35. Ғ. Мұстафин шығармашылығы. «Шығанақ» романы. Шығанақ бейнесі, оның характерінің ұлттық сипаты
Қаламгер туындылары ерекше қуат-жігерге, қуанышқа толы. Мұстафин Ғабиден қаһармандары – өз еңбектерімен тарихи табыстарға жеткен жандар. Олар аға буынның қажырлы рухын, биік мақсаты мен арманын, мағыналы ғұмырын паш етеді. Жомарт, Жанат, Алма секілді жастардың халық алдындағы перзенттік, азаматтық парызды ақтау талабынан туған ізденісі мен махаббатты қастер тұтатын қасиеті – қазіргі ұрпақтың рухани тәрбиесінде жәрдемі болары сөзсіз. Мұстафин Ғабиден шығармаларының елеулі ерекшелігі оның өзіндік стилінде. Ол сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды, ұтымды. Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады. Әдеби-сын мақалаларында елдің, ұлттың жайын қозғап, әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, дамуы турасындағы тың ой-тұжырымдарын жазды.
Жазушының жамағатшылыққа кеңінен танылған алғашқы қомақты туындысы «Шығанақ» романы (1945). Бұл - нақтылы өмір кешкен, кезіндегі тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған дихан ата Шығанақ Берсиев өміріне негізделген шығарма. Көркемдік жинақтау заңдылықтарына берік сүйенген қаламгер бұл туындысында тарихи адамның бастан кешкендерін нанымды ашып, елеулі тұлға етіп шығарған. Шығанақ - қазақ әдебиетінде неғұрлым сенімді ашылып, толыққанды жасалған замандас бейнесінің бірі. Шығарма жазылған тұста жаңа адам тұлғасын сомдаудың шешімін таппаған көркемдік принциптік мәселелері де аз емес еді. Мәселен, қаһарман бойындағы ұнамды сипаттарды айтуға күдік болмағанымен, көлеңкелі көріністерді алудың «даулы» жақтары кездесетін. Атышулы «Тартыссыздық теориясы» адамдар арасындағы қайшылықтар мен күрестерді табиғи, өткір қалпында көрсетуді шындықтың шырайын бұзғандық деп «үкім» айтатын. Өмір материалын жан-жақты зерттеу, қаһарман сырларына еңбегімен, табандылығымен, мақсаттылығымен дегеніне жетіп, диханшылықтың құдіретін танытқан қарапайым адамның ұлылығын, рухани әлемін «таныс, бейтаныс» етіп алуға мүмкіндік берген.
Романның басты кейіпкері Шығанақ – атақты диқаншы, тары өсірудің әйгілі шебері, ауыл шаруашылығының озат адамы. Жазушы Шығанақ бейнесін жасауда ешқандай жалған әсірелеуге бармайды. Романдағы Шығанақ – халықтың диқаншылық кәсібін бойына мол сіңірген тәжірибелі адам. Оқымаған, сауатсыз адамның егіншілік жайына келгенде кеудесі сара, білетіні көп.
Достарыңызбен бөлісу: |