6.3. Аудиторлық бақылау (қаржылық аудит)
Рыноктық қатынастардың қалыптасуы жағдайында қаржылық бақылауды жетілдірудің аса маңызды бағыттарының бірі аудиторлық қаржылық бақылауды дамыту болып табылады, бұл мемлекеттік емес шаруашылық органдар санының көбеюімен және тиісінше қаржы, бақылау, есеп санында қызметтің сан алуан түрлерінің өсуімен байланысты болып отыр.
Аудиторлық бақылау (аудит) – бұл кәсіпкерлік қызмет түрлерінің бірі – тәуелсіз аудиторлық ұйым мен кәсіпорын, компания, банк, сақтық компаниясы иесінің (меншіктенушінің) жасасқан келісімшарт (контракт) негізінде қаржылық-шаруашылықтық қызметінің жай-күйін тексеру. Оны біліктілік комиссиясы аттестаттаған «аудитор біліктілігінің берілуі» туралы куәлік алған жеке тұлға да, сондай-ақ акционерлік қоғамды, өндірістік кооператив пен мемлекеттік кәсіпорынды қоспағанда, аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық аудиторлық ұйым да жүргізе алады.
Аудиторлық тексерулердің нәтижелерін пайдаланушылар − шаруашылық жүргізуші субъекті қызметінің қорытындыларына мүдделі тұлғалар: мемлекеттік салық және өзге уәкілетті органдар, шаруашылық субъектінің меншіктенушілері, кредиторлар, инвесторлар және мұндай ақпарат алуға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес құқығы бар басқа тұлғалар.
Аудиторлық бақылаудың (аудиттің) негізгі мақсаты – шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық-шаруашылықтық қызметінің жай-күйін тексеру, бухгалтерлік қаржылық есебінің дұрыстығын белгілеу, олардың ақпараттық жүйелерінің сенімділігін бағалау. Аудиторлық жұмыста талдамалық және сараптамалық болжам қызметіне үлкен мән беріледі, ол тапсырыс берушілерге өздерінің іскерлік саясатының тиімді стратегиясы мен тактикасын жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде тәуелсіз қаржылық бақылау аудиторлық институт нысанында дамып, рыноктық экономиканың ажырағысыз бөлігі болып отыр.
Қазақстан Республикасында «Аудиторлық қызмет туралы» заң жұмыс істейді, ол аудиторлық қызметті жүзеге асыру үдерісінде мемлекеттік органдар, заңи және жеке тұлғалар, аудиторлар, аудиторлық ұйымдар және кәсіпқой аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді.
Аудиторлық қызмет – бұл қаржылық есептеме мен басқа ақпарат аудитін жүргізу және қызмет бейіні бойынша өзге қызметтер ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызмет. Аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа өз қызметінің бейіні бойынша қызметтерді көрсете алады.
Аудиторлық қызметтің негізгі қағидаттарына мыналар жатады: тәуелсіздік; объективтілік; кәсіби біліктілік; құпиялылық; адалдық; ұйымдардың стандарттарын және Әдеп кодексін* сақтау; аудиторлық қызметтің халықаралық аудиторлық практикасына сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін өзге қағидаттар.
Аудит – Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес аудиторлардың (аудиторлық фирмалардың) келісімшарт негізінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік (қаржылық) есептемесін, төлем-есеп айырысу құжаттамаларын, салық мағлұмдамаларын және басқа қаржылық міндеттемелерін ведомстводан тыс тәуелсіз тексерулерді жүзеге асыру жөніндегі кәсіпкерлік қызмет түрі.
Аудит Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін, Қазақстан Республикасында оларды ресми жариялауға Бухгалтерлердің халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөніндегі комитетінің жазбаша рұқсаты бар ұйымдар мемлекеттік тілде және орыс тілінде жарияланған халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Аудиттің түрлері міндетті аудит және бастамашылық аудит болып ажыратылады.
Міндетті аудит Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі. Міндетті жыл сайынғы аудитке мыналар жатады: банктер, кредиттік серіктестіктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және бағалы қағаздар рыногында қызмет істейтін ұйымдар, сақтық ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар, шетел қатысатын кәсіпорындар, ашық халықтық қоғамдар. Аудит міндетті болып табылатын және жылдық қаржылық есептемені мерзімді баспа басылымдарында жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептемемен бірге аудиторлық есепті де жариялауға міндетті.
Бастамашылық аудит аудиттелетін субъектінің не оған қатысушының бастамасы бойынша бастамашы мен аудиторлық ұйымының арасында аудит жүргізуге жасалған келісімшартта көзделген нақтылы міндеттері, мерзімі мен көлемі ескеріле отырып жүргізіледі.
Аудит сыртқы және ішкі болуы мүмкін. Сыртқы аудит – аудиттің тәуелсіз нысаны, ішкі аудит – шаруашылық жүргізуші субъектін бақылаудың ведомстволық немесе ішкі нысаны, кәсіпорынның, компанияның, фирманың ішкі бақылау жүйесінің ажырағысыз бөлігі. Ішкі аудит шаруашылық жүргізуші субъектінің тілегі бойынша және шартымен жасалады. Ішкі аудиттің объекті қаржылық, өндірістік, жабдықтау қызметі және қызметтің басқа түрлері болуы мүмкін. Бұған қолда барды және барлық бухгалтерлік құжаттардың дұрыс ресімделуін тексеріс, директивалар мен бұйрықтарды орындаудың әкімшілік тәртібін тексеру, тауар-материалдық құндылықтарды түгелдеуді ұйымдастыру, тауар-шаруашылықтық операцияларды бақылау және т.б. кіреді.
Аудиттің экономикалық мәні кәсіпорындардың, компаниялардың, фирмалардың сан алуан ұйымдық-құқықтық нысандарының іс-әрекеті кезінде меншік құқығы мен оны билеу құқығын бөлуде болады. Сондықтан фирманың жай-күйі туралы объективті ақпарат беретін тәуелсіз ұйымдар меншігінің тұрақты мониторингінің қажеті пайда болды. Операцияларды жүзеге асыру кезінде өтімділік, кредиттік, валюталық және басқа тәуекелдердің ықтималдығы жоғары болып келетін акционерлік капиталдың жұмыс істеуі кезінде, банк сферасында, сенімгерлік қорларда және рыноктық ортада құн қозғалысының басқа нысандарында өте көкейкесті қажеттік.
Аудит мынадай дәйекті стадиялар бойынша жүргізіледі:
1) жоспарлау (тараптардың іс-қимылын іштей жүйелеу);
2) аудитор объекті туралы ақпарат алу және оны бағалау;
3) аудитор рәсімін жасау және бағдарламаны әзірлеу;
4) бақылау жүйелерін тексеру және оның тесттері;
5) аудит рәсімін жүргізу;
6) аудиторлық қорытындыны қалыптастыру.
Аудитор – бұл аудиторлық фирма қызметкері; компаниялардың қаржылық-шаруашылықтық қызметінің жай-күйін компания басшылығымен жасасылған өзара келісімшарт негізінде және компания қызметінің қадағалаушы мемлекеттік органдардың арнаулы рұқсаты (өкілеттігі) бойынша тексеретін жеке тұлға. Аудитор аудиторлық қызметті бір аудиторлық ұйымның құрамында ғана жүзеге асырады. Ол бір аудиторлық ұйымға ғана қатысушы бола алады. Аудитордың атқарымына тек бақылау ғана емес, сонымен бірге консультация беру де кіреді.
Аудиторлар мен аудиторлық фирмалар өзінің қызметін жүзеге асыру кезінде заңнамалық және өзге нормативтік актілерді басшылыққа алады;
А
удиторлық тексерулерді жүргізген кезде және қорытындыны жасағанда тексерілген шаруашылық субъектіне, сондай ақ кез келген үшінші тарапқа тәуелді емес.
Аудитордың міндеттері мемлекеттік бақылаудың міндеттерімен ұқсас: тексерілетін ақпараттың, жасалынған шаруашылықтық операциялардың қолданыстағы заңға сәйкестігін анықтау.
Аудиторлық ұйым – аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық ұйым. Ол жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
Шетелдік аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті тиісті аудиторлық ұйымдарды – Қазақстан Республикасы резиденттерін құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
Аккредиттелген кәсіпқой аудиторлық ұйым – аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың өзін-өзі реттейтін бірлестігі болып табылатын коммерциялық ұйым. Кәсіби ұйымның аккредиттелуі уәкілетті орган бекіткен нысандағы аккредиттеу туралы куәлікпен расталады. Аккредиттелген куәліктің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші бар.
Аудиторлық рәсімдерді тікелей жүргізу стадиясында негізгі рәсімдер бөліп көрсетіледі, олар есептік деректердің толықтығы, дұрыстығы және растығы, сондай ақ есептемеде қамтылған бағалаулар мен ақпараттың объективтілігі бойынша тура дәлелдемелер береді.
Аудиторлық қызметтің нәтижесі қорытынды болып табылады, ол аудитор куәләндырған құқықтық маңызы бар ресми құжат, шаруашылық жүргізуші субъектінің бухгалтерлік есептерінің, баланстарының және басқа құжаттардың бухгалтерлік есептің жүргізілуіне және есепті жасауға қойылатын талаптарға сәйкестігі ткралы толық ақпартты қамтиды.
Аудиторлық есеп жүргізілген аудиттің нәтижелері бойынша құрылады және заң мен аудит стандарттарының талаптарына сәйкес болуы тиіс. Аудиторлық есеп заңнаманың талаптарына сәйкес аудиттелген субъектінің қаржылық есептемесі мен басқадай ақпараттың жасалғандығы туралы аудитордың және (немесе) әріптестің және аудиторлық ұйымның тәуелсіз пікірін қамтиды.
Тексерілген объектінің қаржылық жағдайы туралы қорытынды заңмен белгіленген тәртіппен ресми баланспен және қаржы-шаруашылықтық қызметі туралы есеппен бірге оның қызметі туралы есебі ретінде жарияланады. Аудиторға берілетін мәліметтер мен құжаттаманың дұрыстығы үшін жауапкершілік шаруашылық жүргізуші субъектінің басшылығына жатады.
Аудиторлық фирмалар бір мезгілде консультациялық функциялар орындай алады. Аудиторлық фирмалар консультациялық қызметтері шаруашылық жүргізуші субъектілердің резервтерін анықтауға, коммерциялық және қаржылық қызмет мәселелері бойынша көмек көрсетуге, бухгалтерлік есептің, қаржылық жоспарлаудың қойылуына, тиімді жұмыс жолдарын іздестіруге бағытталған.
Аудиторлық фирмалар әдетте акционерлік қоғамдардың, компаниялардың (банктердің, сақтық компаниялардың) қызметін бақылайтын мемлекеттік органдардан немесе басқа органдардан арнаулы рұқсат алады.
Аудиторлар мен аудиторлық фирмалар мемлекеттік органдардың тапсырмасы бойынша ақылы аудиторлық тексерулер жүргізе алады. Аудиторлық қызмет мемлекеттік органдар сенім берген арнайы уәкілеттіктер тарапынан заңнамаға сәйкес шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін бақылауды жүзеге асыруды жоққа шығармайды.
Достарыңызбен бөлісу: |