(Жүсіп Баласағұн)
«Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ұяты бар, ақылы бар,
Ата-ананың қызынан қапыл қалма» -
(Абай)
деп, даналар жырлағандай, бойжеткеннің ақыл-зердесі бағаланып, «Алған жарың жақсы болса, жұмақтағы хормен тең» деп, бір-ақ түйгендігін зерделейміз.
«Ӛнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деп, ата-бабамыз тектен тек айтпаса керек. Болашақ ошақ иесінің іскер, еңбексүйгіш, шебер, отбасына ұйытқы бола білуі, ерін күте білу, қонақты қарсы алу, бала тәрбиелеу, туысқа қамқорлық, аналық борышын орындау, іс тігу, тамақ даярлау т.б. қазіргі заманға сай отбасы тіршілігіне бейімділігі – әр бойжеткеннің басты талабы. Қай ата-ананы алсақ та қызының ертең барған жерінде «балдай батып, судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, әдепті келін, аяулы ана болуын армандайды.
Қасиетті ана қызының тәрбиелі жан болып өсуі үшін жасынан-ақ үлкендердің алдынан аттатпай өсіреді. Халқымыз «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендей, жаңа отаудың береке құтын ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделін болашақ ұрпағына дұрыс тәлім тәрбие беруін келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеген.
Абай қыз балалардың жұбайлық өмірге ертерек баулынуы керектігіне ата-аналар назарын аударады. Қыз күнінде сырттай әжептеуір болып жүріп, үй болғанда берекесі кетіп, азып-тозып, салақ әйел атануы жастайынан үй іші тірлігіне ерте бауланбағанынан деп ескертеді. Сондықтан да Абай ата-аналарға қыз бала тәрбиесіндегі халық дәстүрін басшылыққа алуды ұсынған. Соның айғағындай, абзал аналардың аялы алақанында алаңсыз өсіріп келе жатқан қыз балаларын өз алдына үй болғанда көптеген шаруалар күтіп тұратынын әр уақытта естен шығармай, сол жұмыстарға баули берген. Сонымен бірге адамгершілік қарым-қатынастың жай-жапсарын бойларына сіңіріп, өз қыздарын жақын жеңгелерімен сырлас болуға баулып, көбінесе сол үлгілі, өнегелі жеңгелерінің іс-әрекетіне еліктете бастаған.
«Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деп, жаңа түскен келінге ақыл айтып, талап қоя жүріп, өз қыздарының да осы шаруамен хабардар болуын естен шығармаған.
Тәлімгер аналар ес біле бастағаннан үй шаруасына жарап қалған қыз балаларына іс тіктіріп, үй күттіріп, барған үйіне жағымды, сыйлы адам болуы үшін үй тіршілігінің еңбек әрекетіне осылайша баулып отырған.
Бізге жеткен тәлім-тәрбие осы бір, қыздар жайлы айтылған арнаулы атаулар-сөздер осы мәселенің даяр оқулығы іспетті. Мысалы:
«Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Жібекті күте білмеген жүн қылады, қызды күте білмеген күң қылады» т.б. көптеген мақал- мәтелдер халық тәрбиесінің осы қырларын аша түседі
Қандай заманда болсын қыз бала қиын жерде жол тауып, өз намысын қорғайтын, елге пана болатын дәрежеге ақылымен, сабырымен тапқырлығымен, нәзік жүректігімен, ақыл-парасатымен жеткен. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп отбасының, қоғамның тәрбиесі анаға байланысты екеніне ерекше мән берілген.
Ежелгі қазақ тіршілігінде ақылы асқан дана қыздардың, әйелдердің рулы ел басқарғанын, рудың әйел атымен аталуының мысалдары толып жатыр және мұның өзі сол дәуірде ерекше бір құбылыс емес – қалыпты нәрсе саналуының өзі – халқымыздың қыз балаға деген көзқарасының соншалықты озықтығының бір айғағы.
«Астың дәмін тұз келтірер, елдің сәнін қыз келтірер» деген дана халқымыз қыз баланы сондықтан мәпелеп, аялап өсірген.
Қазақ халқының аңыз, ертегі, дастан жырларында ердің сенімді серігі, анасы, ғашығы, жары, аяулы қарындасы ретінде әйел, қыз бала бейнесі келтірілмеген шығарма табу қиын. Осылардың көпшілігі халық ауыз әдебиетінде аңызға айналған. Кейбірі дала төсінде, желдің өтінде ескерткіштерге айналса, кейбір көркем кейіпкерлер ретінде халық жадында сақталған. Мысалы, ежелгі Оғыз елін басқарған тоғыз батырдың сенімді серіктері бола білген батыр аруларға қойылған тоғыз ескерткіштің жетеуі Қазақстан жерінде болуы, Домалақ ене, Айша бибі, Бабаджа әйел мазарлары, арқылы ақын Сара, ақылды Айман, күйші Дина, Нұрғаным, Зере, Айғаным бейнелері – соның дәлелі.
Қазақ жырларындағы ару бейнелері – Құртқа, Қыз Жібек, Баян, Аймандар даналығымен ақыл-парасат биіктігімен, қандай қиын сәттерде ұстамдылығымен, тапқырлығымен танылды. Солардан халқымыздың қыз бала тәрбиесімен жан-жақты айналысқанын көреміз.
Мұндағы:
Ұлттық әдеттер: тазалық сақтау әдеттері, адамгершілік әдеттері, мәдени әдеттер, еңбек әдеттері т.б.
Ұлттық әдет-ғүрыптар: ырымдар, жоралғылар, рәсімдер, салтанаттар т.б.
Ұлттық салт-дәстүрлер: қыз бала тәрбиесіне байланысты салттар мен дәстүрлер.
Көбінесе жұрт әлдебіреудің іс-әрекет, мінез-құлығы көңіліне жақса, «Көргені бар екен!» – деп сүйсініп, ұнатпаса «Көргенсіз екен» – деп күстәналап жатады. Ондай «көргенділік» пен «көргенсіздіктің» адам бойында қалыптасуы алдымен отбасынан бастау алатыны да белгілі. Ал, біздің халқымыздың ежелден қалыптасып келе жатқан тәрбиелік дәстүрлерінде тәлімі мол үлгілер мен салттар аз емес. Соның ішінде қыз баланың тәрбиесіне айрықша мән берілгенін жоғарыда сөз еттік.
Сонымен, халқымыздың қыз бала тәрбиесі бойынша салт-дәстүрлерін саралай келе, «Қазақтың қыз бала тәрбиесінің» үлгі келесі суретте ұсынылған .
Ҧлттық әдеттер арқылы тәрбиелеу
22 Қазақтың қыз бала тәрбиесі
Ұлттық әдет- ғұрыптар арқылы
тәрбиелеу
Енді бүгінгі қыздарымыз қандай деген сұракка келгенде татымды жауап таба алмай, күмілжіп қаламыз. Ӛйткені, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде, соның ішінде қыз баланың тәрбиесінде біраз мәселелердің күн тәртібіне күрделеніп шыққан жайы бар. Бүгінгі бойжеткендеріміздің бойынан нәзік жаратылыс, аяулы мінез-құлық, айнадай тазалық пен айнымас адалдық сияқты қазақ қыздарына ғана тән асыл қасиеттерді табу оңай емес. Олар қазір байсалды болудың орнына тарпаң, ибалы, ізетті болудың орнына қытымыр, нысапты болудың орнына ашкөз болып бара жатқандай. Неге олай? Біздіңше, оның себебінің тамыры тереңде жатыр. Біріншіден, коғам, әсіресе, кешегі Кеңестер кезінде әйелдердің мойнына үлкен жүк артты. Сондықтан, олар бала тәрбиесіне, онын ішінде әсіресе, қыз балаға деген ерекше тәрбиеге ықтиятты көңіл бөле алмады. Олардың санасына сәби кезінен бастап жаңағы жоғарыда айтқанымыздай қасиеттерді сіңіре алған жоқ.
Мәселен, Жапония дүниежүзінде ұлттық салт-дәстүрін ең берік сақтаған ел. Ол елдің өз ұлтының ежелгі табиғатын қаймағын бұзбай тұтастай сақтауының басты себебі онда бала ес біле бастаған шағынан оған үлкенді сыйлауды, ізетті, ибалы болуды үйретіп, өз ұлтына тән басқа да қасиеттерді санасына сіңіре береді. Яғни, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ұлттық тәлім-тәрбиенің адам бойында қалыптасуына игі ықпал етеді екен.
Ал, біз өз ұлтымыздың қанымен келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне немқұрайлы, тіпті менсінбей қарадық. Керісінше, өзге ұлттардың мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне қызығушылық, көрсеқызарлық пайда болды. Соларға еліктедік, солардан үйренуге тырыстық, басқалардікі өзіміздікінен артық көрінді.
Бүгінде біздің сахнамызды, радиотолқындарымызды Батыстың жауыздыққа, әдепсіздікке, ойсыздыққа тәрбиелейтін қоқыр-соқыр дүниелері жаулап алды. Оның жастар санасына жағымсыз жақтары, ар-ұяттан бездіретін келеңсіз көріністері көп екенін біле тұра, оған мән беріп, көңіл бөлмей келеміз. Ал, бізге керегі әлемдік мәдениеттің озық үлгілері. Оларды игеру үшін алдымен қыздарымыздың әлемдік мәдениеттің адами ізгі қасиеттерін игеруге, озық үлгілерін үйренуге және оның тұнығынан сусындай білуге баулуымыз керек. Сонда ғана ертеңгі күні ана болып, бала тәрбиелейтін олар ұлтымыздың кешегі өткен ата-бабаларымыздан келе жатқан болмысына лайықты ұрпак өсіре алады.
Тегінде, қыздар ер балаларға карағанда сезімтал, демек, еліктегіш келеді. Ал, қазіргі кезде олар еліктейтін дүниелер тым-тым көп. Әсіресе, Батыстан жеткен жабайы «қызықтар мен тамашалар» қаланы да, даланы да жайлап барады. Сол қызықтардың ортасында, соларға ынты-шынтысымен еліктеп, біздің «мәпелеп өсіріп» отырған ұлдарымыз бен қыздарымыз жүр. Бүгінгі қазақ қыздары Батыс салттарына көп еліктейді. Соның салдарынан қазір ешкімнен именбей-ақ темекі тартатын, көшеде жүріп келе жатып сыраны шишаның аузынан да сыңғыта беретін өрімдей жас қыздар көбейіп келеді. Олар киіну үлгісімен де сол батыстықтарға ұқсауға тырысып, көшеде жартылай жалаңаштанып, кіндіктерін көрсетіп жүре береді.
Бүгінгі таңда қызғалдақтай мәпелеп өсіріп отырған қызыңызды: «Сенің ертеңгі негізгі орның – отбасының айналасы, ошақтың қасы» – деп қана үгіттеуге, әрине, болмайды. Бірақ, көрінгенге көп еліктеп, тым еркін жүріп, бейпіл сөйлеуден түбінде опық жеуі мүмкін екенін (ондайлар қазір аз ба?) ұрпағыңызға ұғындыра берсек құба-құп болар еді.
Біз дербес мемлекет ретінде жас ұрпақ әсіресе, қыз балалар тәрбиесінің өткенмен үндестігін, сабақтастығын одан әрі тереңдете түсуіміз керек. Қазақ қызының бойына ұлттық ерекшеліктерді орнықтыру, жүректерінде ұлттық намыс отын маздату ел болудың басты талаптарының бірі. Қыздарымыз елін, жерін сүйетін, ұлтымыздың болашағын ойлайтын азамат болып өссін десек, бәрінен бұрын ата- бабаларымыздың уақыт тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі тәлім-тәрбиесін жаңа заманмен ұштастыра, қайта жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана шын мәнісінде өмірдің қызғалдағындай қыз өсіре аламыз.
Қазақтың отбасындағы тәрбиеде ерекше орын берілетін мәселе – келін тәрбиесі. Келін – жат жұрттан келген, үй ішінде жаңа мүше. Егер ол өзінің жақсы салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын әкелсе нұр үстіне нұр, ал кері болса, оны қауіпті деп есептеген халық. Сондықтан қариялар үйленетін жігітті ондай қауіптен күні бұрын сақтандырып отырған. Мысалы, «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп, кеңес беріп отырған.
Қазақта «Баланы жастан, келінді бастан» деген мақал бар. Мұның мәні: баланы жұмысқа да, ақылға да жастай үйрет, ал жаңа түскен келін де жас бала, олай болса балаға жасамақ тәрбиені келіннен аяма десе, келіннің баладан өзгешелігін ескерткен. Сол сияқты қазақта
«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген мақал бар. Мәні – жаңа келген жұрты келінді жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа баулыған.
Келін келіп түсісімен беташар жасалады. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген сөз бар. Мәні – ақын келіннің бетпердесін желпіп тұрып, үй-іші, туыстары, ауыл-аймақ үлкендерінің аттарын атап тұрып таныстырады, ал келін әрбіріне иіліп сәлем беріп тұрады. Сондай-ақ, «Жас келін бойын жасырады, даңқын елден асырады» деген қолпаштау сөз ел арасында сақталған. Мәні – ата-енесі, әжесі мен атасы бар жас келін олардан бой жасыруын міндет деп санаған. Бұл ибалық, иба – кішілікті ғана көрсетпейді, ол келіннің тәрбиелілігінен нышан береді. Егер келінге далада үлкен кісілер кездесе қалса, «Иіліп сәлем» беріп, үлкен кісілерді ізетімен ырза қылады. Бұл сыпайы, ибалы жас келіннің өзін сыйлатуының басты құралы. Міне осыдан келіп «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендегі «тыңда» сөзінде жүз жыртыспаудың, ибалы болудың ұшығы жатыр, яғни «тәрбиелі келін бол» деген ой жатады екен.
Енді қазақтың келін тәрбиелеудегі салт-дәстүрлердің маңызына тоқталайық.
Қыз бала бой жетіп, әке-шешенің аясында бұлғақтаған дәуренін қаддырып, басқа бір елге келін боп түсіп, келіншек атанады. Ол өз шаңырағын көтеріп, үй шаруасына иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып, өмірге перзент әкеледі. Жар құшып, ана болу – қыз баланың мақтанышы, әрі бақыты. Бұған, әсіресе, әке-шешесі қуанады. Алайда оған дейін қыз баланың сол күнге дайындық ретінде өз үйінде жүріп үйренген өнегелері мен өтейтін міндеттері аз болмайды. Солардың бәрі қосыла келе, келін тәртібі яғни келін болу әдебін құрайды. Соған мойынсұнып, ынта қойып үйрену, даярлану көргенділіктің белгісі. Қыз бала келін болып түскенде, атқаратын ауыр да ардақгы міндеттерді аттап өтуге болмайтын әдеп инабаттылық талаптар жайында жақсы хабардар болуға тиіс. Келінге қатысты халықтық дәстүрден, туыстық атаулардан, олардың өзара және өзімен арақатынасынан жақсы хабардар болуы керек. Үй ішіне келетін жаңа мүше – келін. Қазақтың ата салтында келіннің келген жерінде ата-енесінен, сол үйдің үлкендерінен бұрын тұру, жуынып-шайынып, үсті-басын ретке келтіріп өзінен кейін тұрған ата-енесіне сәлем беру әдеті бар. Бұлайша ізет жасау үлкендер мен келін арасындағы қарым-қатынасқа жылылық, сыйластық, инабаттылық дарытады, қанға сіңген халықтық ұғым бойынша, үлкендер соған-ақ төбелері көкке жеткендей қуанып, мәз болып, ыстық ықыласпен, баталарын береді, келіннің сол сәл ғана еңбегін, он есе артығымен өзіне қайтарады. Ал, келіннің дүниеден үміті жоқ жандай, сәске түске дейін шашының дудасы шығып, пырылдап ұйықтап жатқаны жараса ма? «Ӛзің жатып байыңа тұр-тұрлама келіншек» – деген әзіл-шыны аралас сөздің астарында үлкен мән бар екенін жастар аңғара бермейді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» – дегендей, отауының сәнін, ошақ басының берекесін ендіретін шаруа аз ба? «Жаман келін мыңқылдап жүріп билейдінің» керін келтіріп, үйі жинаусыз, кірі жуусыз, ыбырсып жататын, бірдеңеге қолының ұшы тисе, қабағын қарс жауып, қайғының қара суын сапыратын келінді қай кісі, қай қылығы үшін жақсы көріп, рахмет айтады?» Жақсы адамға жарасатын ширақ қимыл, сезімтал сергектікпен жайдары қабағы ашық жүзбен үйін-үй қылып ұстап, үлкендеріне ізетін міндет етпейтін келіннен ата-енесі айналып кетпейме?! Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе – келіннің келген үйінен басқа да үлкен-кіші туыстарына өздеріне жарасымды, сыпайы әрі құрметтеуді білдіретін ат қойып алу да ұлтымызға ғана тән бір әдемі әдетіміз. Күйеуінің әкесін «Қайын ата», шешесін «Қайын ене», қарындастарын
«Қайын сіңлі», ағаларын «Жақсы аға», «Ұлкен аға» т.б., інілеріне «Сал жігіт», «Мырза бала» т.б., ал бұрын қыздарды «Апа» деп, не олардың күйеулерінің аттарымен «Бәлендегі қыз» дей салады. Жас келіндер күйеуінің бірге туған немере, шөбере туыстарының өздеріне
жоғарыдағыдай ат қоюмен бірге, олардың әйелдерін өзіне, яғни абысын-ажындарына да «Үлкен апа», «Кіші апа», «Жеңешем», «Үлкен жеңешем», «Кіші жеңешем», «Әбікем», «Апатайым» т.б. деп атайды.
Ӛзі келін болып түскеннен кейінгі балалардың атын атай береді. Әркімнің туыстық жақыңдығына қарай, елде, қоғамда алатын орны мен беделіне лайыкты ат қойған келіндердің ізеттілігі мен қойған атының ақылдылығына қарай үлкендер ол келінді ұнатып, сыйлай бастайды. Би, болыс болып жүрген қайнағаларына «Би ата», «Би аға», «Болыс ата», «Ел ата» деп атайды. Әдепті келіндер ат тергеуге соншалыкты мән беріп, үлкендердің аттарын тура атамайды, ол тұрмақ қайын ата, қайын ағалары мен аттас бөтен адамдарды, мысалы оларға былай деп ат қояды: «қажы атам аттасы», «ағажан аттас» деген сөздермен білдіреді.
Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай, оларды «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «қожайын», «бәленнің ағасы» дейтін. Күйеулерінің құрдастарының да атын атамай, оларды да «құрдас» деп атандыратын. Ат тергеудегі қазақ әйелдерінің аса ізеттілігі мен тапқырлығын дәлелдейтін мынадай әңгіме сақталған:
«Бір қазақтың бес ұлы болыпты. Олардың аттары: Көлбай, Қонысбай, Койлыбай, Қасқырбай және Пышақбай екен. Бір күні келіні суға барса, көлдің ар жағында, қамыстың бер жағында қасқыр қойды жеп жатыр екен. Сонда келіні ауылға жүгіріп келіп: «Сарқыраманың ар жағында, сылдырламаның бержағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр, тезірек жанығыш пен кескішті жеткізіндер» депті.
Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тірі де өзін, өлгенде әруаған құрметтеп есінде сақтауды үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қараған. Кішінің үлкенді, үлкеннің өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлауды халқымыздың қанына сіңген қасиетті дәстүрі. Сонымен қатар, қазақ халқында «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген үш тармақты, бір бүтін аталы сөздің бар екені мәлім. Мұндағы «ақ жаулық» деген әйел мағынасындағы сөз екені түсінікті. Сондықтан, әйелдің инабатты, ізеттіліктің, мәдениетінің белгісі, ол әйелдің ақ жаулығы, яғни, басына тартатын орамалы. Ертеде қазақ келіндері басынан ақ орамалын тастамаған. Бұл тәрбие мынадай мысалдармен айтылған, «қараңғыда жалаңбас жүруге болмайды», «суға жалаңбас бармайды», – дегендей. Ақ орамал тарту ол келіннің көңіл күйінің ақ екенін, яғни тазалығын білдірген.
Келінге тән міндеттің бірі ол келіннің дәстүрлі түрде амандасуы. Келіндер жасы үлкен ата-ене, қайнағаларға үйге кіріп амандасқанда, немесе қымыз, шай, ас-су әкеп бергенде, сәл тізесін бүгіп, үш рет басын иіп, сәлем жасаған.
Үлкен астан кейін, үй иесі жас келінді шақырып, ақсақалдардың алдындағы табақты алдырып, келінге сәлем жасатып, үлкен кісілердің батасын алдыртқан. Осындай үлкендерден алғыс алған жас келін үй ішінің ішкі өміріне бар ынта-жігерімен аянбай еңбек ете кірісіп, елге жағуға тырысқан. Бата тілектер жастарды жақсы сөзбен жарылқап, еңбекке ынталандыру, отбасы татулығын күшейтуге айрықша әсер еткен. Әрдайым қазақ келіні сабырлы, ұстамды, ізетті, кішіпейіл, еңбекқор, балажанды, әрі тазалығы мықты болуы тиіс. Келіншек келуімен отбасында оның әсері сезілер болсын. Келіннің қолынан татқан тамақ, ішкен шай бапты, дәмді көрінсін, яғни әрбір қазақ келіндері ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерін өз жанына қалыптастыруы тиіс.
Қазақ салты бойынша бұрын ата-енесі қолына түскен келінін бір жыл толғанша төркініне жібермеген. Мұның мәнісі – осы аралықта келінді тәрбиелеуі керек. Балалық шіркіннің бас асауы басылмай келген жас келінге бұл бір жыл оңайға түспейді. Ауыр еңбекке, қатал тәртіпке толы бір жыл ол үшін қыл көпірден өткенмен бірдей.
Бірінші, осы уақыт ішінде келген жеріндегі ата-ене, қайнаға, қайын, абысын, тағы басқаларға ат қойып, оны жаңылмай айтуы керек.
Екінші, киіз үйдің түңдігін елең алаңда ашып, су әкелу, от жағу, сол сияқты түндікті ел жатқанда жабу келіннің міндеті. Осы аралықтағы шай қайнату, іркіт пісу, қымыз қотару, құрт жаю, кір жуу, саба пісу, ыдыс-аяқ жуу, сиыр сауу, қой қосақтау, бие сауу, тезек теру, түскі ас, кешкі тамақ, ішек-қарын тазалау сықылды тізе бүктірмейтін жұмыстардың түтіні үзілмейді. Келін қалғып-шұлғып, жығылып-сүрініп кешке әрең жеткенімен, елдің соңында жатуы керек. Қазақ қай бір ерте жататын халық. Қонағы түн ішінде келсе, келінге тіпті ұйқы жоқ. Сонда келін орта есеппен 17-18 сағат ауыр жұмыс істейді.
Үшінші, осы бір жыл ішінде үлкен үйге сәлем беріп кіруден, артымен шығудан жаңылмауы шарт.
Төртінші, келін жыл бойы жібектей болуы, мінез көрсетпеуі керек. Егер қай күні ерте тұра алмай қалып, «Тентегім» деп өзі ат қойған қайындары төсектің тұсына кеп: «Мына қатынды марту басып жатыр ма?» деп, киіз үйді құрықпен сабаласа да қарсы шықпай, атып тұруы керек. Мұны орындамаса «шуаяқ» деген атқа ие болады.
Бұл төртеуін ата-ене келінді еңбекке, адамгершілікке қалыптастыру үшін әдейі істейді. Бұл – олардың, өздерінше мектебі. Кейін бұдан тұңғыш баласын босанып, ол қырқынан шыққанда бір-ақ құтылады.
Сонан соң енесі келінді бірінші рет төрге шығарып: «Сен енді санатқа қосылдың. Бұрын бала едің, енді ана болдың. Бұрынғымыз өзіңді адам болсын, пыссын дегеніміз. Енді осы үйге толық мүшесің», – деп келінінің маңдайынан сүйіп, мейірім білдіреді. Сәлем беруден азат етеді. Қолына ағаш теген, себеле пышақ ұстатып, тошалаға апарып, не бір керемет мүшелерді өз бетімен таңдап асуға рұқсат береді. Тіпті осыдан кейін қонаққа өз бетімен мал сойғызуға да рұқсат етіледі.
Бірақ бұл құқыға келін үйінен келген киелі киімді сол төрде отырып кигеннен кейін қақылы. Сол түні ата-ана келіннің төркінінен келген кимешек-шылауышты өз қолдарымен кигізеді. Арттағы әке-шешелері бұл бас киімді қыздары тез балалы болсын деп сандыққа әдейі ырыммен салады. Бізге бұл киімді киелі дегізіп отырған да осы ырым. Егер келін ұзақ уақыт бала көтермей, кимешек-шылауыш сандықта жата берсе, ата-ене өздерінің бір кінәсі үшін кие атты деп іштей желінеді.
Келін қыз күнінде, сәукелені сұлу болуы үшін, елдің көзін сүрінту үшін тіккізсе, кимешек-шылауышты ана болу үшін дайындатады. Қазақ әсілі ақ түсті ұнатады. Ақ әйелдің көріксізі болмайды. Оған ақ кимешек пен шылауыш қосылған соң тіпті құлпырады.
Мұнда бір айта кететін жайт, сәукеле сәнге, қызықтыруға бола тігілсе, кимешек-шылауыш қызғаныштан, кінәдан аулақ болуға арналып дайындалады. Қызықтыратыны – қандай қыз болмасын өзіне жақсы жігітті табуды көксейді. Ол үшін оларға ең алдымен көркем болып көрінуі керек. Біреудің етегінен ұстап, басы байланған соң, енді бұны алған адамның басқалардан қызғануы туады.
Әйелдің еркекті арбайтыны көп. Соның бірі – қолаң қара шаш пен ақ мамық тамақ. Кимешек-шылауыш осыларға біреу-міреу тамсанбасын деп жауып тұрады. Әрі жылылық, әрі тазалыққа жақсы. Ата-ененің келініне бұны кигізуінің бір жағында мұндай да мән болғанымен, өз тізгіні өз қолына тиіп, отбасы мүшелігіне өтіп алған келін оны ұдайы кимейді.
Сонымен, қазақ отбасында келін тәрбиесіне ерекше мән беріп, оны болашақ ана, үй иесінің адал жары, үйдің киесі деп санаған.
Сондықтан кезкелген қыз бала болашақ келін болуға өзін-өзі даярлау қажет, өйткені келін – болашақ ана, отбасының негізгі мүшесі.
Бұл үлгідегі құда түсу дәстүрі, келін түсіру дәстүрі, беташар тойын жасау дәстүрі, келінді отбасында тәрбиелеу дәстүрі жеке-жеке қарастырылып, олардың мазмұндары қажетті әдебиеттерді пайдаланылып жасалады .
Қазақтың келін тәрбиелеудегі салт-дәстүрлердің маңызын аша отырып, «Қазақтың келін тәрбиесінің» үлгісін ұсынамыз (сурет 3).
Келінді жаңа отбасында тәрбиелеуге қазақ халқы ерекше мән берген. Жаңа түскен жас келінге енесі өз білгендерін үйретіп, еңбекке, үй ішінің жинақылығына үйрету ежелгі ел дәстүрі болған. «Жақсы ауылға келген келін – келін, жаман ауылға келген келін – келсап» деу біреудің жас баласын тәрбиелеп, адам қылу бүкіл ауылға, әсіресе өнеге үлкен сын екенін білдіруден шыққан. Парасатты әжелердің «Келініңді қызыңдай көр, қызыңда келін болмас па?» деуі немесе «Келіннің өнегелі болуы – енеден» деуі үлкендерге де жауапкершілік артудан туған ой-пікірлер. Ӛз білгенін келініне үйретіп, өнегелі, көргенді келін атандыруға енелер де тырысқан.
Сурет 3 – Қазақтың келін тәрбиесінің үлгісі
Енесі жеңгелері жаңа түскен келінге айтатын күйеуіңнен басқа ер адамдарға, қолыңның ұшынан басқа денеңді көрсетпе, жалаң бас, жалаң аяқ жүрме, еркектің жолын кесіп өтпе, үлкендер отырған үйге баса көктеп кірме т.б. өсиеттердің бәрі өнеге тәлім-тәрбие. Ежелгі ел дәстүрі бойынша келін алдымен, түскен жерінің үлкен – кішісіне, еркек – әйеліне өзінше ат қояды. Мысалы, «еркем, кішкене қайным» деп қайныларына қойса, ол аттардың қисынды, тапқырлыкпен қойылуы жас келінге сын болған. Бұл жас келінді әдептіліке баулудың бастамасы болып саналған.
Келіннің қолынан шай ішу, дәм тату, сол арқылы оның аспазшылық, ұқыптылық өнерін мақтау да ежелгі ел дәстүрі. Бәленше келіннің берген шайы, ас ұстауы қандай тамаша деп тандай қағып мадақгаған. Келіні 1,5-2 жыл бойы үлкен сында болған. Сыннан сүрінбей өтіп, жақсы атаққа ие болған келіндер тұңғыш баласын туған соң, енесі «шырағым, сен енді ана болдың, балалықтан қол үздің, сыннан сүрінбей өттің» дегендей ишарат білдіріп, келінді сәлем етуден, босағада отырудан босатқан. Осы көзден кейін ғана шын мәнісінде келін мен ене арасында сыйластық, жарасымдылық орнаған. Әйел қандай биік дәрежелі жұмыс істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті
өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының беріктігі әйелге байланысты. Әйел сабырлығы, кешірімділігі, сыпайылығымен т.с.с. жақсы қасиеттермен үй-ішіне береке әкеп, шаңырақ бақытын орната алады.
Халыктың ауыз-әдебиетінде жас әйелдің төзімділігін, шыдамдылығын суреттейтін мынадай аңыз бар:
«Ертеде бір шаруа кісі жалғыз баласына өзі тендес біреудің қызын алып береді. Той тарқаған соң 2-3 күннен кейін жас келін өзінің отауында қыздармен сөйлесіп отырып қатты күледі. Сол кезде атасы, сыртта дәрет алып отыр екен, келіннің қатты күлгенін ерсі көріп:
«Осыншама саңқылдап күлген қандай көргенсіздің баласы екен» депті. Бұл сөз жас келінге өте ауыр тиеді де, сол күннен бастап ол сөйлемей қояды. Кешке күйеуі келіп, тіл қатса сөйлемейді. «Баласы, келініңізге бір нәрсенің салқыны тиген бе қалай, тілі байланып қалыпты» дейді. Бұл сөзді естіп атасы өз еліндегі бақсы-балгерлердің бәріне емдетеді. Бірақ келінге ешқандай ем қонбайды. Келін ата- енесін жақсы күтетін болған соң, оны тастауға қимай әкесі баласына тоқал алуға рұқсатын береді. Жаңа келген келін арбадан түспей жатып:
- Келіншектің үйін ілгері тігіңдер деп отауын тігіп жатқандарға бұйыра сөйлейді.
Сонда жігіттің бірінші әйелі шығып:
Келін, келін, келін-ай, Келмей жатып, сөзге бақ, Мен келгелі жеті жыл, Сейлегенім бүгін-ақ, – депті.
Бұрынғы келіннің сөйлеп кеткенін естіген атасы ақсарбас айтып: «Ойбай балам, ана сампылдаған тоқалынды құрт, ақ келінімнің садағасы кетсін!» – деп жаңа келген келінді отауын да тіктірместен, төркініне апарып тастайды.
Үйінен келіншектің жеті жылдай сөйлемей қойған себебін естігенде: «Аһ, сақалдыдан кеткен ағаттық, сайтанға болат тояттық!» – депті атасы.
Міне бұл үлкен кісінің аңдамай айтқан бір ауыз сөзі жас адамның жүрегіне қандай ауыр жара салғанын көрсетеді.
Әрине, үлкеннің үлкендігі, кішінің кішілігі болуға тиіс. Үлкен адам өз балаларына жамандық ойламайды, тек кейде ашуланып қатты айтуы мүмкін. Жастар кішілік жасап, үлкеннің ондай ашуланып, қатты айтқанын көтеруге тиіс.
Қазіргі кезде, яғни егемендік алып, тәуелсіздікке қолымыз жетіп, еліміздің мәдениетіне, салт-дәстүріне қайта оралдық. Еліміздің
«ұлттық тәрбиеге» деген көзқарасы қалыптаса бастады. Ата-енелердің келін тәрбиесіне деген көзқарастары да өзгерді. Мысалы, бірнеше жыл бұрын түскен келінге: «Балам от өте қауіпті, шашыңа тисе күйіп қалуың мүмкін» десе, түсінген келінге бұдан артық тәрбие бола ма? Менімше, орамал тарту – ол жас келіннің мәдениетін, тазалығын байқатады.
Халқымыздың келін тәрбиесінде жат бола бастаған дәстүрінің бірі ат қою. Бір күні көшеде есімі Аман деген кісі келе жатыпты, алдынан қарама-қарсы өткен келін: «Амансыз ба?» – деп сәлемдесіпті, сонда әлгі кісі: «Иә, деп, сол Аман мен боламын» деген екен. Сол сияқты үлкен кісілердің аттарын тергеу немесе «қайын аға», «қайын сіңілі», «қайын інілерге» ат қоюдың еш бір артығы болмас деп, «аға» деген сөзді жанамалап сәндеп қояды. Ол ат қойғанға жатпайды. Мысалы, қайнағам бар, өзі ақ көңіл, өзі мырза, ол кісіні: «Мырза аға» деймін, қайын інім бар «үйдің кенжесі», қайын інімді «кенже бала» деймін, қайын сіңілімді «ақылдас» деймін, себебі екеуміздің сырымызда, мұңымызда бір. Ат қою адамдардың, яғни жас келіннің ат қоюы силастығын, қарым-қатынасын арттырады.
Сонымен, келін – үйдің сәні, отбасында татулықтың, силастықтың, кішіпейілдіктің, ынтымақтың, бірліктің бастаушы ұйытқысы. Сондыктан келінді жаңа отбасында ол келген күннен бастап, оны жас баладай тәрбиелеу қажет: «Келінді бастан, баланы жастан» – деген даналық осыдан шыққан.
Халқымыздың салт-дәстүрі арқылы тәрбиеленген келін тәрбиелі әйел болып, ал ондай әйел отбасының шамшырағы, бағы, сәулесі, еркектің берік қамалы болары һақ.
Күнделікті өмірдегі тірлішік барысын байқай отырып, «Алла тағала әйелді еркектің қабырғасынан жаратқан» деген сөзге еріксіз бас ұрасың. Бұл да жаратылыстың құдіреті шығар. Әрине, әйелді де, еркекті де тәңір жаратып отырғандықтан да екеуінің де қоғамдағы алатын орны мен рөлі, күнделікті тіршілікте атқаратын қызметтері үйлесіп, бір-бірімен заңды түрде байланысып жатады.
Елімізде әйелдерге арнап өлең-жыр жазбаған, әйелдің бейнесін сұлулап бейнелемеген сөз шеберлері кемде-кем болар. Адамзат өмірінде еркектер бұтақ болса, әйелдер оның гүлі, жапырағы іспетті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы жапырағы жоқ, гүлсіз ағашты
«қубас» деп атаған екен. Ендеше, ер азамат ағашқа, әйел ана жапырақ пен гүлге тең болса, біз яғни, балалары соның бұтақтарымыз. Бауыржан атамыз тағы бір сөзінде «әйелсіз адам баласы күн көре алмайды, әйел-ана, әйел-бақыт, әйел-аққу» деген екен .
Жоғары да айтып өткендей тек Бауыржан Момышұлы ғана емес, жалпы әйелдер жайлы жазылған жырлар, аңыз әңгімелер, әсерлі романдар жетерлік. Бір қызығы бәрінің шығармалары бір-біріне өте ұқсас болып келеді. Бәрі де өз арманындағы әйел жайлы сыр шертеді. Мәселен, ақын Мұхтар Шахановтың :
Әйел – еркек намысының қорғаны Нағыз сұлу әйел табу –
Бүкіл еркек арманы, –
деген өлең жолдары осының дәлелі десек те болады.
Негізі әңгіменің осы бір мағынасы әріден бастау алғанын ата-бабаларымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген нақыл сөзінен-ақ байқауымызға болады.
Алайда, осы тұста қыздарымыздың құлағына алтын сырға. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деген де бар емес
пе?!
Жай ғана мысал келтіре кетейік. Мәселен, соңғы жылдары абысын-ажынды болып бірге, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан
жанұя жоқтың қасы. Әрине, ол менің білуімше, балалық шағы мен бойдақ кезінде бірге тұрып келген ер жігіттердің кінәсі емес, олардың таңдаған өмірлік серігі, яғни, әйелдерінің себебі болуы керек. Көп жерде қыздарымыз «абысын тату болса, ас көп деген» нақыл сөзге аса мән бере бермейтін сияқты.
Бауыржан Момышұлы өзінің тағы бір сөзінде «әйелдің бойында үш асыл қасиет болса, ол ақылды әйел» деген екен. Оның бірі балаға дұрыс тәрбие беру болса, екіншісі келген қонақты дастархан жая, ақ көңілмен қарсы алу, үшіншісі күйеуін сыйлай білу.
Жасыратыны жоқ қазіргі кезде ондай қасиеті бар әйелдер азайып барады. Бұған қарап, әйелді бас сала кіналауға да болмайды. Оған тіршілік қамының өзгеруі де әсер етуде. Күн көрістің қамымен әйелдер еркектің ісін атқаруда. Сол бір көлденең жабысқан жағымсыз қылыққа «жүгі жеңіл есек жатаған болады» дегендей еркектер де бойалдыра бастады.
Бұл әңгіме әйелдердің өз орнын білуі жайлы болса, тағы бір көңіл тоймайтыны қыздарымыз бен әйелдеріміздің киім-киіс, жүріс- тұрысы да өзгеріп кетті. Оған себеп күнделікті теледидардан көрсетіліп жатқан парнографиялық сериалдар, қатын-еркегі аралас бірін-бірі аяусыз төмпештеп өлімші халге душар етіп жатқан боевиктер мен газет-журналдардағы еуропаға еліктеп жазылатын сапасыз, тәрбиелік мәні жоқ мақалалар.
Дұрыс-ақ, сәнділікке, бой әдемілігіне мән беру керек. Алайда, қазақтың өзіне тән киім киісі, қонақты кутуі, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуі, ер азаматқа деген ілтипаты мен дәстүрі бар емеспе? Неге біз оны еуропадан үйренуіміз керек? Кейде, күйеулеріміздің «неге олай киіндің, неге бұлай бояндың» деген сөздеріне реніш білдіріп, кейіп жатамыз. Ондайда, әйелдер өздерімізге не жарасатынын білмей, әркімге еліктегіш екенімізді ұмытып кетеміз. Осы мақсатта, қыз-келіншектерге «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген асыл да нақыл сөз мәңгілік естеріңізде болсын дегім келеді.
Кім біледі, тұрмыс-тіршіліктің тауқыметі ме, жоқ әлде тәрбие жұмысына аз көңіл бөлуіміздің әсерінен бе, әйтеуір әйелдеріміз бен қыздарымыз әрқилы жолға түсіп барады.
Әрине бұдан, қазақтың әйелдері әдепсіз деуге болмайды. Айталық, кешегі қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген ардақты әжелеріміз бен апаларымыз қазіргі кыз-келіншектерге жақсы әдет, тамаша тәлім-тәрбие, кереметтей үлгі-өнеге болды емес пе?!
«Әйел үйдің шамшырағы, бағы, сәулесі, еркектің берік қамалы», – деп те тегін айтылмаса керекті. Қазақ халқының басынан қандай қиындық өтпесе де әйелдер өз отауын, жанұясын тастап кетпеген. Керек болса, жауға қарсы бұрымын дулығаның астына орап, ерлерімен бірдей тұра білген. Аңыздарға сүйенетін болсақ, Домалақ анамызды абысындарының азғыруымен Бәйдібек бабамыз жұртқа тастап кеткенде де, ол кісі еріне деген сыйластық сезімін жоғалтпай малын өсіріп, балаларына дұрыс тәрбие беріп, әкесіне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыра түскен.
Ал Отан соғысына кеткен күйеулерін пір тұтып, өмір бойы күтіп, шаңырағының отын сөндірмей отырған апаларамыздың үлгісін неге алмасқа. Одан әріге барсақ, 37 жылғы халық жауларының әйелдері түрмелерде жүріп, талай қулық, сұмдық, сұрқиялық, сатқындық пен арамдықты көрсе де, өз ерлерінің туын биікке көтере білуі өткір өнеге емес пе?!
Әйел қауымы қайғы болса, шын жүректен қайғыра алады, қуаныш болса бар ықыласымен қуанады. Адам көңілінің айнасындай ғой әйел. Ендеше, әйелді де әрдайым бәріне бірдей кінәлі ете бермей, бір мезгіл Бауыржан Момышұлының мына бір :
«Әйел деген гүл сияқты нәзік болады. Оны аялап, әлпештеу керек. Әйелді еркелет, ол сенің жұбайың. Әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу әр жаман еркектің қолынан келеді. Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Ӛйткені, әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Ӛйткені әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді» деген қасиетті сөздеріне үлкен мән беріп, әйел затының сезімін бағалай білу ер азаматтар үшін үлкен парыз.
Достарыңызбен бөлісу: |