Жеке тұлғаның дуниетанымы қалыптасуының жолдары мен тәсілдері. Дүниетанымның қалыптасуы, педагогикалық процесс ретінде, объективті түрде әдіснамалық идеялардың реттелген жиынтығын оқушылар игілігіне айналдыруды талап етеді. Оқушылар материалистік диалектиканың мынадай заңдары мен категорияларын игерулері қажет: дүниенің материалдығы мен танымдылығы; қозғалыс -материяның өмір сүру формасы ретінде; материяның бірінші, сананың екінші болуы; қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі; себепті байланыс - болмыстың жалпы заңы; сандық өзгерістердің мөлшерден шығып кетуі мен олардың сапалық өзгерістерге айналуы; дамудың толассыздығы мен толасуы; себеп пен салдар диалектикасы; құбылыс — мәнділіктің көрінісі ретінде; мүмкіндік пен шындық; практика — таным негізі, ақиқат критериі.
Дүниетаным қалыптасуының біртұтас процесі білім берудегі бірізділік пен оқу пәндері арасындағы байланыс арқылы жүзеге асады. Білім беру, процесс ретінде ұстаз бен оқушының бірлескен іс-әрекетімен сипатталады, іс-әрекеттің мақсаты - оқушыларды дамыту, олардың бойында білім, білік, дағдыларды, яғни нақты бір іс-әрекеттің жалпы бағыттық негізін қалыптастыру.
Аналитикалық-жүйелік іс-әрекеттің нәтижесінде (түсінікте, арман-мұраттарда, теорияларда) білім де, іс-әрекет әдіс-тәсілдері де бар. Бұл сананың әртүрлі жақтары, бірақ бұл процесте ең басты орында білім тұрады. Осының барлығы оқушы бойында білім мен білікке қоса ойлау мен әрекет ете алуды дамытуды талап етеді. ғылыми білім құрылымында екі деңгей бар: эмпирикалық және теориялық. Олар объективті болмысты көлемірек, тереңірек және толығырақ суреттеуі бойынша ажыратылады. Дүниетаным жекелеген білімдерден емес, заманның талабына сай білімдердің құрылымын қамтитын, әдіснамалық идеялар, теориялар мен принциптер негізінде ұйымдастырылатын жүйе. Оқушылардың меңгерген білімдер жүйесі әрдайым қозғалыста болады, басқа жүйелермен қатынасқа түсіп, оларды пайдалану міндеттеріне сәйкес жалғасады.
Білім беру - оқушылардың ғылыми білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудегі, шығармашылық қабілеттілігінің, дүниетанымы мен адамгершілік-эстетикалық көзқарастарының дамуындағы белсенді оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру мен ынталандырудың мақсатты педагогикалық процесі. Оқыту, адамның іс-әрекетін белгілі бір білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудің саналы мақсаты билеген кезде қызмет-әрекет ретінде жүзеге асады. "Түсініктерді, ұғымдарды, заңдарды оқушылардың басына жаттанды түрде сіңіруге болмайды. Оларды оқушының өзі, мұғалімнің басшылығымен, көмегімен қалыптастыруы қажет. Түсініктердің пайда болуы, заңдарды жете түсіну — оқушының ойлау мен іс-әрекетінің белсенді процесі" (М. Н. Скаткин).
Оқу оқушылардың іс-әрекетінің басты нәтижесі олардың бойында теориялық сана мен ойлаудың қалыптасуы болып табылады. Оқу іс-әрекетінің психологиялық мазмұны- іс-әрекеттің жалпы тәсілдерін, білімдерді меңгеру болып табылады.
Білімдер сенімге айналу үшін, жеке тұлғаның қажеттіліктерінен, әлеуметтік үміт пен құндылық бағыттарынан биік болып тұрған көзқарастарының жалпы жүйесіне жене оның сезіміне айналуы қажет. Оқушылардың жағымды эмоционалдық күйі, олардың жеке тәжірибесіне, әлеуметтік-психологиялық жағдайына сүйенеді.
Оқу мен еңбек, қоғамдық іс-әрекет оқушыларды әлеуметтік, жан-жақты ақпаратпен, саяси қарым-қатынас тәжірибесімен қаруландырады. Ол оқушының ішкі жан-дүниесіне, жеке тұлғаның белсенді жасампаздық қажеттілігін дамытады.
Достарыңызбен бөлісу: |