Сілтеме: https://satbayev.university/kk/news/kazakstannyn-damuynda-uly-galymnyn-roli
Ұлтының ұлы перзенті.
Жер қойнауының сиқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік өреге көтерілген ойшыл ғұлама. Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениетті үрдістің көш басында болып, кемеңгер ғалым атанды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12-сәуірде Семей облысы (Павлодар уезі), Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдік ауылы) өз уақытында қазақтың игі жақсыларына белгілі болған ауқатты әулетте дүниеге келген.
Қазақ даласындағы түсті металлургияның тарихы Қаныш Сәтбаевтың есімімен біте қайнасып жатыр. Осыдан тура 92 жыл бұрын Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін алғаш дәлелдеп, өңірдің болашағын дөп болжаған осы данышпан ғалым еді.
Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Қарсақбайда зауыт салынып, алғашқы мыс алынды. Деректерге үңілсек, сол жылдары Қарсақбай жеріне сырттан 270 вагон құрал-жабдық жеткізілген екен. Мәселен, темір жонатын мына қондырғы осыдан 100 жыл бұрын орнатылған. Әлі күнге жұмыс істеп тұр. Оны өткен ғасырдың басында ағылшындар әкеліпті. (Дереккөз: «Қарсақбай – Қазақ мысының қарашаңырағы» жинағынан)
Қ.И.Сәтбаев – кешегі өткен Кеңестер Одағының ғана ұлы адамдарының бірі емес, ол өтіп бара жатқан ғасырдың ұлы перзенті. Тап осындай заңғарға Қазақстаннан да, қазақтардың арасынан да ешбір адам көтерілген емес» деп атап көрсетті. Президент өз сөзінде академиктің тойын оның дүниежүзілік ғылымға қосқан үлесіне сай, Сәтбаев даналығын әлем жұртшылығы танитындай дәрежеде өткізу дүниежүзі халықтары арасында Қаныштай ғұлама ұл туған қазақ елінің мерей-мәртебесін биіктетеді деген тамаша тұжырым жасады. Н.Ә.Назарбаевтың Қ.И.Сәтбаевқа берген бағасы – шын жүректен туған әділ баға. Академик В.А.Амбарцумянның сөзімен айтқанда, «Қ.И.Сәтбаев таңғажайып құбылыс болған». Қазақстанның индустриялық даму жолындағы кемеңгерлігі, ғылыми жан-жақтылығы, әлемдік дәрежедегі ойшылдық қабілеті, елдің күш-қуатын арттырудағы орасан еңбегі, үлкен ұйымдастырушылық дарыны, сирек кездесетін адамгершілік қасиеттері оны Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезовтермен қатар халықтың шексіз махаббатына, өшпес құрметіне бөледі. Дарынды қазақ халқы ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Қ.И.Сәтбаевтың арқасында Қазақстан геологиясы өндірістік және іс жүзінде ғана қолданылатын ғылым өлшемі шеңберінен шығып, адамзаттың ой әлемін қозғайтын биік дәрежеге жетті. Сондықтан да оның жарқын бейнесін XX ғасырдың ойшыл ғұламаларының арасынан көреміз. Ол біздің, қазақ деген халықтың, адамзат құрылымының арасында берік тіркелген паспортымыз, мәңгі мақтанышымыз болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен ғалымның 100 жасқа толған мерейтойын атап өту ЮНЕСКО-ның күнтізбегіне енгізіліп, 1999 жыл дүниежүзінде Қ.И.Сәтбаев жылы болып аталып өтті. Егер адамзат күннен-күнге гуманизмнің ең жоғарғы сатысына аяқ басса, Қ.И.Сәтбаев гуманизмі сол үрдіске үлкен үлес қосты. Оның бар болмысы, жан талабы, азаматтық құштарлығы, ғылыми арманы барлық халықтардың өркениетті өмірге жету жолына арналды. Сондықтан да ол дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдар қатарына қосылып, қазақ елінің маңдайына біткен шоқ жұлдызының біріне айналды. Биыл Қаныш Сәтбаевтың туғанына 115 жыл, қайтыс болғанына 50 жыл толып отыр. Көкейде бір өтінішіміз де бар. Біз жақсы білеміз, Алматыдағы Ғылым Академиясының ғимаратын салдыруда Қанекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. Қазір оған «Ғылым ордасы» кәсіпорны ие. Осы «Ғылым ордасына» неге Қаныш есімін бермеске? Мұның өзі туған елі үшін жан-тәнімен еңбек еткен ұлт перзентіне көрсеткен елеулі құрметіміз болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |