28.Әдебиет жөніндегі негізгі ғылым салалары.
Әдебиеттану – көркем әдебиетті, көркем әдебиеттің түп-төркінін, мән-маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым.
Қазіргі әдебиеттану ұдайы өзгеру, даму, жетілу үстіндегі әр түрлі пәндер жүйесінен тұрады. Әдебиет теориясы- әдеби шығармашылықтың табиғаты мен қоғамдық міндетін зерттейтін және оны талдаудың әдіснамасы мен әдістемесін айқындайтын әдебиеттану саласы. Әдебиет тарихы — әдебиеттану ғылымында көркем сөз өнерінің даму жолын әлемдік немесе белгілі бір халықтық деңгейдегі идеялық бағыт-бағдарларды, әдеби ағым-бағыттарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық-саяси құрылысымен тығыз байланыста танып-білуге бағытталған басты салалардың бірі. Әдебиет тарихы әдеби даму үрдісін қарастыру арқылы әр алуан әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды. Әдебиет сыны — көркем туындыны және онда бейнеленген өмірлік шындықты талдап, бағалауға негізделген әдебиеттану саласы. Оның басты міндеті — өз кезіндегі әртүрлі әдеби құбылыстарға жан-жақты талдау жасап, олардың идеялық-көркемдік маңызына дұрыс та, тиянақты баға беру.Әдебиеттанудың қосалқы және көмекші салаларына историография, текстология, библиография, архивтану, эвристика, палеография, мәтін түсініктемесі жатады.Әдебиеттану өз-өзімен тұйықталып қалған ғылым емес. Философия, эстетика, герменевтика әдебиеттануға әдіснамалық негіз болса, фольклористика, өнертану зерттеу міндеттері мен нысаны тұрғысынан жақын, тарих, психология, әлеуметтану жалпы гуманитарлық бағыты жағынан ұқсас болып келеді.
29.Көркем тіл.Экспрессивтілігі мен образдылығы.
«Жазушылықтың негізгі элементтерінің бірі – тіл, ол жазушының құралы. Ақын, жазушы тілді, ана тілін мейілінше жақсы білуге міндетті». Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермеске болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі кейіпкер тілі. Сөздің «киелі» күші поэзияда көбірек кездеседі. Оның сөзі салмақты, әрі әсерлі болмаса, поэзия бола ма? Ақын – сезімтал, көреген сөз зергері. Ақынның «қиыннан қиыстырған» өлең жолдарында сол зергерлік өнері, құдіретті күші байқалып тұрады. Көркем әдебиет стиліне тән сөз қорлары поэзияға да ортақ. Солай бола тұрса да, поэзия тілінде жиі қолданылатын «сырты сұлу, іші алтын» сөздер болады. Көбіне нақтылықтан тұратын проза тілі сұлу сөзді көтермейді. Поэзия, әсіресе, сынға жарасатын сұлу эпитет прозаның мазмұнын сұйылтады. Шығарма әдеби – халықтық тілден тұрады. Тіл – ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық қазына. Халық өміріндегі тарихи бел-белестер, ұлы өзгерістер, сыры ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші – көркем әдебиеттің де шынайы болмысы, шеберлігі оның тілі арқылы көрінеді. Көркем шығарма тілін біршама терең зерттеген орыс ғалымы А.И.Ефимов әдеби тілдің негізі жалпыхалықтық екенін және сөз шеберлері сұрыптаған, байытқан тіл екенін айтады. Көркем әдебиет тілі, жеке жазушылар тілі – әдеби тілдің сипатын толығырақ көрсететін элемент және әдеби тілдің өзге стильдеріне қарағанда, жалпыхалықтық тіл нормасына көркем әдебиет тілі жақын тұр, яғни әдеби тілдің жалпыхалықтық сипаты көркем әдебиет тілінен көбірек сезіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |