37. 1945-1960 жылдардағы әдеби даму. Қазақ поэзиясының дамуы. (Т. Жароков, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ғ.Орманов, Қ.Бекхожин т.б) Отызыншы жылдар ішінде біздің елімізде іске асқан қоғамдық-экономикалық өзгерістер қазақ поэзиясының дамуында жаңа дәуір туғызды. Поэзияның тақырыптары да, қаһармандары да жаңарып, жанрдың ішкі мүмкіншіліктері кеңейіп өсті. Сөйтіп, поэзия жаңа көркемдік-стильдік ерекшеліктерге ие бола бастады. Мұның өзі поэзияның өмірге батыл араласып, қоғамдық өзгерістерге жедел үн қосып отыруымен байланысты еді. Бұл жылдардағы поэзияның ең көрнекті тақырыптарының бірі – индустрияландыру тақырыбы болды. Ел ішінде салынып жатқан өндіріс орындары, темір жол құрылыстары, осы жолдағы табыстар мен қызу еңбек – алдымен ұшқыр өлеңнің назарына ілікті. Қазақ ақындары бұл тақырыпқа арнап көптеген өлең, поэмалар жазды. Өндіріс тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдердің идеялық мәні бесжылдық жоспарды төрт жылда орындауға шақырып, қалың бұқараны творчестволық еңбекке жігерлендіруге үгіттеумен байланысты болды. C.Сейфулиннің «Қалаушылар жыры», «Тоқу фабригінде», І.Жансүгіровтің «Алтын қазан», «Екпін күйі», С.Мұқановтың «Қарағанды», «Конвейер», Қ.Әбдіқадыровтың «Екпін», А.Тоқмағамбетовтың «Түрксиб түйіскенде», Т.Жароковтың «Бесжылдықтың бағасы», Ғ.Ормановтың «Шеңбер», «Мыс қала», Ә.Тәжібаевтың «Айнабұлақ».
Т.Жароков. Қазақ поэзиясының даму жолында белгілі асу болған отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдарда Тайыр Жароков туындыларының орны ерекше. Алғашқы өлеңдері мен соған жалғаса туған поэмалары сол кездегі ел өміріндегі ұлы өзгерістердің айнасы болды.
Миллион толқын,
Толқын миллион
Толқындата қимылда!
Солқылдата соғылсын,
Бесжылдықтың балғасы.
«Миллион толқын» сол кездегі құрылыстардың ұлы дүбірі болса, «Күн тіл қатты» атты поэмасы совет халқының асқан ерлігінің гимні болатын.
Алғаш өлеңдер жинағы «Жұлдыз жарығы» деген атпен (1932) басылып шықты. Кітаптары: «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын».
Әбділда Тәжібаев (1909-1998) - көрнекті ақын, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады. Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрған. 1930-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалаған.