1.2. Ертегілерді оқытудың ерекшеліктері мен тиімді тәсілдері.
Ертегілер 5-9 сыныптарда оқытылады. Қай жанрда жазылған ертегі болмасын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Балаларды тартатын – оның қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешетін небір қызықты істері, батырлығы, жүректілігі сияқты қасиеттері. Оқиға қызығымен кететін балаларға ертегі арқылы қандай білім беруге болады, икем-дағдысына қандай талаптар қою керек? Міне, бұл мәселелер әр мұғалімді толғантуы, ойландыруы тиіс. Ертегілерді оқытуда ең басты мына мәселелерге көңіл бөлу керек.
-Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту. Яғни әдеби-теориялық ұғымдар беру;
-Сюжет пен композициясындағы жымдастық, тұтастық, өзіндік ерекшеліктерді білдірту;
-Тіл құрылысы ұйқаспен, тақпақпен келуі, баяндау, суреттеу, портреттеу шеберлігі, бейнелі сөздердің мол келуі, оқиғаларының қызықтығы, жaтықтығы. Ертегінің бай тілі – халқымыздың ғасырдан-ғасырға келе жатқан байырғы тарихи тілі екендігі.
-Ертегі негізінде халқымыздың асыл арманы, ұшқыр қиялы, гуманизмі, адамдық биік мінез-құлқының, тыныс-тіршілігінің айнымай көрінуі. Қай ертегі болмасын халық арманына, тілегіне сай, тек жақсылықпен, бақытқа жетумен аяқталады.
Ертегілерді оқытуда қандай әдіс-тәсілдер, оқу формалары, сабақ типтері тиімді саналады?
Ең алдымен, оқушыларға ертегіні оқыту, мазмұнын толық меңгерту мәселесін ойластыру керек. Мазмұнын меңгерте отырып, оның негізіндегі идея, айтайын деген терең ой туралы сөз қозғау. Мазмұнын меңгертуде мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, мазмұны тұтас сақталынған толық жоспар, ең басты оқиғаларға негізделген тұжырымды жоспар, эпизодтарға бөлу, әр эпизодқа ат қою, сұрақтар, тапсырмалар жүйесін ойластыру, оқушылардың қабілеті, икем-дағдысын арттыруға бaйланысты жұмыс түрлерін жүргізу, соның ішінде өтілгелі отырған ертегіге сәйкес ертегілер құрастыруға баулу, пікір айта білу, өз беттерімен талдауға дағдыландыру, мәтінге жуық мазмұндату, басты оқиғаларды ғана қамтып, мазмұндату мәселелерін ойластыру. Ертегілерді оқыту жолдарын «Керқұла атты Кендебай» ертегісі (5-сынып) арқылы қарастырайық.
Ертегі мазмұнын толық меңгерту, мәтінді оқыту мақсатында, әрі мұның оқушылар оқығалы отырған тұңғыш көлемді ертегі екенін ескеріп, мұғалім оны эпизодтарға бөліп, көрнекі етіп жазып қояды. Оқу, талдау барысында сол бөліктерге оқушыларға ат қойғызады. Ертегіні мына эпизодтарға бөлуге болады:
І. Кендебайдың тууы және Керқұла құлын тарихы.
ІІ.Мергенбай батырдың баласы, оның басынан өткен жайлар.
ІІІ. Кендебайдың Мергенбайды іздеп, сапарға аттануы, Керқұланың көмегі.
ІV. Кендебайдың малшы болуы.
V.Алтын құйрықты құлын тарихы. Оны Кендебайдың тауып, хан қолына табыс етуі.
VІ.Ханның жаңа шарты, Кендебайдың оны да орындауы.
VІІ. Ата-анaсына қосылып баланың бақытқа жетуі. Кендебай батырдың елі.
Ертегіні оқу барысында мұғалім: «Балалар, қазір мына эпизодты оқимыз, онда қандай оқиғалар болады екен, кәне тыңдап отырайық», - деп, олардың назарын үнемі негізгі эпизодтарға аударып отыру керек. Эпизодты оқып болған соң, сұрақтар арқылы қолма-қол мазмұндатудың маңызы зор болмақ.
Сұрақтар: Мысалы, 1-эпизодқа:
Ертегі қандай сөздерден басталады?
Қазанқап кедейдің іс-әрекеті, кәсібі туралы не айтылған?
Кендебай дүниеге қалай келді? Оның сипатын, мергенділігін айтып бер.
Кендебай Керқұла құлынға қалай ие болды? Құлын қалай өсті?
Мазмұндап болған соң, эпизодқа тақырып қою жұмысын жүргізу керек. Онда да балалардың өз пікіріне жол ашқан жөн. Балалармен бірге отырып, «Кендебай және Керқұла құлын тарихы» деген тақырып қоюға болады. Мұғалім эпизодқа тақырып қоюдың негізгі шарттарын балаларға түсіндіреді, яғни тақырып сол эпизодтың ең басты, негізгі оқиғасы айналасында қойылатынын ескертеді.
Ертегі мәтінін оқу да бірнеше әдіс-тәсілмен жүргізіледі. Мұғалім өзі мәнерлеп оқып, балаларды да қатыстырып отыруы керек. Бүкіл сынып болып кезектесіп оқуға немесе жекелеген балаларға оқытуға да болады. Соңғысында балалар мәтінді үнемі іштей ілесе оқып отырады, мәнерлеп оқуға дағдыланады, мұғаліммен бірге бәрі де мәтінмен жұмыла жұмыс істейді. Сондай-aқ эпизод бойынша кезектесе оқудың да тиімділіігі бар. Ертегі мазмұнын меңгерту кезеңінде қызықты эпизодтарынан инсенировка көрсетуге болады. Онда кездесетін архаизм сөздерге түсінік беріп, сөздік жұмысын жүргізу – басты тәсілдердің бірі.
Содан кейін ертегі мазмұнын мазмұндату жұмыстары басталады. Мазмұндату да бірнеше әдіс-тәсілдермен жүргізіледі. Мысалы:
а)мәтінге жуық толық мазмұндау;
ә)эпизодтарға байланысты басты оқиғаларын теріп мазмұндау;
б)өздеріне ұнаған оқиғаларды ғана мазмұндау;
в)мұғалім сұрағына жауап – мазмұндау. Мазмұнын толық меңгерткеннен кейін ертегіге әдеби талдау жүргізіледі. Әдеби талдауды түсіндірмелі әдіс, сұрақ-жауап, практикалық тапсырмалар, әңгімелесу, пікірлесу т.б әдіс-тәсілдер aрқылы оқушылардың өзін қатыстыра отырып, жүргізген дұрыс.
Оқушыларға қойылатын сұрақтар проблемалық сипатта болуы керек, себебі ол оқушылардың ойлау белсенділіктерін арттырады, білімді өз ынталарымен алуға жағдай жасайды.
Сұрақтар, тапсырмалар (сыныпта, үй тапсырмасында қолданылады).
«Керқұла атты Кендебай» ертегісі неге қиял-ғажайып ертегісіне жатады?
Ертегі арқылы халық нені айтпақ болған?
Халық арманын қай жерден көруге болады?
Өзіңе Кендебай ұнай ма? Әсіресе қандай мінездері, іс-әрекеттері ұнайды?
Кендебай арқылы халық нені армандаған, соны айтуғам тырыс.
5-сынып оқулығында бірнеше ертегі беріледі. Оларды оқып, талдап болған соң қорытынды сабақ ретінде салыстыру жұмыстарын жүргізудің мәні зор. Бұндай жұмыс оқушылардың ертегілерді жанрлық жағынан бір-бірінен ажырата білулерін, ортақ ұқсас мәселелерін, үндестіктерін, өзіндік ерекшеліктерді тереңірек түсінуге көмегін тигізеді. Мұндай сабақты «Ертегіде қонақта» немесе «Ертегі кейіпкерлері сыр шертеді» деген тақырыптармен өткізуге болады. Бірнеше ертегіден шағын көріністер көрсету, ертегіні ертекшіге бастату, ертегілер бойынша суреттер салғызып, сабақта оны пайдалану балалардың әдебиетті сүю, халық туындыларына деген құрметін, қызығушылығын арттырады.
Халық ертегілерімен қоса, оқулықта әдеби ертегілерге де орын берілген. Әдеби ертегілерді оқытқанда, мына мәселелерге көңіл бөліну керек:
-Әдеби ертегінің халық ертегісінен басты-басты айырмашылығы (авторының бар екені, кейде халық арасында таралған аңызға құрылатындығы);
-Ұқсастық, үндестік жақтары;
-Көтеретін негізгі мәселелері;
-Көркем поэтикалық тілі;
-Ертегінің маңызы, тәрбиелік мәні.
5-сыныпта ақын Ә.Тәжібаевтың «Толағай» ертегісі берілген. Ертегінің оқиғасы қызықты, оқуға жеңіл жазылған. Сол себептен де балаларға бағыт бере отырып, оны үйден оқуға тапсыруға болады.
Ертегі мазмұнына байланысты сыныпта қойылатын сұрақтар:
Оқиға шамамен қашан, қай жерде болған?
Толағай дүниеге қалай келді?
Толағайдың өсіп-жетілуі, алып болып өсіп келе жатқаны қалай суреттелген?
Толағайдың алғашқы ерлігі туралы не айтасың?
Жолбарыспен щайқасын толық мазмұндап бер. Ол неге жолбарысты «мысық» дейді?
Толағай алыстағы Тарбағатай тауына не себепті аттанды? Анасынан не сұрап білді?
Толағай қалай қаза тапты? Не үшін қаза тапты?
Ертегіні балалардың қалай түсінгенін осындай сұрақтармен анықтап, толықтырып, керекті жерінде мұғалім мәтінді пайдалана отырып, түсіндіріп, кей сұрақ-тапсырмаларды практикалық жұмыс арқылы, яғни оқулықпен жұмыс істей отырып орындап, ары қарай әдеби талдау жасауға көшу керек, онда да оқушыларды үнемі қатыстырып, ең алдымен оларды тыңдап отырудың тиімділігі бар.
Әдеби талдау сұрақтары (оқушылардың ойлау белсенділігін арттыру, іздендіру мақсатындағы):
Қалай ойлайсыңдар, Әбділда аталарың осы ертегі арқылы не айтпақшы болған? Ертегі негізінде қандай ой жатыр?
Толағайға мінездеме бер. Толағай бейнесін жасауда ақын қандай бейнелі сөздер, көркем тіл пайдаланған?
Толағайдың Кендебайға ұқсастығы бар ма? Қайсысы өзіңе көбірек ұнайды? Ұнау себебін түсіндір.
Халық басына түскен ауыртпалық қайғы не себепті Толағайды да ойға түсіреді?
Қалай ойлайсыңдар, ертегінің қай оқиғасы, не Толағайдың қай іс-әрекеттері шындыққа сәйкес? Қайсысы сәйкес емес?
Ақынның Толағайға деген сезімі, көңілі туралы не айтар едіңдер.
Қалай ойлайсың, ақын Толағай тағдырын шешкен бе? Өзің осы ертегіні қалай аяқтар едің?
Ертегі құрылысы, тілі көркемдік ерекшелігі көбіне практикалық жұмыстар, яғни оқулықпен жұмыс арқылы ашылады.
Осы ертегіге қатысты мынадай практикалық жұмыстар орындатуға болады:
Толағай және оның анасы Айсұлу портреттерінің жасалу жолдары.
Ертегіден тауып оқу, теріп жазу (анасын сипаттайтын сөздерді).
Бұл жұмыстың басты мақсаты: балаларда теңеу, эпитет туралы алғашқы ұғым қалыптастыру.
Толағай пішіні, өсіп, ер жетуі, батырлығы, алыптығын көрсетудегі ақын шеберлігі, көркем тәсілі.
Мақсат: әсірелеу (гипербола), көтере мадақтау туралы түсінік беру.
Жолбарыс пен Толағай арасындағы айқастан бейнелі сөздер, айшықты сөз тіркестерін таптыру, олардың Толағай бейнесін жасаудағы рөлін анықтату.
Ертегідегі ойды көркемдеп беретін басқа да сөз тіркестерін тауып тауып, олардың атқарып тұрған маңызы орнына түсінік беру. Мысалы: «Түн қап-қара шашын жайды» т.б.
Сондай-ақ әдеби ертегі мен халық ауыз әдебиетіндегі ертегілерді салыстыру жұмыстары да нәтижелі болмақ.
-«Керқұла атты Кендебай» , «Қырық өтірік» ертегілерін еске түсіріңдер. «Толағай» ертегісінен айырмашылығын сараптаңдар (мысалы: басталуы, аяқталуы, қиял-ғажайып оқиғалары)
-Толағай мен Тазшаны, Кендебайды салыстыру.
Ертегі бала ойында сақталуы үшін түрлі жолдар арқылы жүргізуге болады:
Ертегі оқу. Мұнда сол ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне еніп соның көңіл-күйін образ арқылы бейнелеп беру.
Пантомима ойыны. Ешқандай сөз айтпай, сол кейіпкердің қимылдарын көрсету.
Суретпен жұмыс. Әр түрлі жәндіктер бейнеленген суреттер немесе бір ертегідегі барлық қимылдарды суреттер арқылы көрсету. Сабақта үнтаспа, бейнетаспа суреттер көрнекілікті пайдалану, әңгімелесу, түсіндіру.
Бастауыш мектеп жасында балдырғандар шын мағынасындағы оқырмандар емес, олар тек тыңдаушыла, көрушілер ғана. Оларға арналған шығармалар қысқа да ықшам жазылған суретті кітапшалар түрінде беріледі. Бұл жастағы балдырғандарға арналған шығармалардың тақырыбы көбіне табиғат әлемінен, өзін қоршаған күнде көріп жүрген оқиғалардан алу керек. Тілі жеңіл, сөзі ойнақы болып келеді.
1)Балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау түсіну қабілетін суреттеліп отырған оқиғаның көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді.
2)Әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында мерзімі болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы бейнелер алу керек. Балаларды өмірдің жақсы болашағына қанағаттандырып, шарықтатып отыру қажет.
3)Балалар әдебиетінде оқиғаны және адам мінезін суреттеу әдістерінің динамикасы ерекше болады.
4)Балалар жаратылысының көркем көріністерін, пейзажды шебер суреттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны айналасынан іздейді.
5)Балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны, идеясы оларды еңбекке, ғылымға жеткізуіне үлес қосады.
Балаға адамдық қасиеттің нәрі ертегі арқылы ана сүтімен қоса сіңіріледі. Өйткені, оның жаны күнәдан пәк, таза көңілінде күдік жоқ . Бәріміз де жақсы жанға жайлы, одан рахат табатын ертегіні тыңдап, сол ертегілерден адам бойына керектінің бәрін сіңіріп өстік. Бала жанын қоректендіретін рухани қор – айналадағы барлық табиғат болмысы, жанды мақлұқтың бәрімен табыстыратын терең де таң ғажайып сырларға толы ертегілер. Бала бойына тамаша қасиеттер мен адалдықты, мейірімділікті, имандылықты егетінде осы – ертек.
Ертегі ауыз әдебиетінің көлемді саласының бірі. Ертегілер – бірнеше ғасырлардың жемісі. Ертегінің негізгі бір саласы – қиял-ғажайып ертегілері. Бұларда өмірде болмайтын нәрселер туралы әңгімелер қозғалады. «Ұшқыр кілем», «Адам жеңбек Айыртас батыр» т.б. қиял-ғажайып ертегілердің де өзінше мәні үлкен. Ертегілердің ішіндегі көне түрінің бірі – хайуанаттар жайлы ертегілердің балаға берері көп. Адамды қоршаған табиғаттың әрбір бөлшегі соның тыныс-тіршілігі қызықты әрі жұмбақ.
Мектепте сабақ үстінде кім хайуанаттар , еңбек және өнер жайында ертегілер біледі деген ойын арқылы балаларға тиянақты мағлұмат, тәлім-тәрбие беруге болады.
Ертегінің бір түрі – тұрмыс-салт ертегілері. Бұл ертегіде көбінесе елдің бақташылық тұрмыс-тіршіліктері суреттеледі.
Еңбек мәнін биік бағалайтын «Қотыр торғай», «Кім күшті?», «Қуыршақ» сияқты балаларға арналған қысқа ертегілердің мазмұны да аса қызық тартымды. «Кім күшті?» ертегісінде мұздан күшті нәрсе жоқ деп ойлайтын қырғауыл, одан жаңбыр, жер, тоқты, қасқыр, осылардың бәрінен оқтың күшті екендігін айтады. Ал оқтан мылтық білтесін жеп қоятын тышқақ тышқанның ін қазып, алты батпан ауырды сүйреген құмырсқа күшті болып шығады. Өйткені олар еңбексүйгіш, ұйымшыл келеді.
Балаларды табиғатпен байланыстыратын ертегілердің бірі – «Орманға қар не үшін керек?» деп аталады. Оны оқушыларды рөлге бөлу арқылы оқытуға болады. Яғни рөлге бөлу арқылы ертегі оқушылардың есінде жақсы сақталып қалады. Ертегі баланың ой-өрісін дамытуға үлкен үлес қосады. Жамандық пен жақсылықты ажырата алады, табиғат жайлы ертегілер баланың табиғатқа қамқор болуға, оны аялап қорғауға үгіттейді.
Қазақ ертегісінің ең мол түрі – шыншыл ертегілер. Мұндағы ертегі кейіпкерлері қиял-ғажайып ертегілердегі сияқты қиялдан туған емес, күнделікті өмірдегі еңбек адамдарынан алынған. Мысалы: «Аяз би», «Тазша бала», «Ұр тоқпақ», «Атымтай Жомарт» т.б ертегілер жатады.
Қазақ халқы балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерде жүзеге асырған. Табиғат адамның ақыл-ойы мен тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі екендігін көре білген. Бар өмір тіршілігі табиғатта болып, оның аясында өмір сүргеннен соң адам баласы өзі туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілік пайда болады.
Қазақтың батырлық ертегілері екі сипатта болады. Бірі – көне заманда туған миф пен хикаялар, нанымдар мен ғажайып ертегілер негізінде пайда болып дамыған көркем ертегілер. Мысалы: «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» сияқты классикалық фольклор үлгілері. Бұл қиял-ғажайып ертегілерден кейінгі жанрдың түрі. Сол себепті мұнда архаикалық элементтер көп. Екінші – қаһармандық эпостың ертегі түріне айналған нұсқалары. Олардың ішінен бір жағынан көне түрлері, яғни жырға жақындай, бірақ толық ертегіге айналып үлгермеген шығармалар бар. Мысалы: «Қабанбай батыр», «Алпамыс алып», «Ер Тарғын» шығармаларын атауға болады. Көпетеген ертегілер мынадан басталады:
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде
Қырғауыл жүзі қызылда
Балақ жүні ұзында
Атақты бір бай бопты
Төрт түлігі сай бопты
деп басталатын ертегілердің құлақ күйінде барлық байлық дүниесі сайлық алдамшы көңілі жайлық түптің түбінде ұрпақ игілігінің қасында түкке тұрғысыз екендігін бабаларымыз бастан ақ өсиет етіп ерекше ескерткендей. Бабалар дәстүрін тәуелсіздік алған алғашқы күннен бағдарлы басшылыққа алынған іргелі егемен еліміз мұрагерлер мүддесін үнемі назарда ұстаумен келеді.
Халық ертегілері – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құралған оқиғалы көркем шығарма. Онда еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениетімен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібімен түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған. Табиғаттың адам баласына жұмбақ болып келген неше алуан қызметі айтылады. Үстем тап өкілдерінің зұлымдық, қастандық әрекеттері халық ертегілерінің негізгі өзінің тыңдаушысына ақыл-парасатын баяндайды. Адам арманының жарқын болашағына қол сілтейді, өмір күресіне бастайды. Ол сондықтан «халық жанының айнасы» - деп атаған.
Халық ертегісінің ішінде балалардың сүйіп оқитын олардың жас ерекшеліктеріне тән мұралар өте көп, халық ертегісі ғасырлар бойы балалардың ықыласын өзіне қызықтыра тартып, жас жанына әсер беріп, көңілін шаттық күлкіге бөлеп қуантады. Халық ертегілерінің бай фантастикалық балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан қияпатын танытады, сана-сезім, ақыл-ой қызметтерінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі.
Халық ертегілерінің ерекшелігі: балалардың бар ықыласын салып, сүйсіне тыңдайтындығында әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде.
Халық ертегісінің балаларды қызықтыратын тағы бір артықшылығы ондағы адам бейнелері барлық жағынан әбден жетілген болады. Кейіпкерлердің ең терең, ең айқын және көркемдігі жағынан әбден жетілген түрлері, типтері фольклорда, еңбекші халықтың ауыз әдебиетінде жасалған. Көптеген халықтардың ертегілерін атап айтуға болады. Мәселен «Тоғыз құйрықты ақ түлкі» , Қытай халық ертегісі, «Тылсым Тауыс» Үнді ертегісі, «Ата мұра» Парсы ертегісі. Міне, бұлардың бір-бірінен ерекшеліктері әр халық өз тұрмыс тіршілігіне қарай ертегілер, аңыз-әңгімелер пайда болады.
Халық ертегілері ішінде балалар арасында кең тарағаны, сүйіп тыңдайтыны – хайуанаттар жайындағы ертегілер. Табиғат жайында ең бай материалдар, кең түсініктер балаларға алғаш осы хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы берілген «Бармақтай бала», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық». Хайуанаттар жайында айтылатын ертегілер кейіпкерінің өзі қызық. Сол күлкілі, қызық кейіпкерлердің өмір сүру, өмірге икемді болуы жолындағы қақтығыстармен қарым-қатынастар олардың айла-тәсілдері жасөспірімдерге өмір жолын танытады. Кішкентай, болымсыз тіршілік иелерінің өмірге икемділігін, жеңгіштігін көрсету тақырыбы балаларға арналған қазақ ертегілерінің барлығына да ортақ. Бұл ертегілер балалардың ой-санасын оятып, олардың өздерінің күш-жігеріне сене білуге, тапқырлыққа баулиды, мақсатқа жетуге үйретеді. Хайуанаттар жайындағы ертегінің қай түрін алсақ та балалардың ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, күлкілі, қызықты болып айтылады. Хайуанаттар жайындағы ертегілерде балаларды қызықтырарлық және оларға ой саларлық екі түрлі сипат бар, бірінші олардың мінез өзгешіліктерін, тікелей білуге, зертеуге құштарланады. Екінші, хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы соны мысал ете отырып, адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқайды. Үстем тап өкілдерінің қарапайым, момын елді қалай алдайтынын, арбайтынын, күш көрсетіп қанайтынын, неше алуан зұлымдық әрекеттер жасайтынын біледі. Сондықтан халықтың шығармалары ішіндегі хайуанаттар жайында айтылатын ертегілер түгел дерлік балалар әдебиетінің мұрасы деп қараймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |