тіркесі, сөйлем) арқылы болады және ол тілдік заңға, тілдік нормаға бағынады. Тіл мен сөйлеу бір-
бірімен ажырамас бірлікте. Тілсіз сөйлеу жоқ, сөйлеу жоқ жерде тіл де жоқ.
Бірақ бұл екеуінің бірлігі тепе-теңдік, абсолюттік бірлік емес. Тіл дегеннен ондағы бүкіл
дыбыстардың,
грамматикалық формалардың, категориялардың, заңдылықтардың жиынтығын
түсінсек, сөйлеу дегеннен сол тілдік элементтердің қызметке кірісуін,
олардың өзара қарым-
қатынасқа түсуін түсінеміз. Яғни сөйлеу дегеніміз – тілдің қимыл үстіндегі күйі. Бұл жағынан
алғанда, тіл сөйлеуге қажетті өлі материалдардың жиынтығы. Ф.де Соссюрше, тіл – тілдік
материалдардың
қоймасы болса, сөйлеу – сол материалдардың жанданып іске қосылуы. Яғни
адамдар сөйлеу кезінде тілді қатынас айналымына түсіреді.
Тілдік материалдар да, тілдік заңдар мен нормалар да жалпы халықтық, қоғамдық. Ал сөйлесу –
индивидуалдық. Бірақ ол (сөйлесу) тілдік материалдарға, тілдік нормаларға тәуелді: соларға
бағынады, соларды сақтайды. Соған қарамастан сөйлеу – тілдің, тілдік норманың жаны, тіршілігі.
Сөйлесу болмаса, тіл өледі. Өйткені тіл, тілдік
норма қоғамдық бола тұра, ол жеке адамдардың
(индивидуумдардың) сөздері, сөйлеулері арқылы көрініп, өмір сүреді.
Тілде бар нәрсенің бәрі сөйлеуде бола беруі мүмкін. Алайда сөйлеуде болғанның бәрі тілде бола
бермейді. Сөйлеу кезінде сөздер тілде қалыптасқан үйреншікті тура мағынасында қолданылмай, тек
мәтін арқылы ғана түсінуге болатын ауыс, келтірінді мағыналарда қолданыла береді. Мысалы, Абай
өлеңдерінде кездесетін “көңілдің жайлауы”, “жүректің саусағы” дегендерді алалық. Тілде
көңіл,
жайлау, жүрек, саусақ деген сөздер де, олардың мағыналары да бар. Ал жоғарғы тіркестер мен
олардың мағыналары тілде жоқ. Олар – тек сөйлеу (жазу) процесінде ғана туған нәрселер.
Тілге «мынасы жақсы, мынасы жаман; мынасы нормаға жатады, мынасы жатпайды; мынау керек,
мынау керек емес», - деген сөздерді қолдануға болмайды. Тілдегінің барлығы да керек, барлығы да
нормалы. Керексіз нәрсе онда болмайды. Керексізі де/керектісі де, жаманы да/жақсысы да,
нормасызы да/нормалысы да – сөйлеуде (жазуда) кездеседі. Себебі сөйлеуші тілдегі барды, дұрысты
әруақыт орынды қолдана бермейді; сөйтеді де, ол тіл шұбарлылығын, нормасыздықты туғызады.
Тіл мен сөйлеудің бір-бірінен өзгешеліктері де осында.
Тіл
мен сөйлеудің бір еместігін, бұлардың арасында айырма барлығын В.Гумбольдт,
Г.Штейнталь, Г.Шухардт сияқты ғалымдар да айтқан. Бірақ тіл мен сөйлеуді екі бөлек мәселе етіп
қараудың қажет екенін ғылыми тұрғыдан алғаш дәлелдеп берген ғалым – Ф.де Соссюр.
Ф.де Соссюр тіл білімін
тіл лингвистикасы, сөйлеу лингвистикасы деп екі салаға бөледі де,
мұның алғашқысы – негізгі; оның нысаны – тіл, ол - әлеуметтік құбылыс. Соңғысы – көмекші нәрсе;
оның нысаны – сөйлеу әрекеті. Сөйлеу – индивидуалдық құбылыс. Бұл екеуі өзара тығыз
байланысты: тіл – сөйлеу түсінікті болу үшін қажет, ал сөйлеу – тілдің қалыптасуы, қажетке жарауы
үшін қажет, - деп біледі.
Ф.де Соссюрдің сөйлеуді таза индивидуалдық құбылыс деуі онша қисынды емес. Егер сөйлеуде
тек индивидуалдық қана сипат болса, адамдардың бір-бірін түсінуі мүмкін болмаған болар еді. Онда
индивидуалдықпен бірге қоғамдық сипат та бар. Тіптен онда қоғамдық сипаттың ролі басым.
Өйткені сөйлеудің әлеуметтік негізге құралатынын, әлеуметтік материалды (тілді) пайдаланатынын
естен шығаруға болмайды. Тілдегідей жүйе мен норма сөйлеуде де болады. Сөйлеудегі өзгешелік –
қоғам мүшелерінің бәріне ортақ тілдік нормадан ауытқушылықтың болатындығында. Олай болса,
сөйлеудің индивидуалдық сипаты дегенді жеке адамдардың сөйлеу (жазу) процесінде кездесетін
жалпы нормадан ауытқуы деп түсінген жөн.
Сонымен, тіл мен сөйлеудің бір-бірінен өзгешеліктері мыналар:
1.
Сөйлеу – негізінен индивидуалдық (психикалық) және әлеуметтік (қоғамдық) құбылыс, ал
тіл- тек әлеуметтік, жалпы құбылыс.
2.
Сөйлеу – құбылмалы, өзгерімпаз; ал тіл – тұрақты (Бұл жерде сөйлеудің құбылмалылығын
тілдің дамуымен шатастырмаған жөн.
3.
Сөйлеу өзі қызмет еткен қоғамдық ортадағы барлық мәнбірлердің (факторлардың) әсеріне
ұшырайды. Ал тіл мұндай әсерден өзінің нормасы, жүйесі арқылы қорғанады.
4.
Тіл лингвистикалық заңдылыққа бағынады, ал сөйлеу кейде ол заңдылықты бұзады. Мыс.:
келемін>келем, келіп>кеп т.б.
5.
Тіл – негізгі ұғым; ол – қоғам мүлкі. Жеке адам тілі деген жоқ. Ал сөйлеу – жеке адам мен
қоғамға тәуелді, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: