1.2. Қорқыт пен қобыз
Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде де керемет ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам және жануарлардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанды. Қарғай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жасап жатқан қобызың алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған түйенің терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен», - деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна сала, осы айтылғандардың бәрін жасап
„Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым,
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым,
Желмаяның терісін
Шынақ қылған қобызым,
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым,
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған қобызым,
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын“ – деп жырлайды.
Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жиһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт 95 жасында жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек... Бүгінгі күні Қорқыт бабамыздың оннан астам күйлері белгілі болып отыр.
1.3. Қорқыт ата кітабы
«Қорқыт ата кітабы» – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігерлерінің бірі, адамзаттың асыл мұрасы ретінде әлемдік деңгейде зерттелген туынды. Негізінен батырлық жырлардың жинағы болып табылатын бұл жазба мұраның Дрезденде және Ватиканда сақталған негізгі екі нұсқасы, сонымен қатар үшінші – Дрезден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар.
Бірінші нұсқа Дрезден корольдік кітапханасында Х.Флейшер каталогы бойынша 86-нөмірмен тіркелген, араб әріптерімен жазылған 153 парақтық қолжазба. Қолжазбаның бірінші парағында шығарманың аты «Китаб-ы Деде Коркут ала лисан-и таифе-и Оғузан» (Оғыз тайпасының тіліндегі Қорқыт атам кітабы) деп көрсетілген. Бұл нұсқа төмендегідей 12 жырдан тұрады: 1. Дерсе хан ұлы Бұқаш хан жыры; 2. Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр; 3. Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бейрек туралы жыр; 4. Қазан бектің ұлы Ораз бектің тұтқын болғаны туралы жыр; 5. Дұқа Қожа ұлы Делі Домрұл туралы жыр; 6. Қаңлы Қожа ұлы Қан Тұралы туралы жыр; 7. Қазылық Қожа ұлы Йегенек туралы жыр; 8. Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыр; 9. Бегіл ұлы Әмірен туралы жыр; 10. Үшүн Қожа ұлы Секрек туралы жыр; 11. Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр; 12. Іш Оғыздың Сырт Оғызға жау болып, Бейректің өлгені туралы жыр.
Дрезден қолжазба нұсқасының әр беті 13 жолдан тұрады. Мәтінде көбіне дауысты дыбыстарды білдіретін белгі – харакат қойылмаған. Сонымен қатар жырлардың тақырыбы да, жырмен баяндалған тұстары да жеке, бөлек жазылмаған. Тек әр жырдың тақырыбын ғана ірілеп, қоюлап жазған.
Дрезден нұсқасын ең алғаш ғылымға танытқан Х.Ф. фон Диц. Ол Төбекөзге қатысты жырды неміс тіліндегі аудармасымен бірге жариялап, Қорқыт атаға да біраз тоқталған. Диц Төбекөз бен Гомердің «Одиссеясындағы» Полифемді салыстырып, Қорқыт ата кітабындағы жырдың көлемдірек екеніне назар аударып, мұны гректер Шығыстан алған деген пікір айтады.
Екінші нұсқа Ватикан кітапханасында түрікше жазбалар арасында 102-нөмірге тіркелген 107 парақ бұл жинақ екі бөлімнен тұрады. Жинақтың 2а-58а парақтары арасындағы «Хикайе-и Латифе-и Ужубе ве Махжубе-и Зарифе» деп аталатын бірінші бөлімі парсы тілінен түрік тіліне аударылған хикаялардан тұрады. Жинақтың 58в-108а парақтары арасындағы екінші бөлімінде «Хикайет-и Оғызнаме-и Қазан бег ве ғайры» (Қазан Бек және басқаларының оғызнама хикаялары) деген атпен Қорқыт ата жырлары берілген. «Қорқыт ата кітабының» бұл нұсқасы 6 жырдан тұрады. Қолжазбаның 106-107 парақтары жоқ. Дрезден нұсқасы секілді бұл нұсқаның да әр беті 13 жолдан тұрады. Тілдік ерекшеліктері жағынан ескі осман тіліне жақын. Бұл қолжазба, Дрезден нұсқасымен салыстырғанда көлемі шағын болғанымен, бастан-аяқ харакат қойылып жазылған. Осы себепті зерттеушілер Дрезден нұсқасындағы түсініксіз, күмәнді жолдарды оқып, аударуда осы нұсқаға жүгініп отырған.
Ватикан нұсқасындағы жырлар: 1. (Дерсе) хан ұлы Бұқаш хан туралы хикая; 2. Бамсы Берік туралы хикая; 3. Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы хикая; 4. Қазан бектің ұлы Ораз ханның тұтқын болғаны туралы хикая; 5. Қазылық қожа ұлы Йегенек бек туралы хикая; 6. Сырт Оғыздың Іш Оғызға дұшпан болып, Беріктің опат болғаны туралы хикая.
Жырлардың тақырыбынан да көрініп тұрғандай, Ватикан нұсқасында, негізінен Қазан бекке қатысты жырлар алынған. Бірақ Дрезден нұсқасымен салыстырғанда, бұл нұсқада Қазан бекке қатысты жырлардан «Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр» енбей қалған. Ватикан нұсқасын ғылымға ең алғаш танытқан кісі – Этторе Росси. Алдымен шағын мақала (1950), ал кейіннен Қорқыт ата туралы көлемді зерттеу жазып, Ватикан нұсқасымен бірге жариялаған (1952). Э.Росси 364 беттік еңбегінің бірінші («Кіріспе») бөлімінде «Қорқыт ата кітабына», оның Дрезден, Берлин және Ватикан нұсқаларына, Қорқыт атаның аңыздық тұлғасына, жыраулық дәстүрге, жырда баяндалған географиялық аймаққа, жырдағы әдет-ғұрыптарға, діни нанымдарға және т.б. мәселелерге кеңірек тоқталған. Екінші бөлімде Ватикан нұсқасындағы алты жырдың, сонымен қатар Ватикан нұсқасында жоқ Дрезден нұсқасындағы алты жырдың аудармасын берген. Үшінші бөлімде Ватикан нұсқасының факсимилесін, ал төртінші бөлімде Ватикан нұсқасының түрікше-италиянша сөздігі мен т.б. мағлұматтарды берген. Көлемі жағынан шағын, ұзақ уақыт ғалымдардың назарынан тыс қалған Ватикан нұсқасы ХХ ғасырдың соңына қарай қарқынды зерттеле бастады. Ал үшінші нұсқа негізінен Дрезден қолжазбасының көшірмесі болып табылады. Ол Берлин корольдік кітапханасының Вильгельм Пертч дайындап, жариялаған каталогында 203-нөмірмен тіркелген. 34 парақтан тұрады, әр бетте 34 жолдан жазылған. Зерттеушілер бұл нұсқаны Дрезден нұсқасынан көшіріп, Берлин кітапханасына тапсырған кісі Г.Ф.Диц болуы тиіс деген пікір айтады. Түрік зерттеушісі Килисли Ахмет Рыфаттың 1916 жылы «Китаб-ы Деде Коркут ала лисан-и таифе-и Оғузан» деген атпен араб әліппесімен жариялаған еңбегі осы Берлин нұсқасы негізінде дайындалған. Сондай-ақ Килисли Рыфаттың бұл еңбегі «Қорқыт ата кітабына» қатысты Түркиядағы ең алғашқы еңбек. «Қорқыт ата кітабына» Х.Ф.Диц, Э.Росси, Килисли Рыфаттан бастап көптеген іргелі зерттеу жасалды. Г.Ф.Дицтен кейін ұзақ уақыт зерттелмей қалған «Қорқыт ата кітабы» туралы маңызды мақалалар мен еңбектерді В.Бартольд жазды. Сонымен қатар орыс ғалымдары Туманский, В.М.Жирмунский, А.Н.Кононов, А.Ю.Якубовский жазба ескерткішке қатысты маңызды зерттеулер жасады. Бұл орайда Х.Г.Короглының зерттеулерін де ерекше атап өтуге болады. Түркияда Килисли Рыфаттың жоғарыда аталған араб әріптерімен жарық көрген еңбегінен кейін 1938 жылы Орхан Шаик Гөкйайдың «Дедем Коркут» атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кітабының» Түркияда латын әріптерімен басылған алғашқы басылымы болып табылады. Орхан Шаик Гөкйай Берлин нұсқасы мен Дрезден нұсқасын салыстыра отырып дайындаған осы зерттеуінде өзіне дейінгі зерттеулерді толық қамтуға тырысқан, сондай-ақ Ресей Археологиялық қоғамының Шығыс бөлімінің басылымдарында жарияланған Қорқыт ата кесенесінің екі суретін жариялаған. Мухаррем Эргин жазба ескерткіштің Дрезден нұсқасы бойынша дайындаған еңбегінің І кітабын 1958 жылы, ал ІІ кітабын 1963 жылы жариялады. М.Эргин І кітапта Дрезден нұсқасын Ватикан нұсқасымен салыстыра отырып транскрипциясын жасады, айырмашылықтарды сілтемеде көрсетіп отырды. Сонымен қатар І кітаптың соңында екі нұсқаның да факсимилесін жариялады. ІІ кітабында грамматикасына қатысты зерттеулері мен қолжазба мәтініндегі сөздердің тіркеме-көрсеткішін (индексін) берді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кітабының» текстологиясына арналған басты еңбектердің бірі болып табылады. О.Ш.Гөкйай 1973 жылы «Дедем Коркудун китабы» (Қорқыт атамның кітабы) атты еңбегін жариялады. О.Ш.Гөкйай мың беттен асатын бұл еңбегінде Дрезден нұсқасын Ватикан нұсқасына жүгіне отырып түзетіп оқыған, сондай-ақ аталмыш жазба жәдігердің зерттелу тарихы, тарихи оқиғалармен байланысы, шығарманың емлесі, тілдік ерекшеліктері, әдеби сарындары, шығармада баяндалатын әдет-ғұрыптар, киімдер, тағамдар және т.б. жөнінде мол мағлұматтарды қамтыған. «Қорқыт ата кітабына» қатысты Әзербайжанда шыққан Хамит Араслының 1939 жылы жарық көрген мәтін мен шағын сөздіктен тұратын «Китабы Деде Коркут» атты кітабын, сондай-ақ осы жазба жәдігер бойынша зерттеулер жүргізген М.Г.Тахмасиб, Ш.А.Жәмшидов, Ә. Демирчизаде, Ф.Зейналов және т.б. ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады. Қазақ ғалымдарынан Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншалиев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев өз зерттеулерінде «Қорқыт ата кітабын» әдеби мұра тұрғысынан қарастырып, сүбелі ой-тұжырымдарын білдірді. Қорқыт ата мұрасын мен де ешқашан назарымнан тыс қалдырған емеспін. «Қорқыт ата кітабын» зерттеу жұмыстары ХХІ ғасырда жаңа белеске көтеріліп, іргелі зерттеулермен толықты. Жазба жәдігердің транскрипциясы, бұрын дұрыс оқылмаған, түсініксіз тұстарына қатысты жаңа зерттеулер жарық көрді. 2001 жылы Семих Тезжан мен Хендрик Бушотен «Қорқыт ата кітабының» Дрезден және Ватикан нұсқаларының транскрипцияларын алғаш рет жеке жариялады. Бұл еңбекте Дрезден мен Ватикан нұсқаларында анықталған қолжазба қателері көрсетіліп, олар сөздердің транслитерациясы және ескертпелер түрінде берілді. Сонымен қатар С.Тезжан сол жылы жарық көрген «Қорқыт ата оғызнамелеріне қатысты ескертпелер» атты еңбегінде қолжазба мәтініндегі көптеген тілдік мәселені шешуге сеп боларлық пікірлер білдірді. Бұлар «Қорқыт ата кітабын» зерттеу мәселесінде үлкен кемшіліктің орнын толтырған, қолжазбаны оқып, дұрыс транскрипциясын жасау бағытындағы маңызды еңбектер болды. 2005 және 2016 жылдары Садеттин Өзчелик «Қорқыт ата кітабына» қатысты зерттеу еңбектерін жариялады. Бұл еңбектерде Дрезден нұсқасының факсимилесі, транскрипциясы, сонымен қатар, қолжазбада қамтылмаған, қате жазылған, түсініксіз сөздерге қатысты түзетулер жасалып, түсініктемелер, мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі, индексі берілді. Әсіресе, түпнұсқа мен транскрипцияның қатар берілуі қолжазбаны салыстыра оқуға да ыңғайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ бұл өзінен бұрынғы зерттеу еңбектеріндегі мәселелерді де ескере отырып, қолжазба мәтінін жаңаша оқуы, тиісті түзетулерді жасауы жағынан елеулі еңбек болып табылады.
2006 жылы Осман Фикри Серткаяның Дрезден нұсқасының «Кіріспе» бөлімінің транскрипциясы мен осы бөлімге қатысты пікір-ескертпелерін қамтитын еңбегі жарық көрді. Ал Мустафа Синан Качалин алдымен (2006 ж.) Ватикан нұсқасының транскрипциясын, түсініктемелерін және сөздігін қамтитын зерттеу еңбегін, кейіннен (2017 ж.) аталмыш нұсқамен қатар Дрезден нұсқасының да транскрипциясы мен сөздігін, сондай-ақ В.Рубеннің «Қорқыт ата кітабындағы» жырларға қатысты 1944 жылы Хельсинкиде жарық көрген мақаласының түрік тіліндегі аудармасын және т.б. қосымша мағлұматтарды қамтитын көлемді зерттеу еңбегін жариялады. М.С.Качалин бұл зерттеулерінде Дрезден нұсқасымен салыстырғанда Ватикан нұсқасының артықшылықтары мен басымдықтары мәселесіне, қолжазбалардың хатқа түскен кезеңдеріне қатысты назар аударарлық маңызды пікірлерін де білдірді.
Кейінгі кезеңдерде жарық көрген бұл еңбектердің барлығы «Қорқыт ата кітабының» қолжазба нұсқаларын дұрыс транскрипциялау, түзетіп оқу, мәтіндерді түсіну үшін маңызды қадамдар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |