7. -ымды (-імді, -мды, -мді). Бұл - бастапқы -ым және -ды компоненттерінен туған құранды жұрнақ. Оның құрамындағы -ым және -ды компоненттері бірде бөлшектеніп сараланса, бірде іштей жеке-жеке бөлуді көтермеді. -ымды (-імді…) жұрнағы етістіктерге жалғанып, өзі қосылатын сөзінің мағынасына байланысты қатыстық сын есім жасайды. Мысалы: жағымды, ұтымды, ұнамды, орамды, үйлесімді, тартымды, қонымды, шыдамды, ұстамды, жарасымды т. б.
8. -улы, -улі.Әуелгі -у және -лы қосымшаларынан құралған күрделі -улы (-улі) жұрнағы етістіктерге жалғанып, олардың мағынасына байланысты заттың белгілі бір қалпын, көрінісін, жағдайын білдіретін туынды сын есім жасайды. Мысалы: жинаулы, ерттеулі, жиюлы, оюлы, үюлі, түрулі, санаулы, бүктеулі т.б
9. -қақ, -кек, -ғақ, -гекжұрнақтары әрі зат есім, әрі сын есім тудыратын омонимдес қосымшалар болғанымен, бұлардың зат есімнен гөрі сын есім тудыру қабілеті басым. Өйткені бұл жұрнақтар қосылған формалардың көпшілігі сын есім есебінде жұмсалады, оның бер жағында, етістіктерден бұл қосымшалар арқылы туатын сын есімдер, өзінің негігзі (түбірінің) лексикалық мағыналарына орай адамның кейбір мінез-құлқының, табиғаттың кейбір көріністерінің бейне-сипаттарын білдіреді. Мысалы: асқақ, тоңғақ, жабысқақ, оңғақ, тайғақ, майысқақ, қатқақ, ұрысқақ, т. б.
10. -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пежұрнақтары етістіктен зат есім тудыру жағынан қандай өнімді болса, сын есім тудыру жағынан да сондайлықты қабілетті. Оның бұл ерекшелігі осы жұрнақтың, жоғарыда айтылғандай, зат есімге де, сын есімге де ортақ (омонимдес) қосымша болуына байланысты. Сондай-ақ, бұл жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздердің әрі зат есім, әрі сын есім қызметін атқаруы да оның (қосымшаның) осы ерекшелігіне тікелей қатысы бар құбылыс екені күмәнсыз. -ма (-ме…) жұрнағы арқылы жасалған сын есімдер тікелей өздері туған негіздерінің (түбірлерінің) лексикалық мағыналарына байланысты сындық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: қызба (адам), бөспе (сөз), бояма (мінез), жалдама (ақы), қынама (бел), жайылма (сөйлем), құрама (нәрсе), сырма (пенжек), аспа (шам), көшпе (құм) т. б.