Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы мен қалыптасуы осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мән-цзы және Сюн-цзының есімдерімен тығыз байланысты.
Кун-фу-цзы (б.д.д.551-479ж.ж.) кедейленген ақсүйек әскербасының отбасында өмірге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол, тек 15 жасында ғана білімге құштарлық танытады, ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады. Оның көптеген ізбасарлары болады. Олар ұстазының және өздерінің ой-пікірлері, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап «Әңгімелер мен пікірлер» («Лун юи») деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге келтірді. Қытайлардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа алған. Кун-фу-цзы бұдан басқа бірнеше кітаптары болды: «Өлеңдер кітабы», «Көктем мен күз», жылнамасы, «Сұхбат және пікір айту» т.б.
Кун-фу-цзы аспанды өзіндік болмысы бар дүние ретінде, ең жоғарғы, құдіретті күш ретінде қарастырады. Аспан, ол үшін, әділеттілік аясы, аспан өз еркін әр адамға білдіреді, өз үкімін барлық аспан астындағы елдерге, мемлекеттер мен қоғамға таратады. Содан аспан ұғымы конфуция философиясында діни, саяси және этикалық қызметте атқарады.
Кун-фу-цзы өз ілімінің өзегі етіп материалдық денелердің заңдылықтарын, бабалар рухын зерттеуден гөрі адам арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелерін қабылдайды. Осыған орай, мынадай ұғымдарға көп көңіл бөледі. Олар: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп «дао» («дұрыс жол») құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
«Тең орта» - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Ал адамгершіліктің негізі «жэнь» - «ата-анасын құрметтеп және үлкен ағаларын сыйлау». Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас конфуцийшілдік әдептілік ілімінің негізгі өзекті ұғымы.
Конфуция идеясы, ілімі, діни идеологиясы екі мың жылдан артық уақытта қытайлықтардың сана-сезімін қалыптастырды, олардың мінез-құлқына, психологиясына, сеніміне шешуші ықпал етті, өмір салтын жалғастырды. Осы бас бағыт пен үлкен әрекет барысында ұлттық тұтас менталитет қалыптасты. Ол дегеніміз:
- әлеуметтік қатаң тәртіпті қажет дегенде ұсақ-шағын нәрсеге бейімдей білу;
- еңбекқорлық пен білімге деген ынта-ықыласты суытпау;
- қызмет бабында өсу үшін жарыстан тайынбай, өзін-өзі жетілдіруге әрдайым ұмтылу;
- отбасы-әлеуметтік байланыстардың мызғымастығын сақтау.
Мұның бәрі ұлттық мінездегі конфуциялық ерекшеліктер.
Әлем өзінің табиғи зандылықтарымен өмір сүреді, оны зерттеп, сырын ұқса, өз қажетіңе жаратуға болады. Олай болса, бақытты немесе бақытсыз, бай немесе қайыршы болу адамдардың өзіне байланысты. Жалпы адамдар табиғатынан зұлым, қызғаншақ, дүниеқоңыз болып туады. Тәрбие арқылы адамдарды адамгершілікке баулып, оның табиғатын өзгертуге болады. Ал адамдар өз тарапынан өзін өзі жетілдіруге құлшынуы тиіс.
Конфуцийшылдық б.д.д. I ғ. мемлекеттік ілімге, ал IX ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |