Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-бап. Заңды тұлға қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде салық міндеттемесін орындау



бет6/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53

39-бап. Заңды тұлға қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде салық міндеттемесін орындау

1. Заңды тұлға қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша хабарлайды.

Тапсыру актісі немесе бөліну балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға сонымен бір мезгілде орналасқан жері бойынша салық органына:

1) таратудың салық есептілігін;

2) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойыл¬ғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлін¬ген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда) табыс етеді.

Таратудың салық есептілігі қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салық төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша осындай есептілікті тапсыру міндеті туындаған салық кезеңі басталған сәттен бастап оны салық органына табыс ету күніне дейінгі кезең үшін жасалады.

2. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі оның салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін өзгертуіне негіз болып табылмайды.
3. Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есептеуге жатқызылады.

Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

4. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;

2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.

5. Қосылу, бірігу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға уәкілетті мемлекеттік орган аталған тұлғаны Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығарып тастаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына сонымен бір мезгілде уәкілетті мемлекеттік органның заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы бұйрығының көшірмесін табыс етеді.

6. Салық органы осы баптың 5-тармағында көрсетілген құжатты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, заңды тұлға мынадай жолмен қайта ұйымдастырылған жағдайда:

1) бірігу – жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген заңды тұлғалардың жеке шоттары бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;

2) қосылу – қосылған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны аталған заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;

4) бөлініп шығу – жаңадан туындаған заңды тұлға¬ны бөліп шығарған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны жаңадан туындаған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша бөліну балансы негізінде береді.

Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны беру тәртібі осы Кодекстің 595-бабында белгіленеді.



40-бап. Бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындауы

1. Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша түрде хабарлайды.

Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде бөліну балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орналасқан жері бойынша салық органына сонымен бір мезгілде:

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойыл¬ғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлін¬ген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда) табыс етеді.

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін табыс етеді.

2. Таратудың салық есептілігі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

3. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.

Таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізіледі.

4. Салық органы құжаттық тексеруді қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның өтінішін өзі алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.

5. Бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін қайта ұйым¬дастырылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жері бойынша салық органына сонымен бір мезгілде:

1) бөліну балансын;

2) банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы анықтамасын табыс етеді.

Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада бюджет¬ке артық төленген салықтар, төлемдер мен өсімпұлдар со¬малары болса, аталған сомалар осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу есебіне жатқызылады.

Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада бюджет¬ке қате төленген салықтар, төлемдер мен өсімпұлдар сомалары болса, онда аталған сомалар осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есебіне жатқызылады.

Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салық берешегі жоқ болса, онда:

1) бюджетке қате төленген салықтар және басқа да міндетті төлемдер сомалары осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайтарылуға жатады;

2) бюджетке артық төленген салықтар, төлемдер мен өсімпұлдар сомалары осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленген басқа да міндетті төлемдер сомалары осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайтарылуға жатады.

Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік ауда¬рымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тар¬мақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

6. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды табыс еткеннен және салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерін өтегеннен кейін салық органы осы тұлғаға осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтама беруге міндетті.

Салық органы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаға салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы осы тармақта көзделген анықтаманы берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 595-бабына сәйкес бөліну балансы негізінде жаңадан туындаған заңды тұлғалардың орналасқан жері бойынша салық органына бөлінген заңды тұлғаның жеке есепшоттары бойынша сальдоны береді.

7. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) оның салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгертуге негіз болып табылмайды.

41-бап. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесін орындау

1. Дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) дара кәсіпкер ретінде тіркелуі туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені;

4) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда);

5) дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы ақпараттың мерзімді баспа басылымында жарияланғанын растайтын құжатты табыс етеді.

2. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін олар бойынша жасалады.

3. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкер таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін құжаттық тексеру жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.

5. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін сатудан алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.

6. Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегін өтеу шотына осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

7. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;

2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады.

8. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесі салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі толық көлемде өтелген жағдайда құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін орындалды деп есептеледі.

9. Осы баптың 8-тармағына сәйкес салық міндеттемесінің орындалған күні дара кәсіпкерді салық органындағы тіркелу есебінен шығару күні болып табылады.

10. Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкер салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегін толық көлемде өтеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органына:

1) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын;

2) ішкі істер органының дара кәсіпкердің мөрін (ол болған кезде) жойғаны туралы құжатын табыс етуге міндетті.

Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкер салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

11. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 43-бабына сәйкес қызметі тоқтатылған кезде өздеріне қатысты салық міндеттемесін орындаудың ерекше тәртібі белгіленген дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.

42-бап. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салық міндеттемесін орындау

1. Жекеше нотариус, адвокат нотариаттық, адвокаттық қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) жекеше нотариустың, адвокаттың қызметін тоқтату туралы ақпараттың баспа басылымында жарияланғанын растайтын құжатты табыс етеді.

2. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын жекеше нотариус, адвокат төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

3. Қызметін тоқтататын жекеше нотариус, адвокат таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін құжаттық тексеру жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.

5. Егер қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салықтың, төлемақылардың және өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен жекеше нотариустың, адвокаттың салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.

Егер қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

6. Қызметін тоқтататын жекеше нотариуста, адвокатта салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады;

2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы жекеше нотариусқа, адвокатқа қайтарылуға жатады.

7. Қызметін тоқтататын жекеше нотариустың, адвокаттың салық міндеттемесі, оның салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ болған немесе толық көлемде өтелген жағдайда құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін орындалды деп есептеледі.

8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес салық міндеттемесінің орындалған күні жекеше нотариусты, адвокатты салық органындағы тіркелу есебінен шығару күні болып табылады.

9. Қызметін тоқтатқан жекеше нотариус, адвокат салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегін толық көлемде өтеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ болған жағдайда тексеру аяқталған күннен бастап орналасқан жері бойынша салық органына:

1) нотариаттық, адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылған банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын;

2) ішкі істер органының жекеше нотариустың, адвокаттың мөрін (ол болған кезде) жойғаны туралы құжатын табыс етуге міндетті.



43-бап. Қызметі тоқтатылған кезде салық төлеушілердің жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері

1. Патент, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) дара кәсіпкердің мемлекеттік тіркелуі туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені;

4) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда);

5) дара кәсіпкердің қызметін тоқтатуы туралы ақпараттың мерзімді баспа басылымында жарияланғанын растайтын құжатты табыс етеді.

2. Таратудың салық есептілігі дара кәсіпкер салық төлеуші (салық агенті) болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

3. Салық төлеуші таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі салық органына табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Егер салық төлеушіде салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады.

Егер қызметін тоқтататын салық төлеушіде салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

5. Салық органы салық төлеушінің қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:

1) уәкілетті мемлекеттік органдарға – қызметін тоқтататын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелер туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді табыс ету туралы;

2) кеден органдарына – қызметін тоқтататын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға жасаған сыртқы сауда мәмілелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ кеден төлемдері және салық бойынша салық органының талаптарын алған күннен бұрынғы емес күнге берешегінің жоқ екендігі туралы растауды табыс ету туралы;

3) банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы салықтық өтініші алынған күнгі банктік шоттарындағы ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді табыс ету туралы сауалды жіберуге міндетті.

Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәмілелер туралы, сондай-ақ банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер салық органының қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күнге дейін салық төлеушіге салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі шегінде табыс етіледі.

6. Салық органының осы баптың 5-тармағында көрсетілген сауалдары бойынша мәліметтер, егер осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында өзгеше көзделмесе, оны алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етілуге тиіс.

7. Салық органы барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей камералдық бақылауды жүзеге асыруға міндетті, оның нәтижелері бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорытынды жасалады.

8. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегі аталған дара кәсіпкердің ақшасы есебінен, оның ішінде оның мүлкін өткізуден алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.

9. Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкердің салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.

Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

10. Қызметін тоқтататын салық төлеушіде салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

2) салықтың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады.

11. Дара кәсіпкердің қызметі:

1) аяқталған күні осы Кодекстің 587-бабына сәйкес айқындалатын камералдық бақылаудың аяқталуы;

2) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ болу шарттары орындалған кезде тоқтатылған болып есептеледі.

12. Осы баптың 11-тармағында көзделген шарттар орындалған кездегі ең соңына келетін күндердің бірі дара кәсіпкерді салық органындағы тіркелу есебінен шығару күні болып табылады.

13. Қызметі тоқтатылған деп есептелетін дара кәсіпкер салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті толық көлемде өтеген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органына:

1) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын;

2) ішкі істер органдарының дара кәсіпкердің мөрін (ол болған кезде) жойылғаны туралы құжатын табыс етуге міндетті.

44-бап. Хабарсыз кеткен деп танылған жеке тұлғаның салық міндеттемесін орындау

1. Жеке тұлғаның салық міндеттемесі ол соттың күшіне енген шешімі негізінде хабарсыз кеткен деп танылған кезден бастап тоқтатыла тұрады.

2. Сот хабарсыз кеткен деп таныған жеке тұлғаның салық берешегін хабарсыз кеткен деп танылған жеке тұлғаның мүлкіне қорғаншылық жасау жөніндегі міндет жүктелген адам өтейді.

3. Егер хабарсыз кеткен деп танылған жеке тұлғаның мүлкі салық берешегін өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда оның салық берешегінің өтелмеген бөлігін салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы сот шешімі негізінде есептен шығарады.

4. Сот адамды хабарсыз кеткен деп тану туралы шешімнің күшін жойған кезде, бұрын салық органы есептен шығарған салық берешегінің күші осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзіміне қарамастан, сот тәртібімен қайта басталады.

45-бап. Қайтыс болған жеке тұлғаның салық берешегін өтеу

1. Жеке тұлғаның қайтыс болған күнгі, сондай-ақ оны соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жариялау күнгі жиналып қалған салық берешегін оның мұрагері (мұрагерлері) мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде және мұраны алған күнгі ондағы үлесіне барабар өтейді.

Егер қайтыс болған жеке тұлғаның, сондай-ақ соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған жеке тұлғаның мүлкі салық берешегін өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда салық берешегінің өтелмеген бөлігін салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы сот шешімі негізінде есептен шығарады.

2. Егер мұрагер (мұрагерлер) кәмелетке толмаған болса, онда жеке тұлғаның қайтыс болған күнгі немесе оны қайтыс болды деп жариялау күнгі жиналып қалған салық берешегін өтеу бойынша міндеттеме соттың күшіне енген шешімі негізінде ғана осындай мұрагерге (мұрагерлерге) мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде және мұраны алған күнгі ондағы үлесіне барабар шекте жүктеледі.

3. Жеке тұлғаның қайтыс болған күнгі немесе оны соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жариялау күнгі жиналып қалған салық берешегі, егер:

1) кәмелетке толмаған мұрагер (мұрагерлер) соттың күшіне енген шешімі негізінде осындай берешекті өтеу жөніндегі салық міндеттемесінен босатылса;

2) мұрагері (мұрагерлері) жоқ болса, өтелген болып саналады.

Сот жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімнің күшін жойған кезде бұрын салық органы есептен шығарған салық берешегінің күші осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзіміне қарамастан, сот тәртібімен қайта басталады.

4. Осы баптың ережелері, қайтыс болған немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болған деп жарияланған дара кәсіпкерге де, жекеше нотариусқа да, адвокатқа да қолданылады.

46-бап. Салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі

1. Салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі:

1) салық қызметінің органы салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы;

2) салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігін табыс етуге міндетті, салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салық есептілігін кері қайтарып алуға құқылы;

3) салық төлеуші (салық агенті) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы;

4) салық қызметінің органы салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге міндетті болатын уақыт кезеңі.

2. Салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі – бес жыл. Салық міндеттемесі бойынша талап қою мерзімінің өтуі, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті салық кезеңі аяқталғаннан кейін басталады.

3. Қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша салық қызметінің органы жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде және жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың қолданылуы аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде үстеме пайда салығының, сондай-ақ салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын есепке жазуға немесе олардың есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы, оларды есептеу әдістемесінде мынадай көрсеткіштердің бірі: рентабельділіктің ішкі нормасы (РІН) немесе пайданың ішкі нормасы немесе R-фактор (табыс көрсеткіші) қолданылады.

4. Жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасалған операциялар бойынша немесе жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз жасаған мәмілесі (мәмілелері) бойынша салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын есепке жазуды немесе олардың есепке жазылған сомасын қайта қарауды салық қызметінің органы соттың үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі шегінде жүргізеді.

5. Салық төлеуші (салық агенті) осы баптың 1-тармағында белгіленген талап қою мерзімі күнтізбелік бір жылға жетпейтін уақыт ішінде аяқталатын кезең үшін қосымша салық есептілігін табыс еткен жағдайда көрсетілген талап қою мерзімі салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын есепке жазу және (немесе) есептелген сомасын қайта қарау бөлігінде күнтізбелік бір жылға ұзартылады.

6. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық органдарының есепке жатқызуына және (немесе) қайтаруына жататын салық және бюжетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, өсімпұлдар бойынша есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу үшін талап қою мерзімі осы Кодекстің 548-бабында белгіленген жағдайды қоспағанда, салық кезеңі аяқталғаннан кейін бес жыл болады.

7. Осы бапта белгіленген салық міндеттемесі мен талабы бойынша талап қою мерзімі салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық қызметінің органдары лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау кезеңінде аяқталған жағдайда талап қою мерзімі шағымды, талап қоюды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешім орындалғанға дейін шағым жасалатын бөлігінде ұзартылады.



6-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІН ОРЫНДАУ МЕРЗІМДЕРІНІҢ ӨЗГЕРТІЛУІ. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІН ТОҚТАТУ НЕГІЗДЕРІ

47-бап. Жалпы ережелер

1. Салық (төлем көзінен ұсталатын салықтардан, акциз-дерден және импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығынан басқасын) төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімін салық төлеушінің өтініші негізінде неғұрлым кеш, бірақ күнтізбелік он екі айдан аспайтын мерзімге ауыстыру салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту деп танылады.

Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы өтініш салық төлеу мерзімінің ауыстырылу себептерін қамтуға тиіс.

2. Өзгертілген мерзімдер бойынша салық міндеттемесін орындау құқығы басқаға берілуге жатпайды.

3. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту салық төлеушіні осы Кодекстің 610-бабына сәйкес салық сомасын уақтылы төлемегені үшін өсімпұлдар төлеуден босатпайды.

4. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгерту осы тарауда белгіленген тәртіппен салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге алу және (немесе) банк кепілдігі арқылы жүргізіледі.



48-бап. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешім қабылдауға уәкілетті орган

1. Республикалық бюджетке келіп түсетін, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлінетін салықты төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

2. Жергілікті бюджетке толық көлемінде келіп түсетін салықты төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімді салық төлеушіні тіркеу есебіне алу орны бойынша салық органы қабылдайды.

49-бап. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін банк кепілдігі арқылы өзгерту тәртібі

1. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін банк кепілдігі арқылы өзгерту туралы өтінішті салық төлеуші салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешім қабылдауға уәкілетті салық қызметінің органына банк кепілдігі шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей табыс етеді. Өтінішке кепілдік беруші банк пен салық төлеуші арасында жасалған банк кепілдігі шарты және банк кепілдігі қоса беріледі.

2. Банк кепілдігі кері қайтарып алынбайтын болуға тиіс. Банк кепілдігі шартының мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.

3. Салық қызметінің органы салық төлеушінің өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей қол қойылған күнінен бастап күшіне енетін мынадай:

1) салық төлеушімен келісілген, салық төлеу мерзімін белгілейтін және осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылатын салық міндеттемесін орындау графигін қоса бере отырып, салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы;

2) салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

4. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімде ол бойынша төлеу мерзімі өзгертілген салықтың түрі мен сомасы, салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не атауы, сәйкестендіру нөмірі және шешімнің қолданылу мерзімі көрсетіледі.

5. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуден бас тарту туралы шешім салық төлеуші осы тараудың ережелерін сақтамаған жағдайда қабылданады.



50-бап. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін мүлікті кепілге алу арқылы өзгерту тәртібі

1. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге алу арқылы өзгерту туралы өтінішті салық төлеуші салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешім қабылдауға уәкілетті салық қызметі органына кепіл шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей табыс етеді. Өтінішке кепіл шарты және кепіл мүлкінің нарықтық құнын бағалау туралы бағалаушының есебі қоса беріледі.

2. Салық қызметінің органы салық төлеушінің өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей, қол қойылған күнінен бастап күшіне енетін мынадай:

1) салық төлеушімен келісілген, салық төлеу мерзімін белгілейтін және осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылатын салық міндеттемесін орындау графигін қоса бере отырып, салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы;

2) салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

3. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімде ол бойынша төлеу мерзімі өзгертілген салықтың түрі мен сомасы, салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не атауы, сәйкестендіру нөмірі және шешімнің қолданылу мерзімі көрсетіледі.

4. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуден бас тарту туралы шешім салық төлеуші осы тараудың ережелерін сақтамаған жағдайда қабылданады.

51-бап. Мүліктік кепіл шартын жасасу тәртібі

1. Мүліктік кепіл шарты салық төлеушінің кепіл шартын жасасу туралы жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бағалаушының кепілге қойылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебін қоса бере отырып, салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға және салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша салық органы арасында жасалады.

Бағалаушының кепілге қойылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебі салық төлеушінің кепіл шартын жасасу туралы жазбаша өтініш берген күніне дейінгі күнтізбелік он бес күннен бұрын жасалмауға тиіс.

2. Мүліктік кепіл шарты мынадай талаптар сақталған кезде жасалады:

1) кепіл шартының мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс;

2) кепілге қойылатын мүлік өтімді болуға, жоғалудан немесе зақымданудан сақтандырылуға тиіс және оның нарықтық құны оны өндіріп алу жөніндегі шығыстарды қоса алғанда, бюджетке төленуге жататын салықтың сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:

тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;

электр, жылу және өзге де энергия түрлері;

тыйым салынған мүлік;

мемлекеттік органдар қойған шектеулері бар мүлік;

үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;

тез бүлінетін шикізат, тамақ өнімдері;

мүліктік құқықтар кепіл нысанасы бола алмайды;

3) кепілге қойылатын мүлікті қайта кепілге қоюға жол берілмейді;

4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде мүліктік кепіл шартының міндетті мемлекеттік тіркелуі көзделген жағдайда салық төлеуші кепіл шартын жасасқаннан кейін оның тиісті тіркеуші органда тіркелуін қамтамасыз етеді және салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешім қабылдайтын салық қызметінің органына кепіл шартының тіркелгенін растайтын құжатты дереу табыс етеді.

52-бап. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімнің қолданылуын тоқтату

1. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімнің қолданылуы онда белгіленген қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін тоқтатылады.

2. Салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімнің қолданылуы салық төлеуші салықтың бүкіл сомасын шешімде белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлеген жағдайда немесе салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау графигін бұзған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

53-бап. Кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану және оны өткізу, сондай-ақ банк кепілдігінің орындалуын талап ету тәртібі

1. Салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүліктік кепілімен және (немесе) банк кепілдігімен қамтамасыз етілген салық міндеттемесін орындау графигі бұзылған жағдайда салық органы салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның кепілге салынған мүлкіне өндіріп алуды қолданады не банк кепілдігінің орындалуын талап етеді.

2. Салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның кепілге салған мүлкін өткізу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес соттан тыс мәжбүрлеу тәртібімен жүргізіледі.

54-бап. Салық міндеттемесінің тоқтатылуы

1. Жеке тұлғаның салық міндеттемесі:

1) қайтыс болғанда;

2) күшіне енген сот шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялағанда тоқтатылады.

2. Дара кәсіпкердің салық міндеттемесі дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәрпіппен қызметін тоқтатқаннан кейін тоқтатылады.

3. Заңды тұлғаның салық міндеттемесі:

1) таратылғаннан кейін;

2) қосылу (қосылған заңды тұлғаға қатысты), бірігу және бөліну жолымен қайта ұйымдастырылғаннан кейін тоқтатылады.



2. ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
3-БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

55-бап. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері

1. Қазақстан Республикасында мынадай:

1) салықтар:

корпоративтік табыс салығы;

жеке табыс салығы;

қосылған құн салығы;

акциздер;

экспортқа рента салығы;

жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;

әлеуметтік салық;

көлік құралы салығы;

жер салығы;

мүлік салығы;

ойын бизнесі салығы;

тіркелген салық;

бірыңғай жер салығы;

2) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер:

мемлекеттік баж;

алымдар;

тіркеу алымдары;

автокөлік құралының Қазақстан Республикасы аумағымен жүргені үшін алым;

аукционнан алынатын алым;

жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;

телевизия және радио тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беру үшін алым;

мыналар:

жер учаскесін пайдаланғаны үшін;

үстіңгі көздерден су ресурсын пайдаланғаны үшін;

қоршаған ортаға эмиссия үшін;

жануарлар әлемін пайдаланғаны үшін;

орманды пайдаланғаны үшін;

ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін;

радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін;

қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін;

кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны үшін;

сыртқы (көрінетін) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақылар қолданылады.

2. Салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және республикалық бюджет туралы заңда айқындалған тәртіппен тиісті бюджеттердің кірістеріне түседі.



7-тарау. САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПКЕ АЛУ

56-бап. Салықтық есепке алу және есепке алу құжаттамасы

1. Салықтық есепке алу – салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қорыту және жүйелеу, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу және салық есептілігін жасау мақсатында салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодекстің талаптарына сәйкес есепке алу құжаттамасын жүргізу процесі.

2. Салықтық есепке алу бухгалтерлік есеп деректеріне негізделеді. Бухгалтерлік құжаттаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленеді.

3. Патент негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерді қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алуды дербес ұйымдастырады және мыналарды:

1) салық кезеңі ішінде салық төлеуші (салық агенті) жүзеге асырған операцияларды салық салу мақсатында есепке алу тәртібі туралы толық және дәйекті ақпараттың қалыптастырылуын;

2) салық есептілігі нысандарының әрбір жолының таратып жазылуын;

3) салық есептілігінің дәйекті жасалуын;

4) салықтық бақылау үшін салық қызметі органдарына ақпарат берілуін қамтамасыз ету үшін ақпаратты салық мақсатында қорыту мен жүйелеудің салық тіркелімдері түріндегі нысандарын айқындайды.

Патент негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық есепке алуды жүзеге асырады.

4. Салық төлеуші (салық агенті), егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, салықтық есепке алу саясатын дербес әзірлейді және бекітеді.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін, шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер осындай арнаулы салық режимдері қолданылатын қызмет бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша дербес әзірленген салықтық есепке алу саясатын бекітеді.

5. Салықтық есепке алу саясаты – салық төлеуші (салық агенті) қабылдаған, осы Кодекстің талаптарын сақтай отырып салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін белгілейтін құжат.

Салықтық есепке алу саясаты халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес әзірленген есепке алу саясатына жеке бөлім түрінде енгізілуі мүмкін.

6. Есепке алу құжаттамасы:

1) бухгалтерлік құжаттаманы;

2) салықтық нысандарды;

3) салықтық есепке алу саясатын;

4) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салық міндеттемесін есептеу үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттарды қамтиды.



57-бап. Салықтық есепке алу ережесі

1. Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда есепке жазу әдісі бойынша салықтық есепке алуды жүргізуді жүзеге асырады.

2. Есепке жазу әдісі – есепке алу әдісі, оған сәйкес табыстар мен шығыстар, төленген уақытына қарамастан, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды өткізу мақсатында тиеп жіберу және мүлікті кіріске алу кезінен бастап есептеледі.

3. Салық төлеуші (салық агенті) салық кезеңінің қорытындылары бойынша салықтық есепке алу негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді анықтайды, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептейді.

4. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық салу мақсатында бағамдық айырманы валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып есепке алу халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Тауарлық-материалдық қорларды салық салу мақсатына орай есепке алу, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде айырбас шарты бойынша операция, кепіл нысанасын кепіл ұстаушыға беру салық мақсатына орай тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету ретінде қарастырылады.

58-бап. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу ережесі

1. Осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші осындай қызмет түрлері бойынша салық міндеттемелерін есептеу мақсатында салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек есепке алынуын жүргізуге міндетті.

2. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 310-бабында көзделген тәртіппен келісімшарттан тыс қызметтен бөлек келісімшарттық қызмет бойынша салық міндеттемелерін есептеу мақсатына орай салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есепке алынуын жүргізуге міндетті.

3. Туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға (келісімшарттық қызметке) жатпайды.

4. Осы Кодекстің 80-бабының 4-тармағында көзделген жағдайда бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі бірлескен қызметі және өзге қызмет бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есепке алынуын жүргізуге міндетті.

5. Сенімгерлікпен басқарушы мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындаған өзге жағдайларда пайда алушының мүддесінде жүзеге асырылатын сенімгерлікпен басқару қызметі және өзге де қызмет бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есепке алынуын жүргізуге міндетті.

6. Салық төлеуші бөлек салықтық есепке алуды осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, есепке алу құжаттамасының негізінде жүргізеді.

Салық төлеуші осы Кодексте бөлек салықтық есепке алу жөнінде талап белгіленген қызмет түрлері бойынша салық міндеттемелерін есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді біріктіре алмайды.

7. Салық төлеуші салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін, оның ішінде жалпы табыстар мен шығыстар түрлерінің тізбесін, осындай табыстар мен шығыстарды осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары белгіленген қызмет түрлері арасында бөлу әдістерін дербес белгілейді.

Бұл ретте салық төлеушінің жалпы табыстары мен шығыстары деп есептік салықтық кезеңнің табыстары мен шығыстары, оның ішінде жекелеген қызмет түрін жүзеге асырумен тікелей себептік-салдарлық байланысы болмайтын және толық көлемде осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары белгіленген қызмет түрлерінің біреуіне де жатқызылмайтын жалпы тіркелген активтер бойынша табыстар мен шығыстар түсініледі.

8. Егер салықтық есепке алу саясатында осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары белгіленген жалпы табыстар мен шығыстарды бөлу тәртібі белгіленбеген болса, онда салық қызметінің органдары салықтық тексерулер жүргізу барысында мұндай табыстар мен шығыстарды осы Кодекстің 310-бабы 9-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бөлуді жүзеге асырады.

59-бап. Есепке алу құжаттамасын жасауға және сақтауға қойылатын талаптар

1. Есепке алу құжаттамасы қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде жасалады және салықтық тексеру жүргізу кезінде салық қызметінің органдарына табыс етіледі.

2. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын мемлекеттік тілде және (немесе) орыс тілінде жасайды.

Шет тілдерде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде салық қызметінің органы оларды мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аударуды талап етуге құқылы.

3. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын электрондық түрде жасаған кезде салықтық тексеру барысында салық қызметінің органдары лауазымды адамдарының талап етуі бойынша осындай құжаттаманың қағаз жеткізгіштердегі көшірмелерін ұсынуға міндетті.

4. Есепке алу құжаттамасы, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, есепке алу құжаттамасы жасалған кезеңнен кейінгі салық кезеңінен бастап осындай құжаттама жатқызылған салықтың немесе басқа да міндетті төлемнің әрбір түрі үшін осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін сақталады.

5. Тіркелген активтердің, оның ішінде қаржы лизингі бойынша берілген (алынған) активтердің құнын растайтын есепке алу құжаттамасы осындай активтер бойынша амортизациялық аударымдар есептелетін соңғы салық кезеңі аяқталысымен басталатын осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін сақталады.

6. Салық салу мақсатына орай амортизацияға жатпайтын активтердің құнын растайтын есепке алу құжаттамасы осындай активтердің шығып қалуы немесе толық пайдаланылуы болған салық кезеңі аяқталысымен басталатын осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін сақталады.

7. Салық төлеушіні (салық агентін) – заңды тұлғаны қайта ұйымдастырған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның есепке алу құжаттамасын сақтау жөніндегі міндеттеме оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.

60-бап. Салықтық есепке алу саясатына қойылатын талаптар

1. Салықтық есепке алу саясатында мынадай ережелер белгіленуге тиіс:

1) салық төлеуші (салық агенті) дербес әзірлеген салық тіркелімдерінің нысандары мен жасалу тәртібі;

2) стандарттау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылатын қызмет түрлерінің тізбесі;

3) салықтық есепке алу саясатының сақталуына жауапты адамдар лауазымдарының атауы;

4) осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары көзделген қызмет түрлері жүзеге асырылған жағдайда осы Кодекстің 58-бабында белгіленген ережелерді сақтай отырып, бөлек салықтық есепке алудың жүргізілу тәртібі;

5) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асырған жағдайда бөлек салықтық есепке алудың жүргізілу тәртібі;

6) корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатына орай шығыстарды шегерімге жатқызудың, сондай-ақ қосылған құн салығын есепке жатқызудың осы Кодексте көзделген, салық төлеуші таңдап алған әдістері;

7) хеджирленетін тәуекелдерді, хеджирленетін баптарды және оларға қатысты пайдаланылатын хеджирлеу құралдарын, хеджирлеу тиімділігінің дәрежесін бағалау әдістемесін айқындау саясаты.

8) ислам бағалы қағаздары бойынша табыстарды есепке алу саясаты.

2. Бірлескен қызмет жөніндегі салықтық есепке алу саясатын бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар осы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша әзірлейді және бекітеді.

3. Осы баптың 1-тармағының 1), 4) – 6) тармақшаларында көзделген, салықтық есепке алу саясатында белгіленген ережелердің күші күнтізбелік жылға қолданылады.

4. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатында бұрын көрсетілмеген қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде салықтық есепке алу саясатына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге тиіс.

5. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатына өзгерісті және (немесе) толықтыруды мынадай:

1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген жаңа салықтық есепке алу саясатын немесе есепке алу саясатының жаңа бөлімін бекіту;

2) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген қолданыстағы салықтық есепке алу саясатына немесе қолданыстағы есепке алу саясатының бөліміне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырады.

6. Салық төлеушінің (салық агентінің) мынадай:

1) кешенді және тақырыптық тексерулер жүргізу кезеңінде – тексерілетін салық кезеңінің салықтық есепке алу саясатына;

2) шағымдар берудің қалпына келтірілген мерзімін ескере отырып, салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне шағым беру және оны қарау мерзімі кезеңінде шағым жасалатын салық кезеңінің салықтық есепке алу саясатына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.

8-тарау. САЛЫҚТЫҚ НЫСАНДАР

61-бап. Салықтық нысандар және оларды жасау тәртібі

1. Салықтық нысандар салық есептілігін, салықтық өтінішті және салық тіркелімдерін қамтиды.

2. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық нысандарды қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде мемлекеттік тілде және (немесе) орыс тілінде жасайды.

3. Қағаз жеткізгіште жасалған салықтық нысандарға салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі қол қоюға, сондай-ақ олар салық төлеушінің (салық агентінің) не оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда өзінің атауы жазылған мөрі бар өкілінің мөрімен куәландырылуға тиіс.

Салық тіркелімдерін қоспағанда, электрондық жеткізгіште жасалған салықтық нысандар салық төлеушінің (салық агентінің) электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуға тиіс.

62-бап. Салықтық нысандарды сақтау мерзімі

1. Салықтық нысандар осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде салық төлеушіде (салық агентінде) сақталады.

2. Салық төлеушіні, салық агентін – заңды тұлғаны қайта ұйымдастырған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның салықтық нысандарын сақтау жөніндегі міндеттеме оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет