Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі


Студенттерді отбасылық өмірге нарық жағдайындағы этностық құндылықтар арқылы даярлаудың әдістемесі



бет6/12
Дата17.07.2022
өлшемі0.76 Mb.
#459710
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Рахметова Арай диссертация 13 июнь

2 Студенттерді отбасылық өмірге нарық жағдайындағы этностық құндылықтар арқылы даярлаудың әдістемесі


2.1 Отбасы тағылымының студенттерді отбасылық өмірге дайындаудағы маңыздылығы

Тұлғаны отбасылық өмірге дайындауда әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін анықтау мәселесі маңызды болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік–психологиялық ерекшеліктерін анықтау жолында негізінен Е.С. Кузьминнің, А.А. Свинецскийдің, К. Роджерстің, А. Маслоудың тағы басқа ғалымдардың тұжырымдамалары белгілі. Бұл тұжырымдамаларда тұлғаның өзіндік бағалауы, өзіндік «Менін» бағалауы, өзіндік актуализациялануға талпынуын, қоршаған ортаны субъективті қабылдауын және әлеуметтік – психологиялық қасиеттерін қарастырудың маңызы зор екендігі көрсетілген. Тұлғаның қоршаған ортамен қарым–қатынасы, жеткен жетістіктері мен ерекшеліктері көптеген жағдайларға тәуелді болатындығы белгілі. Солардың бірі тұлғаның әлеуметтік есею ұғымымен түсіндіріледі.


Тұлғаның әлеуметтік есеюін шетел психологиясында «өзіндік аяқталу» терминімен анықтай отырып, оның мағынасын тұлғаның өз мүмкіндіктерін аңғаруына және ұдайы дамыттырып отыруына бағыттылығы ретінде сипаттайды. Тұлғаның актуализациялануы ең алдымен дербестігімен, өзіндік мәнді жүзеге асыра алуымен, өзіндік тұжырымдауларымен, сонымен қатар, ақиқатқа талпынысымен сипатталады. Осы орайда, тұлға өз жағдайларын өздері құрауы тиіс. Себебі, өмірлік тәжірибелер арқылы тұлға өмірлік жоспарлар құрып, болашақтарын өздері жасаған кезде ғана әлеуметтік ортаның белді мүшесі бола алады. Сонымен қатар, осы әлеуметтік жағдайларға қатысушылардың әрекеттері құралады.
Тұлға мен әлеуметтік ортаның қатынасын түсінуде оның жеке басының ерекшеліктерін анықтаудың маңызы зор екендігі атап өту керек. Әлеуметтік ортаның дамуы үйлесімді болуы үшін тұлға бойында жағымды қасиеттердің дамуы маңызды мәнге ие болып табылады. Тұлғаның әлеуметтенуі әлеуметтік–бақыланатын және бағыттылық–ұйымдасқан жағдайлар жиынтығынан ғана емес, сонымен қатар, тосыннан болатын жағдайлардан да тәуелді болып келетіні белгілі [81]. Осы кезде ғана тұлға өміріндегі кездейсоқ жағдайлар мен конформды ойлау ерекшеліктері, өмірде көрген және бастарынан өткізген қиыншылықтарына және айналадағы қоршаған ортасына деген көзқарасын өзгертеді. Тұлғаның әлеуметтік жағдайларға саналы түрде икемделуінде оның өзіне және айналасындағыларға зиянын тигізбейтін жағдайларды қолдап отыру керек. Тұлғаның саналы түрде бейімделуі өзінің және айналасындағылардың өмір жағдайын жеңілдете түседі. Байқап отырғанымыздай, тұлғаны әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарастыруда оның өзіне деген субъективті көзқарасын олардың әлеуметтік ортада орнын белгілеуде маңызды мәнге ие екендігінде болып табылады. Индивид әлеуметтік қатынастар жүйесіне ене отырып, осы процесс арқылы қалыптасатын интегралды әлеуметтік қасиетін, яғни тұлға дамуын әлеуметтенуден тыс қарастыру мүмкін емес екені белгілі. Тұлғаның әлеуметтенуін индивидтің қоғамдық тәжірибені жаңғыртуы және меңгеруі процесі ретінде анықтауға болады. Сондықтан индивид жеке тұлғаға айналып, өмір үшін қажетті психологиялық қасиеттерді, білімдер мен дағдыларды игереді. Тұлға әлеуметтену процесінде қоғамдық тәжірибе жинақтайды, қайта жасайды және өзгертеді.
Әр заманның өзінің өмір сүру салты өзгеріп отырады. Осы өмір салты тұлғалық сапалық қасиеттердің қалыптасудың негізі болып табылады. Кеңес ғалымы Р.С. Немовтың пікірінше әлеуметтену адамзатпен жасалған өркениетте индивидтің сан қырлы таным процесі, яғни әлеуметтік тәжірибені игеруі мен табиғи тіршілік иесінен қоғам иесіне ауысуы арқылы индивид және тұлға ретінде қалыптасуы болып табылады [17].
Қазіргі кезде И. С. Конның пайдалануынша әлеуметтену ұғымы кең мағынада қолданылғанымен, оның нақты тұжырымдамасы әзірге жоқтың қасы болып отыр.
Болашақтағы тұлғаның әлеуметтенуі әсіресе қарқынды түрде балалық және жеткіншектік кезеңде дамиды [82]. Қоғам дамуы тұлғаның даралық қалыптасуында жол сілтеп отыратыны белгілі, сондықтан жалпы даму құрылымындағы әлеуметтенуге әрбір сол ортаға әлеуметтенушінің қосатын өз үлесі бар. Психологиялық және әлеуметтану ғылымындағы зерттеулерге сүйенсе, тұлғаның әлеуметтенуі даралық дәрежеде бірнеше процесстен тұрады. Біріншіден, ол тұлғалық өзара әсерлесу арқылы қалыптасады. Дегенмен, олардың өзара әсерлесу сипаты жас, интеллекттік дәреже, жыныс қатынасы тағы сол сияқты факторларға өзінің ықпалын тигізіп отырады. Екіншіден, әлеуметтік орта баланың тұлғалық қалыптасуына септігін тигізсе, үшіншіден, тұлғалық даралық тәжірибе арқылы қалыптасады. Төртіншіден, мәдениет тұлғалық құрылымға әсер ететін маңызды аспект болып саналады. Негізінен әлеуметтену феномендеріне мінез-құлық стереотиптерін, іс-әрекеттегі әлеуметтік нормаларды, дәстүр мен қызығушылықтарды, құндылықтар мен бағыттарды т.б. құрылымдарды игеру жатқызылады. Осы орайда, әлеуметтенудің негізгі институттарына мыналалар жатады: отбасы, мектеп мекемелер, формалды емес ұйымдар, жоғарғы оқу орындары, еңбек ұжымдары және т.б.
Кеңес ғалымы іс-әрекет тұжырымдамасын ұсынушы А. Н. Леонтьевтің пайымдауынша, адам бүкіл әлеуметтену процесінде көптеген іс-әрекет түрлерімен айналысады. Осы орайда үш негізгі маңызды процесстер өтеді. Біріншіден, бұл әрбір іс-әрекет түрінде және олардың арасындағы байланыс жүйесі аясында бағыт-бағдар болып табылады. Бұл дегеніміз тұлға үшін маңызды әрбір іс-әрекет аспектісін анықтауы мен игеруі болып табылады. Жоғарыда атап отырған бағдардың өнімін іс-әрекетті тұлғалық таңдау ретінде анықтауға болады. Осы арқылы екінші процесс туындайды, яғни, негізгі таңдалған іс-әрекет төңірегінде орталықтандыра отырып, басқаларды соған бағынышты ету болып табылады. Үшіншіден, қандай да бір іс-әрекетті жүзеге асыру кезінде тұлға жаңа рөлдерді игеріп, олардың мәнділігін табады.
Тұлғаның әлеуметтенуі контектісінде қарастырылатын екінші аумағы қарым-қатынас болып табылады. Қарым-қатынас та іс-әрекетпен тығыз байланыста болғандықтан әлеуметтенудің өрісін кеңейту мен ұлғайту жағын қарастырады. Осы орайда, қарым-қатынасты кеңейту ретінде тұлғаның басқалармен байланысқа түсу ауқымын жоғарылату деңгейі түсініледі. Бұл жағдайда монологтық қарым-қатынастан диалогтікке көшу, децентрация, яғни қарым-қатынас жасаушыға бағдарлану және оны дәл солай нақты қабылдай алу мүмкіндігі қарастырылуы қажет. Әрине, тұлғаның өмір сүру ағымында қарым-қатынасқа түсу ерекшелігі оның қоғамдағы статусын, өзінің жақындары арасындағы орнын және отбасындағы беделін белгілейді. Әлеуметтену процесінің үшінші бір аумағы, яғни өзіндік сыни көзқарас пен бүкіл адамзатқа тән «Менінің» қалыптасуына бейім келуінде болып табылады. Бірақ, осы тұста айта кететін жайттардың бірі бұл мәселе төңірегінде туындап отыратын қарама- қайшылықтар өте көп кездеседі. Өйткені, психологтардың тұлға тұжырымдамасында «Мен-бейнесі» түрліше қабылданып, өз сипатын тапқан.
Тұлғаның Мен-тұжырымдамасы әлеуметтік-психологиялық негізде теориялық-концептуалды жоспарларында феноменологиялық немесе гуманистік психологияның, интеракционизмнің және психоанализ бағытының зерттеулеріне сүйеніп отырады. Тұлғаның Мен-тұжырымдамасы өзінің өмір процесіндегі айналасындағылармен өзара әрекеттесу арқылы пайда болып отырады.
Алғаш болып американ психологы У. Джемс өз зерттеулері негізінде Мен тұжырымдамасы идеясын ортаға салып, ол идеяның дамуына зор үлес қосқан болатын. Аталмыш ғалымның айтуынша «ауқымды Мен» құрылымында екі аспект бар: біріншісі, эмпирикалық объект; екіншісі танымдық субъективті бағалаушы сана болып табылады. Осы зерттеулерінде ол «Мен» объект ретінде 4 аспектіден тұратындығын айтты. Олар: рухани «Мен», материалды «Мен», әлеуметтік «Мен», тәндік «Мен».
Психология ғылымында феноменологиялық шеңберде құрастырылған Мен тұжырымдамасы келесі жағдайлармен негізделеді.
Біріншіден, индивидтің мінез-құлықты қабылдауы болып табылады. Бұл ол өз алдына феноменологиялық, яғни, индивидтің психологиялық шынайы өмірі. Бұл жалпы объективті өмір ғана емес, сондай-ақ, мінез-құлық жағдайындағы субъективті қабылдау нәтижелері болып табылады. Екіншіден, индивидтің орталық буында интеграцияланатын феноменалды жазықтығының нүктесі. Бұл Мен тұжырымдамасында барлық қабылдаудың бейнелері қалыптасып отырады. Үшіншіден, Мен тұжырымдамасы бір мезетте қабылдау нәтижесі бола отырып, мәдени әлеуметтік ортадан алынған құндылықтар жиынтығы ретінде алға шығады. Төртіншіден, Мен тұжырымдамасы толық құрылғаннан кейін тұлғаның мінез-құлық оған бағынышты болады. Бесіншіден, тұлғаның Мен тұжырымдамасы уақытпен және осы контекстің жағдайымен санасады. Бұл оның болжамдаушы құндылығы болып саналады. Алтыншыдан, Мен тұжырымдамасы басқалардың жақсы қасиеті мен қатынасын қажетсінулердің құрылымдануымен қатар жүреді. Тұлғаның өзіне деген жағымды қасиеті мен көзқарастарды қажетсінулері басқалардың оны жақсы бағалауы тәжірибесін игеру арқылы қалыптасады. Жетіншіден, нақ осы өтіп жатқан өмір тәжірибесі мен Мен тұжырымдамасы арасында кездесетін қарама-қайшылықтарға қарсы сан алуан қорғаныс стратегиялары пайда болады.
Сегізіншіден, тұлғадағы негізгі әрі маңызды мотивация болып табылатын өзіндік актуализациялануға деген қажеттілік өзінің Мен тұжырымдамасының құндылықтарын жоғары ұстай отырып, оны жоғатпау болып табылады.
Психология ғылымында тұлғаның Мені бағдарлар негізінде 3 категорияға топтастырылды: реалды Мен (индивидтің дәл осы мезетте өзін-өзі қабылдауы), әлеуметтік Мен (индивидтің ойынша қоршағандары қалай қабылдайтындығы жайлы), идеалды Мен (индивидтің болғысы келетін бейнесі).
Бүгінгі күні тұлғаның психологиялық денсаулығының дәстүрлі түрдегі басты көрсеткіші болып табылатын барлық психотерапиялық практикада кеңінен колданылатын Мен ұғымының ішінара сәйкес келмеушіліктері басты назарда болып отыр. Бұл орайда, «Мен - өткен шақ», «Мен- болашақ», «Мен - қазіргі» арасындағы қайшылықтар белгілі бір дәрежеге жеткенге дейін әлеуметтік-психологиялық дезадапцияның негізгі факторы (К.Роджерс, А.Маслоу) немесе нақты психикалық ауытқулардың, яғни депрессия мен беймаздықтың бастауы ретінде қарастырылып келеді. Тұлғаның актуализациялану тенденциясында оның өмірге деген құштарлығы жатыр. Гуманистік психологияның өкілі К. Роджерс теориясында өзіндік актуализация тенденциясы тұлғаның өмір бойы өзінің әлеуетін толыққанды функциялану мақсатында жүзеге асыру болып табылады. Әрине, бұл жолға жету мақсатында тұлға өмірі мәнге, ізденіске және толқуға толы болады. Шын мәнісінде өзіндік актуализацияланатын тұлға еркін және тағдырдың әр қуанышты мезетіне қанағаттанып өмір сүре алады. Тұлға табиғат күшіне байланысты негізінен белсенді түрді актуализацияланады. Әрбір адам өз бетінше субъективті қабылдауына байланысты шындықты интерпретациялай отырып, оның ішкі әлемі толығымен тек өзіне ғана мәлім болып келеді. Осы орайда субъективті тәжірибе тұлға мінез-құлқын түсінудің тірегі болып табылады. Сондықтан тұлғаның субъективті сезінулерін зерттеу психологиялық мәселелердің негізгісі болуы сөзсіз. Осы орайда, нақ осы сезімдер мінез-құлыққа жауапты бола отырып, тұлғаның болашағын болжауына мүмкіндік береді. Жоғарыдағы айтылған мәселелерге байланысты шетелдік ғалымдар Л. Хьелл, Д. Зиглердің еңбектерінде мынадай мысалдар келтіріледі: «Егер әйел адам ер азаматтармен қарым-қатынасқа түсе алмайтындығын сезсе, онда ол өткен шақ қиыншылығынан емес, болашақта болар сәтсіздіктен қорқа бастайды. Бұл жағдайда ол өзінің «ер адамды қызықтыра алмаймын» деген өзіне қойған болжауына бағынып тұр. Егер ол осындай теріс көзқарастан құтылса, онда болашақтағы жыныстық сәттілікке қол жеткізер еді». Бұл зерттеудің нәтижесінде ғалым К. Роджерс тұлғаға байланысты «осы шақ — болашақ» контексіндегі идеясын ұсынды.
Жалпы алғанда, тұлғаның дамуын әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан түсіндіргенде оның мотивациялық құрылымы негізге алынуы қажет. Себебі, тұлғалық үйлесімді дамуда мотивациялық аймақ басты құрылым болып табылады.
Болашақ бүгiннен басталатынын тереңiрек зерделесек, жастар тағдыры, жан-жақты жетiлген ұрпақ тәрбиелеу мәселесi қашан да халқымыздың басты арман-мұраты болып келгенi даусыз. «Ел болам десең, бесiгiңдi түзе»деген М.Әуезовтың аталы сөзi отбасы тәрбиесiнiң маңызын көрсетедi. Бала тәрбиесінің негізі – бұл оның отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ, бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Нарықтық экономикалық жүйеге байланысты отбасындағы тәрбие
жетімсіздігінің кейбір себептері ретінде келесі жағдайларды алға тартуға болады:
- көптеген еңбеккер отбасылардың экономикалық жағдайының әлсіздігі;
- қоғамдық өмір мәдениетінің төмендігі;
- отбасы анасы-әйел мойнына артылған екіталай – жұмыс орнында, жанұяда – ауыртпалық;
- көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және моральдық себептердің салдарынан болып жатқан ерлі-зайыптылардың ажырасуы;
- бала тәрбиесінде ер адам әйел көмекшісі деген қоғамдық пікірдің белең алуы;
- күннен-күнге шиеленісіп бара жатқан отбасы арасындағы бәсеке, дау-дамай;
- отбасы мен мектеп арасындағы байланыстың күннен-күнге әлсіреуі.
Отбасындағы тәрбие мазмұны демократиялық қоғамның өзекті мүдде-
мұраттарына орайластырылады. Болашақтағы еңбектік, қоғамдық, отбасылық өмірге бейім дені сау, психикалық болымды, адамгершілікті, иманды, парасатты тұлға дайындау – отбасы міндеті. Жанұялық тәрбие мазмұнының құрамды бірліктері ежелден белгілі бағыт-бағдарларды, тән-дене, адамгершілік-имандылық, сана-сезім, эстетикалық, еңбек тәрбиесін қамтиды, олар өз кезегінде жас әулетті экономикалық, экологиялық, саяси, жыныстық білімдендіру істерімен толығып отырады.
Қазiргi уақытта ұрпақ тәрбиесi туралы мәселеге, мүлдем жаңаша психофизиологиялық көзқараспен қарауды, замана сипаты ерекше талап етуде. Бүгiнгi таңда жалпы адам тәрбиесiне де, сонымен бiрге келешек ұрпағымыздың тәлiмiне де, халық педагогикасының тигiзер жерлерiн, тiптi ештемемен салыстыруға келмейдi. Бұл жайында ғұлама-педагогтар (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ж.И.Намазбаева, Х.Арғынбаев, Қ.Жарықбаев, С.Ұзақбаева, С.Қалиев, Қ.Қожахметова, З.Абилова, Б.Мұқанова, К.Оразбекова, А.Бейсенбаева, А.Қалыбекова және т.б.) тамаша зерттеулерi бар.
Бүгiнгi күннiң талабына сай жастарды отбасы-некелiк өмiрге даярлауда ата-ананың рөлi мен мiндеттерi аса жауапкершiлiктi талап етедi. Отбасы бала үшiн өмiр мектебiн, онда мейiрбандық, шындық, адалдық, қайырымдылық т.б. адамгершiлiк қасиеттерi дамиды және қалыптасады. Жасыратыны жоқ, қазiргi уақытта жастардың жұбайлық өмiрiнiң үйлесiп кетуi үлкен проблемаға айналып отыр. Соңғы кездерi жастар арасында үйленгендерден ажырасқандардың саны артып, тастанды бала, жетiм балалар, жесiр әйелдердiң саны көбеюде. Мұндай етек алып бара жатқан мәселелер қоғамымыздың дамуына кесiрiн тигiзетiнi бәрiмiзге мәлiм. Бұл проблеманың ұшы жастарды тәрбиелеуде жатқандығын да айта кету керек. Жастар мәселесiндегi тәрбиенi шешуде көптеген ғалымдар (К.Оразбекова, С.Қалиев, Р.Төлеубекова, А.Бейсенбаева, Қ.Жарықбаев, Н.Дүтбаева, Ж.Сәрсенова, А.А.Қалыбекова және т.б.) өз зерттеулерiн жүргiзуде. Бұдан басқа жас ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасы тәжірибесінен пайдалану мәселелері бойынша Ж.С.Хасанова, Э.А.Урунбасарова, С.Ә.Әмірова, Ұ.О.Асанова, Қ.Т.Атемова, Ж.Б.Сәдірмекова зерттеулер жасады.
Отбасы – тарихи категория. Оның типтері, формалары және қызметтері өмір сүріп отырған өндірістік қатынастардың, жалпы қоғамдық қатынастардың сипатына, сондай-ақ, қоғамның мәдени даму деңгейіне байланысты. Өз кезегінде отбасы да қоғам өміріне ықпал жасайды. Ол баланың туылуы, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік орнын табуы, үй шаруашылығындағы еңбегі, өз мүшелерінің күші, рухани және адамгершіліктік-эстетикалық жағынан дамуына әсерін тигізу.
Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез құлық нормаларын игереді. Ол баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі – бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. “Отбасы тәрбиесі” ұғымының өзі “отбасы” мен “тәрбие” категорияларының жиынтығы ғана емес, олардың синтезі де болып табылады. Оның қызметі мен ролі, отбасындағы тәрбие толығымен қоғамдық өмір заңдылықтарына байланысты дамиды. Отбасы баланың жеке басының қалыптасуына екі жақты әсер етеді.
Біріншіден, отбасының материалдық жағдайын сипаттайтын өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни отбасы мүшелерінің материалдық және рухани қажетсінуі мен әлеуметтік құндылықтары бар.
Екіншіден, әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әсер арқылы. Бұл көбінесе отбасындағы негізгі көзқараспен тәрбие үрдісі қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеялық, адамгершіліктік және эстетикалық талаптарына қаншалықты сәйкес келуіне байланысты жүзеге асырылады.
Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде отбасы тәрбиесі ұғымы былайша түсіндіріледі: “Отбасы тәрбиесі – туысқандық қарым-қатынастар мен тұрмыс жайттары балаға үздіксіз ықпал етуші тәрбиелік күш болып табылады. “Отбасы тәрбиесінің мәнін ашу үшін “тәрбиелеу” және “әлеуметтендіру” ұғымдарын байланыстырып түсіндіру қажет. Ұлы ғұлама әл-Фараби “Бақытқа жету жолында” деген еңбегінде: “Тәрбие деп – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз” деп анықтама береді.
Демек, тәрбие - бұл қоғам талабына сай адамды қалыптастыруда белгілі бір мақсатқа сәйкес жүйелі әрі саналы түрде әсер ету болып табылады екен. Тәрбие қоғамдық өмірдің жалпы және қажетті категориясы болып табылып тәрбиенің мақсат-мазмұны, ұйымдастыру түрі, әдісі қоғамдық қатынастардың тарихи дамуына сәйкес өзгеріп отырады.
Кейде “тәрбиелеу” ұғымы “әлеуметтендіру” ұғымымен сәйкестендіріліп түсіндіріледі. Әлеуметтендіру – латынның “социалус” деген сөзінен аударғанда “қоғамдық” деген мағынаны білдіреді. Яғнм, қоғамдандыру немесе қоғамда өмір сүруге икемдеу деген сөз. Соңғы жылдары жарық көрген философиялық әдебиеттерде: “Әлеуметтендіру – индивидті ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын еңбек тәжірибелерін, білім мен мнез-құлық нормаларын, құндылықтар мен дәстүрлерді меңгеруге және әрі қарай дамытуға бейімдеу. Сондай-ақ, индивидті қоғамдық қарым-қатынас жүйесіне ендіру және оның бойында әлеуметтік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады”- деп анықтама берілген.
Әлеуметтендіру тәрбие жүйесінде жеке тұлғаны белгілі бір әрекетке түсіру кезінде жүзеге асырылады. Оған бірнеше әсер етуші факторларықпал жасайды. Олар отбасы, отбасынан тыс тәрбиелік мекемелер және оқу орындары, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, жолдастар, таныстар және т.б. Соның ішінде негізгі фактор тәрбие болып табылады. Бүгінгі нарықтық қатынас отбасына және ондағы тәрбие үрдісіне үлкен әсерін тигізіп отыр. Өмір тәжірибелері мен ғалымдар зерттеулері (А.А.Вербицкий, Э.Д.Днепров т.б.) отбасы тәрбиесінің мынадай даму тенденцияларын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.
1 тенденция. Отбасы тәрбиесінің әлеуметтік тенденциясы.
Нарықтық қатынас жағдайында жеке тұлғаның қалыптасуында отбасының жаңа тұрғысындағы ролі айқындалып келеді. Ол отбасының әлеуметтік ролі. Бүгінгі отбасы нарық талаптарын мойындап, қоғам ағынымен өмір сүруге бейімделе бастады. Тіпті, нарықтық қатынас кезеңінде отбасына қатысты жаңа экономикалық ұғымдар пайда болып қолданылуда. Бүгінгі әрбір отбасының материалдық экономикалық жағдайы ең алдымен осы жоғарыда келтірілген мәселелердің шешілуіне байланысты болып отыр. Әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыларындағы балалар жоғарғы сапалы ақылы мектептерде білім алып, өнер, спорт және басқа тәрбие институттарында тәрбие алуға мүмкіндік алды. Отбасы тәрбиесі мен балалар болашағын жоспарлау ең алдымен әрбір отбасының әлеуметтік жағдайына қарай жүзеге асады.
2 тенденция. Тәрбиенің индустриялылығы тенденциясы яғни бүгінгі қоғам өміріндегі өндірістік қатынастардың жан-жақты дамып, мектеп пен отбасы өміріне ықпал жасауы.
Қоғамның мәдени даму деңгейіне байланысты мектеп пен отбасы тәрбиесі өзгеріске түсті. Қазіргі өзіміз ғұмыр кешіп отырған қаланың балаларына қарасақ, тіптен өзгеше, оларды тәрбиелеу күрделірек. Өйткені, қазіргі компьютерлендіру заманында балалардың алатын ақпарат көлемі бұрынғыдан да көп. Соған байланысты, балаға тәрбие беруші адамдардың білімі, тәжірибесі өткен сайын үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сонымен қатар әрбір отбасы қоғамда пайда болған өндіріс құралдарын пайдалануға мүмкіндік алды. Оған әрбір отбасында компьютердің пайда болуы, жоғары сапалы фотоаппараттар мен бейнекамералар және т.б. құралдардың күнделікті тұрмыста қолданылуы дәлел бола алады. Бұл ұғым “қоғам мектеп отбасы” бағытымен жүзеге асуда.
3 тенденция. Отбасы тәрбиесіндегі баланың субъектілік ролі.
Бүгінде қазақ балаларының психологиясы мен мінез-құлқында, жүріс-тұрысында өзгерістер пайда бола бастады. Ұлттық балаларымызға тән ұяңдық, үлкеннің алдын кеспей, тіл алғыштық, т.б. қасиеттерді қолдай отырып, бүгінгі нарықтық қатынас тұсындағы қарым-қатынаста қажетті көпшілдік, белсенділік, өз пікірі мен ойларын дәлелдеуге талпынушылық, алға ұмтылушылық және т.б. осындай қасиеттерді балалар бойында қалыптастыру қоғам мәселесіне айналып отыр. Әрбір отбасы баланың жан-жақты дамып жетілуі үшін тәрбие институттарының бар мүмкіндіктерін қолдануда.
4 тенденция. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы тенденциясы.
Бүгінде отбасы мектеппен ынтымақтаса әрекет етуге өте ынталы болып отыр. Ата-аналар балалары жоғары білім алып, жан-жақты дамуы үшін ең таңдаулы мектептерге, тіпті жоғары ақылы мектептерге оқытуға беруде. Оқушылардың ұлттық тәрбие алуымен қатар әлемдік тәрбие жетістіктерін пайдалануы үлкен сұранысқа ие. Бұл отбасы өмірінде өз орнын көрсетуде.
Бұл отбасының даму тенденциялары бүгінгі нарықтық қатынас ықпалын тындап отырғандығы белгілі. Осы тенденциялар оқушыларда гумандық қасиеттерді қалыптастыруда басшылыққа алатын бірнеше қағидаларды айқындауға мүмкіндік берді. Олар:
1.Оқушыларда гумандық қасиеттерді қалыптастыруда қоғам мектеп, отбасы және басқа да арнаулы институттардың тәрбиелі мүмкіндіктерін интеграциялау.
2.Тәрбиені гуманизациялау. Оқушылар бойында жоғары интеллектуалдық, материалдық азаматтық қасиеттерді қалыптастыруда әрбір баланы қоғамның ең жоғарғы әлеуметтік байлығы, құндылығы деп санап, онымен гумандық қарым-қатынас жасау.
3.Мектептің педагогикалық ұжымының отбасымен тығыз байланыс жасай отырып, әрбір баланың қабілетін толық ашу мен дамытуға мүмкіндік жасауын даралау мен жалпылау.
4.Мұғалімдер мен оқушылардың және ата-аналардың белсенділігін, бастамшылдығын арттырудың демократияландыру.
Отбасы тәрбиесінің дамуы, оның қоғаммен, ортамен байланысы келелі мәселе ретінде басты назарда болып келген.
Отбасындағы гумандылық, өзара түсіністік пен сүйіспеншілік Шығыстың ұлы ғұламалары әл-Фараби, К.А.Иассауи, М.Қашқари, Ж.Баласағұн және т.б. еңбектерінен кең көрініс тапқан. Ол идеялар гуманист педагогтар мен ағартушылар тарапынан бүгінге дейін жалғасын тауып келген.
Ұлы ғұлама әл-Фараби отбасын басқару, ондағы адамдардың міндеттері туралы былай дейді: “Үй белгілі бір бөлшектерден құралады, солардың әрқайсысында гүлденді. Бұлар саны жағынан төрттеу: ері мен әйелі; қожайыны мен қызметшісі; әкесі-шешесі мен баласы; мүлкі мен мүлік иесі. Кімде-кім бұл бөлшектер мен бірлестіктерді басқарса, ол адам үйдің билеушісі және әкімі болады. Оны “қожайын” деп атайды” деп отбасы басшысының міндеттері мен құқығын ерекшелеп көрсетеді. Сондай-ақ, әл-Фараби “Үй қаланың бір бөлігі, ал үйлер қалада орналасқан, демек олардың мақсаттары әртүрлі. Солай бола тұрса да, бұл әртүрлі мақсаттарға қол жеткенде және олар ұштасқанда, олар қаланың мақсатына жетуге бағытталға өзара көмек болып бірігеді”- деп әрбір отбасы мемлекеттің бір бөлігі екенін, мемлекеттің өркендеп дамуы әрбір отбасының дұрыс жетіліп дамуына тікелей байланыстылығын көрсетеді.
Я.А.Коменский отбасын тәрбиенің белгілі бір мақсатқа бағытталған және ұйымдастырылған сатысы деп санады. Мұндағы жұмыстың мазмұны ананың белгілі бір деңгейдегі білімділігін талап етумен қатар тәрбиелеу мен оқытудың қарапайым әдіс-тәсілдерінен хабардар болуына байланысты. Сондықтан отбасы тәрбиесі “Ана мектебі” жүйесіне енді. Осыған сәйкес отбасында баланы тәрбиелеуді педагогикалық жағынан қамтамасыз ету жолдары жасалды.
Отбасы тәрбиесінің мәселелері кеңес педагогтары А.С.Макаренко, А.В.Сухомлинский, Н.К.Крупская және т.б. педагогтар еңбектерінен де кеңінен орын алған.
Отбасы тәрбиесінде ананың орнының ерекше маңыздылығы түсіндіре келіп, М.Әуезов тәрбие түзелу үшін ең алдымен сол тәрбиені қалыптастыратын аналар жағдайының дұрыс болуын, аналардың өздерінің сол тәрбиеге лайықты болуын талап етеді.
Отбасы тәрбиесін жақсарту мәселелерін қарастырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Спандияр Көбеевтің жазушылық және педагогикалық қызметі тығыз байланысты дамыды. Оның өлеңдері мен әңгімелері жастарға тәрбие берерлік мазмұнға бай. С.Көбеев отбасы тәрбиесіндегі гумандылыққа көп көңіл бөлген. Оның “Баланы семьяда тәрбиелеу” атты кітабы осының айғағы. Онда ата-аналарға баланы жастайынан отбасында тәрбиелеудің нақтылы жолдарын көрсетіп береді.
Отбасында балаларды тәрбиелеу мәселелері мен оның педагогикалық жолдарын көрсетуде осы ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ағартушылары да өз ойлары мен еңбек үлестерін қосты. Осы тұста М.Жұмабаевтың “Педагогика” деп аталатын еңбегін айта аламыз. Онда баланы тәрбиелеудің жолдары айқын жазылған. Ол: “тәрбиедегі мақсат-баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару”, - дейді.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Қазақта отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше болған. Себебі әке – отбасын асыраушы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез- құлқы - өзгелермен қарым- қатынасы, өнері, білімі – баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Сондықтан қазақта әке туралы өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көп ақ. Мысалы, «әке бәйтерек, бала жапырақ», «әкеге қарап бала өсер», «әке балаға үлгі».
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болып өссе: «оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», - дейді. Бұдан әкесі жақсылардың балалары да жақсы болмақ, ал әкесі жамандардың балалары – сондай болмақ деген қорытындыдан аулақпыз. Баланың жақсы-жаман болуы шыққан тегіне ғана емес, ол оның тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыны ерте сезген халқымыз: «баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен» немесе «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз; жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз», - деген.
Қазақ халқында әкелер өз өнерлерін балаларына үйретіп, оларды өздеріндей қол өнерші, күйші, әнші, мерген, аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген.
Осыдан келіп ата өнерін баланың қууы, оны мирас еті дәстүрге айналған. Мысалы, қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық өнерлерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Содан «атадан бала тумас болар ма, ата жолын қумас боларма», «әке көрген –оқ жонар» деген нақыл сөздер пайда болған.
Отбасында адам өмірге келеді, тәй-тәйлап басады, бірінші қуанышы мен қиындығын кездестіреді, өседі, өнеді, одан үлкен өмірге аттанады. Олай болса отбасы деген не? Оның мәні неде? Koғамда қандай рөл атқарады? Әр aдамға не береді? Осы сұрақтарды жан-жақты қарастырып, шешуде әр заманда көптеген ойшылдар, ғалымдар атсалысқан. Ертеден бала тәрбиесіне үлкен мән беріліп, оған ерекше көңіл бөлінген. Себебі, бала отбасының және өмірдің болашағы деп саналады. Осыған орай отбасындағы бала тәрбиесін маңызды деп санай отырып, өткен ғасырлардан бастап көптеген ғұлама ойшылдар, ақын жыраулар, көрнекті ғалымдар өздерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде осы мәселені жан-жақты қарастырған.
Дүниежүзіндегі әрбір халықтың өзіне тән отбасы тәрбиесінің тарихы бар. Сол сияқты, қазақ отбасы да өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады. Қазақтың отбасы мәселесіне байланысты бұрын-соңғы жазылып, кезінде баспа жүзін көрген үлкенді-кішілі ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың ауыз әдебиеті фольклор деректері де көптен табылды. Мәселен, орта ғасырлық ғұлама ойшылдар Сағди, Науаи, Кайқаустың отбасы мәселесі төңірегінде айтқан құнды пікірлерінде балаларды оттбасында тәрбиелеуге өте мән беріледі. Отбасы тәрбиесінің өзектілігі сонша, ерте кезеңнен ақ ақын-жыраулар шығармалырына арқау болған.
ХV ғасырдың орта шенінен бастап қазақ елінің ішкі сыртқы қал- жағдайы көрші жұртпен ара қатынасы жаңа арнаға түсе бастады, халық арасынан сауатты, білімдар, ақылгөй адамдар бой көрсетті. Ұлан-ғайыр кең даладағы көшпелі тірліктің өзіндік ерекшіліктері де аз емес еді. Соның бірі – қиыннан қиыстыратын өнерінің ерекше өріс алуы болатын. Түрколог В.Радлов айтқандай, «Нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп білген халқымыз өнер алды – қызыл тіл, ал тіл шұрайы - өлең сөз, жыр толғау» - деп түйіндеді.
Жырау толғауларында табиғат аясындағы сәбидей пәк көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болмыс бітімі, өзіндік психологиясы, өзін қоршаған орта туралы түсінігі бейнеленеді, ұлттық бояуға қанық афоризмдер мен көркем тіркестерге бай, нақыл қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар басым болды. Жыраулар мораль, этика, тәлім-тәрбие жайындағы ой түйіндерін, аса мәнді қоғамдық мәселелері мен қатар, әлем, болмыс, тіршілік, табиғат жайлы терең мәнді тұжырымдарды ортаға салды, ылғи халқымен кеңесіп отырды. Жыраулар поэзиясын Доспамбет пен Шалкиіз, Жиембет пен Үмбетей, Ақтамберді мен Бұқарлар жалғастырып ұрпақтан- ұрпаққа жетті.
Қазақ елінің сыртқы жаулармен айқастарында олар «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды жайратқан», Ерегескен дұшпанның басын кеспей тынбайтын Махамбет, «жауға шапқан ту байлап, шекті бұзған айқайлап» жауды жайратқан Жиембет, «Бас кессе де басылмай, ақ ісін жаудан жасырмай» жолбарысша жауған атылған Жолымбеттер сөзіне ісі сай, еркіндікті аңсаған шетінен намысқой, бір беткей, ер жүрек қолбасшы болғандығы белгілі.
Жыраулар өмірдің ұсақ мәселелеріне аз араласып, көбінесе заман- дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Сондықтан да орта ғасырдағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекшілік, ақылгөй тәрбиешінің рөлін атқарды. Олардың шығармаларынан ой-қиялдың байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі, ойдың кең өрістілігі сезіледі. Ал, ақыл- ойға, терең тәлімге құрылған поэзиялық сөз маржандарынан ұлттық сипатты танытатын мәдени мұралардың тарихын танып білеміз.
Сөз болып отырған кезеңдегі ақын-жыраулардың дүниетанымы мен философиялық бағыттары жайлы әрі ғалым, әрі ақын Ә.Тәжібаев: «Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқарлар айтқан толғаулардың бізге жеткен бөлшектеріне қарап отырсақ, тыңдаушысын теңіздей шайқайтын терең ойлардың толқынында жүзгендей сезінеміз. Кейде жақыннан, кейде ишаратпен алысқа меңзеулер, әлде қайда біз біле бермейтін арнаулы сөздерден жаралады да, өмір, тарих, қоғам, адам жөнінде ғажайып топшылаулар, толғаулар айтады » , - дейді.
ХV ғасырдағы қазақ ақын жырауларынының көрнекті көшбасшылары Асан қайғы мен Қазтуған. Олардың өлеңдері мен өсиет сөздерінен халық қамын жеген ақылгөй, қамқоршы бола білгені байқалады. Туған жерге, қолпаштап өсірген елге деген ыстық ықылас ел қамы, ар, намыс үшін күрес, әділдікті, туралықты құдырет тұту олардың шығармаларынан өзекті орын алған. Сондықтан да Асан қайғы, Қазтуған айтыпты-мыс дейтін өсиет өлеңдер әлде неше ғасыр өтсе де көнермей, жоғалмай халық жадында мәңгі сақталып, біздің дәуірімізге жеткен. Әсіресе, қазақ халқының әрбір төбесі мен өзен-көлін қастерлеп өткен, ол жайында ой топшылап келелі пікір айтқан Асан қайғы атымен байланысты аңыз әңгімелер мен өлең, жыр-толғаулары орасан көп.
Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған, Ш.Уәлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы болған. Заманымыздың көрнекті ойшыл ғалымы, әдебиет тарихын терең зерттеп, тексерген Академик М.Әуезов айтқандай, Асан қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс елес, білік-дерек береді…».
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Жиембет Бортоғашұлы жырау мен ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Ақтамберді Сарыұлының өмір жолы, ой арманы бір-біріне ұқсас болып келеді. Бұл екеуі де халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған, ортақ жауға аттанып ойран салған әрі батыр, әрі ақын еді.
Жырау шығармалары негізінен нақыл, афоризмдік толғауларға толы келеді. Халқымыздың тіршілік тынысы мен кәсіби, мінез-құлық ерекшілігі, ақынның жастарға айтар өсиеті, өмірге деген көзқарасы оның толғауларынан айқын көрінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет