қабаттарында да
тек сандық құбылыстар, түрленістер болды. Сөйтіп, бірте-бірте кейін болатын
өзгеріске, эволюцияға әзірлік жасалады. Ал, эволюция, өзгеріс диахронияға тән қасиет. Ол — тілдің
синхрондық күйіндегі қозғалыстардан келіп туады, соның жоғарғы сатысы,
аяқталуы болып
есептеледі. Мұндағы өзгеріс тілдің құрылымына әсерін тигізеді.
"Өзгеру процесі дегеніміз", - деп жазады "Общее языкознание" атты еңбектің авторлары, - бір
элементтің екінші бір элементі ығыстырып шығаруынан, соның орнын басуынан бастап, белгілі бір
тұлғаның бірте-бірте материалдық, функциялық немесе семантикалық өзгеріске ұшырауына дейінгі
процесі. Ал, қозғалыс, түрленіс (варирование) дегеніміз — қатар өмір сүру, белгілі бір
ұқсастықтарына қарай бірігетін гетерохрондық немесе гетерогендік туындылардың, тұлғалардың,
конкуренциялық процесі".
Синхрондық зерттеу тілдің белгілі бір ғана дәуір ішіндегі жүйесін, құрылым сипатын баяндайды.
Бірақ соларды баяндау үстінде, қажетті жерінде, элементтердің, амал-тәсілдердің тарихына да көз
жіберу қажеттігі тумай қоймайды. Диахрондық зерттеуде тілдің белгілі бір мезгілдегі жүйе
элементтері екінші бір кезендегі жүйе элементтерімен салыстырылады. Бұл — диахрондық әдістің
синхронияны қажет ететін жері де барлығын көрсетеді.
Сөйтіп, тілдің синхрондық және диахрондық зерттеу әдістерін бір-біріне байланыссыз, бірін-бірі
жоққа шығаратын екі бөлек тәсіл деп санауға болмайды. Бұл екеуі — өзара тығыз байланысты, бірін
екіншісі айқындай, толықтыра түсетін тілдік құбылыстың біртұтас даму процесінің екі түрлі кезеңі,
сатысы.
Өзгеріске ұшырамайтын, бір қалыпта қалып қоятын тіл болмайды. Тіл атаулының
барлығы да сөздік құрамы жағынан болсын, грамматикалық және фонетикалық құрылымдары
жағынан болсын, заман
өткен сайын өзгеріске ұшырап, дамып отырады. Тілде болатын өзгеріс-
құбылыстар алуан түрлі, бірақ солардың барлығы бірдей тілдің дамуы деген ұғымға жата бермейді.
Тілдің дамуы деп оның лексикалық құрылымының жаңа атаулармен, жаңа ұғым көрсеткіштерімен
толығып, жетілуін, сөйтіп, тілдің икемділік, орамдылық қасиетінің артуын айтады.
Достарыңызбен бөлісу: