Проза теориясының негіздері. Баяндау принциптері.
Проза әдебиеттің эпикалық тегімен байланысты, лирикалық проза немесе прозалық өлеңдер кездеседі. Проза XVII ғасырдың ортасына дейін сөз өнерінде поэзиямен аралас өмір сүрді. Тарихи шежірелер, жылнама, трактаттар, естелік, сапарнама, діни уағыздар, т.б. өлең жанрына тән шығармалар болып есептеледі. Шын мәніндегі проза Қайта өрлеу дәуірінде қалыптасып, поэзиядан бөлініп шықты. Осы кезден бастап әдебиеттің дамуында проза жетекші орынға ие болды. Рабғузи, Бабыр, М.Сервантес, Д.Дефоның шығармаларынан бастау алатын проза сөз өнерінің дербес, айрықша түрі ретінде қалыптасты. Сөз өнері тарихында проза поэзиямен тығыз байланысты дамыды. Прозада өмір құбылыстары, адам характерлері кең ауқымды қамтылып, жан-жақты суреттеледі.
Бүгінде дүние жүзі оқырмандарының қолына тиіп отырған күрделі, көркем туындылары бар, биік даму дәрежесіне, кемел шағына жеткен, танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері күшті қазақ совет прозасының эволюциялық өсу жолында жиырмасыншы жылдарда туған әр түрлі идеялық-көркемдік ізденістердің жемісі саналатын алғашқы үлгілердің маңызы зор. С. Сейфулиннің «Жер қазғандар», «Айша» повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы; Б. Майлиннің «Раушан – коммунист» повесі, «Қадыр түнгі керемет», «Шариғат бұйрығы», «Жол үстінде» және т.б. әңгімелері; М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», т.б. шығармалары жиырмасыншы жылдардағы қазақ прозасының даму қарқынын, саяси-әлеуметтік нысанасын, идеялық-көркемдік деңгейін танытатын қатардағы шығармалар ғана емес, әдебиетіміздің алтын қорына қосылатын ұлттық классика үлгілері.
Көркем әдебиеттің міндеті тек өмір шындығын тізбектеп айтып беріп қана қоймайды, адамның жанын да зерттейді деуге болады. Ол адамның ішкі жан дүниесіне бойлап, болмысын танытып, жанындағы дерттің сырын, себебін ұғуға ұмтылса, көркем шығарма осылардың себебін анықтап, оны емдеудің жолдарын қарастырады. Жазушылар алдарына қойған осындай мақсатқа жетуде адамның жан дүниесін, сезім сырын, көңіл-күйін оқырманға жеткізу үшін авторлық баяндау, суреттеу, әңгімелеу, пікір айту сияқты тәсілдерді алмастырып қолданады. Көркемдік дегеніміз толып жатқан элементтер мен олардың компоненттерінің, яғни сюжет пен композицияның, тіл мен стильдің қарым-қатынасы бірлігінен құралады. Демек, автордың баяндау мәнерінен жасалады. Баяндаудың сәтті шығуында автордың дүниетаным мен жеке шығармашылық бағыты, композиция мен сюжет, кеңістік пен уақыт ұғымдары арасындағы байланысты түсіне білу қабілеті, көркем деталь-штрихтарды қолдану машығы үлкен рөл атқарады. Прозадағы жанды тербетер лиризм және әңгіменің бірінші жақтан баяндалуының өзі сезім иірімдерін сан құбылтып, өне бойына татымды сыршыл әуен қосқан.
Достарыңызбен бөлісу: |