Структурализм және оның лингвистикалық басымшылықтары
Структурализм ХХ ғасыр Батыс философиясындағы басты ағым ретінде. Структурализм және семиотика пәнаралық ғылыми бағыттар ретінде. Мәтіннің структуралистік түсінігі. Структурализм генезисі. Структуралық лингвистика ХХ ғасырдың философиялық-теориялық парадигмасының қайнар көзі ретінде. Фердинанд де Соссюр және оның «Жалпы лингвистика курсы». Орыс формалдық мектебі. Прага линвистикалық үйірмесі. Француз структурализмі. М. Фуко және оның билік пен білім контаминациясы мәселесі. Сэпир және Уорфтың лингвистикалық қатыстылық теориясы. Мәскеу және Тартустық семиотика мектебі.
Тіл – заттай объектілерден мүлдем басқа дүние. Ол өздігінен білінбей, басқалар арқылы, яғни дыбыстар, жазулар және де өзге белгілер арқылы көрініс табады. Демек, тілдің болмыстан бөлек шындығы бар болар?! Осы тұрғысынан тіл мәселесіне ден қоя зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі – Ф. де Соссюр өзінің “Жалпы лингвистика курсы” (“Курс общей лингвистики”) деген кітабында: “Түп мәнінде, тілде барлығы да психикалық сипатта, тіпті, оның материалдық және механикалық көріністеріне дейін психикалық сипатқа ие...”, - дейді [121, 7б.]. Ф. де Соссюр лингвистикасында тіл (“тұлғадан тысқары тұрған әлеуметтік зат”) жеке адамның сөйлеу актіне қарсы қойылған. Осы бір методологиялық қарсы қою Р. Якобсонда да бар. Ол туралы біз алдағы тарауларда кеңірек тоқталатын боламыз.
Жалпы, қазіргі батыс философиясындағы жаңа парадигма – лингвистикалық парадигма екендігі кімге де болса аян нәрсе. ХХ-ХХІ ғғ. философиялық мектептерінің көбі тілмен байланысты мәселелерді өз шығармашылықтарына негіз етіп, алға қояды. Тіл тақырыбы өз алдына көптеген кешенді мәселелер легін бірге ала жүреді. Ол белгі, мән-мағына, ұғыну, талдау, аудару және т.с.с. мәселелер. Мәдениет адам қолымен жасалған заттық артефактілер әлемі ғана емес, ол – сол қолдан жасалған заттарға берілген мән-мағына әлемі де. Адам ақыл-парасатының, зердесінің патшалығы болып табылатын мән-мағына әлемі – шексіз әлем. Нәтижесінде, мәдениеттің өзі де шексіздікке құлаш ұрған құрылым.
Біз әлденеге анықтама бергенімізде алдын ала оның мағынасын түсінетіндігімізді танытамыз. Берілген анықтамада бірнешеме ұғымдар кездеседі, оларды анықтау тағы да келесі бірнешеме ұғымдарға кезіктіреді... Осылайша, шексіздікке бет аламыз... Сондықтан анықтама берушіден анықтамасында кезігетін әрбір терминді түп-тұқиянына дейін анықтап беруді талап ету – абсурд. Ал мән, мағына сияқты жалпылауыш дерексіз ұғымдарға анықтама беру – қиынның қиыны. Мағына белгінің құрылымында болғанымен, өзінің актуализациясын тек субъектен, оның санасынан табады.
Мән – тәнсіз мағына, оның бекітілген даяр аты жоқ. Мән – айтылғанның, баяндалғанның, нарративтің одан айнымайтын ұқсасы, егізі. Айтылған сөз үнемі, қашан да мәнді болады, бірақ оның мағынасы түрлі болуы мүмкін. Мәннің түптің түбінде барар жері нонсенс – мәнсіздік. Міне, осындай парадокс та бар.
Достарыңызбен бөлісу: |