Тезистер
1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу, Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже», 1868 жылы 21-қазанда «Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді.
«Уақытша ережелер» бойынша Қазақстан жері үш генерал-губернаторлыққа бағынды: Батыс Сібір (орталығы – Омбы қаласы), Түркістан (орталығы – Ташкент қаласы) Орынбор (орталығы – Орынбор қаласы) генерал-губернаторлықтары.
1870 ж. Маңғыстау приставтығы – Кавказ әскери округына, 1872 ж. Бөкей ордасы – Астрахан губерниясына қарады.
1867-1868 жж. ережелер бойынша бүкіл қазақ жерін қамтитын реформалар (аумақтық, басқару, сот, салық) қазақ халқын саяси тәуелсіздіктен толық айырып, отарға айналдырды.
Патша үкіметі қазақтарды метрополиядан бөлек арнайы даярланған заңдар бойынша (1867-1868 жж.) басқарды.
Заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшуге мәжбүрледі.
Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би т.б.) село тұрғындарына теңестірілді.
Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп отырды.
Патша үкіметі қазақтардың дәстүрлі қоғамын күйретті. Болыстар мен уездерді құру кезінде рулық ерекшеліктер ескерілмеді.
Қазақ даласын билеуге жіберілген генерал-губернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иеленді. Қазақтар оларды «жарым патша» деп атады.
Сұлтан тобын басқару жүйесінің орта және жоғарғы буынынан толық ығыстырып шығару қазақ халқын құқық атаулыдан жұрдай тобырға айналдырды.
Қазақтарға болыс, ауыл старшыны сияқты ең төменгі қызметтер тиді. Олардың уезд бастығы, әскери губернатор, генерал-губернатор сияқты жоғары лауазымды әкімшілік қызметтерге барар жолы заң жүзінде біржола жабылды.
Төменгі биліктегі болыстардың сайланып қойылуы Қазақстанның бүкіл аумағын руаралық кескілескен қақтығыстар сахнасына айналдырып жіберді.
Сайлауда дауысты сатып алу кең тарады және болашақ болыстар орыс үкіметіне жалтақтап, олардың қолшоқпарына айналды.
Дәстүрлі билер сотының құқықтары елеулі түрде қысқартылып, тек төменгі буындағы жүйелерде қызмет етті, оның өзінде шектеулі түрде.
Патша үкіметі 1868 жылғы «Уақытша ережеде» қазақ жерін Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялады, сөйтіп қазақ халқын жер пайдалану құқынан айырды.
Патша үкіметі қазақ жерлерін тартып алып, құнарлы жерлер қоныс аударушыларға берілді.
Қазақстан Ресей экономикасының қосалқы, арзан шикізат көзіне айналды.
Жаңа міндеттер мен алым-салық түрлерінің еселеп енгізілуі қазақтардың материалдық жағдайын нашарлатып жіберді.
Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиыннан 3 сомға көтерілді. Әртүрлі қажеттіліктерге жұмсау үшін «қара шығын» деп аталатын қосымша салық салынды.
1867-1868 жылдардағы реформалар екі жыл мерзімге тәжірибе түрінде уақытша енгізілген болатын. Алайда бұл «тәжірибе» жергілікті халыққа теріс әсер етуі мүмкін деген қауіппен 20 жылдан астам уақытқа созылды. Тек XIX ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының бас кезінде ғана отарлық үкімет орындары өлкеде әкімшілік және сот реформаларын енгізуді аяқтауға кірісті.
1886 жылы 2 маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы ереже», 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды.
Бұл жаңа заңға сай Қазақстанды әкімшілік-аумақтық жағынан басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Түркістан өлкесі жерінің құрамына Ферғана, Самарқан және Сырдария облыстары кірді. Орталығы Ташкент қаласы болды. Сырдария облысы 5 уезден, Ферғана да 5 уезден, Самарқан 4 уезден тұрды.
1891 жылғы «Ереже» бойынша Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Далалық (Степной) генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетісу облыстары кірді. Жетісу облысы 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының қарауына берілді.
1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Ережеге» сай Ақмола облысы, Торғай облыстары төрт уезден құралды. Ақмола, Семей және Жетісу облыстары Дала генерал- губернаторлығы құрамына кірді. Үш облыстың негізгі әкімшілік орталығы (облыстардың жеке орталықтарын есептемегенде) Омбы қаласы болды. Бұл өзгерістер патша үкіметінің отаршылдық басқармасының рөлін мейлінше күшейтті, генерал-губернаторларға шексіз билік берілді. Қазақстандағы облыстық басқару сатылары Ресейдің орталығындағы губерниялық басқармаларға теңестірілді. Өлке шеңберінде генерал-губернаторға шексіз билік берілді. Басқару аппараты – кеңсе, әскери губернаторлар өздеріне бағынышты Облыстық басқармаларымен қоса генерал-губернаторға бағынды, ал Облыстық басқармаларға жалпы жиналыс және кеңсе кірді. 1891 жылғы «Ереже» бойынша ірі облыстық орталықтарда (Верный, Орал, Петропавл, Семей) полиция басқармасы құрылды, ал уездік қалаларда полициялық пристав құрылды. Болыстық басқарушылар мен ауыл старшындарын бекіту әскери губернатордың құзырында болды.
Сонымен қатар Қазақстандағы отырықшы қалалық тұрғындар мен қоныс аударушылар құқығы жағынан Ресейдегі селоның және қаланың тұрғындарымен теңестірілді. Бұл, әрине, қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесін арттыра түсті.
Патша үкіметінің әлеуметтік езгіге салу саясатын мынадан көруге болады: Қазақстандағы жер байлығы мемлекеттік меншік деп жарияланды.
Сот құрылысы. XIX ғасырдың аяқ кезіндегі Қазақстанда 1886 және 1891 жылдардағы Түркістан және Дала өлкелерін басқару туралы «Ережелер» бойынша жүзеге асырылды. Түркістан және Далалық өлкелерде жалпы империялық соттар жүйесі – әлемдік (мировой) судьялар, облыстық соттар және жоғарғы (сенат) сот инстанциясы қалыптасты. Соттардың төтенше съезі әскери губернатордың рұқсатымен шақырылды және өлкелік құқық берілген орыс шенеунігінің қатысумен өткізілді.
Төменгі сот буыны – халықтық сот болды. Халықтық сот – империялық сотқа қосалқы, дербес мәселе шеше алмайтын, тәуелді буын болып қалды.
Сонымен 1886-1891 жылдардағы сот ісіндегі өзгерістер «Ережелерде» бекітілді. Ережеге сай Түркістан өлкесінде Ресейдегі үлгімен жаңа сот жүйесі құрылды.
1891 жылғы «Ережеде» сот істері 17 баптан құрылды. Сот жүйелері Ресейдегі үлгімен құрылды. Халық (билер) соты үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғайтын, жергілікті мұсылмандардың ісін қарайтын ең төменгі сот буыны болды.
Патша үкіметінің отарына айналған еңбекші қазақ халқы ақшалай алым-салық төледі. Олардың мөлшері әртүрлі болып өзгеріп отырды. Мысалы, 1868 жылғы «Ереже» бойынша әр түтіннен 1,5 сом жиналса, 1891 жылғы «Ереже» бойынша 4 сом болды.
Тұтас алғанда 1886-1891 жылдардағы реформалар отаршылдық және феодалдық езгіні күшейте түсуге бағытталған еді.
Тезистер
1886 жылы 2 маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы ереже», 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды.
Бұл жаңа заңға сай Қазақстанды әкімшілік-аумақтық жағынан басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Түркістан өлкесі жерінің құрамына Ферғана, Самарқан және Сырдария облыстары кірді. Орталығы Ташкент қаласы болды. Сырдария облысы 5 уезден, Ферғана 5 уезден, Самарқан 4 уезден тұрды.
1891 жылғы «Ереже» бойынша Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Далалық (Степной) генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетісу облыстары кірді. Жетісу облысы 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының қарауына берілді.
Ақмола, Семей және Жетісу облыстары Дала генерал-губернаторлығы құрамына кірді. Үш облыстың негізгі әкімшілік орталығы (облыстардың жеке орталықтарын есептемегенде) Омбы қаласы болды.
Бұл өзгерістер патша үкіметінің отаршылдық басқармасының рөлін мейлінше күшейтті, генерал-губернаторларға шексіз билік берілді.
Өлке шеңберінде генерал-губернаторға шексіз билік берілді.
1891 жылғы «Ереже» бойынша ірі облыстық орталықтарда (Верный, Орал, Петропавл, Семей) полиция басқармасы құрылды, ал уездік қалаларда полициялық пристав құрылды.
Болыстық басқарушылар мен ауыл старшындарын бекіту әскери губернатор құзырында болды.
Қазақ жері патша үкіметінің мемлекеттік меншігі деп жарияланды.
Түркістан және Далалық өлкелерде жалпы империялық соттар жүйесі – әлемдік (мировой) судьялар, облыстық соттар және жоғарғы (сенат) сот инстанциясы қалыптасты.
Соттардың төтенше съезі әскери губернатордың рұқсатымен шақырылды және өлкелік құқық берілген орыс шенеунігінің қатысумен өткізілді.
Төменгі сот буыны – халықтық сот болды. Халықтық сот – империялық сотқа қосалқы, өз бетінше мәселені шеше алмайтын, тәуелді буын болды.
1891 жылғы «Ережеде» сот істері 17 баптан құрылды. Сот жүйелері Ресейдегі үлгімен құрылды.
Халық (билер) соты үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғайтын, жергілікті мұсылмандардың ісін қарайтын ең төменгі сот буыны болды.
Тұтас алғанда 1886-1891 жылдардағы реформалар отаршылдық және феодалдық езгіні күшейте түсуге бағытталған еді.
1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлының Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындалуы көтеріліске түрткі болды.
Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді «жалға» беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді.
Жер қатынасындағы осындай әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-38 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады.
Көтерілістің негізгі себептері:
- Ақшалай салықтың өсуі;
- Әр күз сайын әр шаңырақтың хан сарайының мұқтажына құны 70 сомдық жылқы беруге міндеттелуі;
- Шаруалардың көшіп-қонғаны, шөп жинағаны, орыс помещиктерінің шабындығын басып өткені үшін салық төлеуі;
- Жәңгір ханның әділетсіздігі мен рақымсыздығы.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды, оған старшын, билер де қатысты. Көтеріліс басшылары – Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы.
Ел ауызындағы әңгімеде Исатай Тайманұлы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарайтын Тайман жолы деген жерде 1791 жылы көшпелі шаруа отбасында дүниеге келген.
Истайдың жастық шағында оған өте үлкен ықпал жасаған адамның бірі немере ағасы Жабал Бегәліұлы болған. Ол Истайдың өсіп, азаматтық көзқарасының қалыптасуына, жетілуіне ықпал жасап, тәрбиелеген.
Бөкей хан Исатайды 1812 жылы 21 жасында беріш руының Жайық бөлімінің старшыны етіп тағайындап, 1814 жылы Орынбор шегаралық комиссиясы старшындыққа бекітті. 1817 жылдан бастап, батырдың патша атқамінерлерімен байланысы салқындай бастады. Ол 1817-1823 жылдары Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен сотқа тартылды.
Исатайдың ең жақын серігі – ақын, беріш руының старшыны Махамбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.) болды.
Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 жылдары ауылына кетіп қалады. Оған соң шегаралық үкімет тарапынан «халық арасында хан иелігінен кетуге және Жайықтын сол жағасына өтуге үгіт жүргізді» деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф Р.И. Дальмен және оқымысты саяхатшы Г.С. Карелинмен тығыз қарым-қатынаста болды.
Көтерілістің басты мақсаты:
Хан озбырлығына шек қою;
Шаруалар жағдайын жақсарту;
Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту;
Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.
Көтерілістің сипаты: Антифеодалдық және отаршылдыққа қарсы.
Көтерілістің барысы. Көтеріліс үш кезеңге бөлінді.
Бірінші кезең – 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең – 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларында жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.
Көтерілістің жеңілуі: Исатай басқарған көтерілісті тез талқандау үшін Орынбор губернаторы В.А. Перовский барлық күштерді жұмылдыра бастады. В.А. Перовский бұл көтерілістің Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліспен бірігуінен сескенді. Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада шайқас басталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілерден 70-80 адам қаза табады да, олар амалсыздан шегінеді. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ тиеді де, бірақ батыр жаяу ұрыс салады. Осы шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін еңіреген есіл ер қаза табады
1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңіледі.
1838 жылы 23 шілдеде Махамбет бастаған көтерілісшілер хан ауылына шабады. Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 жылы қыргүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.
1836-1838 жылдардағы көтерілістің негізгі мақсаттары орындалмады.
Көтерілістің жеңілу себептері:
Үстем тап өкілдерінің опасыздығы;
Көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы;
Қару-жарақ теңсіздігі;
Стихиялығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі;
Патша үкіметінің жазалау отрядтарының күшінің басым болуы;
Көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы;
Көтерілістің жергілікті сипатта болуы.
Нәтижесі:
Салық мөлшеріне шек қойылды;
Патша үкіметі қазақ старшындарымен санасатын болды;
Ішкі Ордадағы хандық биліктің әлсірегенін дәлелдеді;
Қазақ феодалдарының отаршылдық басқару әкімшілігімен байланыста екенін көрсетті;
Әртүрлі халық өкілдерінің қанаушыларға қарсы біріккен күресінің негізі қаланды.
Кіші жүзге келген патшаның жазалаушы әскері көтерілісшілердің бірігіп, ары қарай әрекет жасауына мүмкіндік бермеді.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс – қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс.
Достарыңызбен бөлісу: |