Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы


Л.Н. ГУМИЛЕВ – КӨРНЕКТІ ТАРИХШЫ – АЗИЯТАНУШЫ



бет8/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

Л.Н. ГУМИЛЕВ – КӨРНЕКТІ ТАРИХШЫ – АЗИЯТАНУШЫ15

(ғылыми тағдыр қиылысында: 1950 жылдардың екінші жартысы – 1960 жылдардың басы)
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Еуразия университетіне Лев Николаевич Гумилевтің атын берді. Бұл бізге, ЕҰУ оқытушылары мен қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктейді. Біз ғалымның мұрасына үстірт қарамай, өзіне тиесілі бағасын беріп, ұқыптылықпен терең зерттеуге міндеттіміз. Мемлекет басшысы – Қазақстанның ұлттық өрлеуінің және еуразия идеясының қолдаушысы. Дәл осы себеппен елордамыздағы университетке көрнекті еуразияшыл ғалым Л.Н. Гумилевтің аты берілді. Еуразия университеті өз мәніндегі символикалық аумақты білдіру үшін зерттеу саласы бір ғана мемлекет емес, күллі Еуразия континенті болып табылатын ойшылдың, ғалымның тұлғасы қажет болғаны ақиқат. Л.Н. Гумилевті дәл осындай жалпыеуразиялық кеңістіктегі зерттеуші ретінде тануға болады. Қазақстан үшін оның Еуразия халықтарының бірлігі контексіндегі түркілер мен славяндардың өзара қарым-қатынасы мәселесі бойынша, түркі-моңғол әлемінің тарихын тану бойынша жұмыс істегені аса маңызды болып табылды.

Өз заманы үшін Л.Н. Гумилев кім болды? Тұлға ретінде, ғалым ретінде? Оның ХХ ғасыр тарихнамасында алатын орны қандай? Бұл сұрақтарға нақтылы жауап жоқ. Оның өмірі мен қызметінің толық шежіресі әлі күнге дейін жасалынған жоқ. Мұндай жағдайда Л.Н.Гумилев туралы мынадай дәстүрлі: апологетикалық [Куркчи А. Л.Н. Гумилев и его время // Гумилев Л.Н. Поиски вымышленного царства. -М.: Изд-во «ДИ – ДИК», 1993. С. 24-78] және ашық қарсы (олардың ғылыми тұрғыдағы объективтілігіне күмән болса да) [Қараңыз: Этнографическое обозрение. 2006. № 3. С. 3-36] деректер беріліп жүр. Мұнымен қоса Л.Н. Гумилевтің ғылымдағы үлесі туралы айтпай, оның бірнеше идеяларын пайдаланатын [Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государства и народы Евразийских степей. Древность и средневековье. СПб.: Петербургское востоковедение, 2004. С. 5] үшінші категориялы зерттеушілер де бар. Біздің ойымызша, мұндай тарихнамалық жағдай Л.Н. Гумилев мұрасының объективті түрде ғылыми пайымдалуына әсерін тигізбейді. Соңғы 10-15 жылда орын алған «сан салалы» пікірлер ағымының барлығын қайта қарастырып, Л.Н. Гумилевтің өмірі мен еңбектерінің мән мағынасы мен оның отандық және әлемдік тарихтағы орнын анықтауды қолға алу қажет. Л.Н. Гумилев өмірінде оның тағдыр талайын айқындаған бірнеше кезеңдер болған: ЛМУ-дің тарих факультетінің студенті болған 1930 жылдар; Түркі қағанатының тарихы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, тұтқынға түскен 1940 жылдардың орта шені; түрмеден шығып, алғашқы монографиясы жарық көріп, жалпы тарих бойынша докторлық диссертация қорғаған 1950 жылдардың екінші жартысы мен 1960 жылдардың басы. Біздің осы кезеңдерге тоқталғымыз келеді, себебі дәл сол уақыттары оның кейінгі тағдыры шешілді.

Л.Н. Гумилевтің ғылымдағы орнын қалай анықтауға болады? Біз үшін ол кім: Шығыстанушы ма? Археолог па? Этнолог па? Географ па?

Л.Н.Гумилев шығармашылығы көпқырлы, бірақ бұл оның ғылыми тұлға ретіндегі өзіндік ерекшелігін анықтауға тосқауыл бола алмайды.



1968 жылы Л.Н. Гумилевтің ірі генетик ғалым Н.В. Тимофеев Ресовскиймен өзара тиімді деп ойлаған байланысында Лев Николаевич өзі туралы: “Әйткенмен, мен кәсіби тарихшымын» дегені белгілі [Переписка Л.Н. Гумилева с Н.В. Тимофеевым-Ресовским и его учеником Н.В. Глотовым // Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли / Под ред. А.И. Куркчи. -М.: Изд-во "ДИ-ДИК", 1997. -С. 622]. Лев Николаевичтің осы сөзін негізге алатын болсақ, қателеспейміз деп ойлаймыз.

Л.Н. Гумилев – тарихшы. Бірақ қандай тарихшы? Оның көне түріктер тарихына арналған кандидаттық және докторлық диссертацияларын негізге алсақ, ол – тарихшы шығыстанушы. Сондай ақ Лев Николаевичті түрколог ретінде тануға болады, алайда бұл мамандық түркі халықтарының тілі мен әдебиетін зерттейтін филологиялық, лингвистикалық бағыт болып табылады, ал бұл Л.Н. Гумилевтің ғылыми қызығушылығымен мүлдем сәйкеспейді. Оның шығармашылығын жинақтай келгенде, біз оның белгілі бір шығыс тілінің, аймағының немесе кезеңінің шеңберіне сыймайтын – шын мәніндегі еуразиялық масштабтағы ғалым екендігін мойындауымыз керек. Л.Н. Гумилев – энциклопедист, жалпы тарихтың білгірі. Ғұндар мен көне түріктерді оқу арқылы ол уақыт өлшемі бойынша кейінгі орта ғасырды зерттеді. 1930 жылдар мен 1990 жылдардың басына дейінгі аралықтағы оның ғылыми зерттеулерінің пәні тек бір ғана этникалық топ емес, тұтас еуразия халықтары болды. Сонымен Л.Н.Гумилев тек қана шығыстанушы тарихшы ғана емес. Тарихнамада Түркі қағанатының саяси тарихын зерттеу аспектісі ретінде алғаш өзінің ғылыми жолын түркі тарихынан бастаған Лев Николаевич филологиялық шығыстанудан, филология арқылы шығыс әлемін зерттеуден алыс жатты. Сондай ақ филологиялық ізденістерге деген қарым қатынасы «Ойдан шығарылған патшалықты іздеу» кітабында ашық көрсетілгені белгілі. Л.Н.Гумилевтің түркілердің, моңғолдардың, жалпы Еуразия халықтарының тарихына көзқарасы – бұл «филология асуын бағындыру» кезеңінен өтіп кеткен [Гумилев Л.Н. Поиски вымышленного царства. -М.: Изд-во "ДИ-ДИК", 1993. -С.81-95]. Л.Н. Гумилев тарихшының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, классикалық петербургтік ленинградтық шығыстану мен оның шын мәніндегі жаңа, инновациялық ғылыми шығармашылығы арасындағы белгілі айырмашылықты көреміз. 1940 жылдардың екінші жартысындағы Л.Н. Гумилев пен А.Н. Бернштамның арасындағы тартысты естен шығармауымыз керек. Сонымен қатар белгілі бір дәрежеде қазіргі уақытқа дейін сақталып келген 1950-1960 жылдары Шығыстану институтының Ленинград бөлімшесі түркология және моңғолистика бөлімінің (1964 жылдан бастап бөлім меңгерушісі С.Г. Кляшторный) Л.Н.Гумилев еңбектеріне деген күмәнді көзқарастарын да ұмытпауымыз қажет. Алайда 1961-1963 жылдары (Л.Н. Гумилев докторлық диссертациясын қорғаған жылдары) Шығыстану институтының Ленинград бөлімінің меңгерушісі болған белгілі түрколог А.Н. Кононов көне түркілер тарихы бойынша алғашқы ғылым докторы ретінде нағыз маманның шығуының пайдасын жақсы түсінуі керек болатын. Бірақ та лингвистер мен тарихшылардың ойлары әрқашан да бір жерден шыға бермейді екен. Әйткенмен де, 1940 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың бірінші жартысындағы еңбектері мен диссертациясы бойынша Л.Н. Гумилев Батысты емес, Шығысты зерттеуші ғалым. Қалай десе де, ол тарихшы ретінде ленинградтық шығыстану мектебінің аты аталмай қалмайтын көрнекті өкілі. Ал Петербургтегі Шығыстану институтының сайтындағы жүздеген танымал және аса танымал емес, бұрынғы соңғы ресейлік шығыстанушылар, ғылым докторлары мен кандидаттарының тізімінде Л.Н. Гумилевтің болмауын түсіну тіпті мүмкін емес. [Санкт-Петербургский филиал Института востоковедения. Все востоковеды. – Режим доступа: http://orientalstudies.ru/rus/index.php?option=com_personalities&Itemid=74&list=2]. Тіпті оның есімі «шығыстанушы емес» ғалымдар бөлімінде де жоқ. Бұлай қасақана үндемеуді қалай түсінуге болады?! Л.Н. Гумилев Еуразияның дала халықтарының алдымен саяси, одан кейін этникалық тарихын зерттеу арқылы дәстүрлі филологиялық немесе әлеуметтік экономикалық шығыстану ғылымының шеңберінен шығып кетті. Ол кез келген ғалымның бағына бұйырмайтын аймақтық (еуразиялық) тарих деңгейіне, содан барып әлем тарихының концептуалды деңгейіне көтерілді. Бір ғана кішкене тақырыптың айналасынан шыға алмайтын көптеген шығыстанушылар-түркологтар, моңғолтанушылар, қытайтанушылар сияқты, Лев Николаевичтің де өз өмірінің соңына дейін «Түрк қағанаты» тақырыбының көлемінде ғана жұмыс істеуіне болатын еді, бірақ ол өзінің зерттеуін кең көлемде қарастыруды мақсат етті. Лев Николаевичті әріптестері осы үшін де жақтырмады ма деген ой келеді, себебі ол тарихшылар мен филологтардың өз өмірлерінің ондаған жылдарын өткізетін әдеттегі салалық, тақырыптық және проблемалық мамандықтар шеңберінен батыл шыға алатын. Л.Н. Гумилевтің тарихшы ретіндегі тағы бір ерекшелігі оның бір жағынан ғұндардың, түркілердің, хазар мен моңғолдардың тарихын зерттеуімен қатар, екінші жағынан өзінің жеке этнология нұсқасын, оның ішінде этногенез теориясын жасауы. Оның бөлек зерттеуді талап ететін этнологиялық концепциясына жеке тоқталмаймыз. Бірақ Л.Н. Гумилевтің этнос табиғаты мен этникалық тарихқа деген көзқарасы кеңестік тарихи ғылым, нақты айтсақ кеңес этнографиясы тұғырнамасы болып табылатын әлеуметтік экономикалық, әлеуметтік таптық «тарихи материализмнен» мүлдем алшақ кететін.

Қаншалықты таңғаларлық көрінгенмен, 1950-1960 жылдардағы тарихшылардың бірлестіктерінің ішінде Л.Н. Гумилев шығыстанушыларға емес, археологтарға жақын тұрды. Әйтсе де, ол ешқашан классикалық мәндегі археолог болған емес. Археологиялық мәселелер бойынша оның жарияланымы жоқ деуге болады. Б.А. Рыбаковтың Л.Н. Гумилевті тұқырту мақсатында айтқан «археологияға қатысы бар» дегені белгілі бір дәрежеде шындыққа жанаса ма деген ой келеді. [Рыбаков Б.А. О преодолении самообмана // Вопросы истории. 1971. -№ 3. -стр. 154].



Шынымен, Л.Н. Гумилевтің археологияға қатысы бар, ленинградтық археологтар саласы оның толығымен жүзеге аспаған алғашқы «экологиялық үлесінің» болғаны рас. Бұл жерде Л.Н.Гумилев шығармашылығын зерттеушілердің аса көңіл бөле бермейтін тұсын айта кету керек. 1962 жылы Л.Н. Гумилевтің ЛМУ география ҒЗИ ға (нақтырақ географиялық экономикалық ҒЗИ) жұмысқа қабылданғаны белгілі. Осы кезден бастап оның ғылыми «үлесі» география болды. Бірақ 1962 жылы Лев Николаевичтің бұған еш ғылыми негіздемесі болмады. География бойынша докторлық диссертация оның ойына да кірмеді. Ал жалпы тарих бойынша докторлық диссертациясын енді ғана, 1961 жылдың қараша айында табысты қорғаған болатын. [Защита диссертаций // Сообщения Государственного Эрмитажа. -Л., 1963. Т. ХХIV. -С. 73.] Көне түрктер тарихы бойынша жоғары ғылыми білікті маман, тарих ғылымының докторы Л.Н. Гумилев қайда жұмысқа орналасуы керек (немесе орналаса алатын) еді? Жауап өзінен өзі шығады – ЛМУ-дің Шығыстану факультетіне немесе Шығыстану институтына. Тек сол жерде ғана оның көне дәуір мен орта ғасыр шегіндегі түркі тарихынан білімі кәдеге асатын еді. Тек сол жерде ғана шығыстанушы Л.Н. Гумилев студенттерге дәріс оқып, ғұндар мен түркілер тарихы бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастыра алатын еді. Бірақ кейіннен орын алған оқиғалар оның бұл ойының жүзеге аспайтынын көрсетті. 1955 жылы Л.Н. Гумилев Омбы лагерінде жүріп, «Ғұндар тарихының» қолжазбасын Ленинградқа Э.Г. Герштейнге жібереді, ол оны сол кездегі «Дүние жүзі тарихын» жазу бойынша бас редакциялық алқа мүшесі болған КСРО ҒА корреспондент мүшесі, Шығыстану институтының Ленинград бөлімінің ғылыми қызметкері Н.И. Конрадқа береді. Л.К.Чуковскаяның айтуынша, Н.И. Конрад осы басылымның қажетті бөлімдерін жазуға Л.Н. Гумилевті қатыстырғысы келген. [Чуковская Л.К. Записки об Анне Ахматовой. -Спб.-Хк.: Нева-Фолио, 1996. Т. 2. -С. 133, 498; Позднякова Т., Козырева М. «Сладко ль ужинал падишах?» // «И зачем нужно было столько лгать?» Письма Льва Гумилева к Наталье Варбанец из лагеря. 1950 – 1956. -СПб.: Музей Анны Ахматовой в фонтанном Доме, 2005. С. 8-9]. Н.И.Конрадтың бұл ниеті заңды, себебі «ұсақ тақырыптарда» жұмыс істейтін көптеген тарихшыларға қарағанда, Л.Н. Гумилев «Дүние жүзі» тарихы сияқты жалпылама басылымды дайындауға таптырмайтын жоғары эрудициялы ғалым болатын. Бірақ 1955 жылы Лев Николаевич әлі түрмеде жатқан, сондықтан да бұл қалай жүзеге асар еді? Өкінішке қарай, «Дүние жүзі тарихының» 2 және 3 томдары да 1956, 1957 жылдары Лев Николаевичтің қатысуынсыз шықты. 1956 жылы түрмеден босатылғаннан кейін 44 жастағы тарих ғылымының кандидаты Л.Н.Гумилев Ленинградқа оралып, өзінің «Ғұндар тарихы» еңбегін аяқтауға белсене кірісіп кетеді. Бұл уақытта ол Мемлекеттік Эрмитаждың ғылыми кітапханасына (Эрмитаж директоры М.И. Артамонов, кітапхана директоры М.И. Гуковский) ғылыми қызметкер болып қабылданады да, онда 1962 жылға дейін жұмыс істейді. Міне осылай, 1960 жылы ғана шығыс әдебиеті баспасынан оның алғашқы кітабы – «Ғұндар. Көне дәуірдегі Орталық Азия» жарық көреді. Кітап қызу пікірталас тудырды. Бір айта кететіні, Л.Н. Гумилевтің оппоненттері ретінде түркі халықтары тарихының мамандары немесе лингвист түркологтар емес, қытайтанушылар (Л.И. Думан, К.В. Васильев) мен Қиыр Шығыс археологиясы жөніндегі маман М.В. Воробьев болды. Бәрінен де қатты сын айтқан ЛМУ дің шығыстану факультетін енді ғана бітірген К.В.Васильевтің рецензиясы болды. [Вестник древней истории. 1961. -№ 2. -С. 120-124]. К.В. Васильев Лев Николаевичтен 22 жас кіші болатын, Шығыстану институтының ленинградтық бөлімшесінде 1960 жылдан бастап қана жұмыс істеген ол кандидаттық диссертациясын 1966 жылы қорғағанын ескерсек, аталған рецензияның арнайы ұйымдастырылғаны туралы болжам жасауға болады. Лев Николаевичке айтылған басты сын оның қытай жазбаларының түпнұсқасын емес, Н.Я. Бичурин жасаған аударманы пайдаланғаны, яғни қытай тілін білмегенін көрсетуі болды. Бұл тәрізді «академиялық» пікірлер Л.Н. Гумилев мұрасына күні бүгінге дейін айтылып келеді. Алайда олардың барлығына өз кезінде С.И. Руденко жауап берді: «тарихшы өз зерттеулерінде міндетті түрде басқа тілдердегі ақпарат көздерін түпнұсқада пайдалану керек деген пікірмен келісуге болмайды. Егер олай болса, аудармалардың қанша қажеті бар» [Руденко С.И. К вопросу об историческом синтезе. По поводу одной дискуссии // Доклады по этнографии / Географическое общество СССР. Вып. 1 (4). Л., 1965. С.64]. Шынында да, ақпарат көздерінің аудармалары не үшін жарық көреді? Сонда олардың студенттердің семинарларына ғана қажеті бар ма? Бәрімізге белгілі, аударма дегеніміз – ақпарат көзінің шынайы түрде ғылыми айналымға енуі емес пе. Л.Н. Гумилевтің «Ғұндар» кітабы тудырған пікірталас тарихи зерттеудің әдістері мен түрлері туралы пікірталас болып табылады. Бұл тарихшылар мен филологтар арасында бәсеке тудырған пікірталас еді. 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың алғашқы жартысында лингвист түркологтар арасында Л.Н. Гумилев сияқты терең ойлайтын, «Ғұндар» немесе «Көне түрктер» дилогиясына пара пар келетін жалпылама зерттеуді жазып шығатын ғалымның болуы екіталай болатын. Дегенмен, Л.Н.Гумилев ЛМУ дің Шығыстану факультетінде өз орнын таба алды ма? Хронологиялық және тематикалық тұрғыдан ол сол кезде В.В. Струве басқарған Ежелгі Шығыс тарихы кафедрасында жұмыс істей алмаса, Түрк қағанатының саяси және әлеуметтік тарихымен ешқашан да айналыспаған түркі филологиясы кафедрасының құрамына тіпті де сай келмейтіні белгілі. 1949 жылы ЛМУ де екі жаңа – Таяу және Қиыр Шығыс мемлекеттерінің тарихы кафедрасы ашылады. Қиыр Шығыс мемлекеттерінің тарихы кафедрасында Л.Н. Гумилев өз ұстаздарының бірі санайтын Н.В. Кюнер жұмыс істеді, бірақ ол 1955 жылы қайтыс болды. 1950-1960 жылдары Қиыр Шығыс мемлекеттерінің тарихы кафедрасы жұмысының негізгі бағыты Қытай тарихын оқытуға басымдық бере отырып, Қиыр Шығыстағы халықаралық қатынасты, ұлт азаттық қозғалыстарды оқыту болды (Еуразияның далалық халықтары тарихы бойынша курс қазіргі уақытта да бұл кафедраның курстарының тізбесінде «Қытай және көне дәуір мен ортағасырлардағы Орта Азия көшпенділері» деп аталады). [Кафедра истории стран Дальнего Востока восточного факультета ЛГУ. – Режим доступа: http://www.orient.pu.ru/index. php?id=far_chair]. Бұл кафедра сапында Лев Николаевичтің жұмыс істеуі қиындық тудыратынын айтудың қажеті бар ма? Алайда тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы ретінде ол 1960 жылдары тура осы жерде – Қиыр Шығыс тарихы кафедрасында жұмыс істей алатын еді. Дұрысында Лев Николаевич үшін Орталық Шығыс тарихы, Орта Азия тарихы кафедрасы қолайлы болар еді. Бірақ ЛМУ дің Шығыстану факультетінде ондай кафедра жоқ еді. Бұл жағдай ленинградтық шығыстану саласында Шығысты оқытуда үлкен бір олқылық бар екенін білдіреді. Лев Николаевичтің барлық еңбектері осы олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылысы ретінде бағалауға болады десек, артық айтпаймыз деп ойлаймыз. 1990 жылдардың екінші жартысында ғана ЛМУ да Орта Азия мен Кавказ тарихы кафедрасы ашылады. Осы жерде мынадай риторикалық сауал туындайды: Л.Н. Гумилев түркі халықтары мен «Орта Азия» мемлекеттерін оқытуда ленинградтық шығыстанудан қанша уақытқа озып кетті? Есептеп қарасақ, қырық жыл уақыт болып шығады.

Жағдайды түсіну үшін 1960 жылдардың басында Л.Н.Гумилевтің докторлық (және кандидаттық) диссертациясын ЛМУ-дің Шығыстану факультетінде емес, Тарих факультетінде қорғағанын ерекше атап өтуге болды. Бұл дерек «жылымық» кезеңдегі ленинградтық ғылыми ортаның толық либерализміне қарамай, Лев Николаевичтің белгілі бір мөлшерде Шығыстану факультетіне баратын жолын кесті деп болжам жасаса артық айтқандық болмас.



Сонымен Л.Н. Гумилев тарих ғылымының докторы болды. Ол жол айрығында тұр. Не істеу керек? Лев Николаевичтің жеке ісімен айналысқан А.И. Чистобоевтың зерттеулерінің арқасында бүгін бізге сол жағдайдың кейбір мәнісі түсінікті болды. 1962 жылы 25-сәуірде Мемлекеттік Эрмитаждың аға ғылыми қызметкері Л.Н. Гумилев ЛМУ-дің ректоры А.Д. Александровтың атына Ленинград университетіне қабылдау туралы мынадай өтініш жазады: «Мені ауыстыру тәртібімен География ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер лауазымына алуыңызды сұраймын. Институт дирекциясының ұсынысы бойынша мен институт тематикасына сәйкес ғылыми тақырыпты орындаймын...». Яғни қорғаған соң төрт айдан кейін осындай қиын жағдайда Лев Николаевич география бойынша ЛМУ-ге жұмысқа тұруды шешеді. Бірақ бұл өтініштің жалғасы маңыздырақ. Ары қарай өзінің оқытушылық ниеті жайында былай жазады: «...тарих факультетінің деканы, профессор В.В. Мавродин мен археология кафедрасының меңгерушісі, профессор М.И.Артамоновпен келісім бойынша арнаулы курстарды тарих факультетінің археология кафедрасында оқимын». [Чистобаев А.И. Этнологи, опередившие время (к 90-летию Л.Н. Гумилева и 50-летию К.П. Иванова. СПб: НИИХимии СПбГУ, 2002. -С. 85-86]. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта біздің қолымызда Л.Н.Гумилевтің өтінішінің екінші тарихи-археологиялық бөлімі қалай жүзеге асқандығы туралы мәлімет жоқ. Алайда Лев Николайұлының ЛМУ-дің тарих факультетінде 1960 жылдарының өзінде Орталық Азия көшпенділерінің тарихы бойынша арнаулы курс оқығандығы туралы қазанамадан алынған мәлімет келтірілген. [Лев Николаевич Гумилев // Вестник Ленинградского университета. Сер. 7. 1992. -№ 3. -С. 124]. Археология кафедрасында дәріс оқуға, бір жағынан, Лев Николаевич амалсыз барды десек, екінші жағынан оның өзінің ойына толығымен сәйкес келді деп қарастыруға болады. 1959 жылдан бастап Л.Н. Гумилев М.И. Артамоновтың тапсырмасымен хазарлардың ежелгі дәуірін зерттеу мақсатындағы Солтүстік Кавказ бен Төменгі Волгаға жасалатын археологиялық экспедицияны басқарғанын айтып өтсек артық болмас. Сондықтан тарих факультетінің археология кафедрасына лектор ретінде болуын қалыпты жағдай деп қабылдауымыз керек. Әйтсе де, Лев Николаевичтің екі диссертациясының да археологияға еш қатысы жоқ екені белгілі. Әділіне келсек, 1931 жылдан бастап өз еркімен және еркінен тыс (экспедицияларға қатысу оған жұмыс өтілі үшін және күнделікті өмір сүру қажеттіліктері үшін) айналысқан далалық археология ол үшін ғылыми хобби болды. Сондай-ақ сол уақытта Тарих факультетінің археология кафедрасынан өзге бірде-бір кафедра тарих ғылымының жаңа докторын қабылдай алмады, себебі тарих факультетінде шығыстану бойынша кафедралар болмаған. Сондықтан Шығыстану факультетіне қабылданбаған Л.Н. Гумилев қалай да ЛМУ-ге жұмысқа тұру үшін аяқ астынан географ болып шыға келді. Лев Николаевич туралы естеліктердің барлығы дерлік оның бұл қадамы Ленинград университетінің ректоры А.Д. Александровпен келісілгендігі туралы айтады. Лев Николаевичтің шығу тегі мен «мәртебесін» ескерсек, бұл шындығында да осылай. 1960 жылдар басында Л.Н. Гумилев тап болған (және одан шығатын жол іздеген) жағдайды тереңірек түсіну үшін мына бір факторды да есепке алуымыз керек. Бұл факторды «этнографиялық» деп атауға болады. Л.Н. Гумилевтің этнографияға, халықтарды зерттеуге қызығушылығы археологияға деген қызығушылығымен қатар дамыды. Бұл оны Бүкілодақтық География қоғамына (БГҚ) алып келген себептердің бірі деп ойлаймыз. Жүздеген жылдар бойы бұл танымал ғылыми бірлестіктің мүшелері таза географ болып қана қойған жоқ, сонымен қатар тарихшылар мен этнографтар да болғаны белгілі. Лев Николаевич соғыстан кейін БГҚ толық мүшесі болған. Ал екінші рет қамаудан босатылғаннан кейін бұл қоғамға қайта мүшелікке өтті. Сонымен 1961 жылы С.Б. Лавров, А.И. Чистобаев пен тағы басқалардың көрсеткеніндей, Л.Н. Гумилев БГҚ бір бөлімшесін – этнография бөлімін басқарады. Тура сол кезде Лев Николаевичтің жарық көрген жеке этнологиялық концепциясы әлі құрастырылмаған еді, бірақ оның 1950 жылдардағы (ол қамауда болған уақытта және одан кейін де) ғылыми қызығушылығы Орта Азия халықтарының саяси тарихынан олардың этникалық тарихына ауысты деуге болады. А.И. Чистобаевтың негізделген болжамы бойынша, Л.Н. Гумилев ЛМУ География-экономикалық ҒЗИ-на жұмысқа тұруына БГҚ басшылығының қатысы бар. [Чистобаев А.И. Этнологи, опередившие время (к 90-летию Л.Н. Гумилева и 50-летию К.П. Иванова. СПб: НИИХимии СПбГУ, 2002. С. 35].

Бірақ география ҒЗИ-ында ешқандай этнографиялық зерттеулер жүргізілмегені, ЛМУ-да географ-студенттерге этнография бойынша дәріс оқылмағандығы белгілі.

Бұл жағдайдан келіп шығатын сауал, оның нақты ғылыми зерттеулерін есепке алғанда, Л.Н. Гумилев үшін археология кафедрасына қарағанда, этнография кафедрасында оқытушы болғаны тиімдірек еді. Бұл расында да осылай. Бірақ 1962 жылы ЛМУ-дың Тарих факультетінде мұндай кафедра болған жоқ. Нақтырақ айтсақ, 1952 жылы тарих факультетіндегі этнография кафедрасы жабылып қалған болатын. Ал ЛМУ-дың Тарих факультетінде этнография және антропология кафедрасы 1968 жылы қайта құрылды. Жаңа кафедраның алғашқы меңгерушісі ғылым кандидаты Р.Ф.Итс болды. Әрине ғылым докторы Л.Н. Гумилев меңгерушілікке лайық еді. [Гумилева Н.В. Документы. // Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. М.: Изд-во «ДИ – ДИК», 1994. С. 617-618]. Тура сол 1962 жылы бұлай ойлаудың өзі мүмкін емес еді. Л.Н. Гумилевтің докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі ЛМУ-ға жұмысқа тұруының мәнінде осындай жағдайлар болды. Өз деңгейінде бұл жағдайлар оның бұдан арғы ғылыми тағдырын негіздеп берді. География факультетіне келер болсақ, онда Лев Николаевич «тіркелген» экономикалық география кафедрасының этнография мен этнологияға басынан еш қатысы болмаған. Мұнда «әдеттегіден тыс профессор» ретінде Лев Николаевич тарихи география мен тұрғылықты географияны ғана оқыта алатын еді. Географтарда этнография курсының болмауына бейімделу Л.Н.Гумилевтің «Халықтану» факультативтік курсын әзірлеуіне алып келді. Осыған байланысты мынадай сауал туындайды: Л.Н. Гумилев үшін (жалпы отандық ғылым үшін де) тарих ғылымының, жоқ әлде география ғылымының саласында еткен еңбегі жемісті болар ма еді? Нақты жауап жоқ. Л.Н.Гумилевтің ғылыми тағдыры осылай болды. Оның дәстүрлі этнография мен тарих ғылымынан тыс болуының өзіндік «жақсылықтары» мен «кері жақтары» бар. Бір жағынан, географтар ортасында жүріп, Л.Н.Гумилев тарихшы ретінде белгілі бір жағдайда тәуелсіздігін алды. Екінші жағынан, ол өз концепциясын гуманитарлық ғылымдардан алыстатып, жаратылыс-тану ғылымдары бөліміне қарай ыңғайлай бастады (немесе оны осыған мәжбүрледі). Бірақ ол өзін тарихшылар бірлестігінен шет қалғандай сезінді.

Өз ортасынан қағажу көріп, өзге ортаға келе саласымен қалыптасқан мәселені өзгертуге тырысып, география ғылымының ортасында өз ойларын сіңістіріп, географияның және жалпы экономикалық географияның қалыптасқан пәндік шеңберін кеңейту мақсатында Л.Н.Гумилев 1966 жылы 17 ақпанда КСРО Географиялық қоғамының Этнография бөлімінің мәжілісінде «Этнос және ландшафт. Тарихи география халықтанудың бірі» атты баяндама жасайды. Бұл концептуалды баяндама ЛМУ-дің экономикалық география кафедрасының ғылыми семинарында емес, тіпті география ҒЗИ-ында да емес, қоғамдық ұйымда жасалғандығы көңіл алаңдатады. Қоғамдық ұйымның өзінде бұл баяндама (екі жылдан соң) «талқылау үшін» редакциялық белгісімен жарияланды.

Лев Николаевич түрлі социо-табиғи «саладағы» этносфера мен этностың орнын түсініп мынадай қорытынды жасайды: «этностардың өзіндік сыртқы ерекшеліктерін анықтайтын этнография тәрізді сипаттамалы ғылыммен қатар этногенез және адамзат пен тірі және қатып қалған табиғат арасындағы өзара қарым-қатынастың мәселелерін шешетін халықтану (этнология) ғылымын шығару мүмкіндігі бар». Баяндаманың соңғы сөйлемі де маңызды: «бұл жаңа ғылым өзінің пәні, аспектісі және әдістемесі бойынша гуманитарлық ғылым қатарына емес, жаратылыстану ғылымдарына жатады» [Гумилев Л.Н. Этнос и ландшафт. Историческая география как народоведение // Доклады Географического общества СССР. 1968. Вып. 3. С. 202]. Бүгінгі таңда этнология дәстүрлі этнографиямен қоса ғылымдағы өзіне тиесілі орынды алып отырғаны белгілі. Сондықтан 1960 жылдары-ақ Лев Николаевичтің дұрыс айтқандығы ойымызға оралады. Бірақ, біздің ойымызша, Лев Николаевич географиядағы өзінің «тәуелсіз» орнын табамын деп география ғылымының шекарасын кеңейту арқылы, шын мәнінде, өзінің үзілді-кесілділігі арқылы оның тарихшылармен және этнографтармен жемісті байланысын шектеген біржақты тезис қалыптастырды (этнология гуманитарлық ғылым емес, жаратылыстану ғылымы). Л.Н. Гумилев тап болған 1960-шы және одан кейінгі жылдардағы барлық осындай күрделі ғылыми және ғылым айналасындағы жағдайларда ғылыми трагедия көлеңкесі жатыр. Әрине біз Лев Николаевичтің Дюрер рыцары тәрізді ештемеге қарамай, барлық қиындықты жеңіп, өз жолымен жүргендігін айта аламыз. Бірақ бұның барлығының бағасы қаншалықты еді?

Бүгінгі таңда Л.Н. Гумилевтің мұрасын түсінуде біз оның ғылымның дамуындағы үлесінің қомақтылығын, өзінің көлемділігімен, көпқырлылығымен таңғалдыратынын көріп отырмыз. Ю.К.Ефремов көрсеткеніндей: «сыншылар Гумилевті бүрге аулаған тышқандай қазбалап негізгіні көре алмай отыр, ал ол әлемді қыранның көзімен жоғарыдан бақылау керектігін үйретіп жүр». [Ефремов Ю.К. Слово о Льве Николаевиче Гумилеве // Известия Русского географического общества. 1994. № 1].

Шындығында, Еуразия халықтары мен мемлекеттерінің панорамасын тек қыранның көзімен ғана көруге болады. Сол себепті Л.Н.Гумилев мұрасы – 1960-1980 жылдары өзінің еуразияшылдығын жарнамаламаған, бірақ еуразияшылық идеясының ғылыми негіздемесіне қомақты үлес қосқан еуразияшыл-ғалымның көзқарасы. Біздің пікірімізше, Л.Н.Гумилев еңбектері ол туралы тек шығыстанушы-тарихшы деп емес, нақты еуразиятанушы-тарихшы ретінде айтуымызға мүмкіндік береді. Сонымен айтарымыз, оның мұрасы тарихи, олай болса қоғамдық-саяси ойлаудың тиімді бағыты ретінде терең негізделген еуразиятанушылық болып табылады. Тағы бір айтарымыз Л.Н.Гумилевтің «посткүміс» ғасырдың шарттарында қалыптасқанын ұмытпауымыз керек. Ол А.А.Ахматованың поэтикалық ойымен айтсақ «оның төбесінде ажал жұлдыздары самсап тұрған» 1930 жылдар мен 1950 жылдардың басында ештеңеге қарамай өзінің ойларын жүзеге асырды. [Ахматова А.А. Реквием // Собр. соч. в двух томах. М.: «Цитадель», 1996. С. 197]. Л.Н.Гумилевтің ғылыми ерлігі оның бұл кезеңнен абыройлы өтіп, өзінің шығармашылық әлеуетін 1960 жылдар мен 1990 жылдардың басында іске асырды. Бірақ біздің міндетіміз, Еуразия университетінің оқытушылары мен профессорларының міндеті – оның кеш берілген квазиакадемиялық сындарына негізделген жауап беру. Л.Н. Гумилев асыра мақтауға да мұқтаж емес. Біздің міндетіміз – оған тиесілі бағасын беру.

Бейімбет Ирмуханов,

тарих ғылымдарының докторы, профессор



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет