Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨКІЛДІК



бет4/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53

2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨКІЛДІК

13-бап. Салық төлеушінің құқықтары

1. Салық төлеуші:

1) салық қызметі органдарынан қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салықтық нысандарды толтыру тәртібі бойынша түсіндірмелер алуға;

2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;

3) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;

4) салық органында уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрде салық есептіліктері мен өтініштерін беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін алуға;

5) өтініш бойынша салық органында бұрын өзі тапсырған салық есептілігінің көшірмесін алуға;

6) салық қызметі органдарына салықтық бақылау нәтижелері бойынша салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі түсіндірмелерді табыс етуге;

7) салық органы салықтық өтініш алған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей салық міндеттемесін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелерді орындау бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірме алуға;

8) салықтық өтініш бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде мынадай:

салықтық берешектің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы;

салықтық берешектің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі (бар екендігі) туралы;

резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар мен ұсталынған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама түрлерін алуға;

9) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мақсатында төлем құжатын толтыру үшін қажетті деректемелер туралы мәліметтер, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібі туралы ақпаратты салық органына көрсетілген ақпарат үшін өтініш жасалған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде алуға;

10) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

11) салықтық құпияның сақталуын талап етуге;

12) осы Кодекске сәйкес салық қызметі органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді тегін алуға;

13) салықтық тексеру жүргізу барысында салық қызметі органдарының лауазымды адамында туындаған сұрақтарды жазбаша тіркеуге және осы сұрақтар көрсетілетін құжатты онымен келісуге;

14) берілуі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасында тікелей көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге жатпайтын ақпарат пен құжаттарды бермеуге құқылы.

2. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.

3. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

14-бап. Салық төлеушінің міндеттері

1. Салық төлеуші:

1) осы Кодекске сәйкес салық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

2) салық қызметі органдары лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының салық заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ олардың қызметтік міндеттерін атқаруы кезіндегі заңды қызметіне кедергі жасамауға;

3) нұсқама негізінде салық қызметі органдары лауазымды адамдарының салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті зерттеп-тексеруіне жол беруге;

4) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген ақпарат пен құжаттарды беруге;

5) бақылау-кассалық машиналарды қолдануға және оларды қолданудың осы Кодексте белгіленген тәртібін сақтауға;

6) дара кәсіпкердің (осы Кодекстің 43-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда) кәсіпкерлік қызметті, жекеше нотариустың, адвокаттың, тұрақты мекеменің, резидент емес заңды тұлғаның қызметін тоқтатуына, заңды тұлғаның бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына және (немесе) таратылуына байланысты құжаттық тексеруді жүргізу туралы салық органына салықтық өтініш беруге міндетті.

2. Салық төлеуші осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

15-бап. Салық агентінің құқықтары мен міндеттері

1. Салық агентінің, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші сияқты құқықтары бар және сондай міндеттері болады.

2. Салық агенті сондай-ақ:

1) осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықты дұрыс және уақтылы есептеуге;

2) салық төлеушіден тиісті салықты ұстауға және оларды осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке аударуға;

3) салық төлеушілерге төленген табыстардың, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салық сомасының есебін жүргізуге, оның ішінде әрбір салық төлеуші бойынша жеке-жеке жүргізуге;

4) тіркелу есебінде тұрған жері бойынша салық органына осы Кодекстің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен салық есептілігін табыс етуге міндетті.

3. Салық агенті осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындайды.



16-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау

1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.

2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

17-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету

1. Салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкіл арқылы қатысуға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады.

3. Салық төлеуші (салық агенті) салық қызметі органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға өзге де қатысушылармен қатынастарында оның мүдделерін білдіруге уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі болып танылады.

Уәкілетті өкіл салық төлеушінің (салық агентінің) құрылтай құжаттары және (немесе) нотариаттық куәландырылған сенімхат немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес салық төлеуші (салық агенті) берген нотариаттық куәландырылғанға теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда уәкілетті өкіл өкілеттіктерінің нақты тізбесі көрсетіледі.

4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкіл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.

5. Салық төлеуші (салық агенті) өкілінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға сол салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуына байланысты жасаған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) аталған өкілге осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде берген өкілеттіктері шеңберіндегі іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.

3-тарау. САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ОРГАНДАРЫ. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

18-бап. Салық қызметі органдарының міндеттері мен құрылымы

1. Салық қызметі органдарының міндеттері:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету;

2) міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – міндетті зейнетақы жарналары) есептеудің, ұстаудың және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың және әлеуметтік аударымдарды (бұдан әрі – әлеуметтік аударымдар) есептеудің және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеудің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;

3) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;

4) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

5) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

2. Салық қызметі органдары уәкілетті орган мен салық органдарынан тұрады.

3. Салық органдарына уәкілетті органның облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша, аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ уәкілетті органның ауданаралық аумақтық бөлімшелері жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда осы аймақтардың аумағында салық органдары құрылуы мүмкін.

4. Салық органдары тиісті жоғары тұрған салық қызметі органына сатылы тұрғыда тікелей бағынады және жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.

5. Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.

19-бап. Салық қызметі органдарының құқықтары

1. Салық қызметі органдары:

1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлеуге және бекітуге;

2) салықтық бақылауды жүзеге асыруға;

3) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға;

4) салық төлеуші (салық агенті) осындай бағдарламалық қамтамасыз етілімді және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың өз клиенттерінің банктік шоттары туралы, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес банктік құпия болып табылатын мәліметтер қамтылған бағдарламалық қамтамасыз етілімі мен (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығын қоспағанда, салық төлеушіден (салық агентінен) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есеп тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылған бағдарламалық қамтамасыз етілімнің және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын беруді талап етуге;

5) салық төлеушіден (салық агентінен) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстаудың және аударудың) уақтылылығын, міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстау мен аударудың және әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеудің толықтығы мен уақтылылығын растайтын құжаттарды, салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсіндірмелерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның ішінде резидент - салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген болса, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілігін беруін талап етуге;

6) салықтық тексеру барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен салық төлеушіден (салық агентінен) әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғаны туралы айғақтайтын құжаттарды алып қоюды жүргізуге;

7) нұсқама негізінде объектінің тұрған жеріне қарамастан, салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті зерттеп-тексеруге, салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу жүргізуге;

8) банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан осы Кодекстің 581-бабының 1) және 4) тармақшаларында табыс етілуі көзделген мәліметтерді алуға;

9) банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында аталған тұлғаларға қатысты банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтер алуға;

10) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық салу объектілерін және салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындауға;

11) салықтық тексерулерге мамандарды тартуға;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талаптар қоюға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талаптар қоюға құқылы.

2. Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жүктелген міндеттерді іске асыруды осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.

3. Салық қызметі органдарының осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтары бар.



20-бап. Салық қызметі органдарының міндеттері

1. Салық қызметі органдары:

1) салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын сақтауға;

2) мемлекеттің мүдделерін қорғауға;

3) салық төлеушінің – салық міндеттемесін, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндетті осы Кодексте белгіленген тәртіппен орындауына салықтық бақылауды, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды есептеудің толықтығы мен төлеудің уақтылылығын, міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстау мен аударудың уақтылылығын бақылауды жүзеге асыруға;

4) салық төлеушілерді, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды, есептелген, есепке жазылған және төленген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, есептелген, ұсталған және аударылған міндетті зейнетақы жарналарын, есептелген және төленген әлеуметтік аударымдарды есепке алуды жүргізуге;

5) өз құзыреті шегінде салық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндіруді жүзеге асыруға және түсініктемелер беруге;

6) салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге, салықтық нысандарды толтыру тәртібін түсіндіруге;

7) салық төлеушіге (салық агентіне) уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрдегі салық есептіліктері мен салықтық өтініштерді табыс етуге қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін беруге;

8) нұсқама бойынша салықтық тексеруді жүргізуге;

9) өз құзыреті шегінде салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мен өсімпұлдардың артық төленген сомасын, есепке жатқызылған қосылған құнға салықтың есептелген салық сомасынан асып кетуін есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды, осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде айыппұлды қайтаруды жүргізуге;

10) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салықтық құпияны сақтауға;

11) осы Кодексте көзделген мерзімде және жағдайларда салық міндеттемесінің, міндетті зейнетақы жарналарын ұстау мен аудару және әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша міндеттемелердің орындалуы жөнінде салық төлеушіге (салық агентіне) хабарлама беруге;

12) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық өтініші бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде мынадай:

салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы;

салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі (бар екендігі) туралы;

резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарының және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама түрлерін беруге;

13) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық есептілігін және салықтық өтініштерді қабылдауға;

14) салық төлеушіден (салық агентінен) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жоюды талап етуге және өз құзыреті шегінде осы талаптардың орындалуын бақылауға;

15) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық өтінішін алған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей оның жеке шотынан салық міндеттемесінің, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын аудару және әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша міндеттемелердің орындалуы бойынша бюджетпен есеп айырысу жай-күйі туралы үзінді көшірме беруге;

16) көрсетілген ақпарат үшін салық органына өтініш жасалған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өз құзыреті шегінде салық төлеушіге (салық агентіне) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, бюджетке төленуге жататын өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі төлем құжатын толтыру үшін қажетті деректемелер туралы мәліметтер, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, бюджетке төленуге жататын өсімпұлдар мен айыппұлдарды, әлеуметтік аударымдарды төлеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару тәртібі туралы ақпарат беруге;

17) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу фактісін растайтын құжаттардың немесе құжаттар көшірмелерінің бес жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге;

18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға салық қызметі органдарының ақпараттық жүйесіне қолжетімділігін беруге;

19) электрондық салық төлеушіге өзінің жеке шотын көру қолжетімділігін беруге;

20) салық төлеушінің талап етуі бойынша – салық міндеттемесінің, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша міндеттемелердің орындалуы жөніндегі, салық агентінің талап етуі бойынша салықты есептеу және аудару бойынша міндеттің орындалуы жөніндегі есеп-қисапты салыстыруды жүргізуге, жеке шотқа осы Кодексте көзделген тәртіппен түзетулер енгізуге;

21) уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге;

22) бұқаралық ақпарат құралдарында осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда салық берешегі бар салық төлеушілердің (салық агенттерінің), сондай-ақ әрекетсіз заңды тұлғалардың және заңды күшіне енген сот үкімінің не қаулысының негізінде жалған кәсіпорындар болып танылған салық төлеушілердің тізімдерін жариялауға;

23) мемлекеттің меншігіне айналған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берілуінің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ ол өткізілген жағдайда бюджетке ақшаның түсуінің толықтығы мен уақтылылығын бақылауды жүзеге асыруға;

24) уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу дұрыстығы, алу толықтығы және аудару уақтылылығы мәселелері жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асыруға;

25) салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегін осы Кодекске сәйкес мәжбүрлі тәртіппен өндіріп алуға;

26) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық қызметі органдары лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымын осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарауға;

27) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартуға міндетті.

2. Салықтық тексеру барысында салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден қасақана жалтару фактілері, сондай-ақ қылмыс белгілерін көрсететін әдейі, жалған банкроттық фактілері анықталған кезде, салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына олардың тергеуіне жататын материалдарды жібереді.

3. Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындайды.



21-бап. Мүдделер қақтығысы

Салық қызметі органдары лауазымды адамының жақын туысы (ата-анасы, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер), жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты (ерлі-зайыптылардың аға-інілері, апалы-сіңлілілер (аға-қарындастар) ата-анасы мен балалары) болып табылатын салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты, сондай-ақ қаржылық жағынан тікелей немесе жанама мүдделілігі бар болса, мұндай лауазымды адамға қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына тыйым салынады.



22-бап. Кеден органдарының салықтар алу жөніндегі өкілеттігі

Кеден органдары осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауар өткізуге байланысты төленуге жататын салықтарды алуды жүзеге асырады.



23-бап. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі

1. Кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері (бұдан әрі – әкімдер) салық төлеуші – жеке тұлға төлейтін мүлік, көлік құралы салықтарын, жер салығын жинауды ұйымдастырады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықты жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негізінде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкілетті орган белгілейді.

3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықты жинауды ұйымдастыру кезінде әкімдер:

1) салық органдарынан салықтың сомасы туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетілген хабарламаны салық төлеушіге – жеке тұлғаға тапсыруды;

2) салық сомасы қолма-қол ақшамен төленген кезде салық төлеушіге – жеке тұлғаға осындай төлеу фактісін растайтын квитанция беруді;

3) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған операциялық күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, салық сомасын кейіннен бюджет есебіне жатқызу үшін күн сайын өткізуді қамтамасыз етеді. Егер күн сайынғы ақша түсімі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген он еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болса, сондай-ақ елді мекенде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде ақша өткізу үш операциялық күнде бір рет жүзеге асырылады;

4) квитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;

5) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомасын банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға тапсыру туралы есептер беруді қамтамасыз етеді.

24-бап. Салық қызметі органдарының уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы

1. Салық қызметі органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

2. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық қызметі органдарына жәрдемдесуге міндетті.

3. Салық қызметі органдары мен кеден органдары өздеріне жүктелген салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді өзара іс-қимыл жасау арқылы орындайды.

4. Салық қызметі органдары мен жергілікті атқарушы органдар салық жинауды жүзеге асыру бойынша осы Кодекстің 23-бабында белгіленген тәртіппен бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.

5. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді алу жөніндегі өкілеттіктері осы Кодекстің ерекше бөлімінде айқындалады.

6. Салық қызметі органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет