Тезистер
Адам баласы жер бетінде ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты.
Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып қалыптасқан жер шары бөліктерін атайды.
Адам баласы еңбек құралдары арқылы күш-қуатын арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар алғашқы еңбек құралдары болды.
Адам баласының биологиялық эволюциясы: австралопитек (б.з.б. 2,6 млн жыл), питекантроп (б.з.б. 1 млн жыл), синантроп (б.з.б. 500-200 мың жыл), неандерталь(б.з.б. 200-35мың жыл), кроманьон (б.з.б. 40-30 мың жыл).
Ғалымдар алғашқы адамды «епті адам» деп атады. «Епті адам» Африкадағы Танзаниядағы Олдувэй шатқалында табылған.
Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891 жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген.
Алғашқы адамдардың көне іздері Маңғыстау түбегіндегі Шақпақата, Қазақстанның оңтүстігіндегі Шабақты, Қазанғап, Тәңірқазған т.б. қоныстарынан табылған.
Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған «қытай адамы» деген ат берілген. Синантроптар бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген.
Ғалымдар питекантроп пен синантропты «тік жүретін адам» деп атайды.
Қазақстан жерінде ежелгі адамның сүйек қалдықтары табылған жоқ, дегенмен ежелгі адамдардың Қазақстан жерінде болғанының дәлелі – табылған тас құралдар.
Біздің жерде табылған тас кескіш, қырғыш, тескіштер ерте палеолитке, яғни 1 миллион жыл бұрынғы кезеңге жатады.
Адамға ұқсас тіршілік иелері осыдан 2,5 млн жыл бұрын өмір сүрген.
Жер бетіндегі ең алғашқы адам қаңқалары Танзаниядағы (Шығыс Африка) Олдувэй шатқалынан табылған.
Палеолит дәуірі өте ұзаққа, шамамен 3 миллиондай жылға созылған.
Палеолитте адам баласының түр-тұлғасы, бет-бейнесі, ой-санасы қалыптасты.
Неандерталь адам тұңғыш рет Германияда Неандерталь деген жерден табылды.
Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстанның Тесіктас деген үңгірінен де табылған.
Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 200-35 мың жыл бұрын өмір сүрген.
Хомосапиенс – санасы жетілген адам, яғни «саналы адам» деңгейінде тұрған еді.
Бүгінгі адамзат баласы Хомосапиенске жатады.
Адамзат баласының тас құралдарын өндірген және пайдаланған уақыты тас дәуірі деп аталады.
Адамдар тобыры адамдардың алғашқы қоғамдық ұйымы болды.
Адамзат баласының тұқымы Африка жерінде пайда болып, сонда қалыптасты.
Ертедегі адамдар табиғаттан бөлініп шыққаннан кейін қоршаған табиғаттан өздерінің қандай айырмашылықтары бар екенін түсінбеді. Олар өсімдік пен жануарлардың түрлерін, іздері мен қылықтарын айыра алғанымен, көп нәрсені түсіндіре алмады. Дауыл қайықты аударып, балықшылар мерт болғанда және найзағай баспанаға түсіп, үйлер өртенгенде, адамдар оның себебін біле алмай аң-таң болған.
Әрине, бұл құбылыстардың бәрінің табиғи себептері болды, бірақ адамдар бұны білмеген. Діни түсініктердің пайда болуын біз неандертальдықтардың жерлеу ғұрпынан байқаймыз. Олар өлген адамды белгілі бір ғұрыппен жерлеген. Адамды ұйықтап жатқан сияқты бір қырынан жатқызып, бір қолын басының астына салған. Олар өлімді мәңгі ұйқыға кету деп түсінген. Содан соң жерленген адамды айналдыра киіктің мүйізін қойған.
Өте ерте заманғы жерлеу ғұрпы бойынша өлген адам үстіне қызыл минерал бояу сепкен. Қызыл түс – қанның түсі. Ал қанның жанмен байланысты екенін ертедегі адамдар білген. Мұндай сенімді анимизм дейді.
Анимизм – жан мен рухтың барлығына сену. Анимистік ұғымда адамдар жанның денеден бөлінуіне сенді. Рух дербес тіршілік етеді, белгілі бір затқа дари алады деп есептеген.
Ежелгі адамдардың аң аулау кезіндегі сенімдері бірте-бірте аңдарға жалынып, жалбарынуды тудырды. Осыдан келіп көне сенім – тотемизм қалыптасты. Адамдар өздерін белгілі бір жануардан тарадық деп есептеген. Мысалы, киік, бұғы, жолбарыс т.б. Сол аңдарды ата тегіміз деп оларға сиынған.
Адамдар табиғаттың дүлей құбылыстарынан өздерін сақтау үшін әртүрлі тылсым әрекеттер жасаған. Мысалы, құрбандық шалған, билеген, жалбарынған, қорғайды деп тұмар таққан. Осының бәрін магиялық әрекеттер дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |