Кодексі Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі n 477 Кодексі "Егемен Қазақстан"


-бөлім. Орман шаруашылығын ұйымдастыру



бет5/8
Дата20.07.2016
өлшемі443 Kb.
#211270
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8

4-бөлім. Орман шаруашылығын ұйымдастыру

  7-тарау. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негіздері

      43-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
               шаруашылығын ұйымдастыру

      1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру:


      1) орман орналастыру iсiн жүргiзудi;
      2) мемлекеттiк орман қорын санаттарға бөлудi;
      3) мемлекеттiк орман қорын алқаптар түрлерi бойынша бөлудi;
      4) кесу жасын белгiлеудi;
      5) кесу жүйесi мен орман ресурстарын молықтыру жүйесiн белгiлеудi;
      6) орман пайдалану нормаларын белгiлеудi;
      7) ормандарды күзету мен қорғау жөнiнде шаралар белгiлеудi;
      8) орман селекциясы мен орман тұқым шаруашылығын жүргізуді;
      9) ормандарды зерттеу, есепке алу, күзету, қорғау, молықтыру, орман өcipу, орман пайдалануды реттеу және Қазақстан Республикасының орман заңдарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi өзге де құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық iс-шараларды қамтиды.
      2. Мемлекеттiк орман қорын тиiмдi күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк орман иелiктерi аумағы орманшылықтарға, орман шеберi учаскелерiне және орман қарау аймағына бөлiнедi.

      44-бап. Мемлекеттiк орман қорының санаттары және


               орман пайдалануды шектеу режимi

      1. Қазақстан Республикасындағы барлық орман су күзету, егiс-топырақ қорғау, гендiк, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын қорғаныштық орман болып табылады.


      2. Ормандардың атқаратын функцияларының басымдықтарына қарай мемлекеттiк орман қоры:
      1) ерекше қорғалатын орман аумақтары, оның iшiнде:
      мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары;
      мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары;
      мемлекеттiк табиғи резерваттар ормандары;
      мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар ормандары;
      мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары;
      табиғаттың мемлекеттiк орман ескерткiштерi;
      орманның гендiк резерваттарын қоса, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
      аса құнды орман алаптары;
      жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
      орман-жемiс екпелерi;
      аса биiк тау ормандары;
      2) мемлекеттiк қорғаныштық орман белдеулерi;
      3) қала ормандары;
      4) елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтары;
      5) эрозияға қарсы ормандар;
      6) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi;
      7) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары, каналдар, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулерiндегi қорғаныштық екпелер;
      8) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулер;
      9) егiс-топырақ қорғаныштық ормандар санаттарына бөлiнедi.
      3. Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулерге жұмыс iстеп тұрған және салынып жатқан темiр жолдарға бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, темiр жол төсемiнен екi жаққа қарай бес жүз метр шегiндегi орман және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, жолдың ортасынан екi жаққа қарай екi жүз елу метр шегiндегi орман жатады.
      4. Мемлекеттiк орман қоры санаттарында орман пайдалануды шектеудiң мынадай режимдерi белгiленедi:
      1) қорық режимi - осы Кодексте айтылған жағдайларды қоспағанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, оның iшiнде ағаштарды кесуге тыйым салынады;
      2) тапсырыс режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынады;
      3) шектеулi шаруашылық қызметiнiң режимi - жапырақты сүрекдiңдерді қоспағанда, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге де түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға тыйым салынады.
      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176 , 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      45-бап. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызу,


               бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру,
               сондай-ақ ерекше қорғаныштық учаскелердi бөлу

      1. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызу, бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе ол шектелетiн ерекше қорғаныштық учаскелерге бөлiнуi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман орналастыру материалдары және (немесе) арнайы зерттеулер негiзiнде оның экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына қарай жүргiзiледi.


      2. Мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызуды, сондай-ақ бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүргiзедi.
      3. Мемлекеттiк орман қорында, осы Кодекстiң 44-бабы 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетiлген санаттарды қоспағанда, орман пайдаланудың шектеулi режимiмен ерекше қорғаныштық учаскелер бөлiнуi мүмкiн.
      Ерекше қорғаныштық учаскелер басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.

      46-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кесу


               жасын белгiлеу

      1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кесу жасы ормандардың маңызы мен өнiмдiлiгi, олардың атқаратын функциялары, ағаш және бұта тұқымдастарының биологиялық ерекшелiктерi, сондай-ақ сүректiң мақсатты пайдаланылуы негiзге алына отырып айқындалады.


      2. Кесу жасын негiздеу орман орналастыру кезiнде немесе ғылыми зерттеулер нәтижелерi бойынша жүргiзiледi.
      3. Кесу жасын бекiтудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      47-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi есептi


               кеспеағаш аймағы

      1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi есептi кеспе ағаш аймағы - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртiбiмен сүрек дайындаудың орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмайтындай етiп пайдалану принципi негiзге алына отырып, әрбiр мемлекеттiк орман иелiгi бойынша тексеру кезеңiне белгiленетiн жыл сайынғы нормасы.


      Республиканың бүкiл аумағы және оның жекелеген облысының аумағы үшiн есептi кеспеағаш аймағы жекелеген мемлекеттiк орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаш аймағының жиынтығы ретiнде айқындалады.
      2. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептік кеспеағаш аймағын мемлекеттік орман иеленушінің орман орналастыру жобасының құрамында уәкілетті орган бекітеді.
      3. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген жағдайда, есептi кеспеағаш аймағы осы учаскелер үшiн, қажетiне қарай уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен белгiленуi мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасы, мемлекеттiк орман қорының қорғаныштық санаты өзгерген кезде есептi кеспеағаш аймағына өзгерiстер енгiзiледi.
      Мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде өзгертiлген есептi кеспеағаш аймағын бекiтудi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      48-бап. Мемлекеттiк орман қоры алқаптарының түрлерi

      Мемлекеттiк орман қорының құрамы:
      1) орман алқаптарына (орманды алқаптар; орманның жинақталмаған ағаштары; арнайы мақсаттағы плантациялар, орман питомниктерi, сондай-ақ ағаш өспеген алқаптар - ағашы кесiлген, өртең, алаңқай, селдiр ормандар);
      2) ағаш өспеген алқаптарға (ауыл шаруашылығы алқаптары, жолдар, орманның шаршы соқпақтары, өртке қарсы жыртылған жерлер, усадьбалар, сулар, батпақтар, мұздақтар, құмайт жерлер және мемлекеттiк орман қоры құрамындағы басқа да алқаптар) бөлiнедi.

      49-бап. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман


               пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану
               үшiн мемлекеттiк орман қорындағы орман
               алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру

      1. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттiк орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыруды орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер материалдары негiзiнде аумақтық бөлімше жүргiзедi.


      Алаңқай жерлер топырақ зерттеу және орман орналастыру материалдары бойынша орман өсiруге жарамсыз деп танылған жағдайларда ағаш өспеген алқаптарға айналдырылуы мүмкiн.
      2. Аумақтық бөлімшенің орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда орманды алқаптарды ағаш өспеген алқаптарға айналдыру туралы шешiмiнде учаскенiң орналасқан жерi, оның көлемi, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды жүзеге асырудың мақсаты мен мерзiмi, атқаруға рұқсат етiлген жұмыстардың тiзбесi, ағаш өспеген алқапқа айналдыру мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi осы учаскенi жаңғырту жөнiндегi iс-шаралар көрсетiледi.
      Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      50-бап. Мемлекеттiк орман қорындағы ағаш өспеген


               алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру

      Мемлекеттiк орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыруды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк орман иеленушi жүргiзедi.

      51-бап. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын
               жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа
               санаттардағы жерге ауыстыру және (немесе)
               мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы
                үшін алып қою

      1. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыруды және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қоюды Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.


      2. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қойған кезде, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды және (немесе) алып қоюды өз мүддесi үшiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы мен шығындардың орнын толтырады.
      3. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты eмec мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қойған кезде осы жерлердегi екпелердi сақтау немесе кесу туралы және кесiлген жағдайда алынатын сүректі пайдалану туралы мәселе бiр мезгiлде шешiледi.

      52-бап. Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты


               пайдаланылуын өзгерту

      Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүргiзiледi.

      53-бап. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына
               әсер ететiн объектiлер салынатын орындарды
              келiсу

      1. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындар мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мiндеттi түрде жүргiзiле отырып, уәкiлеттi органмен келiсiледi.


      2. Кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi орналастырған, жобалаған, салған және пайдалануға берген кезде, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгiзген кезде ормандарды ақаба судың, өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық шығарындылардың, қалдықтардың және төгiндiлердiң жағымсыз әсерiнен сақтауды қамтамасыз ететiн iс-шаралар көзделiп, жүзеге асырылуға тиiс.
      3. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердi болдырмайтын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдары мен басқа да объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.

      54-бап. Мемлекеттiк орман қорында орман шаруашылығын


               жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты емес
               жұмыстарды жүргiзу

      1. Мемлекеттiк орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргiзу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшiн мемлекеттiк орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.


      2. Облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың атауы, оларды орындаудың мерзiмдерi мен шарттары, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi экологиялық талаптар көрсетiледi.

5-бөлім. Орман орналастыру, орман қорының мемлекеттік
есебі, мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман
мониторингі

  8-тарау. Орман орналастыру

      55-бап. Орман орналастыру

      1. Орман орналастыру орман шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға, орман шаруашылығында бiрыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыруға, орман қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жүйесiн қамтиды.


      Орман орналастыру кезiнде:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк орман қорының шекарасын және мемлекеттiк орман иелiктерiнiң шаруашылықiшiлік ұйымдастырылуын айқындау, оның ішінде орманшылықтарға, орман шеберiнiң учаскелерiне және орман қарау аймағына бөлу;
      2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау мен мемлекеттiк орман қорын арнайы картаға түсiру;
      3) ормандардың тұқымдық және жас құрамын, олардың жай-күйін анықтай отырып, орман қорын түгендеу, сондай-ақ орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау;
      4) мемлекеттiк табиғат-қорық қоры объектiлерiн, орманның аса сирек кездесетiн өсiмдiктерiн және ерекше қорғаныштық учаскелердi анықтау;
      5) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу, өзгедей мақсатта ағаш кесу, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, суландыру, күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу үшiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртiбi мен тәсiлдерiн анықтау;
      6) мемлекеттiк орман қорын санаттарға жатқызуды негiздеу, мемлекеттiк орман қорын бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн алқаптар түрiне жатқызу және оларды негiздеу;
      7) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде есептi кеспеағаштарды, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мөлшерiн, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасын анықтау;
      8) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқым шаруашылығы, ормандарды күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларының көлемiн анықтау;
      8-1) артықшылығы бар, қалыпты және кемiстiгi бар екпелерді қоса алғанда, орман екпелерін селекциялық тұрғыдан бағалау;
      9) жанама орман пайдалану мен қосалқы сүрек ресурстарын дайындау, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының мұқтаждары, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн пайдалану, оның ішінде сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру мөлшерiн айқындау;
      9-1) орман шаруашылығын жүргiзуге кешендi баға беру кезінде өткен тексеру кезеңi iшiнде орман қоры аумағында өрттен және ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды айқындау;
      10) орманды биологиялық зерттеулер;
      11) орман орналастыру жобаларын жүзеге асыруды авторлық қадағалау;
      12) орман шаруашылығын жүргiзудiң негiзгi ережелерiн әзiрлеу және облыстар бойынша орман орналастырудың жиынтық жобаларын жасау;
      13) өзге де орман орналастыру жұмыстары жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде мемлекеттiк орман қорының шекарасын белгiлеуге, оны түгендеуге және орман шаруашылығын жүргiзудi жоспарлауға байланысты орман орналастыру мемлекеттiң монополиясына жатады.
      3. Орман орналастыру материалдары мемлекеттiк орман қоры жерiнiң шекарасын белгiлейтiн және нақтылайтын кезде, жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолданылады.
      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176 , 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      56-бап. Орман орналастыруды жүргізу жүйесі

      1. Орман орналастыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында орман орналастыруды жүргізу қағидаларына және уәкiлеттi орган бекіткен нұсқаулыққа сәйкес бiрыңғай жүйе бойынша орындалады.
      2. Мемлекеттiк орман қоры аумағына орман орналастыруды  уәкiлеттi органның құзырындағы мемлекеттiк орман орналастыру ұйымдары аэрофототүсірілімі мен ғарыш түсірілімінің материалдарын қолдана отырып жүргiзедi.
      3. Орман орналастыруды жүргiзбей және осы Кодексте белгiленген тәртiппен бекiтiлген орман орналастыру құжаттамасынсыз мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға тыйым салынады.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      57-бап. Мемлекеттiк орман иелiктерiнiң орман


               орналастыру жобалары

      1. Мемлекеттiк орман қорында орман орналастыру кезiнде орман орналастыру жобалары жасалады, оларда өткен тексеру кезеңi iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен мемлекеттiк орман қорын пайдалануға кешендi баға берiледi, орман шаруашылығы іс-шаралары жоспарланады және орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргiзудiң келесi тексеру кезеңiне арналған негiзгi ережелерi әзiрленедi.


      2. Мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен мемлекеттiк орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары мен орман орналастырудың басқа да құжаттарын уәкiлеттi орган бекiтедi және олар орман шаруашылығын жүргiзу, оның ағымдағы және болашақтағы дамуын жоспарлау үшiн мiндеттi нормативтiк актiлер болып табылады.
      3. Орман орналастыру жобалары орман орналастыру жұмыстары аяқталғаннан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      58-бап. Орман қоры туралы ақпарат

      1. Орман қоры туралы ақпарат орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi, орман орналастыру деректерiн және уәкiлеттi орган және (немесе) мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары алған өзге де деректердi қамтиды.
      2. Орман қоры туралы ақпарат мемлекеттiк меншiк болып табылады, оны жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес анықтайды.
      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-тарау. Орман қорының мемлекеттік есебі, мемлекеттік
орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі

      59-бап. Орман қорының мемлекеттiк есебi

      1. Орман қорының мемлекеттiк есебi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерiстерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттiк органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлiнедi және есепке алынады.
      Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар мен мемлекеттiк табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттiк табиғи ескерткiштер солардың құрамында есепке алынады.
      Орман қорының мемлекеттiк есебiнiң деректерi мемлекеттiк орман кадастрын жүргiзген кезде пайдаланылады.
      2. Орман қорын мемлекеттік есепке алудың нысанын уәкілетті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып бекітеді.
      3. Орман қорын мемлекеттік есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүргізеді.
      Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176, 2010.03.19 № 258-IV, 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      60-бап. Мемлекеттiк орман кадастры

      1. Мемлекеттiк орман кадастры орман қорының құқықтық режимi, оны орман иеленушiлер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, мемлекеттiк орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәлiметтер жүйесiн және орман қорының орман шаруашылығын жүргiзу мен шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректердi қамтиды.
      1-1. Мемлекеттік орман кадастрын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүргізеді.
      2. Мемлекеттiк орман кадастрының деректерi орман шаруашылығын мемлекеттiк басқару, оны жүргiзудi ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргiзуге және мемлекеттiк орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн алып қою, ормандарды пайдаланудың төлемақысы мөлшерiн белгiлеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушiлердiң шаруашылық қызметiн бағалау кезiнде пайдаланылады.
      3. Мемлекеттiк орман кадастры көрсеткiштерiнiң тiзбесi мен ормандарды экономикалық бағалау әдiстемесiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      61-бап. Мемлекеттiк орман мониторингi

      Мемлекеттiк орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау мен пайдалану және ормандарды молықтыру ормандардың биологиялық әралуандығы мен экологиялық функцияларын сақтау саласын мемлекеттiк басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен қарқынын қадағалау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi.
      Ормандардың мемлекеттік мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүргізеді.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет