«Ұлттық ДӘСТҮР – Қазіргі қазақ руханиятының Өзегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы



Pdf көрінісі
бет33/37
Дата29.02.2024
өлшемі1.26 Mb.
#493209
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37
ғylymi-maqalalar-20.06.2022-3

ӘОЖ 373(092) 
 
МАҢҒЫСТАУ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ 
ТӘРБИЕ КӨРІНІСІ 
 
Сапарбайқызы Ш. 
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг 
университеті, Ақтау қ., Қазақстан 
Мақала ҚР БҒМ грантымен қаржыландырылатын «AP08856996 Маңғыстау 
аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер, 
эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» ғылыми жобасы аясында жазылды. 
Аңдатпа. Мақалада бүгінгі ұрпақ тәрбиелеуде жеткілікті көңіл аударылмай келе 
жатырған ақын-жыраулар шығармаларындағы ұлттық дүниетаным идеялары, ар-намыс, 
салт-дәстүр, имандылық, рухани жетілу мәселелері қарастырылады. Әсіресе, автор 
Маңғыстау өңіріндегі белгілі жыраулық мектеп өкілдерінің шығармаларында кездесетін 
діни таным мәселесіне, адами, кісілік қасиеттеріне, әлем, болмыс, тіршілік туралы ой 
тұжырымдарына тоқталады.
Түйін сөздер: Рухани мұра, жырау, жыраулық мектеп, діни сауаттылық, тәрбие, 
ұлттық менталитет. 
Соңғы кезеңге дейін қазақ халқының дүниетанымдық идеялары, рухани мәдениеті, 
педагогикалық көзқарастары, тәрбие мен білім беру тарихындағы орны біржақты 
пайымдалып, жеткіліксіз бағаланып келді. Осы олқылықтардың орнын толтыруда біраз 
еңбектер жасалғаны сөзсіз. Дегенмен бүгінгі қоғам алдында ұлттық мәдени, тарихи, 
педагогикалық мұраларымызды одан әрі сын көзбен зерделеп, шығармашылықпен 
пайдалану міндеттері өзекті мәселе ретінде тұр. Қазақ этнопедагогикасының негізгі рухани 
тамырын көшпелі болмысымыз бен арғы замандағы түркілік көне жазба ескерткіштерден, 
шежіре-жылнамалардан, ақын-жыраулар поэзиясынан іздейтініміз аян.
Осы орайда ауыз әдебиетімізді жасаушылар да, оны қастерлеп жадында сақтап
ұрпақ тәрбиесінде тәрбие құралы ретінде жұмсаушылар да ақын-жыраулар болғаны сөзсіз. 
Әсіресе тіл мен тәрбиенің сабақтастығын, тілдік мәтіндегі белгілі бір ұлттық менталитетті 
танытатын білім қорын, этномәдени белгілердің 
реңкін ақын-жыраулардың 
шығармаларынан табамыз. С.Қалиев «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен 
тарихы» (1) атты еңбегінде «...ақын, жыраулар толғауларының мазмұнына ой жүгіртсек, 
онда дидактикалық ақыл, өсиет-өнегенің тұнып тұрғанын көреміз. Ақыл-ойға, терең 
тәлімге құрылған поэзиялық сөз маржанынан ұлттың ойлау ерекшелігін, мәдени мұраның 
өзіндік сипатын айқын танимыз» дей келіп, жыраулар поэзиясының басты проблемасы – 
адам, ал олардың философиялық танымы – ата-мекен, ел-жұрт, ерлік, ар-намыс, тіл яғни сөз 
өнері екенін баса көрсетеді. Сондай-ақ, этнолингвист ғалым Ж.Манкеева «...әр халықтың 
басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір 
тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы т.б. 
қазақ тілінде сақталып, тілдік мәтін арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады...» Яғни 
«ұлт пен тіл біртұтас» деген қағиданы ұсынады (2).
Шынында да, сөз бен сөйлеу құралы тілді, ұлт жанының өзегі ретінде алып қарайтын 
болсақ, этностың ерекше танымы арқылы жинақталған психикалық қуаты мен сана 
сезімінің, арман-қиялының даму факторын көруге болады. 
Өткен ғасырлардан кейінгі жазба әдебиетке жалғасқан жыраулық мектеп өкілдерінің 
қалыптасқан өңірінің бірі - Маңғыстау. Соңғы уақытта осы өңірден шыққан ақын-
жыраулардың өмірі мен шығармашылығы, әдеби-мәдени мұралары жинақталып, тілдік 
тұрғыда зерттелгенімен, тәлім- тәрбиелік идеялары арнайы зерттелген жоқ. 


112 
XVIII ғасыр жыраулық поэзиясының өкілі болып саналатын Абыл жыраудан бастап, 
XX ғасырдың орталарына дейін өз бабаларынан мұра боп жеткен жыраулық дәстүрдің 
жалауын жалғап кеткен Сәттіғұл Жанғабылұлына дейінгі аралықтағы поэтикалық 
қазынаның халық жадында сақталып, бүгінге жетуі, өміршеңдігі еріксіз таң қалдырады. 
Жырлары халық арасына кеңінен таралған, суырып-салма, шашасына шаң 
жұқтырмай дүниеден өткен ақындардың бірі Қашаған Күржіманұлы 16 жасынан бастап-ақ 
халықтан «ақын» деген баға алып, бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралайды. 
Маңғыстау, Хорезм аймағы, Еділ мен Жайық арасы, Жем, Сағызды жайлаған елдерде 
болып, Құрманғазы, Қалнияз, Нұрым, Ақтан, Мұрат, Балаораз, Қоспақ, Ізім, Өмір, Аралбай 
сынды өнер саңлақтарымен кездесіп, өнерде сыйлас –сапарлас болған. 
Қашағанның «Қонақкәде» жыр мәтінінен қазақ халқының ұлттық дүниетанымына 
қатысты салт-дәстүрді бейнелейтін көптеген ұғымдарды кездестіруге болады. 
«Қонақкәде» сөзінің мағыналық аясына тоқталсақ: «Қазақ халқында қонақ – ең 
үлкен құрмет иесі. Егер қонақ өнер адамы болса, ол – бір үйдің ғана емес, тұтас ауыл-
аймақтың, әулеттің ортақ құрметті адамына айналады. Үй иесі, ауылдың белгілі адамдары 
қонаққа үлкен құрмет көрсете отырып, қонақтың өнерін танытуға ықылас танытады, 
қонаққа қолқа салады, өтініш білдіреді. «Ауылдың алты ауызы» айтылғаннан кейін, келесі 
кезекте қонақ тарапынан өнер көрсетілуі керек (ән айту, жыр айту, күй тарту). Бұл – жай 
ғана өнер көрсету емес, «қонақкәде» деп аталатын қалыптасқан дәстүрлі салт, ауыл, үй 
иелеріне деген құрмет болып саналады» (3). 
Сондай-ақ осы жыр жолдарындағы «толтырса асқа табақты», «дастархандарын мол 
жайып» деген тіркестермен берілген «қонақжайлылық», «береке», «қазақтың барлық 
байлығы, ырыс, берекесі дастарханнан көрінеді. Дастархан – тоқшылық, молшылық, 
қонақжайлылық, адамдардың бір-біріне деген ықылас, пейілі» деген ұлттық танымды 
қамтиды. Тағы бір айта кететін жайт ақын-жыраудың шығармаларында кездесетін діни 
таным мәселесі. Жырау адам, өмірдің мәні, фәни мен бақи, дін мәселелерін де өзінше 
толғайды. Жалпы қандай діннің болмасын, басты кредосы – адамгершілік. Гумманистік 
көзқарастағы адами қасиеттің ең озық үлгісі мұсылман дінінде адамгершілік – имандылық 
ұғымына сыйыстырылып беріледі. Қашағанның діни сауаттылығын көптеген жырларынан 
кездестіруге болады:
Дін тірегі – ибалық, 
Ибаның әдеп – қақпағы
Қақпағы қымтап жабылса, 
Шайтанның қиын ашпағы. 
Әдеп, ақыл жоқ болса, 
Тәкәппар ашу көп болса, 
Иманның оңай қашпағы – дейді (4).
Дін тірегі ибалық болғанда, оның негізі - әдеп, әдеп болмаған жағдайда «иман 
қашады», иба – инабат - ұят- әдеп - сыпайылық, ізеттіліктің түп негізі имандылық 
тәрбиесіне тіреледі. Қыйсықбас Ғапурұлының жыр мәтіндерінен де тәрбиелік мәні жоғары 
өсиет сөздерді кесдестіреміз.
Әуелі иба кеткенде 
Сыйламайды екен баласы 
Ата менен ананы.
Тілегі қабыл болар ма
Атадан алмай батаны? - деді,
яғни адамгершіліктің, ибалықтың басы ата-ананы сыйлау. Бата - адам баласына 
жақсылық тілеу, қазақ халқы үшін батаның орны бөлек, «киелі сөз». Бата - атаның балаға 
жақсы лебізі, өмір бағытына берген жолдама.
Ал, бүгінде теңдесі жоқ әдеби мұра болып саналатын “Қырымның қырық батырын” 
жырлап өткен әйгілі жырау Мұрын Сеңгірбекұлы: 
Азамат ерге жарасар 


113 
Азғана сөйлеп көп тыңдау 
Көкіректе болса санасы - дейді.
Көп тыңдап аз сөйлеу сабырлылықтың, әдептіліктің, бүгінгі түсінікпен қарайтын 
болсақ мәдениеттіліктің белгісі болмақ.
Ақын Өришан Дарқанұлы Маңғыстау өңірінде аты аңызға айналған тұлға, ескіше 
оқыған сауатты, болыс болған, ел басқарған, халыққа әділдігімен танылған би болған адам. 
Ол патша үкіметінің тұсында да, кейін кеңес заманында да үкімет тарапынан көп қудалауға 
ұшырайды. Патша үкіметі оны Сібірге жер аударады, сол жақтан (“итжеккеннен”) жаяу 
қашып елге жеткендігі, басынан өткерген оқиғалары жөнінде ел аузында көптеген 
әңгімелер айтылады. Өришанның «айдалып бара жатып айтқан» жырында:
Асқар-асқар, асқар тау, 
Асқардан биік тау болмас. 
Биіктігін сұрасаң – 
Бауырынан ұшқан тұрымтай 
Басына жетіп қона алмас. 
Жаманды “Жақсы” дегенмен 
Хас жақсыдай бола алмас. 
Өзі жақсы туғанның 
Қатардан басы қала алмас. 
Өзі жаман туғанның 
Ата-тегі сұралмас - деп, адам бойына табиғатынан берілетін адами, кісілік қасиет пен 
тексіз жаманның арасын «тұрымтай» басына жете алмайтын асқар шыңмен өлшейді.
Түмен Балтабасұлы өзінің замандастары Дамолла Санамасұлы, Оразмағамбет ахун 
Тұрмағамбетұлы, Ержан хазірет Төлегенұлы сияқты т.б. елге белгілі діндар-
ағартушылармен бірге медреселерден білім алады. Абыл, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Ақтан, 
Әбубәкір Кердері, Сәттіғұл сынды т.б. ақын-жырауларды үлгі тұтады. Ел арасындағы 
әлеуметтік мәселелерге де ерте араласып, ақыл-ойының биіктігімен жастай көзге түседі. 
Бірақ “халық жауы” атанып, ҚарЛАГ-қа жер аударылады.
Түмен Балтабасұлының жырларының қайсысы болмасын афоризмдік толғауларға 
толы. Сонымен қатар әлем, бомыс, тіршілік туралы ой тастайды. Мысалы: 
Аспан мен жер, ай мен күн, 
Қараңғы – жарық, күн мен түн. 
Әуелден жолдас – некелі, - деп бүкіл жаратылыс жұп екенін айта отырып, 
Фәни мен бақи екеуі, 
Екеуінің арасы 
Алыс болса екі елі
Бұл жалғаннан пайда жоқ – 
Келген жандар кетеді – дейді, яғни өмір қысқа, өткінші, білген жанға қысқа ғана 
ғұмыр «екі елі» өлшем.
Ал «Дүние, сені қайтейін» атты толғауында:
Жеткізбейді екен сірә да 
Адамның биік арманы.... 
Дүние, сені қайтейін
Көрсе көңіл тоймаған. 
Жас күнім, сені қайтейін, 
“Мәңгі” деп бәрін ойлаған, - деп құрық салдырмай, арманмен өте шығатын «жастық 
шақты» босқа өткізбей, артыңда қалдыратын ізіңді ойла деп философиялық пікір тастайды. 
«Адайдың бес жүйрігінің» бірі атанған Ақтан Керейұлы «Сайқылықпен көп кездім 
Тама, Табын – Жетіру, Кіші Жүздің аймағын», –деп өзі жырға қосқандай, ол Орынбор, 
Жайық, Ойыл, Қыйыл, Жем, Сағыз өңірлерін аралап Нұрым, Қашаған, Құлмамбет т.б. 
сапарлас болған. Ақтанның «Қазақтың салты» жырында аты айтып тұрғандай қазақ 
халқының тұрмысы, салты, дәстүрі суреттеледі. «Болжау сөз» жырында: 


114 
Асыл сөзді түсінер 
Қазағым дархан ел еді. 
Таусылмайтын көңілі 
Ағайынға мол еді... 
Ағалары ініге 
Үлгілі ұлы жол еді... 
Ер азамат сөз бастап 
Үлкенге кіші бағынып 
Заңы елдің жөн еді – деп ұлттық тәрбиеміздегі інінің ағаны, кішінің үлкенді, 
сыйлауы, үлгі тұтуы заңды қағидамыз екенін насихаттайды. 
Қорыта айтатын болсақ, ақын-жыраулардың өмір тәжірибесінен туған тәрбиелік 
мәні жоғары ақыл, өсиетке толы терең мағыналы жырлары тәрбиелік педагогикалық 
ойларға толы. Жыраулар жақсылық пен жамандық, Алланың рахымы, имандылық, елдің 
бірлігі, барлық пен жоқтық, ащы мен тұщы, адами қадір-қасиет жайында толғанады. Демек, 
төл рухани мұраларымыздың бай қазынасы саналатын жоғарыда аталып өткен және мақала 
көлеміне қарай аталмай өткен жыраулардың дүниетанымын, көзқарастарын тек тілдік
әдеби, философиялық тұрғыда ғана емес этнопедагогикалық қырынан да тереңірек зерттеу 
қажеттілігі туып отыр.
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы.-Алматы: 
Рауан, -1998-128 б. 
2.Манкеева Ж.А.Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. - Алматы: Ғылым,-1997- 272 б. 
3. Нұрдаулетова Б.И.Көне күннің жыр күмбезі. Алматы: Жазушы, -2008-390 б. 
4. Тіл таңбалы Адайдың ақындары.-Алматы: Жазушы, - 2008-200 б. 
5. Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби 
дайындау: Теориясы және практикасы. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2004. - 304 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет