Тезистер
Моңғол дəуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу жəне Оңтүстік Қазақстан халқының бірігуімен сипатталады. Осы иеліктерде моңғол дəуірінің ыдырау процесі жүріп, Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы құрылды.
Ақ Орда. ХІІІ-ХV ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол моңғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет болды.
Ақ Орданың негізін қалаушы – Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.).
ХІV ғ. екінші жартысында Ақ Орда батысында Жайық өзенінен шығыстағы Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлерді алып жатты.
Астанасы Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы) болды. Халқы түркітілді тайпалардан құралды.
Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды.
Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тəуелсіз хандық болып жарияланды.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ. басында Ақ Орда жеріндегі билік Шайбанның ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшеді.
Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Моғолстан хандығы. Бұл мемлекет ХІV ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды.
Моғолстан мемлекетінің негізін салушы – дулат тайпасының көсемі Əмір Болатшы.
Алғашқы ханы –Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері əулетінің негізін салды.
Астанасы Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды. Жері Оңтүстік-шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістанды алып жатты. Орталық аймағы – Жетісу.
«Моғолстан» атауы «моңғол» сөзінен шыққан. Өйткені түркі жəне парсы деректерінде моңғолдарды осылай атаған. Халқы түркі жəне түркіленген моңғол тайпаларынан құралды. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.
Моғолстанның алғашқы ханы болған Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті.
ХVІ ғ. басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі жəне Моғолстан халқының Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты.
Əбілқайыр хандығы. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Əбілқайыр (1428-1468 жж.) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.
Əбілқайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі, ұлан-байтақ жерді алып жатты.
Астанасы алғашқыда Тура, 1431 жылдан бастап Орда Базар, 1446 жылдан Сығанақ болды. Халқы – өзбектер деп аталған түркі тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.).
1468 жылы Əбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Əбілқайыр хандығы ыдырап кетті.
Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІV-ХV ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты.
Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, əскер қолбасшысы, Ноғай (1260-1306 жж.) есімімен байланысты аталды. Оның қарамағындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы – Әмір Едіге (1395-1419 жж.). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411 жж.), «ұлы əмір» атанған.
ХV ғ. ортасында Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440 жж.) тұсында Ноғай Ордасы Алтын Ордадан бөлініп, дербес мемлекет болды.
Жері Еділ-Жайық арасы, астанасы Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама жəне т.б. сияқты түркі тайпаларынан құралды.
Ш. Уəлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақ пен ноғай ханы» атанған.
ХVІ ғ. екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге – Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) жəне Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді.
Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығының құрамына еніп, Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Әмір Темір – моңғолдың түркіленген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. Ол 1336-1405 жылдар аралығында өмір сүрген. Әмір Темір 1370 жылы Мауренахрдағы билікке ие болып, 35 жыл бойы жеке-дара билік жүргізген. Аты аңызға айналған Ақсақ Темір – мейлінше қарама-қайшылықты тұлға. Ол әлемнің тең жартысын қанға бөктірген шайқастар жүргізді.Бірақ өзі зорлық-зомбылықпен жасаған соғыс сұмдықтары жайлы әңгімені естігісі келген жоқ.
Әмір Темірдің жалпы Орта Азияны біріктіруі 18 жылға созылды. 1360-1370 жылдардағы тақ таластары шайқалтқанымен, әлі де құдіретті болып тұрған Алтын Ордамен Әмір Темір билікке ұмтылысы кезінде бетпе-бет келді. Бірақ онымен соғыспас бұрын Әмір Темір өзінің солтүстігі мен шығыстандағы ең жақын көршілері – Ақ Орда мен Моғолстанды нысанаға алады. Ол бұл істе өзіне Ақ Ордадан қашып келген Тоқтамысты пайдалануға ұмтылып, оны әскермен жасақтап, 1374-1376 жылдарда үш рет Ақ Ордаға аттандырады. Темір Мәліктің 10 мыңдық әскерін 1376 жылы Сығанақ түбінде талқандағаннан кейін Сауранда Тоқтамысты таққа отырғызып, оны Дешті Қыпшақтың билеушісі деп жариялады.
Бірақ 1377 жылы Темір Мәлік көп әскермен келіп, Сауранның түбінде Тоқтамыс әскерін талқандады. Әмір Темір Тоқтамысты өзінің әскербасыларымен бірге Ақ Ордаға тағы да аттандырды. Ол Ақ Орданың басты қаласы – Сығанақты басып алды.
1371 жылы Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырады, ол бұл жолы Алмалыққа дейін жетеді. Мұның артынша Әмір Темірдің өзі бастап жорыққа шығып, Ыстықкөл өңіріне дейін келіп, көптеген тұтқын мен олжа түсіріп қайтады.
1375 жылы Әмір Темір әскері Моғолстанға тағы да жорыққа аттанып, Шарын өзені шатқалында Қамар әд-Динмен шайқасты. Қамар әд-Дин жеңілгеннен кейін Әмір Темір әскері моғолдарды Іле өзеніне дейін қуып, Самарқанға олжамен оралды.
Әмір Темір Моғолстанға 1372 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасады. Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 жылы одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан еш нәтиже шықпады. 1390 жылдардағы жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелді болды.
Бұдан кейін Қамар әд-Дин Алтын Ордадағы билікті қолына алған Тоқтамыспен және Ақ Орда билеушілерімен Темірге қарсы одақ құрды.
Әмір Темір 1389 жылы Моғолстанға және 1390-1391 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордаға жорықтар жасады.
Әмір Темір Алтын Орданы басып алудан бұрын Ақ Орданы әлсіретуді көздеді. Тоқтамысты пайдаланып, оған әскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Ақ Орда хандары жеңіліс тапқан соң Әмір Темір Тоқтамысты Сауранда таққа отырғызды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін – Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Тоқтамыс енді Алтын Орда мен Ақ Орданың бұрынғы қуатын қайта қалпына келтіруді ойлап, Әмір Темірге тәуелділіктен бас тартады. Алтын Орда Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұрыс алаңына айналады.
Моғолстанды талап-тонап, оның билеушілерін қуып шыққан Әмір Темір Дешті Қыпшақтағы Тоқтамысқа бет бұрды. 1391 жылы Әмір Темір 200 мың әскермен Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанды. Жайық өзенінен өтіп, 18 маусымда Тоқтамыс әскерімен Құндызша деген жерде шайқасқа түсіп, оны тас-талқан етіп жеңді. Самарқанға қайтар жолда Ақ Орда ұлыстарын талап-тонады.
Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорығын 1395 жылы жалғастырып, Cолтүстік Кавказда, Терек өзені аңғарында оның әскерімен шайқасқа түсті. Жеңілген Тоқтамысты Әмір Темір әскері Елекке дейін қуып, ары қарай Алтын Орда қалаларын ойрандады. Алтын Орданың Еділдегі астанасы Сарай Беркені, Еділ бойы мен Қырымдағы ірі қалалар – Астрахан, Каффа, Азақ тағы басқаларын қиратады. Бұл соққы Алтын Орданың саяси құлдырауы мен ыдырауын тездетті.
Әмір Темірдің шабуылдары Алтын Орда экономикасына ұзақ жылдар бойы оңалмастай нұсқан келтірді. Әмір Темір жорықтарының Қазақстан үшін, ондағы өмір сүрген ру-тайпалар үшін адам айтқысыз ауыр зардаптары болды. Қолға түскендер құлдыққа айдалып, Орта Азия қалаларындағы базарларда сатылды. Өртелген қалалардың күлі ғана қалды.
Халық қырғынға ұшырады, шаруашылық күйреді. Ауа көшу, қоныс аудару күшейді, халық болып қалыптасу жүйесі бұзылды. Бұл қазақ жерінің экономикасының, мәдениетінің дамуына зардабын тигізді.
Әмір Темір қайтыс болар алдында Қытайды жаулау үшін Самарқаннан көп әскермен шығады. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнама» жазбасында былай делінеді: «Сейхун жағасынан аттанған Әмір Темір сәрсенбі, яғни 12 раджап күні Отырардағы Бәйдібек сарайына тоқтайды. Әмірдің ыстығы қатты көтеріледі. Қалтырап отырып өз күналары үшін Құдайдан кешірім сұрап, орнын сауапты істермен толтыруға уәде етеді. Бірақ науқасы күшейе түседі. Аурудың дәріден күшті екенін сезген соң өлімге дайындалып, өсиет сөзін айтты».
Ал Мұхаммад Фадлаллах Мусеви жылнамасында былай делінеді: «Әмір Темірде шарапқа құмарлық пайда болды, үш күн сонымен уақыт өткізді, тағы үш күн арақ ішті, тамақтан нәр татпады. Ақыры ішкі ыстық оның ішкі денсаулығына әсер етті, айналасындағылар бұл арақ ішкеннен болған ауру деп түсіндірді. Ол тағы бір жұтым арақ алдыртты». Әмір Темір 1405 жылы Отырар қаласында қайтыс болды.
Жалпы Әмір Темір XIV ғасырдың 90 жылдары 27 мемлекетті жаулаған қолбасшы болды. Иран, Ирак, Ауғанстан, Үндістан, Кіші Азия, Еділ бойы, Орта Азияны қамтитын империя құрды. Кейбір тарихшылардың айтуы бойынша Әмір Темір сауатсыз болғанымен өнерді, көркем әдебиетті жан-тәнімен сүйген. Жымиюды білмейтін суық жүзді, сұсты адам болған, сөйте тұра әзіл-қалжыңды, шешендікті жоғары бағалаған. Өз кезеңінде ислам дінін барынша қолдап, мешіт, медреселер салдырған.
Сондай-ақ 1397 жылы Түркістан топырағында Қожа Ахмет Йасауи кесенесін салдырып, қазақ қауымы үшін аса құнды мұра қалдырған. Ешкімге бағынбай тәуелсіз өмір сүрген, Шыңғысханмен туыстық жақындығы болмағандықтан «хан» атанбаған. Әмір Темірдің артында 4 ұл, 1 қыз қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |