Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-бап. Салық қызметі органдарының лауазымды адамдарын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау



бет5/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53

25-бап. Салық қызметі органдарының лауазымды адамдарын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау

1. Салық қызметі органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңмен қорғалады.

2. Салық қызметі органдары лауазымды адамының заңды талаптарын орындамау, салық қызметі органдары лауазымды адамының қызметтік жұмысына байланысты оны немесе оның отбасы мүшелерін қорлау, қорқыту, оларға зорлық-зомбылық жасау немесе олардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғушылық, салық қызметі органдары лауазымды адамының қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-қимылдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

3. Қызметтегі жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметі органдары лауазымды адамының денсаулығына орташа ауыр зиян жасалған және келтірілген кезде, оған республикалық бюджет қаражатынан бес айлық жалақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

4. Қызметтегі жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметі органдары лауазымды адамының денсаулығына кәсіптік қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей ауыр зиян жасалған және келтірілген кезде, оған республикалық бюджет қаражатынан бес жылдық ақшалай табысы мөлшерінде біржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық жалақысы мен зейнетақысының мөлшері арасындағы айырма (өмір бойы) төленеді.

5. Салық қызметі органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған жағдайда қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):

1) қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша республикалық бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай табысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

2) Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

6. Қызметтік міндеттерін орындауына байланысты салық қызметі органдары лауазымды адамының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан, сондай-ақ салық қызметі органдары лауазымды адамының отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.

2-БӨЛІМ. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІ
4-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

26-бап. Салық міндеттемесі

1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі деп танылады, оған орай салық төлеуші салық органында тіркелу есебіне тұруға, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге, салықтық нысандарды жасауға, салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды салық органына белгіленген мерзімде табыс етуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге міндетті.

2. Мемлекеттің салық қызметі органы арқылы салық төлеушіден оның салық міндеттемесін толық көлемінде орындауын талап етуге, ал салық міндеттемесі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда осы Кодексте көзделген тәртіппен оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.

27-бап. Салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект

Мүлік пен іс-әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) олардың негізінде салық төлеушінің салық міндеттемесі туындайды.



28-бап. Салық базасы

Салық базасы салық салу объектісінің құн, физикалық немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасы айқындалады.



29-бап. Салық ставкасы

1. Салық ставкасы салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемді есептеу жөніндегі салық міндеттемесінің шамасын білдіреді.

2. Салық ставкасы салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне процентпен немесе абсолютті сомамен белгіленеді.

30-бап. Салық кезеңі

Салық кезеңі деп салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлеріне қатысты белгіленген уақыт кезеңі түсініледі, ол аяқталған соң салық салу объектісі, салық базасы айқындалады, салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасы есептеледі.



5-тарау. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІН ОРЫНДАУ

31-бап. Салық міндеттемесін орындау

1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салық міндеттемесін орындауды дербес жүзеге асырады.

2. Салық төлеуші салық міндеттемесін орындау үшін мынадай іс-әрекеттер жасайды:

1) салық органында тіркелу есебіне тұрады;

2) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді;

3) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді, салық базасы мен салық ставкаларын негізге ала отырып, салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасын есептейді;

4) салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық қызметі органдарына табыс етеді;

5) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген және есепке жазылған сомасын, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді төлейді.

3. Салық төлеуші салық міндеттемесін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға тиіс.

4. Салық төлеуші салық міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға құқылы.

5. Қолма-қол емес нысанда орындалатын салық төлеушінің салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу бойынша міндеттеме банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күннен бастап немесе банкоматтар немесе өзге де электрондық құрылғылар арқылы төлемді жүзеге асырған күннен бастап, ал қолма-қол нысанда – салық төлеуші көрсетілген соманы банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, уәкілетті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға енгізген күннен бастап орындалған болып саналады.

6. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда салық төлеушінің уәкілетті өкілі салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде төлем құжаттарында ақшаны жөнелтуші салық төлеушінің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) немесе атауын және оның сәйкестендіру нөмірін көрсетеді.

7. Салық төлеушінің салық агенті орындайтын, салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесі салық ұсталған күннен бастап орындалған болып есептеледі.

8. Салықты, төлемақыны төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ өсімпұлдар төлеу бойынша міндеттеме осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызулар жүргізу арқылы орындалуы мүмкін.

9. Салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдар төлеу бойынша міндеттеме осы Кодексте, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдардың қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелерінде төлеудің заттай нысаны немесе шетелдік валютада төлеу көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен орындалады.

32-бап. Салық міндеттемесін орындау кезінде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу ерекшеліктері

1. Төлем көзінен ұсталатын салықтың сомасын есептеуді салық агенті жүзеге асырады.

2. Осы Кодекстің ерекше бөлімінде көзделген жағдайларда салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлерінің сомасын есептеу жөніндегі міндет салық органына және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.

33-бап. Салық міндеттемесін орындау мерзімдері

Салық міндеттемесін орындау мерзімдері осы Кодексте белгіленеді. Бұл ретте, осы Кодексте белгіленген мерзімнің өтуі салық міндеттемесін орындау мерзімінің басталуы айқындалған нақты оқиғадан немесе заңдық іс-қимылдан кейін келесі күні басталады. Мерзім осы Кодексте белгіленген кезеңнің соңғы күнінің соңында аяқталады. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.



34-бап. Салық берешегін өтеу тәртібі

Салық берешегін өтеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) есепке жазылған өсімпұлдар;

2) бересі сомасы;

3) айыппұлдар сомасы.

35-бап. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру кезінде салық міндеттемесінің орындалуы

1. Сенімгерлікпен басқарушы өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру процесінде алынуға жататын (алынған) табыстар, төленуге жататын (жүргізілген) шығыстар және сатып алған және (немесе) алған мүлік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстары, шығыстары және мүлкі болып табылады.

Сенімгерлікпен басқарушының сыйақы түріндегі табысы мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының шығысы болып табылады.

Егер салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелсе, онда сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе пайда алушының табыстары мен оның осы тармақта көзделген, осындай құрылтайшының немесе пайда алушының алдыңғы салық кезеңдері үшін шеккен залалдары сомасына, сондай-ақ орындалуы сенімгерлікпен басқарушыға жүктелген салық міндеттемесі сомасына азайтылған шығыстары арасындағы оң айырма мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан алынған таза табысы болып табылады.

Осы тармақта көзделген шығыстардың мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстарынан асып кетуі мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан шеккен залалы болып табылады.

2. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актіде көзделген сыйақы сенімгерлікпен басқарушының сенімгерлікпен басқарудан алынған табысы болып табылады. Сенімгерлікпен басқаруды жүзеге асыруға байланысты шығыстар, егер көрсетілген актіде сенімгерлікпен басқарушының шығыстарын мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының есебінен өтеу көзделмеген болса, сенімгерлікпен басқарушының шығыстары болып танылады.

3. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының салық міндеттемесін орындауды:

1) қосылған құн салығынан басқа салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша осындай құрылтайшы немесе пайда алушы, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актінің негізінде сенімгерлікпен басқарушыға жүктеуі мүмкін;

2) қосылған құн салығы бойынша ол осы Кодекстің 8-бөлімінде және 568 – 571-баптарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен сенімгерлікпен басқарушыға жүктеледі.

Егер салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу, төлеу немесе ұстау жөніндегі салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелген болса, мұндай сенімгерлікпен басқарушы осы Кодекстің 81-тарауында белгіленген тәртіппен салық органында тіркелу есебіне тұруға тиіс.

4. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы мүлікті сенімгерлікпен басқаруға берумен байланысты өзінде туындайтын қосылған құн салығы бойынша салық міндеттемесінен басқа салық міндеттемесін мынадай жағдайлардың кез келгенінде:

1) салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелмесе;

2) егер сенімгерлікпен басқарушы сенімгерлік басқару туындаған күні және сенімгерлікпен басқару кезеңінде осы Кодекстің 134, 135, 181, 182-баптарының және (немесе) 63-тарауының ережелері қолданылатын тұлғаларға жататын болса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен дербес орындайды.

5. Сенімгерлікпен басқарушы мүлік сенімгерлікпен басқаруға берілген кездегі салық міндеттемесін орындау мақсатында осы Кодекстің 58-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.

6. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының мүлікті сенімгерлікпен басқарушыға беруі осындай мүлікті өткізуі болып табылмайды және ол сенімгерлікпен басқарушының табысы болып танылмайды.

7. Сенімгерлікпен басқарушының сенімгерлікпен басқарудың туындауына негіз болатын құжаттың қолданылуы тоқтаған кезде мүлікті қайтаруы осындай мүлікті өткізу болып табылмайды және ол мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табысы (залалы) болып танылмайды.

8. Сенімгерлікпен басқарушыға салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасын есептеу, төлеу немесе ұстау, сондай-ақ мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы үшін салықтық нысандарды жасау және табыс ету жөніндегі салық міндеттемесі жүктелген жағдайда, мұндай салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын тұлғаның атынан, осы Кодекстің ерекше бөлімінде сенімгерлікпен басқарушы жататын тұлғалар үшін белгіленген ставкалар бойынша және тәртіппен жүргізіледі.

Бұл ретте, егер осы Кодекстің 58 және 64-баптарында өзгеше белгіленбесе, сенімгерлікпен басқарушы салықтық нысандарды мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының және (немесе) пайда алушының мүддесінде жүзеге асырылатын қызметті қоса алғанда, тұтас бүкіл қызметі бойынша жасайды және табыс етеді.



36-бап. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру кезінде салық міндеттемесін орындаудың ерекшеліктері

1. Осы Кодекстің 185-бабының 2-тармағында көзделген декларацияны табыс ету жөніндегі міндет жүктелген жеке тұлғаның мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беруі кезінде осындай декларацияны жасау және табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін осы жеке тұлға орындайды.

2. Заңды тұлға, дара кәсіпкер сенімгерлік операциялар бойынша банктен алған табысы бойынша, сондай-ақ заңды және жеке тұлға мүлікті резидент емес болып табылатын сенімгерлікпен басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға берген кезде салық міндеттемесін дербес орындайды.

3. Дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаның салық агенті болып табылатын банк жүзеге асыратын сенімгерлік операциялардан түскен табысы бойынша салық міндеттемесін осындай банк салық агентінің міндеттерін орындау түрінде орындайды.



37-бап. Таратылатын заңды тұлғаның салық міндеттемесін, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, тұрақты мекемесінің Қазақстан Республикасындағы қызметін тоқтатқан кезде салық міндеттемесін орындау

1. Резидент заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бұл туралы жазбаша хабарлайды.

2. Таратылатын заңды тұлға аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсініктемені (қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда) табыс етеді.

3. Таратудың салық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

4. Таратылатын заңды тұлға салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн мерзімнен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлейді, міндетті зейнетақы жарналарын аударады.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі салық органына табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

5. Салық органдары құжаттық тексеруді таратылатын заңды тұлғаның салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.

6. Таратылатын заңды тұлғаның салық берешегі, оның ішінде осы баптың 4 және 11-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша туындайтын салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі. Бұл ретте, осындай резидент емес заңды тұлға қызметі тоқтатылатын тұрақты мекеме, құрылымдық бөлімше арқылы тұрақты мекемелердің, филиалдардың, өкілдіктердің тобы бойынша жиынтық түрде салық міндеттемелерін орындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің, құрылымдық бөлімшелерінің де салық берешегі өтеледі.

7. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салық берешегін толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салық берешегінің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.

8. Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен таратылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.

Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

9. Егер таратылатын заңды тұлғада есепке жатқызылған қосылған құн салығының есепке жазылған салық сомасынан асып кететін сомасы болса, онда көрсетілген асып кеткен сома осы Кодекстің 273, 600 және 604-баптарында белгіленген тәртіппен таратылатын заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.

10. Таратылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

2) салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.

11. Таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап және таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша салық міндеттемесі, міндетті зейнетақы жарналарын аудару бойынша міндеттер туындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлға осындай салық міндеттемесін, міндетті осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген салық органының хабарламасы негізінде орындауға міндетті.

12. Құжаттық тексеру аяқталғаннан кейін және салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жөніндегі берешек толық көлемде өтелгеннен кейін таратылатын заңды тұлға орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) тарату балансын;

2) банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын табыс етеді.

Таратылатын заңды тұлға салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарды құжаттық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

Салық органы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық төлеушіге салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы анықтама беруге міндетті.

13. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салық міндеттемесін орындауы осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.



38-бап. Резидент заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің салық міндеттемесін орындауы

1. Резидент заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш;

2) резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшенің қызметін тоқтату туралы шешімінің көшірмесін;

3) егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құрылымдық бөлімшенің таратудың салық есептілігін табыс етеді.

2. Егер заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі салықты, төлемақыларды, міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды дербес төлеуші болып танылса, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған салық кезеңінің басынан бастап қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезеңге тиісті таратудың салық есептілігі жасалады.

3. Заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі осы баптың 2-тармағында көзделген таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, төлемақыларды, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, төлемақыларды, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Егер заңды тұлғаның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесі салықты, төлемақыларды, міндетті зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды дербес төлеуші болып танылмаса, таратудың салық есептілігі табыс етілмейді.

5. Қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшенің салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаның ақшасы есебінен өтеледі.

6. Салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек толық көлемде өтелгеннен кейін қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлға осы құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша салық органына банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшенің бар банктік шоттарының жабылғаны туралы анықтамасын табыс етеді.

Салық органы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық төлеушіге салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы анықтама беруге міндетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет