Л.Н. ГУМИЛЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ КӨШПЕНДІ ДАЛА
ӨРКЕННИЕТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ7
Көшпенді дала өркениетінің қалыптасып дамуы мәселелеріне әйгілі шығыстанушы-ғалым Л.Н.Гумилев негізінен «Дала трилогиясы» деген атпен белгілі «Хунну» (1960), «Көне түріктер» (1967), «Қиял патшалығын іздеу» (1970) сияқты еңбектерін арнады.
Тарихи әдебиетте Ұлы даланы тұтас бірдеңе деп қарау, көшпелілердің бәрін бірдей етіп бейнелеу көп уақытқа дейін әдетке айналған еді. Даланың өз тарихы болған, өзінің шым-шытырық шиеленісі мен толыққандығы жағынан бұл тарих, Еуропа мен Таяу Шығыс тарихынан әсте кем емес. Өзінің даму барысында көшпелі халықтың қайталанбас бет-бейнесі, өзіне ғана тән түр-пішіні болғанын Л.Н.Гумилев өзінің еңбектерінде айқын көрсете алған.
Дегенмен, далалық көшпелі өркениеттің ортағасырлық тарихын зерттеуде егжей-тегжейлі ғылыми жүйелі талдау жасалуы тиісті күрделі мәселелер баршылық. Атап айтқанда, сол байырғы дәуірдегі түрік, моңғол тектес этностардың шығу тегі, тілі, наным-сенімдері, салт-дәстүрлері және тағы басқа жақтары мен өзгешеліктеріне байланысты, сондай-ақ олар орнатқан қағандық, хандық тәрізді этносаяси бірлестіктердің құрылысы, құрамы, бітім-болмысы секілді толық анықталмаған, даулы жайттарды ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.
Міне, осыған байланысты Л. Н. Гумилевтің зерттеу әдісі жөнінде бірер сөз айтқан жөн. Дәйекті нәтижені тез алу тұрғысынан қарасақ, бұл әдістің қазіргі бар әдістерге, алгебраның арифметикаға қандай қатысы болса, тап сондай қатысы бар. Осынау жазылған еңбектерінде жасалған нәрсені үйреншікті әдіспен жасап шығу үшін, кісі ең кем дегенде тар шеңберіндегі мамандар ғана түсінетін төрт монография жазуы керек болар еді, ол, бұл үшін оған күллі өмірін сарп етіп еді. Л.Н.Гумилевтің әдісі оған мұндай күш жігерді бекер рәсуә етуден сақтап қалуға жол ашқан, ал түпкі нәтиже шамамен бірдей болып шығады. Оны, қысқаша айтсақ, жалпы жұрт қабылдаған индуктивті әдістен мұның бір айырмасы – жиналған материалға тарихи дедукцияны қолдану деп сипаттауға болады.
Л.Н. Гумилев мәселеге шығыстанушы-филолог немесе археолог ретінде қараған жоқ, ол проблемаға әлем тарихын жақсы білетін тарихшы ретінде қарады. Бұл тәсіл, өзін-өзі ақтады, өйткені Орталық Азия тарихына байланысты деректердің көптүрлілігі мен көптілділігі бір ғана тілдегі деректі пайдалануға жоққа шығарады. Сол уақытқа дейін шығыс дерекнамасынан көптеп аударылған деректерді бір жүйеге жинақтап, фактілерді бір-бірімен тікелей салыстыру арқылы сол уақытқа дейін Ресей және Еуропа ғылымында жиналған тарихты бір ізге түсіру – басты мақсат еді. Л.Н. Гумилев еңбегі алдына дәл осы мақсатты қояды. Сондықтан да, кітапта дәл және анық саяси оқиғалар кезек-кезегімен беріледі, өйткені, саяси тарихтың барлық ақтаңдағын білмей, халықтың экономикасына, әлеуметтік жағдайына, мәдениетіне баға беру өте қиын.
Кітапта хуннулардың саяси өмірінің оқиғалары олардың ірі көршілері Қытай империясының тарихымен сабақтастыра беріледі. Кітап кезінде сын толқынын тудырды. Оны кезінде танымал шығыстанушылар – К. Васильев, Л. Думан, М. Воробьев секілді, өздерінің сын мақалаларын ғылыми басылымдарда жариялап тұрды. Бұл келіспеушіліктер хунну тарихын зерттеуде әлі күнге дейін көп ақтаңдақтардың барлығын көрсетіп тұр. Л.Н. Гумилевтің хунну мемлекетіне арналған еңбегінің ең басты жетістіктерінің – хунну өткеніне, әсіресе саяси тарихына байланысты дәл негізгі оқиғалардың келтірілуі, түркі тектес халықтардың бірі болып табылатын этностың әлемдік тарихтағы орнын нақтылап беруі, сонымен бірге көшпелі халықтар тарихын зерттеудегі батыл талпыныстың бірі болуы.
Дегенмен, Л.Н. Гумилевтің өз сөзіне қарағанда, байырғы түріктерге арналған кітабын 1935 жылдың 5-желтоқсанында («Көне түріктер» кітабы 1967 жылы басылып шықты) зерттеуін бастаған. Кітапта қамтылған тақырып аса маңызды еді. Өйткені ежелгі көшпелі түріктер қысқа уақыт ішінде әлемде мәні бар мемлекет құрып, Батыс пен Шығыс арасын қосады. Түрік мемлекетінің пайда болуы «белгілі бір дәрежеде адамзат тарихының бетбұрыс кезеңі болады, өйткені сол уақытқа дейін Жерорта теңізі мәдениеті мен қиыр шығыс мәдениеттері бір-бірінің өмір кешіп жатқанын білсе де аралары қосылмаған еді», – деп жазады (Л.Н. Гумилев) автор.
Әйтсе де, Л.Н. Гумилев тағы бір көшпелі халықтарға арналған іргелі еңбектерінің бірі I мыңжылдықтың ортасында бүкіл Еуразияға танылған, әлемдегі ең ірі империялардың бірін құра білген жоғарыда аталған – Түркі халқына байланысты.
Ел тарихы қағандардың бұйрығымен ұрпаққа аманат ретінде түрік бітікпен қағазға хатталып, тасқа қашалған «мәңгілік» бітіктастарда айшықталды. Осындай бітіктастардың арасында Күлтегін, Білге қаған есқерткіш кешендері дәлел бола алады. Бұл ескерткіштерді 1889 жылы Орыс патшалық академиясы, География қоғамының Шығыс Сібір бөлімшесінен шыққан Н.М. Ядринцевтің экспедиция тобы зерттеп, әлемге жариялайды. Одан кейінгі экспедициялардың нәтижесі ретінде 1891-1893 жылдары Фин-угор ғылыми кеңесінің атласы, Орыс патшалық академиясының атласы жарық көреді.
Ұлы түрік қағандары ерлік эпосын осылай тасқа бәдіздеп қалдырып отырған. Жарау атты, ұзын найзалы түрік сарбазы жортуылда шөл дала, құба түзді басып, асқарлы таудан асып емін-еркін жүре берген. Шығыс пен Батыс арасындағы, Ұлы Жібек жолы деп аталатын керуен жолы негізінен түріктер қол астына қарайды. Сөйтіп Түрік қағанаты әлемдік саясаттың аса маңызды тұрақты факторына айналады.
Лев Гумелев «Көне түріктер» кітабында: – Сібір мен Орта Азияның байырғы халықтарын Қытай мен Иранның көршілері ретінде ғана қарауды тоқтату керектігі туралы айтады. «Олардың тарихы мен мәдениеті өз бетімен дербес дамыды деген даусыз қағидадан прастикалық қорытынды жасайтын уақыт жетті... Бүгінгі күннің, тіпті болашақтың да қайнар көзі өткен заман қатпарларында жасырынып жатыр, ал байырғы түріктер Совет Одағының көптеген халықтарының арғы тегі емес пе!?», – деп әділін айтады.
Рас, одан бері Совет Одағының өзі ыдырап кетті, бірақ одан түркі елдері тарихының маңызы кемімейді. Әсіресе түріктердің қоғамдық тұрмысы мен әлеуметтік институттарының маңызы зор: ел, еншілік-таспихтық жүйе, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік үрдісі, сол сияқты көрші елдердің идеологиялық жүйелеріне қарама-қарсы қоятын мұқият әзірленген дүниетанымның болғандығы таң қалдырады.
Дала трилогиясының қорытынды бөлімі «Қиял патшалығын іздеу» деп аталады. Сөз болып отырған патшалық – пірәдар Иоанның Шығыстағы қиялдан туған қуатты мемлекеті, орта ғасырдағы еуропалықтар сол патшалықтан көмек аламыз деп дәметеді. Кітапта осынау аңыздың тууы Шыңғысхан мемлекеті мен моңғол жаугершілігінің пайда болуын баяндау арқылы анықталады.
Аңыздағы рас нәрсе, ХІ-ХІІІ ғғ. Орталық Азияда христиан дінінің несториандық тармағы кеңінен жайылғандығы. Лев Николаевич пірәдар Иоанның образы қидан ханзадасы Елуй Дашиден (1087-1143) алынған дейді, ол ханзада XII ғасырда қазіргі Жетісу жерінде үлкен қуатты мемлекет орнатады, оның негізгі діні – несториан діні болады. Найман ханзадасы Құшлық та әуелде несториан дінін қабылдаған, Еуропада аңыз болып кеткен Давид ханзаданың түп-төркіні, бәлкім, сол болуға керек. 1007-1008 жж. керейттер де несториан дініне өтеді. Ал XII ғасырдың аяқ кезінде Оң-хан деп аталған Тоғрыл хан керейттер көсеміне айналады және Тимучин-Шыңғысханның одақтасы, әрі оның өкіл-әкесі болып есептеледі. Кейін олар өзара келіспес жау болып кетеді. Рас, батыстың бірсыпыра авторлары Оң-ханды пірадар Иоанның нағыз прототипі деп біледі. Шыңғысхан мен Оң-ханның байланысы жөніндегі мәліметтерге қарап, олар моңғолдар қолбасшысының өзін батыс христиандарына көмектесуге келе жатқан ханзада Давид шығыс христиандарының елшісі деп ойлап қалады.
Алайда Л. Гумилев пірадар Иоанның патшалығы туралы және ол жіберген әскердің келе жатқаны туралы аңыз, хат-хабардың аздығынан немесе көкейіндегі нәрсені шын екен деп ойлап қалудан туған құр дақпырт қана емес деп шамалайды. Оның пікірінше, бұл елді адастыру үшін әдейі, саналы түрде ойдан шығарылған жалған сыбыс. Сирия мен Иерусалим корольдігіне орналасып алған кресттағушылар Еуропадан косымша әскери күш келуіне мүдделі болатын, бірақ олар жаңадан келушілерге жаулап алған жетістіктерін бергісі келмейді. Ендеше олар Құдай табытын қорғау жолына түскен жаңа жауынгерлерді алысырақ, қиялдан туған одақтас-қаруластарына қарай жөнелтуі қажет еді. Орталық Азиядағы христиан патшалығы туралы аңызды ойдан шығарылған саналы өтірік деп жариялайды да, Л.Н. Гумилев несториан дінінің қалай қанат жайғанын келістіре баяндайды. Моңғолияда тіпті Шыңғысхан қолдайтын тұтас бір несториандық партия болған, бағзы бір кездегі оны Шыңғысханның өзі де қолдап отырған.
Осыдан, «Қиял патшалығын іздеу» кітабының өзіндік ерекшелігі кітап композициясына да әсер еткен. Автор ғылыми зерттеу ісінде қабылданылған, жұмысты шолу, және бастауларды сынаудан ілкі қадам жасайтын рәсімнен саналы түрде бас тартқан. Кітапта Л.Н. Гумилев зерттеу барысында кездесіп қалған, бірқатар діни жүйелерді аудара қарап, ақтара тексеру ісімен мол орын берген. Дін тарихына бұлай байыппен қарау ісі де тақырыптың өзіндік өзгешеліктеріне байланысты. Л.Н. Гумилев діни жүйелерді догматтық және әлеуметтік-экономикалық жағынан қарап талдамайды. Л.Н. Гумилев оларды Ұлы дала халықтарының этнографиясымен байланыстырады да, тарихи даму барысында тарих бетіне діни бүркенішпен шыққан, сол бір терең тұңғиықтағы жасырын процестердің индикаторы ретінде пайдаланады.
«Қиял патшалығын іздеу» кітабы бір қараған кісіге тарихи бір күлкілі жайтты талдау сияқты ғана болып көрінеді, пірадар Иоанның патшалығы да тап сондай болған. Бірақ осында күлкілі жайт тасасында Орта Азия көшпелі халықтарының аса маңызды, ию-қию оқиғаларға толы тұтас бір дәуірі жатыр, осынау оқиғалар нәтижесі дүние жүзілік тарих барысына орасан зор әсерін тигізген. Пірәдар Иоанн және оның патшалығы туралы аңызды тудырған да ұлы оқиғалар; зерттеуге негіз болып отырған да солар. Әңгіме Түрік қағанатының VIII ғ. құрылуынан бастап, XIII ғ. алғашқы жартысында моңғол империясының құрылуына дейінгі Ұлы даланың тарихы туралы болып отыр.
Дегенмен, XIX және XX ғасырлардың тоғысында жазба әдебиет тарихында көшпелі халықтардың өркениетке қатысы бар ма? Жоқ па? – сұрақтары пікірталасты туғызып отырды. Көптеген батыс зерттеушілері өздерінің еуроцентристік көзқарасымен көшпенділерді «даланың құлдары», «ауа райының жылдық және маусымдық көші-қонның мәңгі тәуелділігінде болатын тұтқындары» ретінде есептеп жүрген, солардың арасында А. Тойнби де болған. Ол тіпті көшпенділерді өркениеттен тыс, тарихы жоқ халық ретінде қарастырды.
Бірақ, қөшпелі қоғамда техникалық прогресс болуы мүмкін емес деп ойлаудың өзі қате. Жалпы көшпелілер, оның ішінде әсіресе ғұндар мен түріктер, адам өмір-тірлігінен айырғысыз нәрсе ретінде, қазір барша адамзаттың күнделікті тұрмысында қолданылатын көп бұйымдарды ойлап тапты. Қазіргі еуропалықтардың ер жыныстыларын айтқанда, көз алдыңа келе қалатын киім-кешектің бір түрі – шалбарды көшпелілер тіпті ежелгі заманда-ақ ойлап тапқан. Үзеңгі 200 және 400 жылдар арасында бірінші рет Орта Азияда пайда болған. Алғашқы, ағаш дөңгелекті көшпелі арба, әуелі үлкен доңғалақты күймеге ауысты да, сосын оның орнын тең басты, бұл көшпелілердің орман-тоғайлы тау қырларынан қиналмай асып түсулеріне жағдай жасады. Ауыр да түзу семсердің орнын басқан қайқы қылышты, көшпелілер шығарған жебелерді, аңыратып, 700 м жерге дейін жеткізетін, салақұлаш құранды садақты ойлап тапқан да солар. Ақыр соңында айтарым, ол заманда тұрған жайдың ең жетілген түрі киіз үй болып есептелетін.
Көшпелілер тек материалдық мәдениетте ғана емес, сол сияқты рухани мәдениетте де (олардың әдебиеті ауызша айтылатын болса да) өздерінің отырықшы көршілерінен артта қалып көрген емес. Әрине, ғұндардан ғылыми теория іздеу есуастық болар еді: тіпті гректердің өзі оларды ежелгі мысырлықтар мен вавилондықтардан алған ғой. Көшпелілер жын-пері хикаяларын жасаған. Біздің түсінігімізше, мұның екеуі де әдебиеттен гөрі мифологияға жақын, бірақ олар ақиқат өмірді осындай жолмен қабылдап, өздерінің сезім-түйсіктерін білдірген. Басқаша айтсақ, біздегі әдебиет атқаратын қызметті оларда мифология атқарған.
Көшпелілер тарихты да бізге ұқсамайтын осындай жолмен қабылдаған. Тарих көшпелілерге бір ата, рудан шыққан тегінің шежіресі тәрізденіп көрінген. Оларға эталон белгілі бір оқиға қоғамдық құрылыстың белгілі бір жиынтық түрі емес, өлі ата-бабасы болған. Еуропалықтар үшін өткен буындарды бұлай есептеу мағынасыз бірдеңе болып көрінеді, бірақ ғылымда қолданылатын кез келген есептеу жүйесі сияқты, бұл да өтіп жатқан уақыт ағысын бейнелейді. Ол тек басқа мақсаттар мен қажеттіктерге арналған және олардың өзін толық қанағаттандырады.
Бұл арада тағы бір еске сақтайтын нәрсе, ежелгі көшпелілердің фольклоры мен тарихы жөніндегі мәліметтерді біз этнографиялық аналогиялар мен әр түрлі үзік-үзік деректерден алғанбыз, ендеше, олар дәл емес, долбар ғана. Оның есесіне бейнелеу өнерінің туындылары бізге сол баяғы түпнұсқа күйінде жеткен, сол себепті де ежелгі далада шын мәнінде не болып, не қойғаны жөнінде бұрынғыдан гөрі әлдеқайда толық мәлімет береді.
П.К. Козлов, С.В. Киселев пен С.И. Руденко жүргізген қазбалар нәтижесінде көркем өнердің «Аңдық стиль» деп аталатын ғажайып ескерткіштері табылды, олар ғұндардың мәдениеті жағынан Сібір мен Орта Азия халықтарына жақын болғанын анықтауға жол ашты. Қорған мазарлардан қытай бұйымдары: жібек маталар, сол сияқты ғұндарға қашып келіп, сіңіп кеткен қытайлар жасаған күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар еді.
Бірақ мәдениеттің даму бағытын қолданылатын бұйымдар белгілеп отырмаған.
Орта Азия халықтарының тоқырап қалушылығы жөніндегі жаңсақ пікірдің түсінігі де осынау рақымсыз қатал күресте жатыр. Олар таланты, ерлігі, ақыл-ойы жағынан еуропалықтардан кем түскен емес, бірақ басқа халықтардың мәдениетін өркендетуге жұмсаған күш-жігерін, түріктер мен ұйғырлар, қисапсыз көп, әккі де қатыгез жаудан өз тәуелсіздігін қорғап қалуға жұмсады. 300 жыл бойы олар бір минут те жайбарақат тыныштықты көрмеді, бірақ туған жерін кейінгі ұрпақтарына аман сақтап, ұзақ соғыстан жеңімпаз болып шықты.
Алайда, жоғарыда айтқан болатынбыз, аталған авторлар А. Тойнбидің көшпенділер өркениеті жоқ деген көзқарасын ұстануда. Оны мынадан да көруге болады: А. Тойнби өзінің «Постижение истории» кітабында өркениет мәселесіне көңілін аударып, қоғамның 21 өркениетін бөлген болатын, бірақ әдеттегідей мұнда Орта Азия халықтарының өркениетіне орын бөлінбеді. Кезінде Ұлы Азияның перзенті Дж.Неру өзінің үш томдық «Взгляд на всемирную историю» кітабында келесі сөздерді айтқан болатын: «Взглянем как следует на Европу и Азию. Открыв атлас, ты увидешь маленькую Европу, примыкающую к великому Азиатскому континенту. Она кажется лишь его небольшим продолжением ... в течение длительных периодов, на протежении значительных отрезков времени доминировала Азия. Ее народы, наступая волна за волной, завоевывали Европу. Они опустошали Европу – они цивилизовали Европу. Арийцы, скифы, гунны, арабы, монголы, тури – все они, выйдя из какой-либо местности в Азии, расселялись по всей Азии и Европе. Азия, казалась, плодила их в огромном количестве, подобны саранче. Европа долгое время была чем-то вроде колонии для Азии, многие народы современной Европы ведут свое происхождение от этих захватчиков из Азии. Мы хорошо знаем, что Европа, хотя это и самая малая часть света, сегодня является великой.
Но столь же глупо забывать о величии Азии. Мы несколько склонны увлеқаться блеском Европы и забывать о прошлом. Следует помнить, что именно Азия дала великих идейных вождей мыслителей, которые, возможно, оказали на мир большее влияние, чем кто-либо другой или что-либо другое, где бы то ни было. Азия дала великих основателей главных религий. Христос, Мухаммед, великие китайские философы Конфуций и Лао-цзы – можно было бы заполнить целые страницы именами великих деятелей Азии. «Я мог бы показать тебе, насколько великим и жизниспособным и во многих других отношениях был наш древний континент в прошлом».
Бұдан келесі қорытынды шығаруға болады, Азия континентінде өмір сүріп жатқан көшпенділердің орны ерекше. Бұлар тек қана Ұлы дала жазираларында малды бақпай, сонымен қатар Ұлы өркениеттерге, дамуға, қалыптасуға жолдарын ашқан.
Көшпелітану мәселелерін шешу ісіне бәрінен де жақын барған ғылыми дәстүрлі орыс мектебі деп атауға болады. Оның өкілдері –Н.Я. Бичурин, В.В. Григорьев, Н.А. Аристов, Г.Е. Грумм-Гржимайло, К.А. Иностранцев, С.И. Руденко, М.И. Артамонов және басқа бірқатар оқымыстылар. Орыс мектебі оқымыстыларының Орта Азияға бауыр басып кеткені сондай, оның тарихына түз тұрғындарының «қиғыш та жіті» көзімен қарауға дағдыланып кеткен. Соның арқасында біздің ғалымдарымыз, батыс еуропалықтар көзінен қалыс қалған көптеген нюанстарды – «сыр-жырларды» байқап, қағып алып, көшпелілер әлемін зерттеудің өзгеше бір аспектісін – қырын жасаған. Орталық Азия тарихы мен палеоэтнографиясын зерттеудің негізін салушы Н.Я. Бичурин (Иакинф) болды.
Орыс ғылымы көшпелі мәдениеттің түп-тамыры жөніндегі мәселені бірінші болып көтерді. Оның әлеуметтік институттерінің ерекшелігі, көркем өнер туындыларының стилі мен әскери ісінің айырықша белгілері – бәрі-бәрі жеткілікті мөлшерде терең зерттеліп, көшпелі мәдениеттің артта қалған, кембағал, тағылық мәдениет емес, өзінің дербес даму, қалыптасу жолы бар мәдениет екендігі көрсетілді. Шынында да С.И. Руденконың Алтайдағы, С.В. Киселевтың Минусинск шұңқырындағы, А.П. Окладниковтың Қиыр Шығыстағы археологиялық жұмыстарының жемісті нәтиже бергені сондай, енді қазіргі жағдайда мәселе тек көшпелілердің мәдениетті қытайлардан, соғдылар мен гректерден алып пайдаланғаны жөнінде емес, отырықшы және көшпелі халықтар мәдениетінің бір-біріне өзара жасаған әсері жөнінде ғана қойылуға тиіс.
Әйтсе де, бүгінгі күнде, постимпериялық заманында өзгерістерге ұшыраған, ғылыми және іс-тәжірибиелік мұра ретінде қалған Лев Николаевич Гумилевтың еңбектері бірқатар қателіктерден сақтануға көмектесуші еді.
Дегенмен, Л.Н.Гумилев өзінің еңбектерінде көшпенділердің дүниежүзілік өркениетінің өркенденуіне баға жетпес жағымды ықпалын тигізгенін дәлелдейді. Ол жазған: «Нереально думать, что в кочевом обществе невозможен технический прогресс. Кочевники, хунны и тюрки в частности, изобрели такие вещи, которые ныне вошли в обиход человека как нечто само по себе подразумевающееся...штаны, стремя, кочевая повозка, изогнутая сабля, длинный составной лук, метавший на растоянии до 700 метров, наконец круглая юрта в те времена считалась наиболее совершенным видом жилища».
Осындай баға жетпес мұраларды зерттеу, бір жүйеге келтіру, сол арқылы кешегі көшпелі түркі тектес халықтардың тарихын жазу (соның ішінде Орта Азия және Қазақстан халықтары) көптеген қиындықтарға ұшырап отырады. Сондай қиындықтардың бірі түрколог Л.Н. Гумилев былай айтқан: «Несмотря на обилие источников и специальной литературы, прочесть историю кочевников Срединной Азии так, как можно прочесть историю Греции, Рима, Византии, Франции, Англии, России или государств Ближнего Востока, невозможно, так как она не написана» немесе «Составление истории народов безписьменных или с письменностью, не дошедшей до нас, всегда содержит специфические трудности, незнакомые историкам народов, имеющих собственное летописание. Исторические записи, которые были у тюрок, не сохранились, а надгробные надписи их не заменяют. Поэтому приходится базироваться на иноязычных нарративных источниках, используя их в переводах, введенных в научный оборот».
Жоғарыда айтылғандай, көшпелілер тарихына ерекше қайталанбас, әлем тарихына оң ықпалын тигізген өркениет деп қарау, көптеген батыс ғалымдары үшін шындыққа сай келмейді. Көшпелілер, немесе номадтар деп аталған ерекше шаруашылығы мен тұрмысы бар халықтардың тарихына деген көзқарас ежелден біржақты болып келді. Жазу, бақылау, талдау, көрші елдерге жазбаша сипаттама беріп отыру үрдісі отырықшы мәдениет өкілдерінде жақсы қалыптасқаны мәлім. Сондықтан да, бүгінге дейін сақталған ежелгі көшпелі халықтар, соның ішінде Еуразия көшпелілері туралы толыққанды, объективті деректер аз.
Бірақ, сөз бар ма, Лев Гумилев тарих ғылымында қалыптасқан ескі схеманы: Ресей мен Батыста әбден жайылып, тамырлап кеткен, адамзат тарихына еуроцентристік көзқарасты қиратты. Сөйтіп тарихшылар назарын мүлде соны салағга – бұрын адамзат өркениетінің «арамтамағы» аталынған көшпелілер тақырыбына аударды. Тек аударып қана қоймай, өз көршілері Қытай, Индия, Иран сияқты, олардың да дамыған өркениеті болғаны анық. Л.Н. Гумилев ұзақ ғұмыр кешті. Ол рас, кеңес өкіметінің құлағанын, әкесінің ақталғанын көрді. Өзі ойына алған ісін түгел орындады. Жазған кітаптарының жамбасы жерге тимей, бірінен соң бірі шығып жатты. Оның «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» еңбегі (1989) Мемлекеттік сыйлық алды. Бұл әрине ең алдымен ғалымның өз еңбегі.
Лев Николаевич Гумилевтің еңбектерінде көшпенді халықтың мәдениеті мен тарихы қазіргі заманғы отандық, жаңа көзқараста жазылған. Оған дейін барлық ғылым көшпенді халыққа еуропалық және шовинистік көзқараста қарастырылатын. Лев Гумилев өз еңбектерінде номадтардың жоғарғы мәдениетке, жоғары деңгейде ұйымдастырылған әскерге, дипломатиялық қатынасқа және құқықтық-сот жүйесіне ие болғандарын жақсы жазып көрсете алды.
Әдебиеттер
1. Қозыбаев М.Қ. Избранные труды. –Алматы: Ғылым, 2006.
2. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в древние времена. Том 1-3. -М-Л., 1950.
3. Хазанов А. Социальная история скифов. Основные проблемы развития древних кочевников евразийских степей. -М., 1975.
4. Гумилев Л. Н. Древние тюрки. -Москва, 1993.
5. Гумилев Л. Н. Қиял патшалығын іздеу: «Пірәдар Иоанның Мемлекеті» туралы аңыз /Ауд. Ә. Жүзбаева, П. Бейсенов. - Алматы: Балауса, 1991.
6. Зуев Ю. А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. -А., 2002.
7. Гумилев Л.Н. Хунны в Азии и Европе. ИД «Кочевниии». -Алматы, 2003.
8. Гумилев Л. Н. Хунну. 1993.
9. Нарымбаева А. К. Аркайым - очаг мировой цивилизации, созданный протюрками. Научное издание. -Алматы, 2007.
10. Артықбаев Ж.О. Кочевники Евразии (в калейдоскопе веков и тысячалетий). - СПб.: Мажор, 2005.
Мақсат Алпысбес,
тарих ғылымдарының докторы
Л.Н. ГУМИЛЕВТІҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ СИНЕРГЕТИКАЛЫҚ СИПАТЫ8
Түркілер өркениеті мен орыс-славян халқының өткенін зерттеген Л.Н. Гумилев еңбектерінде Еуразия аумағында дамыған тарихи үдерісті этнос пен қоршаған орта және басқа этностар арасындағы қарым-қатынастар туралы баяндалғаны белгілі. Тарихтың даму заңдылықтарына қатысты оның тарихи-географиялық еңбектерінде этностардың дамуын этностық жүйенің дамуы ретінде, ал оның негізін этногенез үдерістері құрайтыны, пассионарлық күштің әсерімен жүретіні айтылады. Осындай тұжырым ғылымаралық методологиялық байланыс орнату арқылы іске асырылады. Бұл жағдай жазылған Л.Н. Гумилев еңбектерінің бәріне тән. Біз мысал үшін оның «Каспий айналасында өткен мыңжылдық» атты еңбегін ғана алуымыз жеткілікті. Бұл еңбегін Л.Н. Гумилев «халықтардың қоңсылас елдерімен байланыстағы бүкіл Еуразияның тұтас этникалық тарихын түсіну» үшін зерттеп жазған [1].
Л.Н. Гумилевтің алған білімі, ғылыми өмірде ізденуі жағынан және жүргізген зерттеулері тұрғысынан гуманитарлық (тарих және жаратылыстану) география сияқты екі ғылым саласы, эволюционизм, географиялық детерменизм сияқты бірнеше ғылыми бағыттар мен көзқарастарды ұстануы мен тарих пен этнологиядан география ғылымын іздеу, географияға назар аударып адамзаттың тарихи дамуы туралы тұжырымдар жасау сияқты пәнаралық байланыстар жасауға ұмтылғанында осы белгілер байқалады. Ол «Каспий айналасында өткен мыңжылдық» атты еңбегін «тарих, этнология және география ғылымдарының тәжірибесін ұштастыратын еңбек болып табылады, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының жапсарында жасалып отыр» деп мазмұнын көрсетті.
Л.Н. Гумилевтің ғылымдағы осындай ерекше жол ұстанып зерттеу жүргізгені оның еңбектеріне деген екіұдай көзқарас қалыптасуына да әсер етті. Ғылымдағы оның қарсыластары Л.Н. Гумилев еңбектерін ғылыми еңбектер қатарына жатқызуға болмайды, оның жазғандары фолькистория сияқты жалған тарих жасаушыларға тән деген пікірлерді де айтты, «Л.Н. Гумилев өз атақ-даңқымен тарихты қалай болса солай бұрмалап сөйлеушілерге жол ашты» деп айыптады. Осы мәселенің ішкі мән-мағыналарын ашу үшін, алдымен ғылымның жалпы мақсат-міндеттері, пәні, құралдары туралы айта кету қажет. Қысқаша тұжырым айтар болсақ, ғылым – таным үдерісін ұйымдастырушы институты, мекеме – ұйым, таным объектісі мен субъектісі.
Ғылым әлемнің, дүниенің жаратылыс сырлары мен оның ішінде нақты болмыс заңдылықтары мен қоршаған орта туралы тұжырым жасауды мақсат тұтады. Фома Аквинский (1225-1274) ғылымның міндеті – дүниенің жаратылыс заңдылықтарын түсіндіру, ал философиялық таным теологияның қарауында дегені белгілі. Ғылым сөз бен ой жүзінде және кітаптарда қордаланған білім жиынтығы. Ғылым – адамның ой күшімен табиғат құбылыстары, қоғамның даму жайы, тіршілік иелерінің құрылысы, олардың болмыстық себеп-салдары туралы білімді жан-жақты дамытуға бағытталған адамның айрықша амал-әрекетінің бір түрі. Адам ғылыми таным үдерісінің субъектісі ретінде тиянақты түрде жетілдіруге еңбектенеді. Оның осындай әрекеттер қатарына ғылымда ой және тәжірибе жүзінде ажырату, құрау, талдау амалдары кіреді. Субъект-объект тұрғысынан келер болсақ, Л.Н. Гумилевтің өзі амал етуші тұлға, әрекеттенуші, ізденіс жасаушы зерттеуші және осы жағынан ол ғалым, ал оның зерттеу объектісі – этногенез үдерісі, соның элементтері болып табылатын этностар. Ғылым үшін нақты қалыптасқан зерттеу объектісінің болуы ең басты құрал. Ол Л.Н. Гумилевта бар. Оның басты зерттеу нысаны – халық және халықтар, олардың тарихы. Сонымен бірге, «этнология мен этникалық тарихтың мәдениет, әлеумет тарихынан, тіпті этногенез теориясынан анағұрлым айырмашылығы бар және бұл неліктен географиялық ғылым екенін» түсіндіру қажет деп осы мәселеге де тоқталады. Оның этнос және уақыт арақатынасы туралы ізденіс жасалған еңбектері де бар [1].
Этнос пен этнос. Этнос пен уақыт. Этнос пен ғарыш. Осының арасындағы арақатынастар Л.Н. Гумилевтің ғылыми ізденістерінің еншісінде. Ол этногенез теориясын дамытқан ғалым. «Расында да, этногенез дегеніміз не? Бұл негэнтопропиялық импульстің (жағымсыз әсердің) зардабы, яғни биосфераның (В.И. Вернадский) тірі зат қуатының өткінші дүмпуінің салдары. Осының нәтижесінде пассионарлық – бір жарым мың жыл ішінде ғана сейілетін басылу белгісі пайда болады. Биосфера тарихының бұл иірін, негэнтропиялық импульстің өзін, біздің сезім мүшелеріміз қабылдамайды, бірақ оның зардабы уақыт өткен соң ашылады. Сондықтан оны замандастары жазбаларында белгілемейді, бірақ тарихшылар, егер арнайы этнологиялық әдістемеге сүйенсе, байқайды» – деп жазды [2].
Сол этногенез, яғни этностың шығу тегі мен даму үдерісінің ішінде тарихи уақыттың өз әрқалай байқалатынын айтады. Ол пассионарлық кернеудің көлемі мен бағыты өзгереді, үдейді немесе кемиді, және этнос қоңсы елдермен түйіседі, достасады немесе жауласады дегендей екі басты екі себепке тәуелді екенін көрсетеді. Бірақ, халық феноменіне Л.Н. Гумилев эволюционистік концепция тұрғысынан келеді. Этнос құбылысын зерттеу ісіне тіпті керек болса диалектикалық материализм тұрғысынан келгенімен, сол кездегі ресми ғылыми кеңестердің дінсіздік ұстанымдарына қайшы келетін тұстары да оның еңбектерінде бар. Бірақ Л.Н. Гумилев ол көзқарастарын айқын айтпайды, бүркемелейтін сияқты. Белсенді рухты космостың қуаты, Күннің сәуле күші деген ұғымдарға жатқызады.
Л.Н. Гумилевтің «Каспий айналасында өткен мыңжылдық» атты тарихи-географиялық монографиясы және т.б. еңбектеріне синергетикалық сипаттар әсіресе тән. Синергетика ұғымы ғылым үшін аса маңызды категориялардың бірі. Синергетика сөзіне ұқсас жасалған термин – синоним сөзі, тіл ғылымында қолданылады. Ол Quv – бірге және onim – атау, мағынасы бір атау деген сөз. Ал синергетика – бірігіп әрекет жасау, бірлесе іздену, күш біріктіру дегенді білдіреді. Синергетика ұғымы ғылымдағы пәнаралық ұстанымды, ғылымаралық сипаттағы зерттеулерді және ғылыми әдістерді өзара ұштастыруды білдіреді. Сондай-ақ, синергетика – құбылыстардың өзара байланысы, жүйелер және жүйеаралық қатынастар туралы, күрделі құрылымдар, үдерістер, олардың даму фазалары, кезеңдері туралы ой, дүниетаным тәсілі. Тарихи зерттеулерде синергетика тәсілінің қолданылуы математика (статистика, хронология, демография, және т.б.), физика, химия (әсіресе археология, палеоархеология саласы бойынша), геология, география, палеогеография, антропология, ботаника, биология ғылым салаларының жетістіктерін, ғылыми әдістерін зерттеу мақсаттарын көздейді.
Л.Н. Гумилев еңбектерінде өз тарапынан енгізген терминдер мен ерекше сөзтіркестерде де әртүрлі ғылыми таным салалары дамытқан ұғымдарды өзара ұштастырып отыру кездеседі. Соның бірі «мінез-құлық географиясы» сияқты сөзтіркес. Оның бірінші сөзі мағына жағынан психология, педагогика саласына тән, ал екіншісі – жаратылыстану саласы болып табылады. Оның оқырманға ерсі көрінуі мүмкін екенін ескеріп, «бұл сөзтіркестің пайда болуы теориялық жағымен қатар тәжірибелік қолданыс үшін маңызды. Оның толық мағынасын ашу үшін бұл екі терминнің ішкі мән-мағынасын ашайық. География – картаға түсіруге болатын нәрсе. Мінез-құлық – «жыртқыш» пен «жемтік» қарым-қатынасы жағдайында тіршілік жасаудан туындайтын тәлім, өмір сүрмек тәсілі, жосығы» – деп түсіндіре кетеді [3]. Енді бір жерінде, «ұлттық мінез-кұлық ерекшеліктерін зерттеу – география ғылымының міндетіне жатады» деп өз көзқарасын бекіте түседі.
Л.Н. Гумилев еңбектерін ғылымда мойындау немесе ғылымнан тыс құбылыс ретінде фольк-хистори жанрына жататын еңбек деп көрсету, оның еңбектерінде фольк-хистори шығармаларына тән белгілері бар деп танудағы басты көріністер – көптеген компиляциялардың орын алуы, аса ірі тарихи дәуірлердің басын қамтып сөйлеу, ортақ тұжырымға келтіру, адамзат тарихының балама үлгілерін құрастыру, тарих ғылымында қалыптасқан ғылыми көзқарастарды теріске шығару, тарихты баяндауды қалың бұқараның санасына оңай жеткізу үшін аса жеңілдетіп жіберу, тарихи фактілерді өз көзқарастарына икемдеп сөйлету сияқты толып жатқан белгілерден белгілі. Ендеше осы тұрғыда қарастыратын болсақ, Л.Н. Гумилев еңбектерінде бұндай тұстар жоқ емес. Мысалы, ол өзінің «Каспий айналасында өткен мыңжылдық» еңбегін қалың ел қоныс қылған Еуразиялық ойкуменаның 1500 жылдық тарихын (б. д. д. III ғ. – б. д. XII ғ. аралығы) қамтитын этнологиялық зерттеу деп атады. Бірақ Л.Н. Гумилевтің бір артықшылығы – ол тарихтың басты нысаны – адам және оның тарихи болмысы деп үнемі ескертіп отыруында. «Біздің назарымыздағы басты нысан – адам болғандықтан, осы мінез-құлық алуандығы жоғары саналы тіршілік иесі болғанымен оған да тән екенін айтқымыз келеді» – дейді Л.Н. Гумилев өз еңбегінде.
Л.Н. Гумилев еңбектерін тарих фәлсафасы, тарихи үдеріс сырлары, халықтардың өткені мен бүгіні, бүгіні мен ертеңі жайында айтылған хикметтер, философиялық ой-таным деп те қабылдауға болатын сияқты. «Географиялық тұрғыда, этнос туу сәтінде тек популяция, яғни өзінің тұтыну қажеттіліктеріне қарай аймақты ыңғайлаған әрі өзі де соған бейімделген пассионарлық дербес бір жаратылыс. Бірақ туу сәті қысқа ғана мерзім. Дүниеге келген ұжым тез арада оның мүшелерінің арасындағы қызметтері реттелген бір жүйеге айналуы тиіс. Олай болмағанда оны қоңсылары айпап-жайпап өтеді. Өзін сақтау үшін сипаты жағынан әрбір жеке оқиғаға орай географиямен шартталған жер және (гиперэтнос ретіндегі адамзат дамуының сатысы деп білетін) уақыт жағдайымен бағдарланып қойылған қажетті әлеуметтік институттарын тездете кұрады» – деген Л.Н. Гумилевтың тарихи-этнологиялық ой-тұжырымдарында философиялық сарын бар сияқты. Синергетика ой-таным жетілдіруге қажет ізденіс кұралы ретінде ерте уақыттардан ғылымда қолданылып келгенін және ойдан шығармау қажет. Әл-Машани еңбектерінде әл-Фараби сол заманда болған ірі-ірі 20 ғылым саласында өзін таныта білгені туралы айтылады. Оларды Әл-Фараби «Мақалатун фи-ихса эл-ғұлум» («Ғылым сыныптамасы») еңбегінде беске жіктеген, біріншісі – тіл ғылымы, екіншісі – логика; үшіншісі – математика (арифметика, геометрия, оптика, астрономия, ауырлық туралы және тамаша амалдар); төртіншісі – физика; бесіншісі – ғылым және догмалық діни ілім; және осы аталған барлық ғылымдардың ішкі салалары.
Ғылымды жіктеу таным мақсаты үшін, таным шеңберін кеңейту үшін қажет болған. Ғылыми пәндердің саны қанша рет арта түскенімен, ғылымның өзі тұтас болып қала бермек.
Әдебиеттер
1. Гумилев Л.Н. «Тысячелетие вокруг Каспия». -М.: АСТ, 2008.
2. Гумилев Л.Н. Этнос и категория времени. Доклады географического общества СССР. Л., 1970, вып. 15, стр. 143-157.
3.Гумилев Л.Н. «Тысячелетие вокруг Каспия».-М.: АСТ, 2008.
Тана Қоңырапай,
педагогика ғылымдарының кандидаты
Достарыңызбен бөлісу: |