сөздерінің сықпыты да: "ойбай-ау, біреу көріп қалса ұят қой,, жұрт естісе масқара ғой" деп келетін "жұрт не дейдісі" және бар... ұяламын деп Абанды ұялтып жібердім…

Осы мәтін ұят ұғымына құрылған, ол мәтінге тіректік сөз ретінде сипат береді. «¥ят» сөзі өзек болып, жас қыздың қимыл-әрекеті, кейбір адамдардың соны біле тұрып жат қылықтар жасауын білдіретін жалғандық осы сөз төңірегіне тізбектеліп, сөйлемдердің стильді қызметін білдіретін мәтінге тірек ұғым берген.

Р.А.Будаговтың жіктеуіне сай тірек сөздің үш типін ажыратуға болады: 1) тірек сөз мәтінде бірден көзге тез түспейді, тек аздап көрінеді; 2) тірек сөз тұтас нысанның эстетикалық, бір бөлігінде ғана басым болуы мүмкін; 3) тірек сөздің іс-әрекеті бүкіл мәтін бойына жайылады [40].

Тұжырымды-мағыналы тірек сөзді табуда олардың мәтін түзудегі қызметін түсінуге көмектесетін мынадай әдістемелік амалдарды көрсетуге болады:

1) тірек сөзді мәтіннен табу, ең алдымен әдеби шығарманың мазмұнын талдау барысында ең басты бейнелі идеяны ашуда және сөздік-көркемдік кұрылысын қалыптастыруда іске асады;

2) ең басты сөз көркем мәтінде өзінің айналасына бағыныңқы сөздерді шоғырландырады да, әр тармақтан тұратын синоним және антоним қатарлы жүйесін қалыптастырады. Сондықтан тірек сөзді таппас бұрын, эстетикалық нысанның барлық сөздігін мәтіндік талдаудан өткізіп, оның бейнелі-эмоциялық жүгін анықтау керек;

3) тірек сөз функциональды лексика-семантикалық ұғымдарды береді, олардан тұтас құрылымдық мағыналы элементтен әр бағытта семантикалық байланыс тарайды;

4) сөздер контексте өздеріне қосымша мағына жамайтындықтан, өздерінің жалпы тілдік мағынасын тұтас эстетикалық мазмұнға қарай "бұрады", сөйтіп зерттеуші оларда пайда болатын "өсімшені" зерттеуі керек;

5) жазушы көптеген лексика-семантикалық жаңа пайда болған элементтерді кең пайдалана отырып, өзінің жеке дара бейнелі тәсілдерден тұратын сөздік көркемдік жүйесін қалыптастырады. Осы жүйесінде тірек сөздер маңызды орын алады, олар контекстің идеялы-көркемдік бірлігін қалыптастыруға қатысады. Тірек сөз фактор кұрайтын жүйе ретінде белгілі бір жазушы шығармаларында тұрақты кұрылымдық-семантикалық белгілер түзеді.

6) тірек сөзді бөліп-жарып көрсетуде белгілі бір ұғымдарға ерекше көңіл аудару тұрғысынан туындау керек. Сондықтан тірек сөз дара көркем бейнені шынайы түрде бейнелеуге көмектеседі, ықпал етеді, сонымен қатар автордың идеялы бағытын, жолын көрсетеді.

Тұжырымдай келгенде, 5-10-сынып оқушыларына көркем мәтіннің тілдік құралдары туралы мынадай көлемде білім беріледі де, нәтижеде көркем мәтін құрауға жаттықтырылады.

Көркем әдебиет стилі ой мен сезімді образдар арқылы бейнелейді. Соған лайықты сөздер, сөз тіркесі және синтаксистік оралымдар пайдаланылады. Жалпы алғанда, көркем әдебиет стилінің мынадай ерекшеліктері кездеседі. Сөз арқылы автор көркем образ жасайды. Баяндамайды, суреттейді. Сондықтан тілдік құралдардың көркемдік, бейнелік және суреттеме қасиеттерін жан-жақты аша түседі.

Көркем әдебиеттің тілі экспрессивті және эмоциональды болады. Жазушы оқушыға көркем образ арқылы әсер етеді. Көркем әдебиет стилі тіл стильдерінің басқа түрлерінде көбірек кездесетін сөздер мен формаларды өзінше құбылтып, өз мақсаттарына лайықты пайдаланады. Көркем шығармада сөздерді түрлі ауыспалы мағынада қолдану жиі ұшырасады.Үлгі:

Бақтығұлға алғашқы күндерден бастап-ақ суық хабарлар жетіп жатты. Сьезд басында болыстың өзі де бар еді дейді. Сьезд басында билер кілісіміне өлгенше қатал. Кесік үлкен. Шалқардың атқа мінген билері мен жуандары болып, болысты ортасына ала отырып, ұрыны аямасқа “аруақ-құдай” десіп аттаныпты. Кеңесіп отырып, жиырма кісіні “ұры” деп қаттап алыпты деген сыбыс бар. (М.Әуезов).

Көркем әдеби стильде бейнелеуіш, суреттеме құралдар: теңеу, метафора, метонимия, эпитет, синекдоха т.б. жиі кездеседі.Үлгі:



Биылғы сықырлаған аязсыз, құтырынған борансыз жұмсақ басталып еді. Мал әлі жайылымда, жаз қызуы бойда, бүрсеңдер кездің белгілері әлі білінген жоқ-ты. Әр үйдің алдында аңға шығып қайтқан жарау аттар қаңтарулы тұр. Әр үйдің төбесінде кергіштеп тізген қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілері ата-бабадан қалған ескі таудай бұлғаңдайды. (Ғ.Мүсірепов).

Көркем әдеби стиль тілдің көркемдегіш құралдарын – градация, перифраз, қайталау, инверсия, антитеза және т.б. еркін пайдаланады.

Дала толы ән де үн… Бусанған жердің көзіне көрінбейтін мың түрлі жан иелері түгел оянып, үн қосып өмірге талпынатын сияқты. Жер бетінде тұтаса шыққан бір шың бар. Тал жібектей балбыраған әрбір көк шөп ән салып тұрғандай. Кішкене өзеннің өн бойын өрлей біткен күрке-күрке көрінген құба талдар да тып-тыныш, тобылғы мен баялыш жамылған күйінде, бүгін ғана пайда болғандай қызықтырады. Дүние бір ұйқысы қанып оянған жас баладай, балғын да ерке: құшақтағаныңды, иіскелегеніңді күтеді. (Б.Майлин).

Тұжырымдағанда, әр жазушының өзінің талғамына қарай, өзіндік сөз тіркестеру, сөз қолану тәсілі бар. Жазушының стиль ерекшелігі оның өзінің өмір танымына, шығармасының идеялық мазмұнына сай жалпы халықтық тіл қазынасын қалай меңгеріп, оны қалай қолдана білгендігінен байқалады. Мұндай ұғымдар мен түсініктер Ү-ІХ сыныптарда жеке ақын-жазушының бағдарламалық шығарма мәтінін талдауда: оның композициясын, стильдік ерекшеліктерін тілдік құралдарын игертуде беріледі.

Оқушыларға көркем мәтін құрастыруда, көбіне қанатты, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді қолдануды үлгі еттік. Көрнекті психолог М.М.Мұқановтың айтуынша, “Мақал-мәтелдер психикалықтың өзі емес, сол үдерістердің іріктеліп, сараланып қалыптасқан жемісі” болып табылады [41,17]. Біз М.М.Мұқановтың ізімен жүре отырып, мақал – конкретті (нақты) жағдайдың өзін емес, мазмұнның мәнін топтап білдіреді деп санаймыз. Сондықтан мәтін құрастыруға жаттықтыру үшін мәтін мазмұнын мақал-мәтелдердің негізінде, ой-пікіріне орай жүргізу тиімді болып табылады. Мәселен, оқушыларға көптеген мақал-мәтелдер талдауға ұсынылып, мәтіннің құралуы мен жинақталуы, компрессияланған мәтіннің кері жайылыңқылануы үдерісіне бақылау жасатылды.

Тек тілдік талдау ғана емес, қазақтың мақал-мәтелдері арқылы ұлттық ойлау және ұлттық дүниетаным, ұлттық сөйлеу тілі ерекшеліктері туралы білім берілуі де мақсатымызға енді. М.М.Мұқанов былай деген: “Мысалы, қазақтың бұрыннан келе жатқан “Көз жеткізер, көз жеткізбегенді сөз жеткізер” деген мақалын талдап көрейік. Бұл мақал дүниені көзбен, яғни тікелей сезіммен танып-білу және соны сөзбен (абстракты оймен) танып-білу деген мағынаны білдіреді. Бұл мақал Үнді-Еуропа тілдерінде сөйлейтін елдің бірінде кездеспейді. Әрине, олар да дүниені көзбен танып-білуді ажыратады. Дегенмен, бұл қағиданың өзі сол тілдерге философтардың зерттеуі арқылы енген” [41,17].

Орыстың белгілі әдіскер-ғалымы Н.М.Шанский мәтінді тілді оқытуда қолдануға үлкен мән береді: “Придание тексту статуса основной единицы содержания обучения усиливает образовательные и воспитательные возможности языка как предмет обучения. Ведь в тексте как речевом произведении отражаются факты и особенности национальной культуры. В этом смысле можно сказать, что текст – зеркало национальной культуры. Особенно ярко проявляется в художественных текстах: поскольку художественный текст выступает не столько как носитель и источник обьективной информации (как зеркало культуры в широком смысле слова), но и как носитель и источник собственно языковой, интерлингвистической информации; текст – языковая форма отражения и фиксации национальной культуры” [42,71].

Әдеби тіл стильдері бойынша жазбаша мәтін құрастыру барысында оқушылардың икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру үшін мынадай жұмыс түрі ұйымдастырылады.



4. Мәтінді жетілдіріп қайта жазуға төселдіру. Берілген мәтінді жетілдіріп қайта жазу арқылы оқушылар өз тіліндегі кейбір стильдік қателерді болдырмауға дағдыланады. Сонымен бірге мәтінді жетілдіріп қайта жазуға жаттықтыру – стилистикадан білім мен дағды берудің үшінші кезеңі, атап айтқанда, алған білімін өз тәжірибесінде қолдана білуді мақсат етеді.

Мәтінді жетілдіріп қайта жазу екі бағытта жүргізіледі: 1) стильдік қатені түзету, 2) редакциялау және жазғанды қайта жетілдіру.

Шығарма мазмұны мен формасы жағынан бір-біріне тығыз байланысқа түскен бірнеше құрамды бөліктерден тұрады. Тұтас бірліктің әр бөлшегі сөйлем болып табылады. Әрбір сөйлем мағынасы жағынан бір-бірімен байланысқа түскенде ғана шығарма мәтінін құрамақ.

Шығарма талапқа сай болып шығу үшін, оны жазуда мынадай ережелер басшылыққа алынуы тиіс. Бұлардың ішінде ең маңыздысы – шығарма мәтінінің дұрыс құрылу нормасын сақтау. Оқушыларға шығарма жазу дағдысын қалыптастыруда мәтіннің тұтастығы мен бірлігін сақтай отырып құруды үйреткенде ғана нәтиже шықпақ.

Бала шығармасының композициялық құрылысын зерттеуді ең алғаш, шығарма жоспарын талдаудан басталмақ.

Бұл жерде оқушылардың хабарлау, суреттеу және пікірлеудің нысанасы болып табылатын заттар мен құбылыстардың қасиеттерін талдау, мәтіндегі оқиға желісін жүйелі байланыстыра білу және шығарма жоспарын түзу дағдыларының қалыптасуын зерттеу де маңызды роль атқарады. Сондықтан оқушыларды мәтінді жетілдіріп, қайта жазуға төселдіру үшін мәтінді талдап, қателерін анықтап алу керек. Сондықтан талданған шығармалар ішінде жазбаша сөйлеуге қойылатын талапқа сай және сай емес мәтіндер де алынады. Мәселен №77 орта мектебінің 5сынып оқушысы Н.Сәуленің “Мен неге көктемді сүйемін?” деген тақырыпта жазған шығармасы.



Көктем шықты. Күн ұзарып, түн біртіндеп қысқара түсті. Күн жылынды. Табиғат тіріле бастады. / көктем белгілері/. Аралар ұшып –қонып жүр. Құстар ұшып келді. Оларға қиын болды, ұя салып шырылдап жүр/ көктемгі құстар мен насекомдар/. Өзенде балалар балық аулап жүр. Көбісі шомылғысы келеді, бірақ су әлі мұздай/ балалардың көктемгі іс-әрекеттері/. Жақында Наурыз мерекесі болады. Көктем қандай жақсы!

Бұл шығармада негізінде төрт түрлі көктем көрінісі баяндалған:



1.Көктемнің белгілері. 2.Көктемгі құстар мен насекомдар. 3.Көктем мезгіліндегі балалардың іс-әрекеттері. 4.Көктем мерекесі Наурыз және оқушының пікірі.

Сәуленің шығармасындағы болар мазмұны жағынан да, формасы жағынан да бір-біріне өз дәрежесінде байланыспай тұр. Мәтін бірнеше құрамды бөліктерден тұрса да оқушы оларды жеке-жеке қайырымдарға ажыратпай, әрбір ойды азат жолдан бастап жазбай тұтас мәтін еткен.

Шығармада ара жігі ажыраталмаған бөлімдер болмағандықтан, мазмұн көмескі әрі жүйесіз. Міне сондықтан мәтін мазмұнын құрайтын сөйлемдер мен қайырымдар арасында байланыс орнамай тұтастық қасиет таныта алмайды. Олардың әрқайсысы жеке-дара күйде тұрып алды-артындағы сөйлемдермен сабақтаспаған.

Соның нәтижесінде шығарма мәтінінің мазмұнын құрайтын пікірлердің орын тәртібі бұзылған. Мысалы: “Аралар ұшып –қонып жүр. Құстар ұшып келді” деген екі сөйлемді қалай орналастыру керек? Әрине табиғат заңына жүгінетін болсақ құстар ұшып келген соң ғана аралар қысқы ұйқыларынан оянып, тіршілік қамына кіріседі. Яғни құстар жөнінде жазылған сөйлем алғаш орналасуы тез екені даусыз мәселе. Оқушы шығармасының қорытынды бөлімін: “Көктем қандай жақсы!” деп аяқтаған. Ал оқушы бұл жұмысты жыл мезгілдерінің ішіндегі көктем неліктен тамаша екені жайында еш нәрсе айтылмаған. Сондықтан оқушының жасаған ой қоытындысы сенімсіз шыққан.



Сәуле көктемді не үшін ұнатады? Бұл мезгілде болатын жыл басы мерекесі болатын Наурыз үшін бе? Немесе күн жылынып, жуық арада суда шомылатындықтарынан ба?

Шығарма мазмұнынан бұл сұраққа да мардымды жауап таба алмаймыз. Оқушының шығарма мазмұнында келтірілген көктем белгілері мен Наурыз мейрамы ол үшін жағымды эмоция тудыратынын пайымдаймыз. Алайда бұл біздің тек сырттан шамалауымыз ғана. Өзі келтірген ой қорытындысын тоық қанды дәлелдеп шыға алмауына байланысты, мынаны айтуға болады:

1.Шығарма белгілі жүйеге негізделмеген; 2) жұмыс тақырыбы талап еткен жоспар бойынша өрбімей, көктемнің кейбір белгілерін ғана саралаумен шектелген; 3) шығарманың ойдағыдай шықпауынан басты себептерінің бірі – жұмыс жоспарының болмауы.

Шығарманың солғын шығуының төртінші бір белгісі: бір сөздің не тіркестерінің бірнеше рет қайталануы. Мысалы: аралар ұшып-қонып жүр; құстар…шырылдап жүр; балалар балық аулап жүр. Мұндағы көсемше тұлғалы сөзбен жүр көмекші етіктістіктің тіркесі мәтінде бірнеше қайталанып, шығарма тіліне нұқсан келтірген.

Шығарманы жоспарсыз жазудың нәтижесінде оқушының мәтін түзуде көптеген қателіктерге ұшырайтынын, атап айтқанда, сөйлемдер мен қайырымдар байланыссыз, соның нәтижесінде ондағы іс-әрекеттер мен оқиғалар жүйесіз баяндалатынын көруге болады. Мысалыға, Ордабасы ауданындағы № 65 мектебінің 6 сынып оқушысы А.Ләззаттың “Көктем келді ”деген тақырыбына жазған шығармасын келтірейік:

Көктем келді. Арықтардан сулар аға бастады. Жылы жақтан құстар ұшып келді. Ағаштар бүршік шығарып, алғашқы жапырақтар көрінді. Шатырдағы қар еріді. Дала жылынды. Қылтиып алғашқы көк шөп шыға бастады.

Қыста өзенде мұз қатқан болатын. Көктем келген соң, мұз еріді, Балалар құстарға арнап ұя жасады. Балалар шалшық суға қағаз қайықтар жасап жүздіреді. Бір бала келіп:“балалар , өзен тасып жатыр”,– деп хабарлады. Олар су тасқынын көруге өзенге барды. Кенет олар мұз үстінде ағып бара жатқан итті көрді. Ол бір мұздан екінші мұзға ырғып, жағаға шықты. Балалар үйлеріне келіп көргендерін ата-аналарына айтты. Көктем кандай тамаша!

Көріп отырғандай, оқушы мәтінді екі қайырымға бөлген. Яғни, шығарма екі құрамды бөліктен тұрады деп есептейді. Алдыңғы талданған шығармаға қарағанда, бұл бір шама ілгерілегендік болып табылады. Алайда бұл жұмыстан екі бөлінгендегі іс-әрекеттері мен оқиғаларды баяндауда жүйелілік пен бірізділік жоқ. Сондықтан оның әрқайсысына тақырыпшалар қою мүмкін емес.

Оқушы бірінші бөлімінде көктем жайынді өзіне таныс белгілерді, ерекшеліктерді санамалап келтірген де қойған, мәтін құрамындағы сөйлемдер ретсіз, қалай болса солай орналасқан. Олар бір бірімен көбінеше параллельді байланысқандықтан, орындарын қалай орналастырсақ та болады. Мысалы, үшінші сөйлем мен (жылы жақтан құстар ұшып келді) төртінші сөйлемдердің (Ағаштар бүршік шығарып, алғашқы жапырақтар көрінді) орын тәртібін ауыстырғанмен мәтін мазмұнына нұқсан келтірмейді.

Ал шығарманың екінші бөлімінде бірінші бөліміндей көктемнің шығу үдерістерін баяндау емес, мұнда балалардың көктемге тән іс-әрекеттері, өзеннің тасуы, сонымен бірге шығарма тақырыбына қажетсіз мұз үстіндегі ит жөнінде сөз етілген. Басы артық баяндаулар шығарманың сапасына нұқсан келтіреді. Сондықтан шығарманың екі бөлігіндегі материалдар бір-бірін толықтырып, сатылай дамып отыруы тиіс. Көп сөзділік, дәлелсіз жалпылама, үстірт пайымдаулар шығарманың әрін кетіретін жайлар.

Шығарма бөліктеріндегі сөйлемдердің өзара келетін болсақ, мұнда, яғни бірінші қайырымда алты жайт, бір құрмалас сөйлем кездеседі. Бұл сөйлемдерді оқушы жүйелі тәртіппен орналастырмаған. Ал шын мәнінде табиғаттың дамуы өзгру, шындыққа сиымды заңдылығы тұрғысынан қарағанымызда алғашқы қайырымдағы сөйлемдер мынадай тәртіппен орналасуы тиіс.

Көктем шықты.(Оқушының “Көктем келді” деген сөйлемі дұрыс емес.) Күн жылынды. Үй шатырындағы қар еріді. Арықтардан су(сулар – дұрыс емес, оған көптік жалғау жалғанбайды)аға бастады. Бұл жерде енді себеп салдарлық байланыс жүзеге асты.“Күн жылынды”– себебі болса, “Үй шатырларындағы қар еріді” оның салдары болып есептеледі. Яғни күн жылынғаннан соң қар еритіні заңдылық. Жылы жақтан (дұрысы -жақтардан) құстар ұшып келді. Ағаштар бүршік шығарып (дұрысы – атып),. алғашқы жапырақтар көрінді. Қылтиып алғашқы көк шөп шыға бастады.

Логикалық тұрғыдан алып қарағанда шығарманың бірінші қайырымындағы сөйлемде осылай орналасуы тиіс.

Бұл қайырымда оқушы екі түрлі ойды баяндайды. 1. Ерте көктемнің белгілері; 2.Құстардың келуі.

Мәтінге қойылатын негізгі талаптың бірі әрбір жаңа ой азат жолдан басталып жазылуы тиіс. Оқушы бұл талапты орындамаған.

Шығарманың бұл бөлігі мына төмендегі екі қайырымға ажыратылуы тиіс еді.



Көптен күткен көктем де біртіндеп шыға бастады. Күн жылынып, үй шатырларының қары еріді. Көлеңкелі жерлердің қары жатқаны мен қыр беткейлерінде нәзік бәйшешектер құлпырады. Ағаштар бүршік атып, біраз уақыттан соң жасыл желегіне жамылмақ. Жер бері жасыл кілем төсегендей көкпеңбек.

Жылы жақтардан құстар да ұшып келді. Бірі бұрынғы ұяларын тұзетсе, екіншілері жаңа ұя салуға кіріскен. Біраз уақыттан соң олар жұмыртқа салады. Балапан басып шығады. Олар насекомдармен қоректенеді. Құрт- құмырсқалар бау-бақшаға зиянын тигізеді. Сондықтан біз оларды“Қанатты достарымыз” дейміз.

Енді мәтіннің бұл үзіндісі айтылған ойдың мазмұнына орай екіге бөліп, әрқайсысына тақырыпшалар қоюға мүмкіншілік туды. Ол тақырыпшалар: 1.Көктемнің шығуы; 2.Құстар – біздің досымыз.

Шығарманың екінші бөлімі алғашқысына қарағанда сәл ілгерілеу бар. Олай дейтініміз, мұндағы сөйлемдер бір-бірімен мағыналық байланысқа түскен. Бірақ бұл байланыс негізінде бір сөзді (өзен, мұз, балалар, олар т.б.) бірнеше сөйлемде қайталау арқылы жүзеге асқан.

Шығарманың екінші бөліміндегі негізгі кемшіліктер: 1) тақырыпқа қатыссыз (“Көктем шықты”) өзеннің тасуы, мұз үстіндегі иттің іс-әрекеті жөнінде төрт сөйлем енгізілген; 2. Екінші қайырымдағы бірінші (Қыста өзенде мұз қатқан болатын) және екінші (Көктем келген соң мұз еріді) сөйлемдердің синтаксистік ақауы бары байқалады. Логикалық тұрғыдан алып қарасақ дұрыс түзілмегені анық. Олай дейтініміз біл сөйлемде себеп-салдарлы байланыс сақталмаған. Не себепті қыста өзендер мұз құрсауында қалатыны, көктем келсе жібіп, еритіні айтылмаған. Оқушы қыста күннің суығанын мұз қататындығы, көктемде күн жылынғаннан мұздың еритіні баяндалса сөйлемдер арасындағы себеп-салдарлы байланыс орнаған болар еді. Өкінішке орай олай етілмеген.

Екі сөйлемдерде де мұз сөзі қайталанып шығарма тілііне нұқсан келтіріп тұр. Үшінші сөйлем (Балалар құстарға арнап ұя жасады) мен төртінші (Балалар шалшық суға қағаз кемелер жасап жүзді) сөйлем бір-бірімен параллелді байланысқан, логикалық бірлікке енбейтін сөйлемдер. Өйткені олардың орнын ауыстырғанмен; (бірін мүлде алып тастағанымен мәтін мазмұнына нұқсан келмейді). Демек мағыналық бірлікке түспегені даусыз. Бұл төрт сөйлемде ой бірлігін, мазмұн тұтастығын құра алмай тұр. Соңғы екі сөйлемде бала сөзі екі рет қайталанып шығарма тілінің әрін кетірген.

Мәтінін соңындағы автордың жасаған ой қорытындысын (Көктем қандай тамаша) жоғарыдағы пікірлерден туындаған қорытынды деуге болмайды.

Оқушының субъективтік сезімі мен ішкі көкейдегі пікірлерден туындаған десек қателеспейміз. Олай дейтініміз, өзеннің тасуына ( дұрысы – сең жүру), мұз үстіндегі итті баяндай отырып, көктемді тамаша дегенге илана қою қиын.

Оқушы шығармасында сөз, сөз тіркестері және сөйлемдерді таңдауда бірқатар кемшіліктерге жол берген. Атап айтқанда, қазақ тілінің ежелден қалыптасқан тілдік қағидасы бойынша ешуақытта “Көктем келді” демеген, “Көктем шықты” (жаз келді, күз болды, қыс түсті) деп қалыптасқан. Сол сияқты бүршік шығарып (бүршік атып), дала жылынды (күн жылынды), өзен тасыды (бұл жерде - өзеңде сең жүрді), қыста өзенде мұз қатқан.

Тұжырымдай келгенде, мәтінді редакциялау, жетілдіріп қайта жазуға төселдіру мәтін талдаумен байланысты жүргізіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет