ӘОЖ 82-1/9
МАХАМБЕТ – ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТИП РЕТІНДЕ
Бекежан Ө.
Х.Досмұхамедов атындагы Атырау университеті, Атырау қ., Қазақстан
Аңдатпа. Мақалада жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының тұлғалық бейнесі
танымдық, аксеологиялық тұрғыда түсіндіріледі. Махамбеттің әлеуметтік фрустрациясы,
ақын басындағы экзистенциялық күйдің көтерілісі, азаттық идеясымен байланысы,
Махамбет жырларындағы «мұң», «азаттық рухы» концептілерін талдай отырып, автор
ақынның психологиялық болмысын жан-жақты ашып көрсетеді.
Түйін сөздер: Махамбет, әлеуметтік фрустрация, экзистенция, «мұң» концептісі,
агрессивтік, типтік тұлға.
Махамбет – қазақ тарихында белгілі бір орны бар, көптеген тарихи, саяси
факторлармен ұштасып жатқан көтерілістің басшысы ретінде ғана емес, негізінен ақын,
көтерілістің рухани жетекшісі, жеке тұлға ретінде күрделі де қайшылықты бейне. Бұл жерде
«бейне» сөзі тікелей мағынасында қолданылып отыр. Себебі Махамбет белгілі бір дәрежеде
субъективтік образға айналған, турасын айтатын болсақ, мифологияландырылған тұлға.
Сондықтан мәдени тұрғыдан көшпенділер әлемінің, дәстүрлі мәдениеттің символикалық
бейнесі, соңғы тұяғы, қазақтың батырлық жорық жырының көрнекті өкілі, заман
қайшылығы тудырған трагедиялық тұлға мағынасында қашанда қызығушылық
тудыратыны сөзсіз.
Тұлға ұғымы тек қана тарихи-әлеуметтік әрекетпен байланысты емес. Ол жан
дүниесі өте күрделі, іс-әрекеті индивидтік, пенделік ауқымнан шығып кеткен адам. Міне,
28
сол тұлғалық, адами қасиет тек тарихи немесе әдеби-тілдік емес, психологиялық тұрғыдан
зерделеуді қажет етеді. Себебі, әдетте тарихи зерттеу адами қасиетті фактілердің аясында
қалдырса, әдеби зерттеулер әдеби, теориялық канондардың контекстінен шыға алмайды. Ал
әдеби көркем шығарма өз алдына. Оның үстіне көп жылдар бойы идеология
қалыптастырған Махамбеттің «таптық күрескер портреті» тағы бар. Міне, осылардың
арасынан адам Махамбетті аршып алу тек психологияның арсеналдарын қолдануды қажет
ететіндей. Тек осылайша ғана Махамбет бейнесін бүркемелеген квазисаяси, квазитарихи
қабаттардың тасасына үңілуге болады.
Махамбетті жеке тұлға ретінде қарау – оны өзі кешкен жағдайларға байланысты жан
дүниесіндегі, көңіл - күйіндегі өзгерістерді анықтауға, дүние сезімін нақтылауға, қорыта
келгенде, белгілі бір типтік портретін жасауға мүмкіндік береді. Жеке адам ретінде қарай
отырып, біз оның әлдебір пендешілік қасиеттерін сараптауға мүмкіндік аламыз. Махамбет
батырды –Махамбет адам тұрғысынан танимыз. Психологиялық тип ретінде талдауға оның
өлеңдерін негізге алуға болады. Сондықтан өлеңдер субъектілігі біздің зерттеуіміздің негізі
болып табылады. Психологиялык зерделеу тұрғысынан Махамбет өмірін, яғни жан дүние,
көңіл күйін, демек, оның жырларын да екі кезеңге бөліп қарауға болатын сияқты. Ол
кризиске (дағдарысқа) дейінгі және дағдарыстан кейінгі кезең. Тарихи хронология
тұрғысынан қарайтын болсақ, Исатай өліп, көтеріліс ыдырап, Махамбет жалғыз қалғанға
дейінгі және содан кейінгі уақыт.
Дағдарысты кезеңдер әдетте психология тілінде фрустрация тудырады, яғни алға
қойған мақсаттың орындалмауынан туған психологиялық күй. Фрустрация көрінуінің кең
көлемде алғанда екі түрі бар екені белгілі. Ол агрессивтік және регрессивтік. Агрессивтік
фрустрация басқаларға жек көрінішпен, ашынғандықпен ерекшеленсе, регрессивтік
фрустрацияға тән көңіл күй кешуші адам, барлық нәрсеге өзін кінәлі санайды, терең ішкі
күйзелісі өзін кінәлауға әуестігімен айқындалады. Махамбетке бұл көңіл күй тән деп айта
алмаймыз. Бірақ оның өлеңдерінен агрессивтік фрустрацияның айқын белгілерін көреміз.
Оның агрессиясы, әрине, фрустрацияға кінәлі «ата жау» – Жәңгірге, жалпы хан тұқымына
және оның айналасына бағытталған. Сондықтап Махамбет фрустрациясы – ол әуелі
әлеуметтік конфликтіден туған дағдарыс. Өзінің дағдарыстық күйін ол бірнеше негізгі
ұғымдар арқылы береді. Олар: «жалғыздық», «мұң», «құса болу», «сергелдең», «жетім».
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса - дерт.
Құсалықпеп өтті ғой,
Махамбеттің көп күні [1,111]
Мынау Махамбет сынды жетімді - ай,
Қаңғырып жүрген қарашың.
[1,102]
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар? [1,65]
Осылайша әлеуметтік фрустрация экзистенциалдық сипат алады. Ал
экзистенциалдық фрустрацияның агрессивтікпен байланысы туралы атақты америка
психологы Виктор Франкл былай дейді: «Экзистенциалдық фрустрация және барынша
бойға кең тарап бара жатқан мағынасыздық сезімі агрессивтікті қуаттайды, тіпті оның
себебі деуге де болады» [2,32].
Жалпы Махамбет экзистенциясы өз алдына күрделі мәселе, ол жөнінде философия
ғылымдарының докторы, профессор Г.Нұрышеваның «Адам өмірінің философиялық мәні»
атты белгілі еңбегінде жан - жақты зерттелгенін айта кеткен жөн [3].
Өлімге басыбайлы болу, басқа жолдың жоқтығын біліп, тарығу да осы кезеңге тән.
(«Өзекті жанға бір өлім»). Бұл дүниеде бәрі салыстырмалы, өтпелі, абсолюттік ештеңе жоқ
деп түсіну, құндылықтық тұрғыдан түңілу де осы тұстағы өлеңдерінен айқын көрінеді: Ай,
күн, мұсылмандық, дәулет, билік, ерлер, қарындас, бәрі уақытша ғана, тіпті қазақ мәдениеті
үшін аса құнды «туған ұлдан не пайда» деп тарығады ақын.
29
Сондай-ақ ақын қолданған «мұң» ұғымы да концепт ретінде көрініп, осы кезеңге тән
ішкі дүниелік қана емес, болмыстық сипатқа ие, космостық күйді бейнелейді. Алғашқы
кезеңдегі пафосқа толы ерлік жыры батырға жат мұңды сарынға ұласады. Фрустрацияга
дейінгі кезеңге тән «Еңселігі екі елі» деп аталатын автопортреттегі «жауды көріп қуанған»
(!) жігіт пен жігіт әрекетін романтикалық, далалық, батырлық тұрғыдан жырлайтын
«жалған дүниедегі» романтикалық сарын енді жоқ екенін көреміз. Бұрынғы өлеңдер ел
сыйлайтын ер, елдің серкесі «тентекті» жырлайды. «Халыққа тентек атанбай ерлердің ісі
бітер ме»,-дейді. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, «тентек» ұғымы екі түрлі мағынаға ие,
таласты, парадоксті көрінетін ұғым.
Бірақ Махамбет үшін ол – елдің сүйіктісі, романтикалық бейне, бір жағынан бұл
бейне әлеуметтік тұрғыдан күмән шақырады, тентек өзіне биік мұраттар қоя ала ма деген
сұрақ туады. Әрине, тентек – халықтық қаһарман образы екені белгілі. Бірақ кейін халық
қатынасының басқа полюске ауысқаны да тарихи факт. Бірақ кейінгі Аманғалидың да «бір
тентек жүрмес пе еді ел ішінде» деуі де осы бейнеден бұзақылығынан көрі елдің ақылды
тентегінің еркін сөйлейтін, біреуге тәуелділікті ұнайтпайтын, бірбеткей тұлғаны
білдіретінін көреміз. Көпшілік өзі батылы барып істей алмайтын, шынын айтқанда,
қорқақтық танытатын іс-әрекеттерді тентегінің істегеніне іштей сүйсінеді. Ол қашан да
халықтың құрбандығы. Ал билік пен тентектің қарым-қатынасы қай заманда да
қайшылыққа толы. Кез келген билік тентекті ұнатпайды. Билік үшін ол қашан да бұзақы.
Сондықтан тентек, ол, колониальдық әкімшілік «бунтовщик» атаған Махамбет болсын,
кеңес билігі «банды» атаған Аманғали болсын қашанда кез келген биліктің жауы. Сол
себептен Жәңгірдің сарай ақыны – Жанұзақ ханды «Тентегін тыйдың қазақтың, аға сұлтан
тағыңда», - деп мақтайды.[4,56].
Бунт табиғатын жақсы зерттеген А.Камю оны метафизикалық және идеологиялық
деп бөлгені белгілі. Міне, Махамбет – соның екеуіне де келетін тұлға деуге болады. (Әрине,
шартты салыстармалы түрде).
Жоғарыда айтып өткендей, Махамбет өлеңінен агрессивтік фрустрацияны көреміз.
Ол әсіресе, атақты «Мен, мен, мен едім» де (Баймағанбет сұлтанға айтқан сөз топтамасы)
өте жақсы тізіліп берілген. Оның ішінен агрессивтік өшпенділіктен басқа қызғаныш
элементін де байқаймыз. Бұл жерде қызғаныш элементінің жеке бастық пендешілікпен
ұласып жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. (Осы жерде тарихи зерттеулер
тұрғысынан тартысты болып келе жатқан Махамбет жеке өміріне байланысты сюжетке
назар аудару қажет пе деген ой туады, себебі біздің зерттеуіміз психологиялық тұлға
ретіндегі Махамбет емес пе?). Өлеңнің он үшінші бөлімінде әлеуметтік мұраттардан
(«Тоғайға ел қондыру») басқа дұшпанның басын кесу, заттық құндылықтарды (керегесін,
туырлығын, т.б.) қирату, әйелдерін иелену, киімін пайдалану сияқты пендешілік
армандарды көреміз. Осылайша, бұл атақты топтамада жауына істер кек жолдарының бәрі
беріледі. Физиологиялық тұрғыдан «қанын ағызу», «жаудың етін жеу» сияқты эпитеттер
әлі де Махамбеттің агрессиялық эмоциясын терең зерттеуді қажет етеді. Мүмкін кім біледі,
осының бәрі жас Махамбеттің бойында сонау хан сарайында, хан баласының күтушісі
болған кезден кәдімгі қарапайым көре алмаушылық пен қызғаныштан басталып, кейін
әлеуметтік қарсылыққа айналған шығар. Махамбет өлеңдерінде жеке бастық жек көрушілік
мотивтерінің қылаң беретінін байқау қиын емес. Қара қазақ баласының (төре тұқымы «арда
қазақ» атаған) бойында хан сарайы салтанаты қандай «кемістік комплексін» (комплекс
неполноценности) туғызғанын кім біледі?! Осы жеке комплекс кейін бүкіл қара қазақтың
ұжымдық қызғанышына ұласқан шығар деген жорамал жасауға болады. Оған белгілі
объективті фактілердің дем бергені, әлеуметтік әділетсіздіктің көп әсер еткені сөзсіз. «Қара
қазақ баласын хан ұлына теңгердік» деген жолдардан осындай ойларға келуге болады.
Яғни, көптеген жылдар бойы талассыз болып келген Даладағы төрелер билігіне қарсылық
сана - сезімі әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік жағдайында ояна түскен бұқаралық сана
осындай жеке сананың арқасында көтерілгені сөзсіз. Осыдан келіп, жеке субъективті
көзқарас обьективті бұқаралық санадан белгілі бір қолдау, демеушілік тапты ма деген ой
30
туады. Қашан да ауытқымалы эмоциялық бұқаралық сана өзінің тым практикалық
қарапайымдылығымен қауіпті жақтасқа жатады. Махамбетті де қиындыққа душар еткен
осы еді. Оның тым «спартандық» өмір салты, өмір қызығы мен мәнін тек жорықтағы
еркекпен, жаудан кек алумен байланыстыруы қасына ерткен қазақтарды шошытқаны сөзсіз.
Себебі, оларда дәл Махамбеттегідей идея мен кек үшін өлермендік жоқ еді. Сондықтан
Махамбет идеалындағы ерлер ұғымы кейін тек романтикалық арман образға айналды.
Ешкім де Махамбеттей жанкештілікке барғысы келмеді, яғни, күнделікті күйбең тіршілік,
қазақы көнбістік психология өз дегенін істеді. Сол психология осы, ХХІ ғасырда да
өзгермеген сияқты, халық біреулердің билікке немесе бір жағдайға байланысты қарсы
сөйлегенін ұнатып тұрады, бірақ нақты әрекетке келгенде көпшілік бұғып қалады да, қазіргі
заманның «махамбеттері» қудалау азабын көреді.
Енді жоғарыдағы агрессивтік жөніндегі пікірге келер болсақ, бәрі өлең түрінде
берілген бұл агрессияны «вербальді агрессия» деуге болады. Махамбеттің бұл әрекеті
дұшпанның көзін жоя алмағандықтан, яғни мақсатын физикалық-денелік түрде іске асыра
алмау шарасыздығынан туған компенсациялық акт, яғни, мұқату, қорлау түрі. Ендігі оның
мақсаты – жауға психологиялық, моральдік нұсқан келтіру. Оның Жәңгірге айтқанынан
қарғыс элементін көруіміз де осымен байланысты. Себебі, қарғыс – адамның өз қолынан
келуі мүмкін емес нәрселерді басқа бір күштерге сену арқылы іске асыруға ұмтылысы.
Өзінен тыс күштерге сенім, жалбарыну жасайтын шарасыздықтың күйін білдіреді. Әрине,
мұндай сөздерді айтудың өзі ерекше батылдықты талап етеді және вербальді қазақ
мәдениеті үшін бұл өте ауыр қорлау түрі болып саналады. Осылайша, мүмкіндіктің
шындыққа айналмауынан туған өштік жырларын көреміз. Сондықтан Исатай өлімінен
кейін жалғаспай қалған іс-әрекет жаңа агрессивтік сипатқа ие болды деп тұжырымдаймыз.
Агрессивтік – зерделеуге, рефлексияға бағынбайтын сезім оған бір жақты ой ауруы,
айырылмас идея (навязчивая идея) тән болып келеді. Әрине, бүкіл дүниені дос (ер) пен жау
оппозициясы тұрғысынан қабылдау басқа жолға әкелуі де мүмкін емес, бұл өте тар және
тұйық жол еді. Кек алу, халықты қайта көтеру сондай айырылмас идеяға айналды. Белгілі
психолог Кэррол Изорд байқағандай, агрессия ержүректіктің белгісі болса, онда бұл акті
де Махамбет болмысына сай келеді[5]. Айналасының өзінен бөлініп кетуін түсінуге
ұмтылмау, өзінің жіберген қатесін мойындауға тырыспаушылық стереотиптік ұстанымның
белгісі болып табылады. Сонымен, дағдарыстан кейін бұрынғы ердің ісінің орнын сөз
басады, ал өлең сублимация түріне айналады. Сондай-ақ өлең көкірек басар («өлең айтып
толғадым, көкірегімді басарға») өзіндік терапия әдісі болып шығады. Әрине, поэтикалық
терапия көптан белгілі, бірақ, бұл жерде ол «лирикалық» ауруларды емес, ердің
дәрменсіздігі мен ызасын басар катарсис құралына айналады. Осы ыза мен дәрменсіздік
Махамбеттің агрессивтік поэзиясының негізін құрайды. Оның негізін: қорқыту,
лағынеттеу, күйіну, қарғау құрайды және бұлар өте күшті эмоциялық күйден туған.
Сонымен қатар Махамбетте либертофильдік типке тән бунтарлық, бірбеткейлік және
басқалардың мұңын өз мұңына айналдыру бар. Бұл кезеңде ол бұрынғы «мен, мен едім»-
эгофильдік психологиясынан бас тартады. Ол өзінің жеке «менін», өз мүддесін басқалардың
мүддесінен төмен қояды. Бұл психологиялық тип иелеріне кәдімгі пенденің күнделікті
күйбеңі жат, ол оның қалыбына сыймайды, өзін адамға тән күнделікті қуаныштар мен
қызықтан айырады. Өткен ғасырдағы орыс революционерлерінде шын революционерде
ағайын да, жанұя да яғни, жеке өмір болмауы керек деген қағида болған екен. Махамбет
сондай жанкештілердің «Далалық» типі болып табылатыны сөзсіз. Осындай жанкештілік,
айналып келгенде өзін өзі сақтау инстинктісін жойып алуға әкелді. Осыдан біз белгілі бір
психологиялық типтердің әр халықта молдығын және олардың өз еліндегі тарихи-
әлеуметтік, мәдени, саяси жағдайға сай трагедиялық өмір кешкенін көреміз. Махамбет осы
мағынасында қазақ қоғамы, оның ішкі қайшылықтары, даму динамикасы тудырған
психологиялық типтік тұлға. Жәңгір билігі халықтан қалай алыстаса, Махамбет іс-әрекеті
де солайша халықтың қолдауын жоғалтты. Айналып келгенде екеуін де тарихи заңдылыққа
31
айналған ұлы тұлғаларға тән халқынан алшақтау, өмірлік, қоғамдық мұраттарды іске асыру
жолында жалғыз қалу сияқты тағдыр айналып өтпеді.
Махамбет жыры мен әрекеті қазақ қоғамында іштей тынып келе жатқан қара қазақ
пен ақсүйек тартысының шиеленіскен дәуірі еді. Оның өлеңдері қазақ психологиясы мен
идеологиясының жинақталып берілуі болды. Жалпы Махамбет пен Жәнгір қазақ
болашағын шешудің сол кездегі екі жолы іспетті. Бітімшілдікті, қулық есепті, білім жолын
даму мен саяси ойынның тәсілі ретінде түсіне бастаған алғашқы мемлекеттік әкімшілік
өкілі ретінде Жәңгір болашақ метрополиямен байланыстың негізін салды. Ал халықтың
қақ ортасынан шыққан Махамбеттер дәстүрлі құндылықтардан оңай айырылғысы келмеді.
Осы қайшылық Кеңес үкіметі кезінде жаңа серпіліс тапты. «Ата жау» ретінде
генеологиялық сипатқа ие болған байлар мен хан, төре тұқымымен күресу, халық
жауларымен күресу түрінде жаңа идеологиялық тірек, саяси дәлел тапты және Махамбет
мақсаттары бұл мағынасында нақты түрде толық жүзеге асты деуге болады.
Билік мәселесін, жер дауын, ел дауын шешуді түсінудің Жәңгірлік және
Махамбеттік жолы – саясат деген құйтұрқылы феномен мен бұқаралық эмоцияның
арасында болатын мәңгі бітіспес тартыстың жолы.
Қоғамдық тартысты шешудің ақыл-айла жолы мен «ақ найза» жолы бір-бірін
толықтырып, кейде бір-бірінен басым түсіп жатуы – тарихи фактілерден туған шындық.
Махамбет сияқты жауынгер ақындар сол тартыстардың қашан да құрбаны әрі
қаһармандары. Махамбеттің өз баласын оқуға беруге талпынысы мүмкін өзі ұстаған
жолдың тығырықтығын іштей мойынсұнудан туған шығар деп те ойлауға болады. Әрі бұл
хан тұқымымен теңесудің ақ найзалы емес жолына түсуге бетбұрыс та шығар. Бірақ сойыл
сияқты әлсіз қарудың орнына қағаз бен қалам сияқты сұмдық өркениеттік қару келгенде
Махамбет типтес тұлғалардың трагедиясы мен жалғыздығы бір ғасырдан кейін бірнеше есе
көбейді. Қарсыластарына ымырасыздық, бірбеткейлік, замани қоғамдық тенденцияларды
түсінбеу, алға қойған мақсаттың айқынсыздығы, ашу - ыза сезімінің басымдылығы
Махамбеттің жеке басының және жалпы көтеріліс дағдарысынын түпкі себебі болды.
Осыдан психологтар жиі айтатын ұстанымның дұрыс еместігін көреміз. Мүмкіндік пен
шындық арақатынасынан қарар болсақ, көтерілісшілердің хан ордасын шауып алған
жағдайдан кейінгі әрекетін елестетудің өзі қиын. Бұл патшалық әкімшілікке хан билігін
ертерек жоюға мүмкіндік беріп, ал бунтовщиктерді итжеккенге айдатып, екі қоянды атып
алуға жағдай жасар ма еді. Бірақ осының бәріне де қарамастан Махамбет ерекше
психологиялық тип ретінде қайталанбас тұлға. Сондықтан ол белгілік тұлға, себебі
ондайлар қай мәдениетте де өзіндік орны бар индивидтер. Махамбет әлеуметтік және
психологиялық себептердің тоғысуынан қашанда басына өзі қашып құтыла алмайтын лаң
іздеуші типтерден. Бұл - бунтарлық тип, сондықтан Махамбет тек тарихи тұлға ғана емес,
осындай психологиялық типтің дарынды өкілі ретінде, нонконформист тұрғысында
психологиялық зерттеуге лайық тұлға. Мақтаушылар дәріптеп «бунтарь», жаулары ызамен
«бунтовшик» атаған ақын қалай болғанда А.Камю жазған әділетсіздікке қарсы мәңгілік
бунттың өкілі[6].
Махамбет өлеңдері (себебі көтеріліс жаңа тарих аясында өзінің актуалдылығын
жоюы да мүмкін) әлі де талайлардың бойында қан ойнатып, ежелгі көшпелі–батырлық
архетиптерді, мызғып жатқан тылсым инстинктерді оятуы әбден мүмкін. Бұл жағынан
Махамбет типі халықтық, тобырлық– көпшілік иррационалдық күштерге көп ықпал етері
сөзсіз.
Психологиялық тип ретінде «махамбеттер» қай заманда да сонысымен тұлғаланады.
32
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Махамбет. Өлеңдер. Алматы, «Арыс» баспасы.- 2001ж. 111 б.
2. Франкл В. Человек в поисках смысла: Сборник: Пер. с англ. и нем. / Общ. ред. Л.
Я. Гозмана и Д. А. Леонтьева; вст. ст. Д. А. Леонтьева. — М.: Прогресс, 1990. — 368с: ил.
— (Б-ка зарубежной психологии).
3. Шайыр. Өлеңдер жинағы. Атырау.-2016
4. Нұрышева Г.Ж. Адам өмірінің философиялық мәні. Монография. Алматы, 2011.
5.
Изард Кэррол Э. Психология эмоций=The Psychology of Emotions / пер. с англ.
А. М. Татлыбаевой. — 704x100/16. —
СПб.
: Питер, 2000. — 464 с.
6.
Камю Альбер.
Бунтующий человек : философия политика, искусство.
— Москва:
изд-во Политической лит-ры, 1990. — С. 120–126. — 414 с.
Достарыңызбен бөлісу: |