пайдалану құқығының туындауы
Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекеше орман иеленушi айқындайтын тәртiппен туындайды.
31-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ
мерзiмдi орман пайдалану
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға тендер хаттамасы негiзiнде және кейiн мемлекеттік орман иеленуші мен орман пайдаланушы арасындағы шартпен ресiмделе отырып берiледi.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қаражаты мен өндiрiстiк қуаттары және тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандары бар орман пайдаланушыларға 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiледi.
2-1. Сүрек дайындау үшiн орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға бекіту жөніндегі тендерге қатысуға мынадай талаптарға сай келетін жеке және заңды тұлғалар жіберіледі:
1) меншік құқығында материалдық-техникалық базаның: мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларында белгіленген кеспеағаш жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемінің және орман шаруашылығы-экология талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін сүрек құлатуға, сүйретуге, тиеуге және тасып әкетуге арналған техника мен жабдықтардың болуы;
2) ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларында көзделген өрт жабдықтары мен өрт сөндіру құралдарының болуы;
3) мамандығы бойынша (ағаш дайындау, орман ісі инженері, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) жоғары кәсіптік білімі немесе тиісті орта кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар жауапты орындаушы – инженер-техник қызметкердің болуы;
4) ағаш құлату, бұтақ шабу, сүрек сүйреу, тиеу және тасып әкету жұмыстарын жүргізуге машықтанған персоналдың болуы;
5) еңбекті қорғауға және қауіпсіздік техникасына жауапты маманның болуы;
6) іс-шараларды қаржыландыру көздері көрсетілген сүрек дайындау мен өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі перспективалық үш жылдық жоспардың болуы.
3. Орман ресурстарын сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берген жағдайда, орман пайдаланушыға мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде сүрек ресурстары орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын ұдайы және сарқылмайтындай етiп пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн, бiрақ орманшылық алаңынан аспайтындай етiп берiледi.
4. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру сол аумақта тұратын халықтың мүдделерi ескерiле отырып, жария жүзеге асырылуға тиiс.
5. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген, пайдаланылмаған орман ресурстары шарт мерзiмi өткен соң орман пайдаланушының меншiгiне ауыспауға тиіс.
Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
32-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ
мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптары
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында мынадай талаптар:
1) орман телімдері мен орман орамдарының нөмірлері көрсетіліп, орман пайдалану жүзеге асырылатын мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң орман орналастырудың картографиялық материалдарынан алынған көшірме түріндегі шекаралары;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң алаңы және мөлшерлеу көрсеткiштерi;
3) орман пайдалану түрлерi;
4) орман пайдаланудың көлемi (мөлшерi);
5) орман пайдалану мерзiмi;
5-1) орман ресурстарын игеру және ұтымды пайдалану, тендер жеңімпазының конкурстық өтінімінде көрсетілген ормандарды күзету, қорғау және молықтыру, орман ресурстарын өңдеу жөніндегі іс-шараларды инвестициялау;
6) орман пайд алану төлемақысының мөлшерi мен оны енгiзу тәртiбi;
7) тараптардың орман ресурстарын күзету, қорғау және молықтыру жөнiндегi мiндеттерi;
8) тараптардың шарт талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы;
9) лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi (орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыратын жағдайда);
10) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
РҚАО-ның ескертпесі!
32-бапты 10-1) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 2012.01.12 N 538-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11) Қазақстан Республикасының орман заңдарында көзделген және тараптардың қалауымен анықталған өзге деталаптар көрсетiледi.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 224(2012.01.01 бастап күшіне енеді), 2012.01.12 № 538-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
33-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ
мерзiмдi орман пайдалану шартының нысаны және
оны мемлекеттiк тiркеу
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты жазбаша нысанда жасалады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес аумақтық бөлімшелерде мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты ол мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап жасалған болып есептеледi.
Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
34-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде қысқа
мерзiмдi орман пайдалану
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары қысқа мерзiмдi орман пайдалануға мемлекеттiк орман иеленушiлер беретiн орман билетi негiзiнде бiр жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану кезiнде орман пайдаланудың:
1) жанама орман пайдалану;
2) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану ;
3) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық мақсаттары үшiн пайдалану сияқты түрлерiн ғана жүзеге асыруға болады.
35-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға
беру жөнiнде тендерлер өткiзу тәртiбi
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлердi өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
36-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
пайдалануға рұқсаттама құжаттары
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыруға рұқсаттама құжаттары: ағаш кесу билетi мен орман билетi негiзiнде ғана жол берiледi.
2. Ағаш кесу билетін беруге мыналар негіз болып табылады:
1) мемлекеттік орман иеленушілер үшін – уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесудің жыл сайынғы көлемі;
2) орман пайдаланушылар үшін – уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесудің жыл сайынғы көлемі және ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты.
3. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушы мен орман иеленушіге сүрек, кесілген ағаш қалдықтарын (ұшар басынан алынған отын), шайыр, ағаш шырындарын және қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға және кеспеағаш аймағынан ағаштар, сыпталған ағаштар немесе сортименттер (қабығы алынбаған іске жарамды және отындық) түрінде тасып әкетуге құқық беретiн құжат болып табылады.
4. Ағаш кесу билетi орман ресурстарының сандық және сапалық сипаттамасы, орманды пайдалану төлемақысы мөлшерi, жұмыстар жүргiзудiң мерзімдерi, орманды молықтыру талаптары мен ағаш кесу орындарын тазарту, дайындау технологиясына қойылатын орман шаруашылығы талаптары туралы мәлiметтердi, ағаш кесу билетiнiң қолданылуын тоқтату шарттарын қамтиды.
5. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға жыл сайын, оны беру үшiн негiздеме болған құжаттарда көрсетiлген орман пайдалану түрлерiн ғана жүзеге асыруға, белгiленген көлемде және мемлекеттiк орман қорының нақты учаскесiне арнап берiледi.
6. Шайыр және ағаш шырындарын дайындауға арналған ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға сөл ағызудың бүкiл мерзiмiне берiледi.
7. Мемлекеттiк орман иеленушi аралық пайдалану мақсатында кесудi және өзгедей мақсатта кесудi, жанама орман пайдалануды жүргiзген кезде ағаш кесу билетi мен (немесе) орман билетi орманшылық басшысына, ал орманшылық болмаған жағдайда - аталған ағаш кесу мен орман пайдалануды жүргiзуге жауапты лауазымды адамға жазылады.
8. Орман билетi жанама орман пайдалануды жүзеге асыруға, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аң шаруашылығы, ғылыми-зерттеу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар қажеттiгi үшiн пайдалануға құқық беретiн құжат болып табылады.
9. Ағаш кесу билетiнiң және орман билетiнiң нысанын, оларды есепке алудың, сақтаудың, толтыру мен берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
10. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттама құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiледi.
Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176, 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
37-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттiк орман
қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге
асырған кездегi құқықтары
1. Орман пайдаланушылардың:
1) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды рұқсаттама құжаттарында көрсетілген көлемде жүзеге асыруға;
2) өздерiне орман пайдалануда берiлген орман ресурстары туралы ақпарат алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман пайдалану мерзiмiне құрылыстар мен ғимараттар, сүрек сақтау қоймаларын салуға, ағаш таситын жолдар тартуға, сүректi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалануға байланысты басқа да орман өнiмдерiн өңдеу үшiн жабдықтар орнатуға;
4) мемлекеттiк орман қорының санаттарының өзгеруi, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қою салдарынан келтiрiлген шығындарға өтем алуға;
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүрек дайындау үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік орман иеленушімен келісім бойынша орман питомниктері мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді орналастыруға құқығы бар.
1-1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығын жүзеге асыруы кезінде өздерінің міндеттерін тиісті дәрежеде орындаған орман пайдаланушылар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе ұзақ мерзімді орман пайдалану шартында өзгеше белгіленбесе, шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін басқа тұлғалардың алдында басқа да тең жағдайларда жаңа мерзімге ұзақ мерзімді орман пайдалану шартын жасауға басымдық құқыққа ие болады.
2. Орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
38-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттiк орман қоры
учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған
кездегi мiндеттерi
Орман пайдаланушылар:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптарын, сондай-ақ ағаш кесу билетiмен, орман билетiмен белгiленген талаптарды сақтауға;
2) тұрғын халықтың денсаулығына зиян келтiруiне жол бермеуге;
3) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың жай-күйi мен молайтылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе оны шектейтiн және жануарлар дүниесi мен олар тiршiлiк ететiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзуге;
4) сүрек дайындаған кезде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлген техника мен технологияларды пайдалана отырып ормандарды табиғи түрде молықтыру үшiн оңтайлы жағдайларды сақтау жөнiндегi талаптарды ұстануға;
5) мемлекеттік орман қорының өздеріне орман пайдалану үшін бөлініп берілген учаскелерінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға, өз қаражаты есебінен орман өрттерінің алдын алу іс-шараларын жүргізуге; орман өрті туындаған жағдайда ұзақ мерзімді орман пайдалану шартында көзделген шекарада оны сөндіруді жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік орман қорының басқа да учаскелерінде орман өрттерін сөндіруге қатысуға;
6) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттiк орман иеленушiлермен келiсе отырып өртке қарсы iс-шаралар жоспарын әзiрлеуге және бекiтуге, сондай-ақ оларды белгiленген мерзiмдерде өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға;
7) мемлекеттiк орман қоры аумағында өздерi сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк, спорттық және басқа да iс-шаралар мен жұмыстарды өткiзетiн жерлерде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормаларға сәйкес өрт сөндiретiн құралдары болуына;
8) ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға;
9) кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларына сәйкес тазартуға;
10) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану үшiн бөлiнген учаскелерiнде заңсыз ағаш кесуге және Қазақстан Республикасының орман заңдарын, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарын өзге де бұзушылықтарға жол бермеуге;
11) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде жұмыс аяқталғаннан кейiн оларды мемлекеттiк орман иеленушiлерге тапсыруға;
12) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде орманның қайта түлеуін қоса алғанда, орман орналастыру жобасына сәйкес ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшеріне тең алаңда ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
12-1) мемлекеттік орман иеленушіде: орман дақылдары қоры; орман пайдаланушыға мемлекеттік орман қоры аумағында қосымша учаске беру мүмкіндігі болмаған жағдайларда жергілікті бюджетке орман көмкерген алқапқа ауыстырғанға дейін орман дақылдарын отырғызу мен өсіру құнының мөлшерінде төлемақы енгізуге міндетті. Орман дақылдарын отырғызу мен өсіру үшін төлемақы орман иеленуші әзірлеген технологиялық-есеп картасымен айқындалады;
13) ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi салдарынан өскiндер жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы шеккен шығындар мен шығасыны өтеуге;
15) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен орманды пайдаланудың төлемақысын уақтылы енгiзуге;
16) ормандардың санитариялық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөнiндегi ережелердi (бұдан әрi - ормандардағы санитарлық ережелер) сақтауға;
17) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезінде орман иеленушіге орман зиянкестерімен және ауруларымен күресті ұйымдастыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ оған мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшін бөліп берілген учаскелерінде орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы оған уақытылы хабарлауға;
17-1) орман пайлалануға берілген учаскелерде ұзақ мерзімді орман пайдалану шартының талаптарына сәйкес орман қорының жер учаскелерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;
18) алып тасталды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
19) өзге орман пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
20) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртiппен уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлімшелеріне, облыстың жергілікті атқарушы органдары мен мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын, мемлекеттiк орман мониторингiн жүргiзу үшiн қажеттi ақпаратты берiп тұруға;
20-1) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiне сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру кезiнде экологиялық рұқсат алуға;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176, 2007.01.09 N 213, 2010.03.19 № 258-IV, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
39-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
пайдалану құқығын тоқтата тұру мен шектеу
негiздерi
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы Қазақстан Республикасы орман заңдарының, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарының талаптарын бұзған;
2) орман пайдаланушы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының, ағаш кесу билетiнiң, орман билетiнiң талаптарын орындамаған жағдайларда тоқтатыла тұрады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану жүзеге асырылатын учаскелерiнде орман ресурстарының жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың басталуы нәтижесiнде олардың қоры азайған;
2) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөнiндегi авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар өткiзiлетiн жағдайларда, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болатын кезеңде шектеледі.
3. Егер орман пайдалану құқығының шектелуiн не тоқтатыла тұруын тудырған мән-жайлар немесе жағдайлар жойылса, орман пайдалану құқығы толық көлемiнде қалпына келтiрiледi.
4. Орман пайдаланушы өзiнiң орман пайдалану құқығын шектеу туралы немесе тоқтата тұру туралы шешiммен келiспеген жағдайда, оның бұл шешiмге сот тәртiбiмен шағымдануға құқығы бар.
5. Орман пайдалану құқығын шектеу немесе тоқтата тұру орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзге де жауапкершiлiктен босатпайды.
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
40-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы орман пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан;
2) орман пайдалану мерзiмi өткен;
3) орман пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
4) орман пайдаланушы орман пайдаланудың белгiленген ережелерiн немесе ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында, ағаш кесу билетiнде, орман билетiнде көзделген талаптарды үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған;
5) мемлекеттiк орман қорында орман пайдалануды жүзеге асыруға кедергi келтiретiн өзгерiстерге әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар басталғанда;
6) орман пайдалану төлемақысын енгiзудiң белгiленген мерзiмiн үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған немесе төлемақыны белгiленген мерзiмнен кейiнгi үш ай iшiнде енгiзбеген;
7) мемлекеттiк орман қоры жерi мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды шектеудiң неғұрлым қатал режимi белгiленген жағдайларда тоқтатылады.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзгедей жауапкершiлiктен босатпайды.
Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
41-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман
пайдалану құқығын тоқтату тәртiбi
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының бұзылуы;
2) орман пайдаланушының жазбаша өтiнiшi;
3) ағаш кесу билетi, орман билетi қолданылуының Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тоқтатылуы;
4) лицензияның лицензиядан айыру (орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылған жағдайда) негiзiнде тоқтатылады.
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
42-бап. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры
аумағында болуы
1. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болу тәртiбi мен шарттары мемлекеттiк орман қорының санатымен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрімен, аумақтың абаттану деңгейiмен және орман пайдаланудың түрiмен айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген санатына жатқызылған өсімдіктер дүниесі объектілерін қоспағанда, демалыс өткiзу, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық iс-шараларға қатысу, жабайы өскен жемiстердi, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын өз мұқтажы үшiн жинау мақсатында мемлекеттiк орман қоры аумағында тегiн рұқсаттама құжаттарынсыз болуға құқығы бар.
3. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында жабайы өскен жемiстердi, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын өз мұқтажы үшiн жинауына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ұсынуы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкiлдi органының шешiмiмен бекiтiлген нормалар шегiнде рұқсат етiледi.
4. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына және жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын жинауына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықтың денсаулығын қорғау, өрт қауiпсiздiгi, жаңғақ кәсiпшiлiгi, орман-жемiс, орман тұқым және аңшылық шаруашылықтарын жүргiзу мүддесiне орай шектеу қойылуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жабайы өсiмдiктер мен саңырауқұлақ түрлерiн, сондай-ақ құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктер мен құрамында есiрткi заттар бар табиғи шикiзат жинау мен дайындауға тыйым салынады.
6. Жеке тұлғалар өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен бұталарды сындырмауға және кеспеуге, орман ағаштарының зақымдануына, ормандардың ластануына, құмырсқа илеулерiнiң, құс ұяларының бұзылуына жол бермеуге, жабайы өскен тағамдық орман ресурстарын, дәрiлiк шикiзатты олардың молықтырылуына нұқсан келмейтiн мерзiмде және тәсiлдермен жинауға мiндеттi.
7. Жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында аң аулау және балық аулау мақсатында болуы осы Кодекспен регламенттеледi.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |