Тезистер
Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі оған үш жүздің түгелге дерлік қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
Көтерілістің мақсаты: 1. Ресейдің отарлау саясатына шек қою. 2. Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау. 3. Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату. 4. Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.
1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.
1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің басталуы болды.
1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.
1842 жылы патша тарапынан Кенесары қолына бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтірді.
Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.
1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді.
1844 жылы Кенесарының патша үкіметіне қойған талаптары: 1. Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою. 2. Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру. 3. Салық жинауды тоқтату.
Кенесарының қойған екінші талабы: әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірді Ресей билігінен босату.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады.
Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патшадан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.
Жеңілу себептері: 1. Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады. 2. Қазақ халқы арасында рулық алауыздықтар мен руға бөліну болды. 3. Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады. 4. Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды. 5. Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады. 6. Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.
1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды.
Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды.
Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.
Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.
Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын, жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды.
Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды.
Кенесары Қасымұлы үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұрды. Ол қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан қазақтың соңғы ханы болды.
XVIII ғасырдағы қазақ билеушілерінің бірі Абылай өзін аса көрнекті мемлекет қайраткеріне тән қасиеттерімен көрсете білді. Абылай хан өзінің бүкіл ғұмырын қазақ мемлекеттілігін нығайту мен халықтың бірлігін қамтамасыз ету ісіне арнады. Ол 1711 жылы Түркістан қаласында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойылған аты Әбілмансұр болатын.
Абылайдың бүкіл ішкі саяси қызметі бір орталықтан басқарылатын тәуелсіз мемлекет құруға бағытталды. Ол шексіз билікке ие болды, оны халық қолдады. Ресей үкіметі біріккен Қазақ мемлекетінің өркендеп дамуын қолдамаса да, 1778 жылы 24 мамырда Орта жүздің ханы етіп Абылайды бекітті. Абылай ант қабылдаудың және патшаның сенім грамотасы мен тарту-таралғыларын тапсырудың салтанатты рәсіміне барудан бас тартты. Ресейдің қол астына өтуді қабыл алғанына қарамастан, ол іс жүзінде Ресейге мүлде тәуелсіз ішкі және сыртқы саясат жүргізді.
Абылай ханға бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрудың сәті түсті. 1771 жылы Түркістан қаласында қазақтың бүкіл үш жүзінің ханы болып жарияланды. Бұған оның жоңғарлар мен Еділ бойы қалмақтарын талқандаудағы үлесі игі ықпал етті. Өзінің қол астындағы халықты дұрыс басқару үшін Абылай үш жүздің әрқайсысына әйгілі тұлғаларды билеуші етіп тағайындады. Ол сот билігін күшейте түсті. Сонымен қатар белгілі қазақ билерінің және батырларының беделіне арқа сүйеді. Сондай күшті, ықпалды саяси тұлғаның бірі Бұқар жырау Абылайдың кеңесшісі болды. Абылай қазақ рулары мен тайпаларының арасындағы өзара қырқыс, алауыздықтан туындайтын қақтығыстар мен барымта алуды тоқтатты. Ол қазақтардың егіншілікпен, шөп шабумен және балық аулаумен айналасуына қолдау көрсетті.
Хан қазақ даласында ұстаханалар салуда бастамашы болды. Абылай хан ақын-жырау, әнші-күйшілер мен діни қайраткерлерге қамқорлық жасап отырды. Абылайдың сыртқы саясаты оның алыстан болжайтын көрегендігімен ерекшеленді. Абылайдың сыртқы саяси қызметі Қазақстан аумағының ешкім қол сұға алмайтын тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталды. Мәселен, Абылай Ресеймен өзара қарым-қатынасында тату-тәтті көршілік саясат ұстануға тырысты. Ресей мемлекетімен дипломатиялық және сауда байланыстарын орнатты. Қол астындағы халықты Ресей әскери қызметкерлерінің орынсыз талаптары мен әрекеттерінен батыл қорғай білді.
Абылай күш-жігерін жоңғар шапқыншылығын әлсіретуге бағыттады. Бірақ бұл ретте Ресейдің ықпалды әскери көмегі бола ма деген үміті ақталмады. Жоңғарлар Цинь империясымен бейбіт келісім жасағаннан кейін барлық күшін батысқа қарай бұрды. Сөйтіп 1741 жылы қазақтарға қарсы тағы бір ірі жорыққа шықты. Тұтқиылдан баса-көктеп кірген жоңғарларға Абылай тұтқынға түсіп қалады. Абылайды тұтқыннан босатып алудың сәті Жоңғар мемлекетімен бейбіт келісім жасалғаннан кейін ғана түсті.
Жоңғар билеушілерінің билік үшін қырқыстарын қазақ сұлтандары оңтайлы пайдалана білді. Бұндай жағдайлар қазақтарға оларды әлсіретуге және Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарын жоңғарлардан қайтарып алуға мүмкіндік туғызды. Абылай жоңғарлардың тақтан үміткер мұрагерлеріне қолдау көрсету арқылы олардан қазақ жерлерін қайтарып алды.
Абылай хан Қазақ хандығының қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін сыртқы саясатты асқан көрегендікпен жүргізді. Ресейдің қол астына сырт көзге ғана формальды түрде қарап, 1756 жылы Қытай үкіметімен дипломатиялық қатынас орната бастады. Бұл шара оған Ресейдің Қазақстан аумағындағы отаршылдық әрекеттерін тоқтатуға, сонымен қатар Қытай тарапынан туындайтын қауіпке жол бермеуге мүмкіндік берді.
Абылай хан 1781 жылы дүние салып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленді.
Абылай хан қазақ халқының тарихында ерекше маңызды орын алады. Абылайдың күш-жігері ең алдымен мықты және тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға жұмсалды. Орыс ғалымы И. Крафттың сөзімен айтқанда «Ол қалыптасқан жағдайларға қарай бірде Ресейге, бірде Қытайға, енді бірде Жоңғарияға шын берілген болып көріне білді, ал шын мәнінде ешкімге де бас иген жоқ».
Абылай хан қазақтардың басын қосып біріктіру процесіне басшылық етті және ұланбайтақ далада бір орталыққа бағынатын мемлекет құруға зор ықпал жасады. Жоңғар және Еділ қалмақтарын тас-талқан етіп, жеңіп шығуда аса маңызды рөл атқарды. Қытай әскерінің Қазақстан аумағымен ілгері қарай ішкі аймақтарға жылжуын тоқтатып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтардың Тарбағатайдағы және Іле өзені өңіріндегі байырғы дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алуға қол жеткізді. Алатау қырғыздарының қазақтарға шабуыл жасауын да тоқтатты.
Достарыңызбен бөлісу: |