25
4. Қылмыс құрамының элементтерi мен белгiлерi. Заң әдебиеттерінде
қылмыстық құқық бұзушылықтың әрбір құрамында оның келесі міндетті төрт
элементі: объектісі,
объективтік жағы, субъектісі және субъективтік жағы
болады деп көрсетілген.
Қылмыс объектісі дегеніміз қылмыстық заңмен қорғалатын және
қылмыстық құқық бұзушылықтан зиян шегетін қоғамдық қатынастар.
Адамның мінез-құлқының сыртқы көрінісін
сипаттайтын белгілердің
жиынтығы қылмыстың объективтік жағын құрайды. Мұндай белгілерге
адамның қоғамға қауіпті ә
рекеті (белсенді мінез-құлқы)
немесе әрекетсіздігі
(енжар мінез-құлқы) жатады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптеген
құрамдарының объективтік жағы қылмыстық әрекеттен немесе әрекетсіздіктен
басқа қылмыстық салдарды, (қылмыстың зардабын) онымен құқық бұзушының
әрекеті арасындағы себепті байланысты да қамтиды. Бұл аталған белгілерден
басқа, объективтік жаққа — қылмыстың жасалу жағдайы, уақыты, орны, тәсілі,
және оны жасау қаруы мен
құралы да жатады.
Қылмыс субъектісі дегеніміз қылмыс жасаған және бойында қылмыстық
заңда көзделген белгілер бар жеке тұлға. Ол белгілерге оның есінің дұрыстығы,
белгілі бір жасқа жеткендiгi, ал кейбір жағдайларда, арнайы белгілер де (қызмет
жағдайы, мамандығы, кәсібі т.б.) жатады.
Қылмыстың субъективтік жағы адам мінез-құлкының ішкі,
психикалық
кейпін сипаттайтын белгілер жиынтығынан құралады. Мұндай белгілерге кінә,
қылмыс жасаудағы ниет (себеп) пен мақсат жатады.
Теория жүзінде қылмыс құрамының негізгі (міндетті, жалпы, қажетті)
және арнаулы (факультативтік, қосымша) белгілері
бөлініп көрсетілген. Негізгі
белгілер — әрбір қылмыстық құрамда болатын белгілер, олардың ең
болмағанда біреуінің болмауы қылмыстық кұрамның жоқ екендігін көрсетеді.
Қылмыс кұрамының арнаулы белгілері дегеніміз
заң шығарушы негізгі
белгілерге қосымша ретінде қылмыстың кейбір жеке құрамдарын
құрастырғанда пайдаланатын белгілер.
Достарыңызбен бөлісу: