Тақырыбы: Өсімдіктердің дамуы.
(1 сағат)
Жоспары:
1.Өсімдіктердің қартаю және жасару теориясы.
2.Монокарпты және поликарпты өсімдіктер.
3.Гүлдің қалыптасуы.
Қолданылған әдебиеттер:
а) негізгі
1.Якушкина.Н.И. Физиология растений. М. 1993г
2.Полевой.В.В. Физиология растений.М. 1991г.
3.Кенесарина.Н.Ә.Өсімдіктер физиологиясы және биохимия негіздері. Алматы, 1988ж
4.Жатқанбаев.Ж.Өсімдіктер физиологиясы.Алматы. 1988 ж.
5.Қалекенұлы.Ж.Өсімдіктер физиологиясы.Алматы. Қазақ университеті.1996ж.
6.Сағатов.К.С.Өсімдіктер физиологиясы. Алматы, 1996 ж.
7.Сағатов.К.С.Өсімдіктер физиологиясы. Алматы, Ғылым баспасы, 2002 ж.
8.Уалиханов.Г, Есмағұлов.Қ. Өсімдіктер биотехнологиясының негіздері. Алматы .Респ. баспа кабинеті, 1999 ж.
9.Жатқанбаев.Ж.Ж. Өсімдіктер физиологиясы және биохимиясы негіздері. Алматы 2004 ж.
10.Медведев.С.С. Физиология растений. Изд –во СПБГУ, 2004 г
11.Якушкина. Н.И, Бахтенова.Е.Ю. Физиология растений. М.Владос, 2005 г.
б). қосымша:
12.Папорков.М.А, Клинковская.Н.И. Милованова.Е.С.Учебно –опытная работа на пришкольном участке. М.1980 г.
13.Физиология и биохимия сельскохозяйственных растений (под ред. Третьякова.Н.Н).М.
2000 г.
14.Практикум по физиологии растений (под.ред. Иванова.В.Б.).М, 2001г.
15.Кенжеев.Қ. Өсімдіктер физиоллогиясының практикумы. Алматы. 1989ж.
Лекция мақсаты: Өсімдіктердің дамуы мен таныстыру.
Лекция мәтіні: Дамудың жастық (балауса) сатысы. Бұл саты тұқымдардың немесе өсу мүшелердің (түйнек) өнуінен басталады. Өсімдіктің негізгі мүшелері – сабақ, жапырақ, тамырлары қалыптасып, қарқынды өсу нәтижесінде сан өлшемдері жағынан, массасы жағынан көбейіп, ұлғаяды.
Жастық сатыдағы өсімдіктерде гүлдену белгілері толығынан байқалмайды. Бұл сатының ұзақтығы өсімдік түрлеріне байланысты бірнеше жетіден (бір жылдық шөптесін өсімдіктер) ондаған жылға созылады. Көп жағдайда өсімдіктердің жас өскіндері көптеген сыртқы және ішкі белгілері жағынан толық қалыптасқан (жетілген) өсімдіктерге ұқсамайды. Бұндай айырмашылықтар жапырақ пішіндерінен айқынырақ байқалады. Мысалы, мақта, қияр, шырмауық гүл, т.б. өсімдіктердің жас кезіндегі жапырақ пішіндері толық қалыптасқан кездегіден ерекшелеу болады.
Гүлдену сатысына жетіспеген өсімдік мүшелерінде гормондар ерекше ара-қатынастық мөлшерде болады. Кей кезде өсу процестері баяулаған немесе тоқтаған өсімдіктерді гиббереллинмен өңдегенде жас жапырақтар пайда болады.
Ағаш тектес өсімдіктерде жастық күйден толыққан күйге ауысу анығырақ байқалады. Яғни, оларда дамудың әр түрлі сатыларындағы мүшелерді кездестіруге болады. Жас бұтақтар мен өркендер гүлдеп жемістенуге жетілген немесе дайындалған күйде болады.
Өсімдіктердің жетілу және көбею сатысы, яғни гүлденіп, жемістенуге, тұқымдануға дайындығы сандық, сапалық жағынан күшті өзгерістерге байланысты күрделі кезең болып есептеледі.
Қартаю және қурау (өлу) сатысы. Барлық өсімдіктер толық гүлденіп, жемістеніп болғансын, біртіндеп қартая бастайды да, біраздан соң тіршілігін толық жояды. Әрине, бұл құбылыс өсімдік әлеміндегі жеке түрлердің тіршілік өмірінің ұзақтығына тығыз байланысты. Біреулері өте тез, екіншілері бірнеше ондаған, тіпті жүздеген жылдардан кейін ғана тіршілігін жояды. Осыған дәлел ретінде мынадай мысал келтіруге болады: емен 1500 жыл, шырша 1200 жыл, жөке 1000 жыл, қарағай 500 жыл, тау сағыз 100 жыл, жүзім 80-100 жыл, қылтықсыз арпабас 10-30 жыл, беде 2-5 жыл, қырық қабат 2 жыл, бір жылдықтар (көптеген шөптесін өсімдіктер) 1 жыл, эфемерлер 2-4 апта.
Қартаю мен өлу – көп клеткалы өсімдіктің жеке дамуының ақырғы сатылары болып есептеледі. Бірақ қартаю деген ұғым тұтас өсімдікке де, жеке мүшелерге де (жапырақ, сабақ, өркен, жеміс, гүл бөліктері) қолданыла береді.
Өсімдіктердегі қартаю процесі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы біржылдық өсімдіктер түгелінен қурап қалса, көпжылдық шөптесін өсімдіктердің жыл сайын жер үстілік мүшелері күзге қарай толығынан қурап жойылады да, тамыр жүйесі және басқа жер асты мүшелері тіршілік қабілеттілігін сақтап қалады. Көптеген өсімдіктердің ерте қалыптасып, өсіп жетілген төменгі бұтақтары, жапырақтары тұтас өсімдік тіршілігін жоймай тұрған кезеңдерде біртіндеп солып, қурап түседі. Ағаш тектес өсімдіктердің күзде жапырақтары біртіндеп сарғайып, қурап төгіледі.
Жапырақтар қартая бастағанда олардағы хлорофилл, белок, нуклейн қышқылдар мөлшері төмендеп, фотосинтез қарқындылығы бәсеңдейді, клеткадағы органоидтар құрылысы бұзылады.
Монокарпты және поликарпты өсімдіктер - Онтогенез барысында бір рет жеміс салатын өсімдіктер монокарпты өсімдіктер деп, ал әлденеше рет жеміс салатын өсімдіктер поликарпты өсімдіктер деп аталады.Барлық бір жылдық өсімдіктер, екі жылдық сәбіз, қызылша, көп жылдық агава, бамбук және т.с.с. монокарпты өсімдіктерге жатады. Бұл өсімдіктер бүкіл тіршілігі бойында бір рет қана гүлдеп, жеміс береді де, тірішілігін тоқтатады. Жоңышқа, бақбақ сияқты көп жылдық шөптесін өсімдіктер және ағаш тектес өсімдіктердің көпшілігі поликарпты өсімдіктерге жатады. Мысалы, жеміс ағаштары тірішілігінің 3-5жылдарында гүлдеп жеміс бере бастайды, осы кезден бастап олар өздері табиғи тірішілігін тоқтатқанша жылма –жыл жеміс беріп отырады.Монокарпты және поликарпты өсімдіктер арасында нақты шекара жоқ. Жылыжайда өсіруі арқылы бірінші жылы жеміс түзуін шектесек, үрмебұршақ өсімдігін екі жылдық өсімдікке айналдыруға болады. Өсімдіктердің вегетативтік мүшелерінің өсуден гүлдеу мен жеміс түзу кезеңіне көшуі әр түрінде түрлі мезгілде өтеді. Өсімдіктірдің бұлайша гүлдеу мен жеміс түзуге көшуі организмде өтіп жататын даму процестерінің нәтижесінде мүмкін болады.
Гүлдің қалыптасуы.Гүлдеудің дайындық кезеңінде сабақтың ұштық меристемасында гүлдің қалыптасу бағдарламасына жауапты гендер іске қосылады. Ең алдымен, тостаған жапырақшалар қалыптасып, одан соң бірінен соң бірі күлте жапырақшалар, аталықтар, ұрық жапырақшалар белгілене бастайды. Осы мүшелердің әрқайсысының бейнеленуі физиологиялық, морфологиялық жағынан ерекшеленетін бастаушы клетка топтарының қалыптасуынан басталады. Ұрық жапырақшаларда аналық және тұқым бүрі қалыптасады. Клетка топтарының жеке немесе бірнеше клеткаларынан гүлдің жеке мүшелері қалыптасады. Мысалы, төменгі клеткалар тозаңқап клеткасына айналады.
Ұрық жапырақшалардан аналықтар пайда болады. Ұрық қабы да ұрық жапырақша клеткаларының бірнеше қайталап бөлінуінен қалыптасады. Соңында, тұқым қабында 8 гаплоидтық ядролар пайда болады. Олардың жыныс клеткалары туындайды, антиподтар деп аталатын клеткалар, эндосперм қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |