Қазақстандағы кітапханалардың саны мен кітап оқуды қолдау акциялары
Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар, оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты. Үшеуі республикалық: Нұр-Сұлтан қаласындағы академиялық кітапхана, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана және зағип жандарға арналған республикалық кітапхана. 300-ге жуық кітапхана балалар мен жасөспірімдерге арналған», - деді кітапханалар санына есеп берген вице-министр.
Биыл «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясы қолға алынған. Жоба «кітап оқуды қолдау» жылы аясында жүзеге асырылған. Мақсаты – шығармашылық интеллигенция, қоғам қайраткерлерін, спорт және мәдениет саласының танымал өкілдерінің қатысуымен кітап оқу жұмыстарын кеңінен тарату.
«Осы акция аясында кітап көрмесі, челлендж, флешмоб өткізіліп жатыр. Жаңадын шыққан кітап пен авторлардды кең насихаттау, шетел әдебиетін аударып, оқырман арасында кеңінен тарату үшін жұмыстар атқарылып жатыр», - деді ол.
Балаларға түсінікті тілде видеороликтер мен анимациялық фильмдер түсіріліп тарату жұмыстары басталды.
Вице-министр «Ұлағатты ұрпақ» жобасы туралы айтты. Музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқушыларға барлық білім беру бейнедәрістері арнайы сайтында жарияланды. Әр бейнедәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады.
«Бүгінгі таңда бұл сайтқа 2 млн 500 мыңнан аса көрермен осы сайтта бағдарламаны тамашалады. 11 000 көрермен барлық тестке қатысып, белсенділік танытты. Бұл жұмыс одан әрі жалғасады. Балалар әдебиеті шығармашылығын дамыту мақсатында былтыр министрлікке қарасты кітап палатасында «балалар шығармашылығы» конкурсы өтті. Үздік шығарма иелері марапатталды. Қазір «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс ұйымдастырылып жатыр. Балаларға арналған шығарма жазушы авторларға арналған республикалық байқау өтеді», - деді ол.
Балаларға бағыт керек
Балалар жазушысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжановтың айтуынша, балаларды көркемсөз арқылы ойлауға, ойнап жүріп ойлауға үйретуіміз керек.
«Балаларға кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды кішкентайынан бастаған дұрыс. Оларға жөн сілтеп, бағыт берсек, өздері алып кетеді. Қазақ балалар әдебиеті бай әдебиет, адамгершілігі мол. Осының ішінен қайсын оқыту керек? Балалардың қолы жете ме? Жоқ. Өйткені, ауылдағы балалар кітапқа зәру», - деді ол.
Балалар жазушысы тұрғындардың басым бөлігінің кітап сатып алуға жағдайы келмейді деп есептейді. Әлімжанов осы ретте ұсыныс айтты. Баланың алдынан қазақ өлеңі, қазақ сөзі айтылып тұрса, ол оған тартылады. Бұл – ана тілін насихаттаудың бірден бір жолы.
«Мен балалардың тақырыптық антологиясын шығаруды ұсынамын. «Отан», «Туған жер», «Тіл» тақырыптары бойынша шығарылған антологияны сайттарға орналастырса, мұғалім де, балабақша тәрбиешілері де пайдаланатын болады. Бұл таптырмас қажетті құрал болар еді. Осы арқылы кез келген өлеңді, шығарманы балаға түсінікті жеткізу мүмкіндігі туады», - деді жазушы.
Баянғали Әлімжановтың пікірінше, кітапты ғаламторға, музыкаға, мультфильмге қарсы қоймай, керісінше олармен одақтас етуіміз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |