№7 Лекция тақырыбы: Тілдің структуралық салалары.
Лекция жоспары:
1. Тілдің структуралық салалары, олардың өзіндік сипаттары, ара қатынасы, жүйенің
анықтылығы мен оның мәні.
3. Жүйе элементтері арасында жүйесіздіктің де болатыны.
Лекцияның мақсаты : Тіл және ойлау, тіл және сана арасындағы, қарым – қатынасты, әр
түрлі көзқарастарды, тілдің жүйелік, құрылымдық сипаттарын түсіндіру.
Лекция мазмұны:
Тілдің жүйелік сипаты оның барлық деңгейінен (фонетикалық, лексикалық,
грамматикалық) көрінеді. Мысалы, фонетикада дауысты дыбыстар жүйесі,
дауыссыз
дыбыстар жүйесі деген тақырыптар бар. Дауыстылардың жуан-жіңішке, еріндік-езулік,
ашық-қысаң болып, жұп-жұбымен және бір-біріне қарама-қарсы қойылып топтасуы тілдің
дыбыстық қабатында белгілі бір жүйе бар екендігінің белгісі. Жүйенің бір элементі өзі тектес
екінші бір элементтің болуын аңғартады. Мысалы, септелудің жүйесі кемінде екі септеудің,
жіктелудің жүйесі кемінде екі жақтың (1,2-жақ) болуын керек етеді. Егер олар бір-бірден
болса, онда олар жүйе құрай алмаған болар еді.
Тілдік құрылым, тілдік жүйе деген терминдер өзара тығыз байланысты. Бірақ олар тепе-
тең емес, өзгешеліктері де бар. Жүйе болу үшін бес шарт керек. 1) Бір заттан ешқандай жүйе
тумайды. Жүйе болу үшін бірнеше зат болу керек. 2) Ол көп заттың бір тектес болуы шарт. 3)
Кез-келген бір тектес көп зат жүйелі бола бермейді. Ол үшін
олар белгілі бір тәртіпке
келтірілген болу керек (жіктік, септік). 4) Тәртіпке келтірілген заттардың элементтері өзара
байланысты шартты қатынаста болуы қажет. 5) Ол элементтер бүтінге тәуелді болуы шарт.
Лингвистикада тілді «жүйелер жүйесі» деп те атайды. Оның себебі тіл бір бүтін жүйе бола
тұра, өз ішінде әр түрлі ірі жүйелерге, ірі жүйелер әр түрлі ұсақ жүйелерге бөлшектеніп кетеді.
Ірі жүйелерге тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жүйелерін жатқызса, ұсақ
жүйелерге осы жүйелердің әр қайсысының ішіне кіретін шағын жүйелер жатқызылады.
Мәселен, жалғаулар өз ішінде төртке бөлінсе, септік жалғаулары: атау, ілік, барыс, табыс,
жатыс, шығыс, көмектес болып жіктеледі.
Тілдегі ірі жүйеге мүше болатындар - әртектес элементтер.
Бұлар бір-бірімен тек
иерархиялық қатынасқа ғана келе алады. Сондықтан
жалпы тілдік жүйеге өзара
иерархиялық қатынаста тұратын әртектес элементтердің жиынтығы деген
анықтама
беруге болады. Ал оның құрамына енетін ұсақ жүйелердің құраушы бөлшектері біртектес
болады, олар бір-бірімен
синтагмалық, парадигмалық қатынаста тұрады.
Тілде жүйе бар деу үшін нені өлшем етіп алу керек? Бұл туралы біраз ғалымдар «бір-
бірімен салыстыруға, біріне-бірін қарсы қоя қарауға
болатын өзара байланыста, шартты
қатынаста тұратын бір тектес элементтер бар жердің бәрінде де жүйе бар» дегенді айтады.
Шындығында да, өз алдына бір топ деп болу үшін өзара теңестіруге, бір-біріне қарсы қоя
қарауға болатын біртектес, бірнеше элементтің болуы шарт. Мысалы,
етістіктің өткен
шағының өз алдына бір топ болып бөлінуі-онда осы шақ пен келер шақтың болуынан. Осыған
байланысты Ф.де Соссюр «Тілде ұқсастықтар мен айырмашылықтардан басқа еш нәрсе жоқ»
дегенде осы сияқты ерекшеліктерді еске алған болу керек.
Белгілі бір тілдік элементтер тобын бір жүйе деп санау үшін, оларда синтагмалық,
парадигмалық, иерархиялық қатынастардың болуын ең негізгі өлшем етіп алуымыз керек.
Сонда тіліміздің дыбыстық, морфемалық, сөздік, сөйлемдік жүйелері өз ішінде және бір-
бірімен синтагматикалық, парадигматикалық және иерархиялық
қатынасқа келулері
арқылы біртұтас тілдік жүйе құрайды.
Сонымен тілдің әрбір қабаты және тілдің өзі өз алдына біртұтас жүйе екен.
Жүйе деп тілдік
элементтердің белгілі бір тәртіппен орналасқан , бір-бірімен тығыз байланыста, шартты
қарым-қатынаста тұратын элементтердің бірлігін айтамыз.
Жүйе мен құрылым бір-бірімен өте тығыз байланыста болғанмен айырмашылығы бар.
Құрылымсыз жүйе болмайды. Жүйе бар жердің бәрінде құрылым бар.
Тілдік жүйе дегеніміз –
тілдік элементтер мен құрылымдардың ретті жиынтығы, ал
құрылым жүйедегі тілдік
элементтер арасындағы қатынастардың жиынтығы. Тілдің жүйесін түсіну үшін тіл
тарихының маңызы зор. Тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды синхрониялық тұрғыдан
да, диахрониялық тұрғыдан да қарастыру қажет.
Тілде жүйеге жатпайтын да жүйесіздіктер болады.
Мысалы, дауыссыз
к, қ, г, ғ дыбыстары
жуан, жіңішке мәнде бір-біріне қарсы қойылады, бірақ дауыссыздардың, басқа түрлерінде
мұндай жүйелілік жоқ. Сондай-ақ зат есімдердің кейбір жіктеліп (адамның, адамсың)
айтылса, басқа түрлеріне жіктік жалғауы (стол, кітап) жалғанбайды.
Достарыңызбен бөлісу: