Легистер (заңгерлер). Легизм (лат. т.–заң деген мағ. береді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизмнің көрнекті өкілдері – Цзы-чан (б.д.д. VІ ғ.), Гуань-Чжун (б.д.д. 645ж.қайтыс болған), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хан Фэй Цзы (280-233), Ли Куй т.б.
Легистер конфуцийшылдардың мемлекетті әдептілікке негізделген заңдар арқылы басқару керек деген пікірлеріне қарсы болып, керісінше, мемлекетті тек қана билеушінің өзі шығарып, өзі бекіткен заңға сүйеніп басқаруға болады, себебі «мейірімділік пен адамгершілік - қылмысқа апаратын бірден-бір жол, ал шын қайырымдылық өзінің бастамасын жазалаудан алады деп уағыздады.
Легистер байырғы рулық қатнастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Конфуцияның этикалық талаптарын «ойын сөзге» жатқызды.
Сөйтіп, легистер арожданның орнына заң алдындағы қорқыныш негізгі қағида етіп ұсынады. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін төмендегі ережелерді сақтау керек:
1) мақтаудан гөрі жазалау тәсілін көбірек қолдану;
2) аямай жазалау арқылы халық арасында үрей тудыру;
3) ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау арқасында үлкен қылмысқа жол бермеу;
4) адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру.
Осы қағидаларды бұлжытпай орындағанда ғана ел арасында тәртіпсіздік болмайды, халық билеушінің айтқанын екі етпей орындайды және керек болса, өлімге де барады.
Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, аспан аясындағы мемлекет құру және оған басқа халықтарды бағындыру. Осы тұрғыдан өнерге, білімге деген құштарлық тежелуі қажет. Мемлекеттің экономикалық негізі – қолөнер, сауда емес, егін шаруашылығы болуы керек.
Жоғарғы өкіметтің бас міндеті – егін шаруашылығын жетілдіру, базардағы тауарлардың нарқын реттеу, армияны күшейту. Оның ұраны: «Халықтың дәулеті – егін шаруашылығында». Билеушінің үкіметін күшейту үшін табиғи байлыққа мемлекеттің үстемдігін орнату және табысты мемлекеттің қазынасына өткізу шарт.
Сонымен конфуция ілімі шынайы мораль мен көне дәстүрге арқа сүйенсе, легистер әкімшілік тәртіпті бәрінен де жоғары қойды. Конфуция өткенге құрметпен қараса, легистер күшпен келетін билікке тәжім етті.
Достарыңызбен бөлісу: |