Сол соңғы ұсталған сағаттан кейінгі халдерін Ахаңның қолында тәрбиеленген Самырат Кәкішев естелік кітабында еске алыпты: “Пәтерімізге кіріп келсем, үй ішінде шашылған заттар, сынған ыдыстар жайрап жатыр… Падрес апа жылап отыр екен… Содан соң: “Ой, Самырат, ағаңды НКВД алып кетті қара машинаға салып. “Қайда апара жатырсыңдар?” – деп сұрасам, бір аласа бойлы, қараторы жас жігіт: “О дүниеге,- дейді.- Сұмдық- ай!”- деп сөйлеп жатыр… Сыртқа қарасам, үйімізді студенттер қоршап алыпты, біздің үйіміздің жанында Заң институты бар еді…” Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929- 1934 жылдары айдауда болған қуғын- сүргіннің жаңа толқынына ілігіп біржолата кете барды. Халықаралық Қызыл Крест арқылы М. Горькийдің әйелі Е. П. Пешкованың жәрдемімен кесімді мерзімі бітпей, 1934 жылы босанып, әуелі Батыс- Сібір өлкесіне, кейінірек Алматыға оралады. Бірақ ол бостандық баянды болмай, 1937 жылы екінші рет ұсталып, сталиндік репрессияның пышағына ілініп, атылады. Қазақ халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айрылды. Асықпаңдар! Артымызда қазы бар Тергеп талай, көрлеріміз қазылар…- деп өзі айтқандай 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсыновты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, ғалымның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді Алайда мынаны ұмытуға болмас: ел боламыз десек А. Байтұрсынов қалдырған рухани мұраны толық игеріп, ол шыққан ұлттық идея биігінен көрінуіміз керек, “Байтұрсыновшыл” болу- бүгінгі қазақ зиялысы алдында тұрған басты міндет екенін естен шығармағанымыз жөн. … Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін Ел бүгіншіл, менікі- ертеңгі үшін,- деген Ахаң бүгінде бізді болашаққа шақырып тұр. Мәскеуде 1929 жылы «Коммунистік академия» баспасынан шыққан «Әдебиет энциклопедиясының» 1 томында Ахмет Байтұрсынов: «Аса көрнекті, қазақ ақыны, журналисті және педагогі. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізн салушы» деп бағаланып негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық әлеуметтік қызметі айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |