§ 2. Шегерімдер
100-бап. Шегерімдер
1. Осы Кодекске сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімге жатады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда шегерімге жатқызылған шығыстардың мөлшері белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
3. Шегерімдерді салық төлеуші өзінің табыс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде жүргізеді. Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар іс жүзінде жүргізілген салық кезеңінде шегерімге жатады.
Болашақтағы кезеңдердің шығыстары олар қатысты болатын салық кезеңінде шегерімге жатады.
4. Табиғи монополия субъектілері шеккен ысыраптар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген нормалар шегінде шегерімге жатады.
5. Егер шығыстардың бір және сол түрі шығыстардың бірнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын табыстың есеп-қисабы кезінде бір-ақ рет шегеріледі.
6. Егер осы Кодекстің 103, 115-баптарында өзгеше белгіленбесе, таңылған немесе танылған айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары шегерімге жатады.
7. Құрылысқа алынған, құрылыс кезеңінде есепке жазылған кредиттер (қарыздар) үшін сыйақылар құрылыс объектісінің құнына енгізіледі.
8. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі салықтық есепке алуды жүргізген жағдайда бірлескен қызмет немесе оның бір бөлігі бойынша шығыстарды шегерімге жатқызу осындай өкіл табыс еткен мәліметтердің негізінде жүзеге асырылады.
9. Салық төлеушінің құрылысқа, тіркелген активтерді сатып алуға арналған шығындары және капитал сипатындағы басқа да шығындар осы Кодекстің 116–125-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады.
10. Осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көрсетілген әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде шеккен шығыстар шегерімге жатқызылуға жатады.
11. Егер мәміле талаптарында салық төлеушінің өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер сапасына кепілдік беруі көзделсе, онда салық төлеушінің мәміледе белгіленген кепілдік беру мерзімі ішінде өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің кемшіліктерін жою жөнінде жүргізген іс жүзіндегі шығыстарының сомасы осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылуға жатады.
12. Осы Кодекстің 260-бабына сәйкес қосылған құн салығы жөніндегі декларацияның деректері бойынша есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы шегерімге жатқызылуға жатады.
Қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген, қосылған құн салығы бойынша салық кезеңін қамтитын салық кезеңінде шегерім жүргізіледі.
13. Салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебінен шығару кезінде есепке жатқызылуға жататын қосылған құн салығы сомасының есепке жазылған қосылған құн салығының 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан, қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер шотына есепке жатқызылмаған, нөлдік ставкамен салық салынатын айналымдар бойынша қайтаруға ұсынылмаған сомасынан асып кетуі осы Кодекстің 230-баптың 2-тармағында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін шегерімге жатқызылуға жатады.
14. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салық төлеуші жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне, қызметкерлердің жыл ішіндегі орташа тізімдік санына сүйене отырып, бір қызметкерге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш шегінде төлеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүшелік жарналары шегерімге жатады.
15. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, төленуге жататыннан (төленгеннен) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде бухгалтерлік есепте активтердің және (немесе) міндеттемелердің өзгеруіне байланысты туындайтын шығыс, салық салу мақсатында шығыс ретінде қарастырылмайды.
16. Туынды қаржы құралдары жөніндегі шығыстар осы Кодекстің ережелеріне сәйкес ескеріледі.
17. Егер сенімгерлікпен басқарушыға мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актімен мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе пайда алушы үшін салық міндеттемесін орындау жүктелсе, мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының шығыстары, осы бөлімнің мақсатында осы сенімгерлікпен басқарушының шығыстарына қосылады.
18. Салық төлеушінің осы Кодекстің 131 және 132-баптарына сәйкес шегерімдерді түзетуге құқығы бар.
101-бап. Қызметтік іссапарлар кезінде өтемақылар сомасының шегерімі
Қызметтік іссапарлар кезінде шегерімге жататын өтемақыларға:
1) жол жүру мен броньға (оның ішінде құнының төлену фактісін растайтын құжат болған кезде электрондық билетке) жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарға баратын жерге жетуге және кері қайтуға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
2) тұрғын үй-жайды жалдауға және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
3) қызметкерге іссапарда болған уақытта салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін тәулікақы жатады.
Іссапарда болу уақыты:
жұмыс берушінің қызметкерді іссапарға жіберу туралы жазбаша өкімі;
жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін негізге ала отырып іссапар күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапар күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін растайтын басқа да құжаттар негізге алына отырып айқындалады;
4) салық төлеуші келу визасын ресімдеген кезде жүргізген шығыстар (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құны) келу визасын ресімдеуге арналған шығыстарды (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құнын) растайтын құжаттар негізінде айқындалады.
102-бап. Өкілдік шығыстар сомасының шегерімі
1. Өкілдік шығыстарға мынадай:
1) өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау мақсатында;
2) салық төлеушінің атқарушы органдарынан басқа, директорлар кеңесінің, өзге басқару органының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу мақсатында, көрсетілген іс-шаралардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, тұлғаларды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтын жеке тұлғаларды қабылдау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар жатады.
Өкілдік шығыстарға аталған тұлғаларды көлікпен қамтамасыз етуге, келіссөздер уақытында тамаққа, ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылар көрсететін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар да жатады.
Бос уақытты, көңіл көтеруді немесе демалысты ұйымдастыруға арналған шығыстар өкілдік шығыстарға жатпайды және олар шегерімге жатпайды.
2. Өкілдік шығыстар осы Кодекстің 163-баптың 2-тармағында көрсетілген салық салуға жататын қызметкердің табыстары бойынша жұмыс берушінің шығыстар сомасының 1 процентінен аспайтын мөлшерде, өкілдік шығыстардың сомасы есептелмей, шегерімге жатқызылады.
103-бап. Сыйақы бойынша шегерімдер
1. Сыйақы шегерімі осы баптың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
Осы баптың мақсатына орай мыналар сыйақылар болып танылады:
1) осы Кодекстің 12-бабында айқындалған сыйақылар;
2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
3) өзара байланысты тарапқа кепілдік үшін төлемақы.
2. Сыйақыны шегеру мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:
(А+Д)+(ЖК/МС)*(ШК)*(Б+В+Г),
мұнда:
А – Б, В, Г, Д көрсеткіштеріне енгізілген соманы қоспағанда, осы баптың 1-тармағында айқындалған сыйақы сомасы;
Б – Д көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, өзара байланысты тарапқа төленетін сыйақы сомасы;
В – Б көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, осы Кодекстің 224-бабына сәйкес айқындалатын жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға төленетін сыйақы сомасы;
Г – В көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, кепілдіктерді, кепілгерлікті немесе қамтамасыз етудің өзге нысанын орындаған жағдайда депозитке немесе қамтамасыз етілген кепілдікке, кепілгерлікке немесе өзара байланысты тараптардың қамтамасыз етуінің өзге нысанына берілген қарыздар бойынша тәуелсіз тарапқа төленетін сыйақы сомасы;
Д – Қазақстан Республикасында құрылған кредиттік серіктестік беретін кредиттер (қарыздар) үшін сыйақы сомасы;
ШК – шекті коэффициент;
ЖК – жеке капиталдың орташа жылдық сомасы;
МС – міндеттемелердің орташа жылдық сомасы.
А, Б, В, Г, Д сомаларын есептеу кезінде құрылысқа алынған және құрылыс кезеңіне есепке жазылған сыйақылар алып тасталады.
Өзара байланысты болып табылмайтын тарап осы баптың мақсатына орай тәуелсіз тарап деп танылады.
3. Осы баптың 2-тармағының мақсатына орай:
1) жеке капиталдың орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айының соңындағы жеке капиталдың орташа арифметикалық сомасына тең;
2) міндеттемелердің орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айындағы міндеттемелердің орташа арифметикалық ең көп сомасына тең. Міндеттемелердің орташа жылдық сомасын есептеу кезінде мыналар:
салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
қызметкерлердің жалақысы және өзге де табыстары;
өзара байланысты тараптан алынатын табыстарды қоспағанда, болашақ кезеңдердің табыстары;
сыйақылар мен комиссиялар;
дивидендтер бойынша есепке жазылған міндеттемелер есеп-қисапқа алынбайды;
3) шекті коэффицент қаржылық ұйымдар үшін – 7-ге, өзге заңды тұлғалар үшін 4-ке тең.
4. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы баптың 2-тармағының мақсатына орай осы тұрақты мекеменің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Бұл ретте, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы тармақтың қолданылу мақсатына орай осы тұрақты мекеме оқшауландырылған және жеке заңды тұлға болғандай және өзі тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғадан тәуелсіз әрекет ететіндей түрде қарастырылады.
104-бап. Төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерім
Егер салық төлеуші бұрын табыс деп танылған күмәнді міндеттемелерді кредит берушіге төлесе, онда жүргізілген төлемнің шамасында шегерім жасауға жол беріледі. Мұндай шегерім төлем жасалған салық кезеңінде бұрын табысқа жатқызылған шама шегінде жүргізіледі.
Осы бапта көзделген шегерімдерге жатқызу тәртібі осы Кодекстің 88-бабына сәйкес бұрын табыс деп танылған міндеттемелерді төлеген жағдайда да қолданылады.
105-бап. Күмәнді талаптар бойынша шегерім
1. Күмәнді талаптар деп заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету нәтижесінде туындаған және туындаған кезден бастап үш жыл ішінде қанағаттандырылмаған талаптар танылады. Өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша туындаған және салық төлеуші-дебиторды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған талаптар да күмәнді талаптар болып танылады.
2. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған талаптар шегерімге жатады.
Салық төлеушінің күмәнді талаптарды шегерімге жатқызуы бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде жүргізіледі:
1) талаптар туындауын растайтын құжаттардың болуы;
2) шегерімдерге жатқызу кезіне бухгалтерлік есепте талаптардың көрсетілуі не осындай талаптарды алдыңғы кезеңдердегі бухгалтерлік есептегі шығыстарға (есептен шығаруға) жатқызу.
3. Дебитор банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, оған қосымша конкурстық іс жүргізудің аяқталғаны туралы сот ұйғарымы көшірмесінің болуы қажет. Салық төлеуші жоғарыда көрсетілген шарттар сақталған кезде, конкурстық іс жүргізу аяқталғаны туралы сот ұйғарымы күшіне енген салық кезеңінің қорытындылары бойынша күмәнді талаптың сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
4. Күмәнді талаптар бұрын тауарлар өткізуден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табыс деп танылған табыстың мөлшері шегінде шегерімге жатқызылады.
106-бап. Резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерімдер
1. Банктер және лицензия негізінде банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған банк операцияла¬ры¬ның жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар өзара байланысты тұлғалардың пайдасына не өзара байланысты тұлғалардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді қоспағанда (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа), мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
1) басқа банктерде орналастырылған корреспон¬денттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
3) құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
4) өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттеме¬лерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Активтер мен шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіз санатқа жатқызу тәртібін уәкілетті органмен келісе отырып қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
2. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру резервтерін құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар. Сақтандыру резервтерін құру тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Микрокредиттік ұйымдардың салық кезеңінің ішінде берілген микрокредиттер сомасының 15 процентінен аспайтын мөлшерде өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тарап¬тардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген микрокредиттер мен микрокредиттер бойын¬ша шартты міндет¬темелерді қоспағанда, күмәнді және үмітсіз микрокредиттерге, беріл¬ген микрокредиттер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы резерв¬терді құру жөніндегі шығыстардың сомасын шегеруге құқығы бар.
Микрокредиттерді және берілген микрокредиттер бойынша шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіздер санаттарына жатқызу тәртібі, сондай-ақ резервтерді құру тәртібі микрокредиттік ұйымның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талапта¬рына сәйкес әзірленген есепке алу саясатында айқындалады.
4. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап құқықтарын сатып алу болып табылатын және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз проценті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың өзара байланысты тұлғалардың пайдасына не өзара байланысты тұлғалардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттеме¬лерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Активтер мен шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіз санатқа жатқызу тәртібін, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін және осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген салық төлеушілерге қолданылмайды.
107-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерімдер және салдарды жою қорларына аударымдар сомасының шегерімдері
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық табыстан салдарды жою қорына аударымдар сомасын шегеруге құқығы бар. Көрсетілген шегерімге жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген банктегі арнаулы депозиттік шотқа іс жүзінде жүргізген аударымдардың мөлшерінде жол беріледі.
Салдарды жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленеді.
Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының салдарды жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы оған жол берілген немесе ол анықталған және жойылмаған және осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен асып кеткенде, жер қойынауын пайдаланушының сол салық кезеңіндегі жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңі ішінде кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға іс жүзінде шеккен шығыстары, салдарды жою қорының шартты депозиттік арнайы шотта орналастырылған қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарды қоспағанда, сол шығыстарды шеккен салық кезеңінде шегерімге жатады.
3. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнайы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың сомасын жылдық жиынтық табыстан шегеруге құқығы бар.
Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі, сондай-ақ қор қаражатын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Осы мақсаттарға уәкілеттік берілген мемлекеттік орган салық төлеушінің қалдықтарды орналастыру полигондарының салдарын жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы оған жол берілген салық кезеңіндегі салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.
108-бап. Ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша шегерім
Тіркелген активтерді сатып алуға, оларды орнатуға жұмсалатын шығыстардан және капитал сипатындағы басқа шығыстардан басқа, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстар шегерімдерге жатады. Осындай шығыстарды шегерімге жатқызуға ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмысқа арналған техникалық тапсырма және осындай жұмыстардың аяқталған кезеңдерін қабылдап алу актілері негіз болып табылады.
109-бап. Кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру
1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын қоспағанда, сақтанушының сақтандыру шарттары бойынша төлеуіне жататын немесе төлеген сақтандыру сыйлықақылары шегерімге жатады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
3. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті, төтенше және қосымша жарналардың сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
4. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысушы мақта өңдеу ұйымдары мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік берумен байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
5. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысушы астық қабылдау кәсіпорындары астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік берумен байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
110-бап. Қызметкерлердің есепке жазылған табыстары және жеке тұлғаларға өзге төлемдер бойынша шығыстарды шегеру
1. Осы Кодекстің 163-бабының 2-бабында көрсетілген, жұмыс берушінің:
тіркелген активтердің, преференциялар объектілерінің бастапқы құнына енгізілетіндерді;
осы Кодекстің 122-бабының 3-тармағына сәйкес кейінгі шығыстар болып танылатындарды;
осы Кодекстің 87-бабына сәйкес амортизациялауға жатпайтын активтердің бастапқы құнына енгізілетіндерді қоспағанда, салық салуға жататын қызметкер табысы бойынша шығыстары шегерімге жатады.
Шегерімге, оның ішінде жұмыс берушінің қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің өндірістік қызметіне байланысты мамандық бойынша оқытуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберілген шығыстары түріндегі қызметкердің табысы жатады.
2. Осы Кодекстің 155-бабы 3-тармағының 2), 3), 7), 9) – 12), 14), 17) тармақшаларында айқындалған жеке тұлғаларға төлемдер түріндегі салық төлеушінің шығыстары шегерімге жатады.
3. Салық төлеушінің зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бойынша ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен төлеген ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген шекте шегерімге жатады.
111-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерімдер және жер қойнауын пайдаланушының басқа да шегерімдері
1. Жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін бағалау, абаттандыру жөніндегі шығыстарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге, барлауға және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстары, жалпы әкімшілік шығыстар, төленген қол қойылатын бонус пен коммерциялық табу бонусының сомасы, негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді сатып алу жөніндегі шығыстар және осы Кодекске сәйкес шегерімге жататын өзге де шығыстар амортизацияланатын активтердің жеке тобын құрайды. Көрсетілген шығыстар пайдалы қазбаларды коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезден бастап жылдық жиынтық табыстан шегеріледі. Амортизациялық аударымдардың сомасы салық кезеңінің аяғында, осы бапта көзделген амортизацияланатын активтер тобы бойынша жинақталған шығыстар сомасына жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша айқындалатын, бірақ 25 проценттен аспайтын амортизация нормаларын қолдану арқылы есептеледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған жеке келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызмет аяқталған жағдайда амортизацияланатын активтер тобының соңғы салық кезеңінің аяғында қалыптасқан құндық балансы шегерімге жатады.
Осы баптың мақсатына орай коммерциялық табудан кейінгі өндіру:
1) барлауға арналған, сондай-ақ пайдалы қазбалардың бекітілмеген қорлары болғанда бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша – Қазақстан Республикасының осы мақсаттарға уәкілеттік берілген мемлекеттік органы қорларды бекіткеннен кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталуын;
2) қосымша геологиялық зерттеуді және геологиялық-экономикалық қайта бағалауды талап ететін қорларды қоса алғанда, пайдалы қазбаларының қорлары мемлекеттік баланста есепте тұратын және осы мақсаттарға уәкілеттік берілген мемлекеттік органның сараптамалық қорытындысымен расталған бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша – егер мұндай жұмыстар келісімшарттың жұмыс бағдарламасымен көзделсе және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілсе, осы келісімшарттардың жасалу күнінен бастап пайдалы қазбаларды өндірудің басталуын білдіреді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шығыстар жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арнап жасалған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша:
1) осы Кодекстің 99-бабына сәйкес жылдық жиынтық табыстан алып тастауға жататын табыстарды қоспағанда, геологиялық зерттеуді және өндіруге дайындық жұмыстарын жүргізу кезеңінде алынған;
2) коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін өндірілген пайдалы қазбаларды өткізуден алынған;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының бір бөлігін өткізуден алынған табыстарының сомасына азайтылады.
3. Осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіп жер қойнауын пайдалану құқығын алуға байланысты салық төлеуші шеккен материалдық емес активтерді сатып алуға арналған шығыстарға да қолданылады.
112-бап. Жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды оқытуға және өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға арналған шығыстары бойынша шегерім
1. Жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды оқытуға және өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға іс жүзінде шеккен шығыстары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген сома шегінде шегерімдерге жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, коммерциялық табудан кейін өндіру басталғанға дейін жер қойнауын пайдаланушы іс жүзінде шеккен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген сома шегінде осы Кодекстің 111-бабында белгіленген тәртіппен шегерімге жатқызылады.
3. Осы баптың мақсатына орай жер қойнауын пайдаланушы іс жүзінде шеккен шығыстар деп:
1) қазақстандық кадрларды оқытуға – Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған сома, сондай-ақ осы мақсатқа арнап мемлекеттік бюджетке аударылған қаражат танылады;
2) өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамытуға және қолдауға жұмсалған шығыстар, сондай-ақ осы мақсатқа арнап мемлекеттік бюджетке аударылған қаражат танылады.
113-бап. Теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуін шегеру
Теріс бағамдық айырманың сомасы оң бағамдық айырманың сомасынан асып кеткен жағдайда асып кету шамасы шегерімге жатады.
Бағамдық айырманың сомасы халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
114-бап. Салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді шегеру
1. Мыналардан:
1) жылдық жиынтық табыс айқындалғанға дейін алып тасталатын салықтан;
2) Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағында төленген корпоративтік табыс салығынан және заңды тұлғалардың табыстарына салынатын салықтан;
3) жеңілдікті салық салынатын елдерде төленген салықтан;
4) үстеме пайда салығынан басқа, салық төлеушінің салық салу объектілері бойынша Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар есептелген және есепке жазылған шекте шегерімге жатады.
2. Алдыңғы салық кезеңдері үшін есепке жазылып, есептеліп, ағымдағы салық кезеңінде төленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер ағымдағы салық кезеңінде шегерімге жатады.
115-бап. Шегерімге жатпайтын шығындар
Мыналар:
1) табыс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар;
2) соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасалған операциялар бойынша сот белгілеген қылмыстық қызмет басталған күннен бастап жүргізілген шығыстар;
3) осы Кодекстің 579-бабында айқындалған тәртіппен әрекетсіз деп танылған салық төлеушімен уәкілетті органның ресми сайтында деректер жарияланған кезден бастап жасалған операциялар бойынша шығыстар;
4) сот жеке кәсіпкерлік субъектісі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз жасады деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша шығыстар;
5) мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптарын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қоспағанда, бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұлдар);
6) осы Кодексте шегерімге жатқызу нормалары белгіленген шығыстардың көрсетілген нормаларды қолдана отырып есептелген шегерімнің шекті сомасынан асып кету сомасы;
7) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мөлшерден тыс есептелген (есепке жазылған) және төленген, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы;
8) осы Кодекстің 97-бабының 2-тармағында көзделген әлеуметтік сала объектілерін сатып алу, өндіру, салу, монтаждау, орнату жөніндегі шығындар және олардың құнына енгізілетін басқа да шығындар, сондай-ақ оларды пайдалану жөніндегі шығыстар;
9) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтеусіз негізде беретін мүліктің құны. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстар мөлшерінде айқындалады;
10) есепке жатқызылуға жататын қосылған құн салығы сомасының осы Кодекстің 267-бабын қолданатын салық төлеушіде туындайтын, салық кезеңі ішінде есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуі;
11) осы Кодекстің 106, 107-баптарында көзделген шегерімдерді қоспағанда, резервтік қорларға аударымдар;
12) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша берілетін тауарлық-материалдық қорлардың құны;
13) өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының төленген қосымша төлемінің сомасы;
14) осы Кодекстің 87-бабына сәйкес салық төлеушінің амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына қосылатын шығындары шегерімге жатпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |