Жапырағының зиянкестері. Жұпсыз жібек көбелегі (Ocneria dispar L.) – негізгі жапырақ кеміруші зиянкес. Бір генерацияда дамиды. Толық жетілген жұлдызқұрты (дернәсіл) тұқымқабында қыстайды. Көктемде шығып, бүршік ату басталуымен қоректенуге кіріседі. Бұл кезде жұлдызқұрттары қоршаған орта температура өзгерісіне өте сезімтал болады. Мысалы, температураның аз ғана нормадан ауытқуына байланысты олар ағаш қабығының жарықтарына жиналып, сонда бірнеше тәулік қоректенбей тіршілік ете алады. Күн жылып, қолайлы температура болған кезде сол паналарынан шығып, қоректенуді бастайды. Олардың дамуы метеорологиялық жағдайларға байланысты, тіпті бір аймақтың өзінде 50 күннен 60 күнге дейін созылады. Жаңбырлы, суық ауа-райына қарағанда құрғақ, ыстық ауа-райында олардың дамуы 5-7 күнге тезірек жүреді.
Жас жұлдызқұрттары тау пісте бүршіктерімен қоректеніп, кейіннен жапырақтың шеткі жағын кеміріп, жапырақ жүйкелеріне өте бастайды. Соңғы екі кезеңінде олар өте ашкөз болады. Жапырақты қатты кеміріп, жапырақтың орталық, негізгі жүйкесіне дейін келеді [5].
Қуаңсары жапырақ кеміргіші (Labidostomis stenostoma Wse.) – тау пістенің қауіпті зиянкесі. Бұл қоңыздар жапырақты жеп, тек жүйкесі мен сағағын ғана қалдырады. Жас бұтақтардың қабығын зақымдайды. Ағаштан ағашқа топ болып жүреді. Қоңыздардың ұшуы мамыр және маусым айының басында басталады. Күн ыстықта өте белсенді. Тау пістеден басқа бадам және т.б. өсімдіктерді зақымдайды.
Тау пістенің жапырақ бүргесі (Agonoscema succincta Neeg.) – кішкентай, ауыз аппараты сорғыш насекомдар. Сыртқы келбеті цикадалар мен бітелерге ұқсас. Олардың секіретін артқы аяқтары және екі жұп мөлдір қанаттары болады. Көп жерлерді таралған. Қауіпті фазасы – имагосы және дернәсілі. Жаңадан шыққан дернәсілдер жетіліп келе жатқан жас жапырақтарды жеп, жапырақтың және сағағының деформациясына алып келеді. Насекомдардың сорған жерлерінде кішкене қоңыр дақтар пайда болады. Жапырақ бүргелерінің шоғырлануы жапырақты солардың қалдықтарымен қатты зақымдайды. Нәтижесінде сол қалдықтарға сапрофитті саңырауқұлақтар қонып, қою түсті дақтар пайда болады. Солардан жапырақтың зақымдалу дәрежесін анықтауға болады. Жемістеріне аса үлкен зиян келтіреді. Жемістеріне шоғырланып, жеміс сабағы мен жеміссерігінің шырынын сорып, көп мөлшерде шайырлануды (гоммоз) тудырады. Зақымдалған жемістер тез кеуіп, тез шашылады немесе ағашта кепкен жеміссерігімен ілініп тұрады. Бұндай жемістерде ядро жетілмеген болады. Өнім шығыны 50% және одан да көп болады [6,7].
Тау пістенің күйесі (Teleia modesta Danil) – барлық тау пісте өсетін аймақта кездеседі. Екі буында дамиды. Көбелектің бірінші буынының ұшуы сәуір айында өтеді. Екінші буыны маусым және шілде айының басында өтеді. Жұлдызқұрты т.п. жапырақтарын өрмегімен екеуден жабсырып, немесе жапырақ шетін қайырып зақымдайды. Сол кезде өзі осы қайрманың ішінде болады. Ол төменгі эпидермис пен жапырақ жүйкесін қалдырып, үстіңгі эпидермис пен паренхиманы кеміреді. Жапырақ қураған кезде қоңыр түске боялады.
Тау пісте галлды жиектік бітесі (Forda hirsute Mordv.) – ұзақ уақыт бойы т.п. плантациясын зақмдап келеді. Көп бөлігін аталығы, ал аз бөлігін аналығы зақымдайды. Жапырақты зақымдап, салдарынан жапырақ шетінде ирек пайда болады. Насекомның алғашқы дамуы кезінде қайырылған жапырақ шеті жасыл болып, кеіннен таңқурай түстес, ал күзге қарай қою-шие түстес болады. Галлдар (өзгеріс, цецидия) ерте көктемде жапырақ әлі толық жетілмегенде пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |